02 Тамыз, 2016

«Сбербанктің» тәбеті

259 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

сбербанк-3

«Имстальконның» өндірістік қуатына қалай тұсау салынып отыр?  «Имсталькон» акционерлік қоғамының өмірлік-өндіріс­тік ең­бек жолы елордамыз – Астананың өсіп-өркендеуімен тікелей байланысты. Олай дейтініміз, Астана­ның көркін ашқан «Бәйтеректен» бас­тап, Президенттің Ақордасы, Пар­­­ла­мент Мәжілісінің ғима­раты, Рес­публика сарайы, Есіл өзе­н­і­не асылып салынған көпір, «Астана-Арена» стадионы, «Алау» мұз сарайы, конькишілер ста­дио­ны, республикалық велотрек, Назарбаев Университет, халық­ара­лық әуежай... тізбе­гіндегі барлық ғи­ма­рат­тың қабырғасын сом темір­ден тұрғызып, керегесін керген осы мекеме. Бұл арада Алматы мен еліміздің басқа да ірі қалаларындағы компанияның ғимарат салудағы өзіндік көр­некті қолтаңбасы туралы еске алып та отырған жоқ­пыз. Ме­талл құрылымдарын жасау мен құрастыруда республи­­ка­мызда бірінші болып 1991 жылы өндірістік қызметін жаңаша бағыт­та, соны үлгіде бастаған, байырғы «Казстальконструкция» құрастыру тресінің (1956 ж.) заңды мұрагері – Тәуелсіз Қазақ­станның құрдасы – «Имсталькон» осы жылдар ішінде артынан жаманат сөз ілестіріп көрмепті. 2013 жылғы Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс нысандарын салуда «Жыл таңдауында» №1 орын алуы да тектен-тек төбеден түсіп келе салған сый яки мәртебе емес. Құрылыс салуда қызметі таза, атқарған ісі адал, атағы дардай осы компанияның басына аяқ астынан бұлт үйірілді... Қазіргі нарық заманында бай­дың бір мезетте кедей, кедей­дің өмірде сирек те болса бір мезетте байып шыға келуі секілді құ­бы­лыс­тар таңсық емес. Дегенмен, 7 мың­дай кәсіби маман-жұмыскері, республика бойынша барлығы 27 металл құрылымдарын жасау мен құрастыру зауыты, бірқатар монтаждау кәсіпорындары бар ал­пауыт мекеме қай жерде сүрінді екен деген сауал тууы заңды?! Та­ны­­мал кәсіпорын­ды 25 жылдан бері үлгілі бас­қарып келе жатқан – бас директор Михаил Резунов­тың өтініші бо­йынша орын алған оқиғаның ақ-қарасын анық­тауға атсалысып көрдік. Елбасы­мен Теміртауда бір зауытта иық тіресе еңбек еткен білікті инженер өзінің өмірлік тәжірибесінде өзі басқарып отыр­ған өндіріс орны­ның бұрын-соңды дәл бұлай тығы­рыққа тірел­мегенін айтады. Бәрі де ресей­лік «Сбербанктің» шартта көрсетілген бастапқыдағы 11 па­йыз­дық сыйақы мөлшерін еш­бір сұраусыз бірден 18 пайызға көтеріп жіберуінен басталыпты... Оқырманға түсінікті болу үшін әрі бұл түйткілді мәселенің мәнін ашу үшін күнделікті өмірде өзіміз куә болып жүрген оқиғалардың төңірегінде аздап сөз қозғауға тура келіп тұр: сіз судай жаңа шетелдік яки отандық дейікші, көлік сатып алғыңыз келіп, Алматыдағы сам­саған автосалонның біріне бас сұқ­тыңыз. Алдыңыздан құрақ ұшып шыққан салон менеджері сіз­дің қолыңыздағы жетпей тұрған қара­­жатыңызды бүтіндеу үшін салон­мен тікелей жақсы қарым-қаты­­нас­тағы мүдделес банктің тізі­мін алдыңызға тастай