Кеше «Егемен Қазақстан» газетіне келген Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының жаңа басшысы халықаралық Түркі академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы Дархан Қуандықұлы Қыдырәліні газет ұжымымен таныстырды.
Ол ғасырлық тойы жақындап қалған аға басылымның тарихына қысқаша тоқталып, онда талай арыстар қолтаңбаларын қалдырғанын, газет қашанда халық мүддесі мен елдікті жазып келгенін және алдағы уақытта да жаңа талаптар деңгейінен табылатындығын айтып өтті. Өздеріңіз білесіздер, қазіргі таңда бұқаралық ақпарат құралдарына жаңа талаптар қойылып отыр. Медиа кеңістікте бәсекелестік күшіне енді. Осыған барлық бұқаралық ақпарат құралдары икемделуі тиіс. Бәрінен бұрын, жаңа талаптарға байланысты оқырман талаптары да ескерілуі тиіс. Ақпаратты қысқа әрі нұсқа беру жүзеге асырылуы керек, деген Д.Абаев, одан әрі журналистер үшін аудиторияны терең зерттеу, жазылар материалдардың көлемін ықшамдау, Интернет сайтын жетілдіру секілді де жаңа талаптар қойды. Сол сияқты министр газеттің 100 жылдығына дайындалу барысын, «Егемен» кітапханасы» сериясымен кітаптар шығару секілді мәселелерге мән берді. «Бұрынғы басшы Еркін Қыдырға газеттің және жалпы отандық баспасөздің дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдіремін. Бұған дейін өзін білікті басшы ретінде көрсете білген Дархан Қыдырәлі ғасырлық тарихы бар «Егеменнің» елдігімізді нығайту жолындағы істерін одан әрі жалғастырып, газетті жаңа деңгейге көтереді деп сенемін», – деді министр.
Бұдан кейін газеттің бұрынғы басшысы Еркін Қыдыр және осы басылым басқарма төрағасының орынбасары – бас редактор Жанболат Аупбаев сөз алып, министрдің алға қойған тапсырмаларының сөзсіз жүзеге асатынын, газетті жаңа талаптарға сай жақсарту одан әрі жалғасын таба беретіндігін, бұл жолда бірлесіп келелі жұмыс істейтіндіктеріне үлкен сенім білдірді.
«Егемен-ақпарат»