10 Шілде, 2016

Аралдық емші бала Ақтөбеде тәуіптігін жасап жатыр

507 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
10-07-16-erbosyn-1

aktobetimes.kz

Бұдан бірқатар уақыт бұрын емші ретінде аты шыққан аралдық Ербосын Серікбаев қазіргі күндері Ақтөбеда сол кәсібін жүргізіп жатыр. aktobetimes.kz порталының хабарына қарағанда, 13 жасар емші бала мұнда туыстарына қыдырып келген көрінеді. Ол мұнда әлі айға жуық болатынға ұқсайды. Емшінің келгенін біліп қойған жергілікті жұрт ол жатқан үйге өздері келіп, басып қалған. Порталдың мәліметінше, осы күндері Ербосын емделуші қабылдап жатқан үйдің маңы кезекке тұрған адамдардың нөпіріне айналып кеткен. Олардың арасында емші бала туралы аңызға бергісіз әңгімелер гулеп тұр. Соның бірі Ербосынның алдына барған зағип жандардың жанарлары ашылып кеткенін айтса, енді біреулері тіпті екі аяғын баса алмай қалған сал адамдардың табандарынан тік тұрып кеткендерін айтады. Журналистер барғанда, Ербосын өзін суретке түсірте қоймапты. Ол келгендерде арнайы баға да белгілемеген. Кім не берсе, соны алады. Бұған дейін Ербосын туралы талай жазылған. Соның ішінде оған бір ақсақалды қарияның аян беріп, осы жолға түсіргені де айтылды. Емшінің Қызылорда облысына қарасты Арал ауданындағы Аралқұм елді мекеніндегі үйіне келетіндер тіпті көп деседі. Онда баланың күніне 5 мыңға дейін адам қабылдай алатыны да жазылды. Қазір Ербосынның ерекше қабілетіне сенетін де, кекесінмен қарайтындар да табылады. Бірақ бұған біз төрешілдік ете алмаймыз. Ал дәрігерлер мұндай тәуіптерге сын көзімен қарайды. Облыстық денсаулық басқармасының бастығы Әсет Қалиевтің айтуынша, емдеу үшін онда алдымен тиісті диплом және сертификат болуы керек. Сондықтан ол жұртқа 13-тегі балаға үміт артпай, дәрігерлерге көрінуге кеңес береді. Сатыбалды СӘУІРБАЙ