09 Шілде, 2016

36 адам суға кетті

313 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
266798_s1Кім кінәлі? ОҚО төтенше жағдайлар департаменті өткізген брифингте айтылып, көктем басталғалы бері 36 адам­ның суға кеткендігі хабарланды. Cоңғы қайғыға соқтырған оқи­ғалардың дені құтқарушылар бақы­ламайтын аймақтарда болған. Ал Оңтүстіктің туризм клас­терінің бір бұтағы болады деп үкілеп отырған Шардара су қоймасында биыл үш адам суға кетті. Шардара аудандық төтенше жағдайлар және өртке қарсы қызмет бөлімінің бас маманы Абай Сәтпаев осындай келеңсіз жағдайларға байланысты тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүріп жатқандығын айтады. Енді су жағалауларына шомылуға тыйым салынған жерлерге билбордтар орнатылып, тақтайшалар іліне бастаған. Оқушылармен кездесулер де өтіп тұрады. Жамағат көп баратын мешіттерде бұл мәселе имамдардың араласуымен ақылға салынады. Бүгінде Шардара су қойма­сында тәулік бойы кезекшілік қойылған. Үш аудан аумағын қамтыған көлде құтқару топтары кезекшілік етеді. Бірақ, штат аз болғандықтан бәрін бірдей қамтамасыз ету мүмкін емес екен. Өйткені, облыс аймағында 320 өзен, көлшік бар. Ал құтқарушы қызметіндегі штаттық бірлік 98 ғана, маман жетіспейді. Сондықтан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары қайғылы оқиғаға үлкендердің салғырттығы себеп дейді. Ойын баласын ата-ана іздей қоймайды, бақылауға алмайды. Ал оның салдары ауыр қайғыға әкеліп жатыр. Мәселен, суға кеткен 36 адамның 27-і жас балалар. Осы балалардың 20-ы екі жас пен бес жас аралы­ғындағы бүлдіршіндер. Күні кеше ата-ана бақы­лауын­сыз қалған 2 жасар Абдул­лах есімді бала Қошқар ата өзе­ніне ағып кетті. Төтенше жағ­дайлар департаментінің бөлім басшысы Бақытқали Есеркепов іздеу жұмысына 40 құтқарушы мен 8 арнаулы техника жұмылдырылғанын айтады. Баланың өлі денесі өзеннің төрт шақырым қашық­тығынан табылған. Әттең, осы жұмыстардың бәрі алдын ала ұйымдастырылып, ТЖД қыз­меткерлері қайғылы оқи­ғалардың алдын ала білсе ғой. Сонда жан сыздатар жайлар да болмас еді-ау. Демек, талай отбасыға қан құстырған бұл оқиғалар жас балалар қауіпсіздігін ерекше қадағалау керектігін тағы да еске салады. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы