Олимпиаданың басталуына
6 күн қалды
Енді аптадан да аз уақыттың ішінде Рио-де-Жанейродағы атақты «Маракана» стадионында кезекті жазғы Олимпиялық ойындардың алауы жарқ етіп жанып, бұрқ етіп көтеріледі. Бұл – айтулы аламан басталды деген сөз. Бұдан әрі Бразилия жеріндегі жан алып, жан берісетін жаһандық жарыстың көрігі қызып жүре береді. Қазір біздің спортшылардың алды мұхиттың арғы бетіне жетіп үлгерді.
Қазақстан спортшылары жеке команда ретінде 1996 жылы Атланта Олимпиадасына қатысқалы бергі уақыттардың бәрінде жүлдесіз қалған жоқ. Ал Лондонда, тіпті, 7 алтын медаль алып, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Әлбетте, осы жолы тап осындай толағай табысқа жетудің өте-мөте қиын екенін білеміз. Оның объективті де, субъективті де себептері бар. Дегенмен, біздің ел намысы үшін жанып түсетін саңлақтарымыз тәуелсіздік жылдарынан бері қалыптасқан ежелгі дәстүрді бұзбай, оның үрдісін жалғастыра түсетініне сенгіміз келеді.
Вадим Присяжнюк:
Риоға жеңіс үшін
бара жатырмыз
Қазақстанның бокстан әйелдер арасындағы құрамасының аға жаттықтырушысы Вадим Присяжнюк өз шәкірттерінің Олимпиадаға дайындығы туралы айтып берді. Ол алдымен бұдан бір ай бұрын Астанада болып өткен әлем чемпионатының нәтижелеріне тоқталды.
– Чемпионатта біз өзіміздің мықты жақтарымызды да, әлсіз тұстарымызды да байқап көрдік. Енді байқалған олқылықтардың орнын толтыруға күш саламыз. Командамыз қазір төрт аяғын тең басып тұр. Барлық салмақтарда да өз лидерлері өсіп келеді. Ал чемпионатта төрт бірдей алтын медаль жеңіп алу оңай тірлік болмаса керек. Осының өзі құрама негізінің мықты екенін көрсетеді.
– Мұндай төтен табыстың сыры неде?
– Оның аса бір құпиялай тұратын сыры жоқ. Бар негізі – тыңғылықты дайындықта. Осы кезге дейін бізде ұйымшыл, тату ұжым қалыптасып үлгерді. Үлкен жетістіктерге жетуде мұның атқаратын рөлі де аз емес. Боксшыларымыз бір-бірлеріне қатты қолдау көрсетіп, барлық уақытта көмектесіп тұрды. Сосын өз үйіміздің төрінде өнер көрсетуіміздің де әсері көп болғанын айтуымыз керек. Жанкүйерлер біздің қыздарға ұдайы қолдау көрсетіп отырды. Соның арқасында ойлаған нәрсеміздің бәрі орындалды деп есептеймін.
– Астана турнирінде кім сізді риза етті, кімнен көңіліңіз қалды?
– Назым Қызайбайдың өте жақсы өнер көрсеткенінде күмән жоқ. Бұдан басқа, Дина Жоламанның өнеріне ризамыз. Сондай-ақ, жасы бәрінен кіші Валентина Хальзованың мұндай ірі жарысқа бірінші рет қатысып отырғанына қарамастан, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріле білгені жақсы жаңалық болды. Дәл сондай үлкен додаға алғаш рет түскен Айман Қожабекованың қола медаль алуын да жетістік санаймыз. Ең бастысы, қыздар мұндай ірі табыстардан кейін масайрап кетпеуі керек. Керісінше, жаттығуға барынша көңіл бөліп, өздерінің өсе түсулерін қамтамасыз етулері тиіс. Ал көңіл қалдырған ешкім болған жоқ. Спортшыларымыз барлығы да қолдарынан келгендерін жасады. Дәл қазіргі сәтте кім күшті – жүлдені де солар алды.
– Расында да төрт бірдей алтын медаль алу – үлкен жетістік. Енді басқа елдерде өтетін келесі әлем чемпионаттарында осы көрсеткішті қайталау мүмкін бе?
– Меніңше, ендігі жерде бәрі біздің өз қолымызда. Біз мұны жасауға болатынын дәлелдедік. Енді оның кездейсоқ нәрсе емес екенін дәлелдеуімізге тура келеді. Бұл үшін ынты-шынтымызбен еңбек етіп, тапжылмай жаттығуымыз керек. Оның кезінде кімнің соған дейін қандай медаль алғаны ұмытылуы тиіс. Астанада өткен әлем чемпионаты қазір тарихтың еншісінде қалды. Ал біз алдағы күн үшін күресуіміз қажет. Әрбір жарыстың алдында белгілі бір мақсат қойып, соны орындауға жұмыла білсек, табыс бізді айналып өте алмайды.
– Чемпионаттың басты жаңалығы, сөз жоқ, Валентина Хальзова болды. Жарыс алдында одан мұндай жетістік күтілді ме?
– Шынын айтқанда, жоқ. Күткен жоқпыз. Ол жетістік сонысымен де қымбат. Жалпы, Валяның турнирде медаль алуға қабілетті екені ескерілді, алайда, оның алтын жүлде болып шығатыны жайында ойлана қоймаппыз. Бірақ, біріншілікте барынша ашыла білді, ұрыстан ұрысқа өсе түсті. Ақырында финалда да қарсыласынан басым түсті. Осылайша астаналық қыз өзінің туған қаласында жарқырап көрінді. Бұған дейін жастар арасындағы әлем чемпионатының жүлдегері, Қазақстан чемпионы болған жас қыздың бұл жеңісі қалған жас буынды да жігерлендіре түсуі тиіс. Дегенмен, Валяның ересектер арасындағы орнын нықтап алуы үшін әлі де көп тер төгуі керек. Осы қарқынынан таймаса, оның болашағы зор болатынына ешбір күмән жоқ.
– Жайна Шекербекованың өнері туралы не айтар едіңіз?
– Жайна алдына қойылған минимум бағдарламаны – Олимпиадаға жолдама жеңіп алуды орындады. Сондықтан, мен оны жақсы өнер көрсетті деп есептеймін. Оған жартылай финалда Лондон Олимпиадасының чемпионы, британиялық Никола Адамс тұлғасындағы күшті боксшы кездесіп қалды. Ал Риоға барар алдындағы жаттығулар кезінде біз Жайнаның күшті жақтарымен қоса, қандай кездерде қателіктерге ұрынатынын да көрдік. Енді соларды қалпына келтіруге күш салып жатырмыз. Біз оның Олимпиадада медаль алуға әбден қабілетті екенін де біліп отырмыз. Мұндай қабілет Ойындарға бара жатқан екінші боксшымыз – Дариға Шәкімовада да бар. Бірақ кімнің қандай жүлде үшін күресетінін айтпаймын. Әйткенмен, оған жетуге толық мүмкіндіктері бар екені анық.
– Назым Қызайбай өзінің деңгейін көрсетті ғой?
– Иә. Ол өзінің негізгі салмағында өнер көрсетті. Өз салмағына қайта келгесін жанып түсті. Оны жаттықтырушысы қайтадан 51 килоға көтергісі келді. Бірақ ол кезде біз бұл салмақта Олимпиада жолдамасын ала алмаған болар едік деп ойлаймын.
– Қазір Назымның кәсіпқой боксқа ауысатыны туралы да айтылып қалып жүр?
– Мен осыған байланысты өзімен сөйлесіп көргенмін. Оған әлдекім Мәскеуден хабарласып, осындай ұсыныс білдірген екен. Бірақ, Назым бұл мәселені бір өзі шеше алмайтынын айтады. Бұл үшін алдымен федерацияның келісімі керек. Сосын жаттықтырушысы не айтады, оны да тыңдайды. Сондықтан, әзірге ешкімге келісім бермеген. Шамасы, промоутерлер дайын спортшыны ала салғысы келген сияқты. Ал оны тәрбиелеген, оған осы жолда қыруар ақша жұмсаған – біздің мемлекет. Осының арқасында Назым Қызайбай әлемнің екі дүркін чемпионы атанды. Ол мұның бәрін өзі біліп отыр. Сол себепті де алдымен өзін дайындаған адамдармен ақылдасып алғанды жөн көреді.
Әңгімелескен
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан»
Біржан белін буды
Лондон. 2012 жыл. Қазір Біржан Жақыпов шаршы алаңға шығады. Қасымдағы сыралғы дос, сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облыстық спорт және дене тәрбиесі басқармасының басшысы Болат Қырықбаев қайта-қайта терең дем алып, жеңіл күрсініп қояды. Түсініп тұрмын. Басу айта алмаймын.
Зоу Ши Минг жеңісті қолдан беретін боксшы емес. Сонау Бейжің Олимпиадасынан бергі әлем, Азия чемпионаттарының да, Азия Ойындарының да сапалы металдан жасалған медальдары үйінің қақ төрінде ілулі тұр.
Алса ала берсін-ау, бірақ сол Бейжіңнен бері біздің Біржанның несібесін жырып келе жатқандығы көңілге қаяу түсіреді. Мінезі көркем біздің жігіттің осал жері жоқ.
Зоу Ши Мингтан аянып қалған жері және жоқ. Бірақ шаршы алаңда ойнақ салатын Зоу тепе-тең ұрыста да жеңіске жетіп кетеді. Оның үстіне Лондонда Қытай бокс құрамасынан Зоудан басқасы жарыс жолынан шығып қалған. Ендеше, бокс әлеміндегі бар атақ-даңқты бір бойына жиып алған Зоу шіркініңіз, Қытайдың үкілеген үміті бұл жолы да біздің жігітке есе беруі қиын-ау.
Болат екеуіміздің қабағымыз салыңқы тартып, күрсініп отырғанымыз осы.
– Зоудың бір жері сынып қалса екен.
Досым тым алысқа кетіпті. Оңтүстіктің медаль алады деген спортшыларының барлығы орта жолда барлығып қалған. Жеңіспен бірге абырой да керек елге арқырап барғанға. Бәрін бүлдіріп тұрған мынау. Тым құрмаса жартылай финалда жолыққанда ғой.
Әне, екі қолын ербеңдетіп, ботадай ойнақтаған Зоу тұсымыздан өтіп барады.
Артынша Біржан көрінді. Келісті жігіт. Соңында – жеке бапкері және Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов.
Айқайладық. Көзі жарқ ете қалған Біржан бізге қол бұлғады.
Алапат айқас басталып кетті. Екеуі де бір-бірін өте жақсы біледі. Екеуінің де ұрыс машығы жүректерінде жатталып қалған. Екеуі де осы айқас «алтынға» бастайтын баспалдақ екенін жақсы біледі. Біздің жігіт тым ширығулы. Әшейіндегі сынық мінезін бойынан сыпырып тастап, жолбарыстай шабынып жүр. Екеуінің қолдары да алмас қылыштай жарқ-жұрқ. Талмау тұс ашылып қалса наркескендей сұғып алуға бар. Аңдысу жоқ, қойғыласу бар.
Зоу Біржанның таудан құлаған селдей екпініне шыдай алмай, тайғанақтап ұрыс салып жүр. Жырынды қу шабуыл кезінде ашылған сәттерде есесін жібермейді.
Бірінші раунд та, екінші раунд та Зоудың еншісіне жазылды. Онсыз да қарасұр Болат қаны қарайып сұп-сұр болып отыр. Өзіміздің жігіттер шаршы алаңға шыққанда сарайды мойнымызға іліп кетердей екіленетін біздің түріміз де оңып тұрған жоқ-ау. Бес төрешінің үшеуі ұпайды пианино тілін басқандай қытайға беріп жатыр.
Соңғы раунд. Ақылды жігіт емес пе, Біржан бәрін түсініп жүр. Зоуды ұрып құлатпаса, енді жеңіс жоқ. Қос қолы найзағайдай жарқылдап қытай боксшысының төбесінде ойнайды. Бокс – өте қатал өнер түрі. Талай ауыр соққылардан талай боксшы қайтпайтын жаққа аттанып кеткендіктен бокс қолғабының ішіне салынатын қыл-қыбырды қалындатқан. Жеңіл тию үшін. Жеңіл салмақтағы боксшыға жеңіл тиетін қолғаппен ұрып құлату қиын. Бірақ, намысы тұла бойын буырқантқан Біржан атойлауын тоқтатар емес. Болмады. Ертеңінде тағы келдік. Жарыс басталуға әлі бірталай уақыт бар еді.
– Бақтияр аға!
Шаршы алаң түбіндегі басқышта Біржан тұр. Барып батырымыздың маңдайынан сүйдім. Іштей ширығып жүрген еркебұланның көзінен бырт-бырт етіп жас үзілді.
– Аға, барымды салдым. Зоу тағы да алдырмай кетті. Өз түйсігімде жеңілген жоқ сияқты едім. Төреші қолыңды көтермегеннен кейін бәрі бекер. Халқымыздың үмітін ақтасам деп едім. Әкем Жақыпты жақсы білесіз, мен үшін жанын беруге бар. Созақбай аға да ақ тілеу айтып қалып еді. Елдің үмітін ақтау үшін аянғаным жоқ.
Жайшылықта сөзге жоқ бауырым қыстыға ақтарылады. Өз басымызда Біржан жеңілді деген ойда жоқпыз. Теңбе-тең айқас. Жеңісті Біржанға берсе де, Зоу «оу, бұл қалай болды?» демес еді.
Содан бері талай жыл өтті, тарих парағы сан ашылып жабылды.
Зоу Лондоннан соң кәсіпқой боксқа ауысты. Ал үлкен спорттағы үлкен жеңісінен үміті бар біздің Біржан әлем биігін бағындырды.
Рио Олимпиадасының жолдамасын AIBA-ның APB жобасы бойынша жеңіп, осы жүйеде топ бастап тұр.
– Асылық айтпайын, бірақ Риода жолым оңғарыларына сенемін, – дейді Біржанның өзі. – Дүниежүзінде азулы қарсыластарым көп. Ішінде шаршы алаңда кездеспегендерім де жетеді. Бапкерім екеуіміз әрқайсының ұрыс машығын талдап, қарсы амалдарды пысықтадық. Мен үшін әрбір кездесу аса маңызды. Алаш жұртына қуаныш сыйлағым келеді. Осы жолда ештеңеден аянбаймын.
Әлем чемпионы сөзінің тоқетері осы.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы
Дәулет неге шет қалды?
Байдаркада ескек есу спортында Дәулет Сұлтанбеков есімді жалғыз қазақ жігіті бар еді. Сол былтыр Рио Олимпиадасының лицензиясын жеңіп алса да төрт жылда бір рет өтетін дүбірлі дода таяғанда ұлттық құрама сапынан шеттетіліпті. Осыған орай біз спортшымен кездесіп, сөзге тартқан едік.
– Дәулет, Рио Олимпиадасы лицензиясына қашан қол жеткіздіңдер?
– 2015 жылы 20-23 тамыз аралығында Миланда өткен әлем чемпионатында төртеуміз 1000 метрлік қашықтықта 11-орынға ие болдық. Негізі, Олимпиада ойындарына 10 елдің төрттігі іріктелініп алынады. Әрі әр құрлықтың үздіктері баруы керек. Біз Азияның ең үздік құрамасы ретінде Рио лицензиясына қол жеткіздік.
– Бірақ, сен Олимпиадаға баратын төрттік құрамынан шығып қалыпсың? Неге?
– Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы, Беларусь маманы Андрей Шантаровичтің шешімі осылай болды. Маған «көп ауыра бересің» дейді. Cозылмалы ангинадан қорлық көріп жүргенім рас, оны жасырмаймын. Керек десеңіз, осы ауруды 10 жыл су кешіп жүріп, асқындырып алдым. Бірақ, қыста емделіп, жазда төрт кісілік байдаркадағы серіктерімен ел намысын абыроймен қорғап келдім.
Бас бапкер былтыр маған ерекше шарт қойды. «Егер Қазақстан кубогындағы жарыстарда 1-4-орындарға ие болсаң, сонда ғана құрама сапына аламын», деді. Мен ел Кубогы жолындағы жарыстарда жекелей сында бәйгеге түстім. 200 метрлік қашықтықта 2-орынға, 500 метрлік және 1000 метрлік қашықтықтарда 3-орынға, ал 5000 метрлікте 1-орынға шықтым. Сөйтіп, өзімнің құрама сапына лайық екенімді іс жүзінде дәлелдедім.
Биыл ақпан айында емделдім. Бас бапкер «толық айығып шық» деп уақыт берді. Бір жарым айға жуық уақыт ем қабылдадым. Көктемде құрама сапына қосылып, Беларусь еліндегі екі апталық оқу-жатығу жиынына қатыстым. Осы жиында жаттықтырушының тіпті елемеуге тырысатынын сездім. Содан соң өзім де оны көп мазалаған жоқпын. Ал ол басшыларға «жаттығу жұмыстарына селқос қарап, енжарлық танытты», деп шағымданыпты.
– Ал сенің орныңа кімді отырғызбақ?
– 2014 жылы Украинадан келген Сергей Токарницкий деген жігіт барады.
– Ашық айтылмайтын бір сылтау бар сияқты ғой. Бар кінә сенің қыста ауырып қала беретініңде емес шығар. Мәселен, сенің ағзаңнан допинг табылып қалуы мүмкін болар? Шынымды айтсам, кейбір журналистер солай деп жүр...