қояды. Бірақ, маған жақын, менің жалақы алып отырған банкім ол тізімде жоқ. Амалсыз, көз жауын алған көлік үшін салонның мүдделес банкін­ің талабына мойынсұнасыз. Бұл мы­сал­­ды не үшін алға тартып отыр­ға­ны­мыздың жайын қазір түсінесіз... Мән-жайға жөпелдемеде қа­нық­­қан соң бас директорға менің ал­­ғаш­қы қойған төте сауалым: «Қазақ­станның алып құрылыс меке­месі Қазақстанның өзінің банк­терінен неге несие алмаған, кеші­ріңіз, әрине... «айдаладағы» «Сбер­банкте» не ақыларыңыз қа­лып еді?» болды. Естіген жауабым: «Сауалыңыз өте орынды. Металл өзіміздің Теміртауда шыққанымен, құрылыс нысандарына қажетті әрі оңтайланып құйылған бар­лық темір-терсек құрылымдарын «Имсталькон» Ресей зауыттары­нан сатып алады. Әрі ұзақ жыл­дар­дан бері солай, үздіксіз сатып алып келеді. Тапсырыс берушінің ұсын­ған жобасына орай жасала­тын құрылыс материалдары түгелдей Ресейдің зауыттарында жасалады. Мың-мыңдаған тонна металл құрастырылымдарды сатып алуға қаражат тапшылығына тап келгендіктен де компания («Имс­талькон»), әдеттегідей зауыт­тар­дың өзі ұсынған, жоғарыда ай­тып өткендей, мүдделес банк­тер­ден несие алуға мәжбүр. Ресей­ліктер «Алмасаңыз, өзіңіз білі­ңіз, ал сіздердің Қазақстанның банк­тері­мен біз есеп айырыса алмай­мыз!..» дейді бірауыздан. Ширек ғасыр ішінде ешбір өнді­ріс­тік теке-тіреске келмей-ақ сенімді әріптестікпен әрі ынты­мақ­тас­тық­пен жұмыс істеп келетін, несиені үстеме пайызымен шашып беріп жүрген ресейлік «Сбер­банк­тің» мінезі өткен жылғы ақшаның деваль­вацияға ұшыраған кезінде бір­ден құбылды. Банктің аяқ астынан оянған «қызылға деген тәбеті» қазақс­тандық құрылыс компа­ния­сын қас пен көздің арасында тәлті­рек­тетіп тастады. Тығырыққа тұт­­қиыл­дан кездейсоқ тұмсық тіреген «Имсталькон» амалының құры­ғанынан Қазақстанның Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасынан қол ұшын беруді өтінді. Істің алға жыл­жығандай болып, үміт оты­ның жылт еткен кезі осы тұс. Қа­зақ­стандық құзырлы ұйым­ның назына назар аударған ре­сей­лік банк басқармасы көп кешік­пей Мәскеуде (16 шілде 2015 жыл) «Сбербанк» ЖАҚ Бас­қар­масы­ның төрағасы Герман Греф­пен қазақ­стандық құрылыс ұйы­мының басшыларын бетпе-бет кез­дестірді. Өзінің туған «кіші Отаны­на» құрметі ме, әлде еш уа­қыт­та ұятқа қалдырмаған имс­таль­кондық «отандастарына» ри­за­шылығы ма, әйтеуір, сол кездесуде банк басшысы қазақстандық компания үшін үлкен жақсылық жасады. Атап айтқанда, «Сбербанктің» еншілес компаниясына Герман Грефтің өзі болып банктік желі бо­­йынша несиенің мерзімін ұзар­ту­ды (пролонгация) 2019 жыл­д­ың шілдесіне дейін созуды, сыйақы мөлшерін 11-13 пайыз­дан өсірмеу туралы тапсырма берді. Түйткілді мәселенің түйіні Мәс­кеу кездесуінен кейін осылайша шешілгендей сыңай танытқан. Алайда, арада екі ай өтер-өтпесте  Мәскеу банкі өкілеттігін пайдала­нып несие мерзімін ұзарту, жаңа транш, сыйақы мөлшері туралы қазақстандық құрылыс компания­сына жаңа шарттар