02 Тамыз, 2016

Астанадан ауылға ауысқан

370 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Мухамеджанов жас мемлекеттік қызметші кадрлық резервке енді «Мемлекеттік қызметке орналасу тек кешенді іріктеу мен жұмысты тек төменгі лауазымдардан бастаудың нәтижелері бойынша мүмкін болады» деді Елбасы жыл басындағы «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты бағдарламалық мақаласында. 100 нақты қадамды жүзеге асыру тетіктерінің бірі саналатын «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң аясында күшіне енген талап мемлекетті кәсібилендіру алғышарттарының бірі болмақ. Провинцияда туып, Парижде тұруды поэзия өкілдері ғана емес, өзге кәсіп иелері де қалайды. Әсіресе, албырт жастардың дені астанадан бақыт іздейтіні жасырын емес. Ал біздің кейіпкеріміз – Ерболат Мұхамеджанов, кері­сінше, Астанадан ауылға ауысып келген, Президент мақаласында айтыл­ғандай, мемлекеттік қыз­метті төменгі сатыдан бастаған аза­мат. Жиырманың бел ортасынан асқан Ерболат Семей қаласында туып, Үржар өңіріндегі Қарабұта ауылында өсті. Барқытбелдің бау­райында балалық бал күндерін өткізген ол 1995 жылы Қарабұта ауылындағы орта мектептің табалдырығын аттап, 2004 жылы дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін терең­дете оқытатын республикалық маман­дандырылған мектеп-интернатта білімін жалғастырды. 2006-2012 жылдар аралығын­да Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономика және бизнес уни­­­вер­ситетінде «экономика» мамандығы бойынша бакалавр­лық және магистрлік білім алды. Ол өзін өзі сынай білетін, қандай ортаға түссе де әріптес­терімен тез тіл табысатын жас. Жо­ғары оқу орнын бітірген жылы алғашқы еңбек жолын қол­­­­дан­­балы экономикалық орта­лық­та экономика сарапшысы ретінде бастады. Кейін Алматы сауда палатасы кәсіп­керлік мектебінің директоры болып, бірқатар жоғары оқу орындарында дәріс оқиды. Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономика және бизнес университеті мен Астана қаласындағы Қазақ гума­ни­тар­лық заң универ­си­тетінде ұстаз­дық ете жүріп, жеке ғылыми із­де­ніс­терін жетілдіре түсті. Көзі қарақты көрерменнің жадын­да болар, Е.Мұхамеджанов «Қазақстан» ұлттық арнасында «Экономика жаңалықтары» сараптамалық бағдарламасының авторы әрі жүргізуші-редакторы болды. Осындай думанды шаһар­ды, қызықты әріптестер ортасын қалдырып, ауылға ауыс­қан Е.Мұхамеджановқа таң­ғала қарайтындар көп. Алай­да, жаңа ортаны жатсынбайтын жас жарқыраған қаладан шекаралық шалғай аудандардың бірі саналатын Үржарға келе салысымен, бастапқыда аудан әкімінің көмекшісі, кейіннен аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы болып мемлекеттік қызметке білек сыбана кірісіп кетті. – Анам «Қазпошта» меке­ме­сінде жұмыс істейтін. Арасын­да аудан орталығындағы «Қаз­поштаға» есеп беруге келеді. Анама еріп келетін мен аудан әкімдігінің алдынан өт­кен кезде, болашақта осы мекеме­де қызмет етсем деп армандайтын едім. Осылайша, жоғары сы­ныпта оқыған кезде-ақ өмі­рімді мемлекеттік қызметке арнауға шешім қабылдадым. Бала күнгі тілегімді біртіндеп іске асыра бас­тадым, – дейді Е.Мұхамеджанов. Мемлекеттік қызметке кел­геніне аз ғана уақыт болған жігер­лі жас мұндағы тәртіп пен жауап­кершіліктің салмағын сезіне бастағанын, абыройлы мін­детке нұқсан келтірмеуге бар күш-жігерін арнап жатқанын жеткізді. – Менің ойымша, ауылды жерде еңбек етудің өз артық­шылығы бар. Мемлекет басшысы Ұлт Жоспарындағы 100 нақты қадамда кез келген мемлекеттік қызметші еңбек жолын төменнен бастауы тиістігін айтты. Себебі, жоғары мінберден еңбек жолын бастаған қызметкер халықтың мұң-мұқтажын түсіне бермейді. Таңертең кірсе, кешке бірақ шығатын қаладағы кабинеттік жұмыс режимі де елмен етене араласуға кедергі. Ал өңірлер­де жұмыс істеген мемлекеттік қызметкер күн сайын халықты көреді, сондықтан, мәселенің түп-тамыры мен мәнін жақсы түсінеді, – дейді ол. Е.Мұхамеджанов аз уақытта Шығыс өңірінің жастар кадрлық резервіне еніп үлгерді. Аталған жоба жөнінде әлеуметтік желі­лерден білген соң бірден жобаға қатысуға rezerv.kz. сайтына өтініш білдірген екен. «Жастар кадрлық резерві» партиялық жобасына қатысуға Шығыс Қа­зақ­стан облысынан 234 адам өті­ніш білдірді. Олардың арасынан екінші кезеңге 145 адам өтсе, жоба ережесіне сәйкес, соңғы финалдық кезеңге өзін жан-жақты дәлелдеген 2 адам өткен-ді. Е.Мұхамеджанов осы қос үздіктің бірі болды. Бұдан кейін Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Президенті жанын­дағы Мемлекеттік басқару ака­демиясы мен «Нұр Отан» пар­тиясының Саяси менеджмент мектебінде тәжірибе жинақтады. Республикалық комиссия алдында баяндама жасап, тест сынағынан мүдірмеді. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары бағдарламасын жүзеге асыру жолында мемле­кет­тік қызмет мәртебесін өсіру туралы міндеттердің маңыз­ды еке­нін жақсы білетін Е.Мұха­мед­жановтың өзіндік сараптамалары бар. Мәселен, тауар өндіруші компаниялардан алынатын салықтың сату көлемінің бес пайызынан аспауы, сот қаулысынсыз немесе қылмыстық іс қозғалмайынша мемлекеттік тексерулерге тыйым салынуы, мүлікті сату және сатып алуға, компания ашуға нотариалдық растаудың жеткілікті болуы сынды Германия, Сингапур, Жапония мен Оңтүстік Кореяда қолданылатын жүйелер алға жетелейді, – дейді ол. Жас отбасының егесі белгілі саясатк­ерлер мен атақты тұлға­лардың өмірбаянын оқығанды, ат спорты мен ақыл-ойды жетіл­ді­ретін ойындарды ұнатады. – Жуырда Вячеслав Шестаков­тың «Уинстон Черчилль. Интел­лектуальный портрет» атты кітабын оқыдым. Әрқашан әскери ке­йіпте елестететін Черчилльдің мықты суретші болғанын және шешендік өнер бойынша әдебиет саласында Нобель сыйлығының лауреаты атанғанын білдім, – дейді жас та болса зерек кейіпкеріміз. Саясаттан Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Сингапурдың бірінші Премьер-министрі Ли Куан Ю, Малайзияны тығырықтан алып шыққан Махатхир Мохам­мад, экономикадан екінші дү­ние­жүзілік соғыстан кейін Гер­мания­ны аяққа тұрғызған неміс эко­номисі Эрхард Людвиг пен ағылшын экономисі Джон Мей­нард Кейнсті үлгі тұта­ды. Мем­лекеттік қызметшінің мәртебесі табанды мінездің болуында, дейді жас маман. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы