[caption id="attachment_53979" align="aligncenter" width="500"]
facebook.com[/caption]
Осы күндері Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласына әлемнің жер-жерінен мыңдаған журналистер бара жатыр. Олар үш жетіге жуық уақыт жарыстардың жарысы, төресі саналатын Олимпия ойындарын насихаттап, төрткүл дүниенің төрт бұрышына хабар таратады. Солардың арасында еліміздің бір топ ақпарат құралдарының өкілдері де болады. Әріптестеріміз 1 тамыз күні Бразилияға аттанады. Соның ішінде «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі Бақтияр Тайжан да бар. Ал қазір Оңтүстік Америкаға олардан бұрын жетіп алған әріптесіміз Руслан Меделбек facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында Олимпиадаға дайындық кезінде өзінің көрген-білгенін жазып, оқырмандарымен ой бөлісуде. Қалай дегенмен жер шарының арғы беті ғой. Ата-бабаларымыздың табаны ешқашан тимеген құрлықта не болып жатқаны бізге де қызық көрінді. Енді Русланның сол шағын болса да жазбаларын оқырмандар назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз.
«28 шілде. Риоға әупірімдеп жетіп алдым. Атлант мұхитының үстімен 14 сағаттық жолда бір кітап тауыстым. Сол бір пайдалы іс болды. Ұшақтағылардың басым бөлігі - жазғы демалыстарын Олимпиадамен өткіземіз деген еуропалықтар. Қазақстанның семсерлесу құрамасымен бірге келдік. Құрама дегенге келмес, бір спортшы + бір жаттықтырушы.
Таңғы төртте оянып алдық. Дене әлі 9 сағат айырмашылыққа үйренбей жатыр. Бүгін қаланы - барлау. Әуежай маңындағы 20 минуттық қонақ үйге жету үшін 100 реал (шамамен 12000 теңге) төледім. Бұл таксидің ең арзаны. Таксист «Фавела атаулысына жолама, вери вери дейнжерес», деді.
Бір ай бойы әйгілі Копакабана жағалауында тұрамыз.
P.S. Чемодан 10 килодан сәл асты. Әуежайдағы қызметкер: «10 кило? Хмм... Риоға 10 киломен кетіп барасың ба?» дейді. «Қайтарда тағы 10 кило қосылады да», дедім
Бразилияда күн салқын. Шамамен +18/20 градус. Қазір бұл елде қыс мезгілі.
Олимпиадада баспанасыз адамдар (бомждар) көп. Барлығы көшенің бұрышында, орындықтарда ұйықтап, сол жерде тамақтанады. Бір қызығы, олардың басым бөлігі сол «тұрғылықты жерінде» газет оқып не сканворд шешіп отырады. Өздері пысық. Кедейлер де баршылық. Халық билікке қарсы көтерілетіндей-ақ екен.
Бразилиялықтар ағылшын тіліне нашар. Көшелері тар әрі кептеліс. Копакабана жағалауында 10-12 қабатты қонақ үйлер көп және оларда орын жоқ. Пәтерін жалға беретіндер толып жүр. Олимпиада ресми түрде 5 тамыз басталады. Қонақ үйге де осы күні кіремін. Ал оған дейін бір бразилиялық отбасының төрт бөлмелі үйінің бір бөлмесін жалдап тұрып жатырмын. Бұл бөлмені интернет арқылы тауып алдым. 8 күнге - 290 доллар, баға Рио сияқты туристік қала үшін арзан. Мен ақша аударған airbnb.com сайты пәтер ақысын жалдап тұрған адам үйді босатқан соң пәтер иесіне аударады. Оған дейін менің қауіпсіздігім үшін ақшаны өздерінде ұстап отырады. Шыққан күні картамнан автоматты түрде алып алады. Осы сегіз күн ішінде қожайыным бір минус жасаса немесе заттарым жоғалса ақшаны қайта өзіме беру жағын қарастырады. Бұл туралы алда тағы да жазамын.
Олимпиада өтетін Барра аймағына енді барамын. Бүгін Копакабана аймағының жартысын аралап үлгердік. Супермаркет, азық-түлік дүкендері өте аз. Барлығы қала шетінде орналасқан сияқты. Түскі ас шамамен 5-10$ сол».
[caption id="attachment_53981" align="aligncenter" width="625"]
facebook.com[/caption]
Дастан КЕНЖАЛИН