02 Тамыз, 2016

Сирияда террорлық топтар ыдырай бастады

433 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
02.08.2016-siria Жуырда Сирия келіссөздеріне қатысты бірқатар маңызды оқиғалар орын алды. Біріншіден, 14-15 шілде күндері АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Дж.Керри мен Ресейдің Сыртқы істер министрі С.Лавров арасында Сириядағы «Жәбхат ән-Нұсра» (Сириядағы Әл-Каида) және ДАИШ террористік ұйымдарына қарсы бірлескен әскери операциялар жүргізіп, барлау ақпаратымен алмасу және оппозициялық топтарға қарсы әуе шабуылын шектеу жөнінде жабық кездесулер өтті. Екіншіден, 350 мың тұрғыны бар Алеппо қаласы әуе шабуылдарына ұшырап, онда ауыр гуманитарлық жағдай қалыптасып, жуырда Сирия үкіметінің әскері тарапынан қоршауға алынғаны белгілі. Үшіншіден, Сириядағы ең ықпалды жихадшыл топтардың бірі «Жәбхат ән-Нұсраның» Әл-Каида террористік ұйымы құрамынан шыққанын мәлімдеді. Осы жылы АҚШ және Ресей арасында Сириядағы террористік топтармен күресуге бағытталған әскери ынтымақтастық туралы екіжақты кездесулер жиілеп, белгілі ілгерілеу­шілік орын алды деуге болады. Екі ел дипло­мат­тары ДАИШ және «Сириядағы Әл-Каиданың» тармағы болып келген «Ән-Нұсра» жихадшыл тобына қарсы әуе соқ­қы­ларын үйлестіру туралы келіссөздер мара­фо­нын өткізді. АҚШ ұсынып, Мәскеуде жабық түрде талқыланған келісімнің маз­мұны туралы Wall Street Journal басы­­лымы жазды. Аталған құжат жобасы Сирия­дағы террористік ұйымдар мен оппози­ция­лық топтардың орналасу картасы мен коор­ди­нат­тарын бірге анықтап, әуеден соққы жасалатын нысаналардың ортақ тізімін жасауды меңзейді. Пентагонның кейбір өкілдері «сенімнен гөрі нақты шараларға негізделген» бұл келісімді артқа шегініс деп қабылдап алаң­даушылықтарын білдірді. Олар келісімге сәйкес Ресеймен тиісті ақпаратпен бөлісудің Сирия президенті Б.Асадтың ұстанымын күшейте түсетінін алға тартуда. Осы кезге дейін Асадты Ресейдің қолдап келгені мәлім. Вашингтон Таяу Шығыс институтының сарапшысы Э.Таблер қазіргі жағдайда келісімге келудің күрделі екенін айтты. Ал Дж.Керри Сирия мәселесінде Ресеймен жұмыс істеуден басқа тиімді баламаның бол­мағанын мәлімдеді. Келіссөздерді ұстам­ды­лық­пен жүргізген Мәскеу Сириядағы қару­лы оппозиция өкілдері мен террористік топ­тарды бір-бірінен ажыратып, олар орна­лас­қан аймақтарды бірге анықтау керектігін баса айтты. АҚШ бұл бағытта жұмыс жүргізу үшін бір апта уақыт қажет екенін ескертті. Осы ретте Мәскеу Сирияда терроризм­мен күресу саласында теңдік принципін талап етті. Былтыр Сирияның батысында үкімет әскерлері қарулы оппозициялық күштер тарапынан ығыстырылып, Ресейдің әскери операцияларының қолдауымен аман қалған болса, осы жолы жағдай керісінше бағытта өрбіп жатқанға ұқсайды. Сирияда мамыр айынан бері қарсыласушы тараптар арасында соғысты уақытша тоқтату жөнінде келісімге қол жеткізіліп, қақтығыстардың бәсеңдегені белгілі. Бұған қарамастан Сирияда қайтадан үдей түскен қақтығыстарды АҚШ шектеуге ұмтылуда (Reuters). Жуырда елдегі екінші ірі қала Алеппоға бекінген «Ән-Нұсра» және тағы басқа жихадшыл күштерді нысанаға алған Сирия үкіметі әуеден соққыларын үдете түскен. Әуе шабуылдарынан бейбіт сириялықтар зардап шегіп, ғимараттар қиратылды, кісі өлімі артты. 28 шілде күні Ресей мен Сирия үкіметі Алеппоны қоршап, халықты қала сыртына шығару мақсатында кең ауқымды гуманитарлық операциялар жасайтынын мәлімдеді. Бұл операциялардың жүз мың­даған қарапайым сириялықтар үшін гумани­тарлық салдарлары ауыр болуы мүмкін. Бұған дейін АҚШ пен Ресей әуе күштері ДАИШ террористеріне қарсы операцияларды жеке ұйымдастырып келгені туралы ақпарат таратылды. Ресейдің әуе күштері ән-Нұсра тобына қырғидай тиген көрінеді. Ал АҚШ бастаған халықаралық коалицияның әуе күштері мұздай қаруланған және жан-жақты қаржыландырылған «Ән-Нұсра» тобына қарсы жүйелі шабуыл ұйымдастыра алмаған сияқты (New York Times). 26 шілде күні АҚШ, Ресей және БҰҰ өкіл­дері Женева қаласында кездесіп, тамыз айының аяғында саяси шешімге бағыт­талған келіссөздердің келесі кезеңінің баста­ла­ты­нын мәлімдеді. Мәскеу Сирия үкіметі­нің келіс­сөздерге әзір екенін айтып, оған қоғам­дық топтардың барлық өкілдерінің қаты­су керектігін жеткізді. Өкінішке орай, Сирия­да әзірше әскери дипломатия мен іс-қи­мыл­дар саяси мәмілегерліктен басым түсу­де (Noonpost). Өйткені, соңғы екіжақты келіс­сөз­дер көрсеткеніндей, Сирия мәселесі төңіре­гінде саяси транзитті жүзеге асырудан гөрі «Жәбхат ән-Нұсраға» қарсы бірлескен әске­ри операциялар жүргізу туралы көбірек айтылды. 25 шілде күні «Жәбхат ән-Нұсраның» Шура кеңесі «Әл-Каида» ұйымынан бөлініп, бұдан былай «Жәбхат Фатх әш-Шам» деп аталатынын жариялады. Ұйымды жіті зерттеген маман Ч.Листердің пікіріншe, мұндай әрекетке оппозициялық күштердің жаңа коалициясын құру мақсатында барып отыр. «Әл-Каида» өкілдері мұндай ұсынысқа қолдау білдіріп, орталық ұйымның мүддесі тұрғысынан қажетті қадам екенін мойындады. Араб әлемінде ең көп таралыммен шығатын «Әш-Шарқ әл-Аусат» газетінде 26 шілде күні «Ән-Нұсра АҚШ-Ресей келісімінің қысымымен Әл-Каидамен бай­ланысын үзді» деген тақырыпта мақа­ла жарияланып, мұндай қадамның идеологиялық емес, тактикалық қажет­тілік­тен туындағаны туралы жазылды. Араб мамандары «Ән-Нұсрадағы» шетелдік эле­менттердің ДАИШ ұйымына қосылу қаупі барын жоққа шығармайды. Өйткені, 2014 жылы ұйымның біршама өкілдері ДАИШ лаңкестік ұйымына қосылып кеткені белгілі. Аталған шешімді қабылдау барысында «кавказдық, ауғандық және түркістандық» топ басшылары ұсынысқа қарсы болған. Арнайы деректер ұйым ішінде Сирия күн тәртібін қолдайтыны мен «Әл-Каидадан» байланысын үзгісі келмейтін екі топтың барын айтады. Деректің хабарлауынша, «Жейш әл-Фатх» және «Ахрар әш-Шам» сияқты радикалды ұйымдар «Ән-Нұсраның» аталған шешімге келуіне ықпал етіп, есесіне жаңа құрылған ұйымға қаржылай және әскери көмек беру туралы уәде берген. Бұдан былай «Ән-Нұсра» шабуылға ұшыраған сайын жергілікті оппозициялық күштердің қолдауына ие болып, қарулы қақтығысқа қатысатын жихадшыл топтар­дың ең күштісіне айналуы ықтимал. Ма­ман­дар бұл өзгерістердің тактикалық си­па­тын айтып, қажет болған жағдайда стратегиялық мақсатқа ұласып, ДАИШ-тың осы ахуалды пайдаланып шетелдік содыр­ларды өз қатарына тартуы мүмкін екенін айтады. Әлеуметтік желілерде ДАИШ-тың жақтастары «Ән-Нұсраны» сатқындық жаса­ды деп айыптауы кездейсоқ емес. «Әл-Каидамен» байланысын үзген «Ән-Нұсраға» жаңа топтар келіп қосылуы мүмкін. Ұйым 400 кісіге арнап жаңа лагерь құрып қойды. «Ән-Нұсра» құрамындағы «Түркістан ислам партиясы» мүшелері жоғарыда аталған шешімге көнетін сияқты, ал кавказдық және ауғандық топтардың ұйымда қалып қалмайтыны әзірше белгісіз болып тұр. Ресей мамандары мұндай қадамның террористердің орнын ауыстырып, оппо­зи­циялық топтарды жаңа атаудың астына біріктіру үшін жасалып отырғанын алға тартты (Известия). Отандық сарапшылар мұн­дай әрекеттің Ресей мен АҚШ-тың келісі­мі­не орай террористік ұйым деп танылудан жалтару, өз қолдаушылар базасын кеңейту мақсатында жасалып отырғанын айтты. Қысқасы, «Ән-Нұсра» ұйымының «Әл-Каидадан» іргесін аулақ салуы АҚШ-Ресей келіссөздерінің қысымымен жүзеге асып, халықаралық терроризмге қарсы күрестің барысына әсер етуі ықти­мал. Екінші жағынан, бұл оқиға «Ән-Нұсраның» Сирияға және «Әл-Каидаға» бүйрегі бұратын екі топқа бөлінгенін көр­сетеді. «Ән-Нұсра» террористік ұйымы халықаралық күштердің Сирияға қатысты келіссөздері аясындағы әскери-саяси ынты­мақтастығының елеулі факторына айналды. Бұл оқиғалар аймақтағы ішкі тепе-теңдік тұрғысынан да маңызды.  Жанат МОМЫНҚҰЛОВ, шығыстанушы