09 Шілде, 2016

Тауарлары тегін дүкендер

726 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Дүкен Орал өңірі аумағында алынған кез келген тауар үшін көк тиын төленбейтін тегін дүкендер жү­йесі ашыла бастады. Дүкен иелері адамдарға қайы­рымдылық пен қамқорлық жасауды өздерінің басты мұраты деп санайды. Сондықтан да олар көп балалы, тұрмысы төмен отбасыларға және зейнеткерлер мен мүгедектерге арналған тегін дүкендер ашуды жөн көріпті. Капиталистік қоғам си­патындағы бүгінгі кезде әр­кімнің және әр отбасының жай-күйі әртүрлі екені талас туғызбайды. Өйткені, өмірдің жазылмаған заңы солай. Барлық адамзат өкілдерінің материалдық жағдайы мен моралдық бет-бейнелері бірдей болуы еш мүм­кін емес. Біреу бай, біреу орташа, біреу кедей болуы о бастан тіршіліктің қағидасы іспеттес. Облыстағы тегін дүкендер жүйесі тұңғыш рет Зеленов ауданында құрылған. Зеленов ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрайымы Роза Айту­ғанованың айтуынша, жаңа бастаманы жоғарыда аталған әлеуметтік топтар жатырқай қоймапты. Мұнда бас сұққан тұтынушы өздеріне қажетті киімдерді тегін ала алады. Ескіре қоймаған, киюге әбден жарамды бұл киімдер дәулетті адамдар арасынан қабылданған. Көпшілік жағдайда олар өздерінен артыл­ған, тіпті, мүлдем киілмеген киім­дерді өз еріктерімен әкеліп тапсырады екен. Тағы бір айта кетерлік мәселе, тегін тауарлар дүкенінде тек киім ғана емес, сонымен бірге ыдыс-аяқтар мен тұрмыстық техникалар және кітаптар мен әшекейлік бұйымдар да бар екеніне көз жеткіздік. Айталық, өзіміз куә болғандай, Зеленов ауылындағы тегін тауарлар дүкенінде зейнеткер мейірімі мол жан Мәдине Қажығалиқызы тауар алуға тілек білдірушілерге қажетті қызмет көрсетуді әдетіне айналдырыпты. Сондай-ақ, аталған ауылдық округтің әкімі Ізғали Дәулетов тегін тауарлар дүкеніне екі бөл­ме бөлінгенін айтып берді. Мұн­дайда бәрекелді демегенде не демекпіз?! Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы, Зеленов ауданы