15 жылдан бері халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуде
Қазақстан Ұлттық телерадио хабар таратушылар қауымдастығы қоғамдық ұйымның жаңа президентін сайлады.
Қазақстан Ұлттық телерадио хабар таратушылар қауымдастығы еліміздің тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарының, оның ішінде республика көлеміндегі жекеменшік телерадио ұйымдарының қызметіне қолдау көрсететін әрі ол ұйымға өздері мүше болып кіретін бірден-бір қоғамдық ұйым. Қауымдастық 2001 жылы еліміздің масс-медиа саласында алғаш танымал бола бастаған «31 арна» ТРК (Алматы), «Отырар» ТК (Шымкент), «Қоғам» ТК (Қызылорда) және басқа да телерадио компаниялардың бастамасымен ұжымдасып, кеңесіп құрылған еді.
Өткен 15 жылдың ішінде бұл қоғамдық ұйым Қазақстанның телерадио хабар тарату кеңістігінде тәуелсіз телеарналардың заң жүзіндегі кепілді қызметін үйлестіруде, мемлекеттік басқару органдарымен қарым-қатынаста қауымдастық мүшелерінің мүддесін қорғауда, жаңадан отау тіккен тәуелсіз телерадио стансаларға ақпараттық-құқықтық қолдау көрсетуде, маркетингтік қызметте, телерадио жарнамаларының ауқымын зерттеу саласында едәуір тиянақты жұмыстар атқарды. Барлық шығармашылық ұйымдардың кәсіби тұрғыдан біліктілігін арттыруға зор үлес қосты. Осы жылдар ішінде қауымдастықтың қатары толығып, Қазақстандағы жекеменшік телерадио компаниялар саны 22-ге жеткенін айта кеткен де абзал. Қазіргі уақытта жоғарыдағы аталған тәуелсіз телеарналармен бір сапта тұрған түркістандық «Тұран-Түркістан» ТК (Мұрат Бекбаев), қостанайлық «Алау-ТV» (Катерина Тутова), семейлік «Байуақов-ТV» (Омарбек Байуақов), қарағандылық «Жаңа ТV» (Олег Никонович), арыстық «Арыс арналары» ТК (Махамбет Төлебеков) және басқалары белсенді қызмет атқарып келеді. Бұл компаниялардың буыны қатайып, кәсіби шеберлігінің шыңдалғанына олардың бүгінгі таңдағы күнделікті әуе толқындары арқылы таратып отырған жаңалықтары мен көрсетілімдері айғақ. Еліміздің бас телеарнасы «Қазақстан» мен «Хабардан» бастап бірқатар беделді телекомпанияларда қызмет істеп жүрген көптеген белгілі журналистер мен бейнеоператорлардың, бейнеинженерлердің бір кезде осынау жергілікті тәуелсіз телеарналарда алғашқы қадамын бастағаны да көп жайттан хабар берсе керек. Бұл жекеменшік телестансалардың дені қазіргі заманғы техникалық құрал саймандар мен аудио-бейне жабдықтарды пайдаланады. Сандық телевизияның өмірге дендеп енуі жаңа талпыныстарға жетелеуде. Орал мен Балқаштағы, Өскемен мен Ақтөбедегі, Ақтау мен Петропавлдағы, Сайрам мен Тараздағы, Есік пен Талғардағы тәуелсіз телерадио стансалар туралы да осындай жағымды пікір айту орынды.
Осыған орай жергілікті компанияларда, сондай-ақ, қауымдастықтың бас кеңсесі орналасқан Алматыда телерадио мамандарымен тренинг-резиденциялар, байқаулар, фестивальдар өткізу дәстүрі бар. Онда әлемнің, Қазақстанның белгілі журналист мамандары мен танымал құқық қорғаушылары, менеджерлері дәріс оқыды. Мезгіл-мезгіл аумақтарда контенттік сараптамалар жасалынып тұрады. Осы жылдар ішінде қауымдастықтың бірқатар шет мемлекеттерде (Ресей, АҚШ, Грузия, Түркия, Чехия, Қырғызстан, Тәжікстан, тағы да басқа елдер) көшпелі шығармашылық жиындар өткізіп, өзара тәжірибе алмасқанын да айта кеткен жөн.
Бір сөзбен айтқанда – Қазақстанның тәуелсіздік жылдары отау құрып, еліміздің дамуы сатыларының жүгін бірлесе көтерісіп, өзі де қатар өсіп-өркендеген Ұлттық қауымдастық Ұлы көшке қал-қадерінше үлес қосып келеді әрі болашақта да мейлінше қоса беретіні даусыз.
Сөз соңында Ұлттық қауымдастықтың жаңа президенті туралы азын-аулақ мәлімет ұсынғанды жөн санадық. Шәкизада Әбдікәрімов – Қазақстанға және телевизия саласындағы білікті менеджерлік қызметі арқылы жақсы танымал белгілі журналист, үлгілі басшы. Бірнеше жыр жинақтарының авторы, жігерлі ақын. «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Құрмет» орденінің иегері, Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты. Аумақтағы 400 мыңдай көрермені бар тәуелсіз «Қоғам-ТV» телеарнасының бас құрылтайшысы. Соңғы өткен басқарма жиынында Қазақстандағы тәуелсіз 22 телернаның басшылары белсенді азаматтан қауымдастықтың алдағы уақытта мемлекеттік ұйымдармен бірлесе, ынтымақтаса қызмет атқаруда тәуелсіз теле-радио хабарларын тарататын стансалардың жұмысын одан әрі жандандырады деген зор сенім артты. Сол себепті де Шәкизада Әбдікәрімовті Қазақстан Ұлттық телерадио хабар таратушылар қауымдастығының президентіне ұзақ мерзімге бірауыздан сайлады. Сөйтіп, жаңа басшының Ұлттық қоғамдық қауымдастық жұмысына кәсіби тұрғыда шығармашылық жаңа леп әкелетініне үміт артып отыр.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