– Жоқ, мен тазамын. Ешқандай допинг қолданған емеспін. Өзгелермен шатастыратын шығар. Мысалы, менің орныма Риоға баратын легионер осындай күдіктің себебінен Әлем кубогына қатысқан жоқ. Ал мен барлық халықаралық жарыстарға қатыстым.
– Онда тәртібің нашар емес пе? Бас бапкерге қандай қылығыңмен ұнамай қалуың мүмкін?
– Тәртібім нашар емес. Бірақ намысқоймын. Әрі олардың мені ұлтшыл деп ойлайтындарын сеземін. Әу баста біздің құрамаға Андрей Шантарович келіп, жиналыс өткізгенде, оның әкесі Владимир Шантарович те қатысты. Сонда оның: «Сендер, қазақтар, еріншек, жалқаусыңдар», деген сөзіне шыдай алмай, өз ойымды айтып салғанмын.
Содан кейін құрама сапында бір қазақ жігіті болды. Өзбекстаннан келген еді. Соны құрамадағы жігіттер, өзге ұлт өкілдері «өзбек» деп келемеждеп, тәлкек қылғанда, арасына түсіп, шекісіп қалғанмын. Бірақ, ол үшін жазаға тартылдым. Бес ай жалақысыз қалдым.
Білемін, ол жағынан өзімнен де бар. Бірақ, былтыр да емес, келесі жылы да емес, тура биыл, Олимпиада қарсаңында ұлттық құрамадан шеттетіліп, төрт кісілік қайықтағы орнымнан қуылғаным жаныма батады. Байыз тауып отыра алмаймын. 10 жылғы төккен терімнің зая кеткені ішімде шер-запыран болып қайнап жатыр.
– Спорт басшыларына бармадың ба, соларға бәрін түсіндіріп айтпадың ба?
– Бардым. Айттым. Олар бас бапкердің айтқаны болады деді. Содан соң: «Не істейсің енді, спорттан кетпе, онсыз да бізде қазақтар аз, жассың ғой, алда Азия ойындары бар», дейді. Таңғалдым, айтарға сөзім жоқ.
Әңгімелескен
Нұрғазы САСАЕВ
Үш телеарна Олимпиаданы көрсетеді
Биылғы Олимпиаданы «Хабар», «Қазақстан», Kazsport арналары көрсететін болады.
«Хабар» арнасы жарыстарды 100 сағаттан астам уақыт көрсетуді жоспарлап отыр. Оның ішінде шараның ашылу және жабылу салтанаты бар. Телеарна негізінен бокс, ауыр атлетика, жеңіл атлетика, велоспорт, дзюдо, таэквондо, гимнастика, суға жүзу, баскетбол, волейбол сияқты спорт түрлерінен өтетін жарыстарды көрсетеді. Ол үшін Рио-де-Жанейроға жарыстардан жедел ақпарат таратып, көрсету үшін екі бірдей түсіру тобы аттанады.
«Хабардың» директоры Ринат Кертаевтың айтуынша, телеарнаға Олимпиаданы жүргізуге тәжірибелі комментаторлар шақырылып отыр. Олар: Жандос Айтбай, Ержан Көшкінбаев, Ермұxаммед Мәулен, Айбек Қабылша, Андрей Неклюдов, Дмитрий Мостовой. Сонымен бірге, ол «Хабар» арнасына спорт түрлеріне байланысты сарапшылардың шақырылатынын айтты.
– Бразилияға Қанат Базылxан, Асxат Ниязов, Марат Тоқмағамбет және екі оператордан құралған түсіру тобы бара жатыр, – дейді ол.
Kazsport телеарнасында биыл алғаш рет тікелей студиялық бағдарлама жасалады. Телеарнаның басшысы Павел Цыбулиннің айтуынша, студияға еліміздің спортшылары, жаттықтырушылары, Мәдениет және спорт министрлігі және Ұлттық Олимпиада комитетінің жетекшілері шақырылады. Ал Олимпия ойындары аяқталған соң арна деректі фильм түсіреді.
Аталған арнадан Олимпиадаға журналистер Индира Бектенова, Ермек Төрениязов, Телжан Күдеров, Бағдат Сүлейменов, Руслан Дәулетов және операторлар бара жатыр. Kazsport арнасында Асxат Сағынаев, Сергей Райлян және басқа да жас комментаторлар жұмыс істейді.
Дастан КЕНЖАЛИН
«Егемен Қазақстан»