қо­йып, оны құжат түрінде компания аты­на қайта-қайта жіберуден жа­ңыл­­­­мады. Онда несиені қай­тару мер­зімі уағдаласқан 2019 жыл­дың шіл­десінен 2017 жылдың жел­тоқ­­са­ны­на дейін шегеріліп, сый­ақы мөл­шері қайтадан 18 пайызға өсірілді. Доллар бағамы – 1 АҚШ дол­лары 385(!) теңгеге тең деген көр­сеткішпен бекітіліп кеткен! Түсінікті тілмен айтқанда, қазақ­тар ендігі жерде келісімшарттағы 494,4 миллион теңгенің орнына 2 млрд. 472 млн. теңге төлеу­­ге мәж­бүр етілді. Ол ол ма, кепіл­ге қо­йыл­­ған жылжымайтын мүлік­­терге қатысты жаңа талаптар бой көр­сетті. Мәскеуліктердің алға тарт­қан кейбір шарт-талап­тары көпе-көрінеу Қазақстан Респуб­ли­­ка­сы­ның қызметтегі заң талаптарына том­пақ келіп жатқанын қайтерсіз? Бұл оқиғадан құлағдар болған бірқатар тапсырыс беруші компаниялар ежелгі әріптесі «Имс­таль­коннан» сырт айналып, аяқ­тарын тартып, «үрке» қалған сыңай танытты. Осы мезетті сәтті пай­даланған «Сбербанктің» тәбеті бұрынғыдан да ашыла түсті. Мәс­кеулік банктің мүдделес әріптес­тері – қазақстандық «Цесна Банк» АҚ пен «Еуразиялық Банк» АҚ «қатардан қалмай» төлем жасау шарттарын «сбербанктік» жаңа үлгіде жасау жағына көше қой­ды. Үстемелеп қойылған жой­­қын талаптар компанияға 2015 жыл­­дың қарашасынан бас­тап өн­­діріс өмірінде алғаш рет 7000 жұ­­мыс­шыға жалақы бере алмай­тын­­дай жайсыз жағдайға душар етті. 2015 жылдың 10 жел­тоқ­­санында несие беруші бір банк­­тің арыз-талабына сай сот «Имсталькон» АҚ-қа қатысты банкрот рәсімін жариялады. Алайда, Алматы қаласы ауданаралық эко­но­микалық сотының 2016 жыл­ғы 30 наурыздағы сол шешіміне қиям­­пұрыс қараған «Сбербанктің» Қазақстандағы еншілес банкі бұған барынша қарсылық білдіріп бақты. Бірақ, аппеляциялық инстанция соттың бастапқы шешімін дұрыс деп тапты. Осындай оңтайландыру мау­сымын дұрыс пайдалана біл­ген «Имсталькон» АҚ теке-тірес­ке қара­мастан тайталаспен өт­кен осы мерзім ішінде үлкен кәсіп­орын­ның жұмысын бір күн тоқ­тат­пай, мемлекеттік маңызы бар құ­рылыс нысандарындағы қыз­метін кідірткен жоқ. Бұл арада аса қиын жағдайға душар бол­ға­нына қарамастан шабысынан жаңылмаған компанияның қа­жыр­лы іс-қимыл әрекетін шын мәнінде ерлікке балап қойғанның да айыбы жоқ. Банкроттықты сот талқылауына салуды тоқтата­тын, борышқорды белгілі бір заңды жауапкершіліктен босататын ордерді пайдаланған қазақ­стандық компания банкроттық оңалту кезеңінде басқа түскен қиын­дықтан шығудың бар амал­дарын жасап, қарастырып бақ­қан. Бірақ, «Сбербанк» енді ресей­лік жақын әріптесі «Альфа-Банк­тің» еншілес банкімен өзара уағда­ласып «Имстальконның» басынан өткеріп жатқан банкроттық оңалту кезеңіне қосымша жаңа кедергілер қойып тастады. Дәл осы арада тәтті ас іш­кен са­йын тәбеттің арта түсетіні секіл­ді, «Сбербанктің» көздеген ең түп­кі мақсаты айшықталып, «мен­мұн­далап» бой көрсетіп қалды. «Сбербанктің» онысы көп жыл бойы үзеңгі қағысып қатар жүрген әріптесіне мәдени қысым жасау арқылы «Имсталькон» АҚ бақы­­лауындағы акция пакетін са­т­­тыруға мәжбүрлеу екен. Ең қызы­ғы, қазір ресейлік «Сбербанк» ал­­­дын ала ойластырып қа­са­қана жа­сал­­­ған рейдерлік қада­мын, тіп­ті, заң­дас­тырып алуға әре­кет­те­ну­де. Көр­ші ел банкінің ол ойы жү­зе­­ге асса ше... Ондай жағ­дай­да – қазақ­­стан­дық аса танымал құры­лыс ком­паниясының барлығы 27 зауы­­ты мен өзге монтаждау кәсіп­орын­­дары, 7 мың кәсіби білік­ті жұмыс­шы­сы, инженер-техник мамандары (олардың 60 пайызы бұл компанияда 15 жылдан бері еңбек етеді) бір мезетте Ресейдің иелігіне өтеді де кетеді деген сөз. Ондай болған жағдайда – Қазақ­стан Республикасы жыл са­йын қазына қоржынына тек салық түрінде түсіп тұратын (енші­лес компанияларды қоспағанда) 3,1 миллиардтай теңгеден көзді ашып-жұмғанша қол үзеді. Ондай болған жағдайда, иек астында көрініп тұрған ЭКСПО – 2017 ғимараттары, Конгресс Холл, Астанадағы жаңа темір жол бекеті мен Алматыдағы құрылысы бітуге таяу «Универсиада-2017» ны­сан­дарындағы қазіргі құрылыс ауқымы жұмысын тоқтатады. Ондай болған жағдайда – Қа­зақ­стандық бірыңғай ұлттық зей­нетақы қоры тек бір жылда ғана 1 миллиард 194 млн. теңгеден айырылады. «Имсталькон» акционерлік қоғамы «Сбербанк» АҚ қысымы­нан қалайда құтылудың жолымен – амалдың жоқтығынан, екін­ші мәрте Қазақстанның Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасының басқар­­­ма­ төрағасы Абылай Мырзахметовке хат жаз­ды. Сол арқылы орын алған оқи­ғаға еліміздің Үкіметін құлағ­дар етіп, қазақстандық компанияны ал­пауыт банктің аранынан аман сақ­тап алып қалуды сұрайды. Ол үшін ел Үкіметінен бастап Ұлт­­­тық банк, Зейнетақы қоры ке­ңе­­­сіп қазақстандық ком­па­ния­­ны банкроттық оңалту кезеңі­нен шығуына көмектесуі керек. Ком­­­па­­­нияның бас директоры, «Құрмет» орденінің иегері Михаил Резунов еліміздің құзырлы орган­дарын құлағдар ету арқылы «Біз өзі­міз­дің қазақстандық қуат­ты кә­сіп­орны­мызды, Тәуелсіз­дігі­міз­дің құр­дасы – ұлттық төл компа­ния­мыз­дың ғұмырын абыроймен сақтап қалуға бар күшімізді саламыз. Бізге ең болмаса үстеме не­сиені қайтару мезгілін шартта көр­сетіл­ген 2019 жылға дейін созды­рып берсе де жеткілікті. Ресей­лік не­сие­ні толығымен қайтарамыз» дейді. Өндіріс басшысы мен оның Директорлар кеңесінің мүшелері, жалпы компания өзіне де, сөзіне де сенімді. Бастапқы келісімшарт­қа сәйкес екі жақ 2019 жылды меңзеп қайта уағдаласса, «Имс­тальконның» сертінде тұрары сөзсіз. Үстеме несиенің бір тиынын кем қылмай қайтарады. Осы жыл­дар ішінде компания еңбек шарт­тарында көрсетілген талаптардан бірде-бір рет тайқып кеткен емес. Оған дәлел – құрылыстағы металл құрылымдарын жасау мен құрастырудағы қазақстандық білгірлер қаншалықты қиындықты басынан өткерген осы кезеңде қызметін әдеттегідей, бір күнге, бір мезетке де тоқтатқан жоқ. Көк­ке бой түзеген қазақстандық құры­­лыс нысандарының қарасы да көбе­йіп келеді... әлі көбейетіні қаншама?! Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