02 Тамыз, 2016

ШАРАЙНА

185 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
шарайна-1Байырғы тұрғындардан кешірім сұрады Тайвань президенті Цай Инвэнь этностық қытайлардың аралға 400 жыл бұрын қоныс аударғаннан бері аралдың байырғы тұрғындары қысым көргені үшін алғаш рет ресми түрде кешірім сұрады. ВВС-тің хабарлауынша, гаошандар деп аталатын Тайваньның байырғы халықтары қазіргі кезде аралдағы халықтың 2 пайызын ғана құрайды екен. Осы халықтың өкілдері ертедегі жерлерінен айырылғаны және салт-дәстүрлерін сақтай алмай жүргендері туралы бірнеше рет шағым айтыпты. Ал гаошандардың көбі австронезия тілінде сөйлейді. Олардың ішінде жартылай немесе толықтай қытай тілінде сөйлейтіндері де көп кездеседі. Рәсім кезінде президент Цай Инвэнь 16 этностық топтың көсемдерімен кездесіп, суретке де түсіпті. Президенттің баспасөз қызметі, сондай-ақ, байырғы халықтардың ісі бойынша президент төрағалық ететін арнайы комиссия құрылғанын мәлімдеді. «Талибан» содырлары тағы бас көтерді Кеше Кабулда Ауғанстанның қауіпсіздік күштері мен қонақ үйге шабуыл жасаған «Талибан» қозғалысы содырларының арасында болған ұрыс аяқталды. Ауғандық полицейлердің сөздеріне қарағанда, содырлар 31 шілдеден 1 тамызға қараған түні «Northgate Hotel» қонақ үйі мен келісімшартпен жұмыс істейтін шетелдіктерге қызмет көрсететін логистикалық орталықтың қақпасын жарылғыш зат тиелген көлікпен бұзып өтіп, қонақ үй кешенін басып алған. Қала полициясының басшысы А.Рахманның келтірген мәліметі бойынша, шабуыл жасағандардың бірі беліне бай­лаған жарылғыш зат іске қосылып кетіп, қаза тапқан. Қалған екеуі полицейлердің оғынан мерт болған. Ал операция барысында бір полицей қаза тауып, төртеуі жараланған. шарайна-2Генералдар да қаша бастады Оңтүстіккореялық бұқаралық ақпарат құралдары жоғары шенді бір генералдың КХДР-дан Қытайға қашып келгенін хабарлады. Оның қол жүктерінде 40 миллион доллардан астам ақша болған көрінеді. Агенттіктердің ақпараттарына қарағанда, генерал Корея еңбек партия­сында шетелде жұмыс істейтін солтүстіккореялық азаматтардан түсетін валюталарға бақылау жасайтын бөлімде маңызды қызмет атқарған. Ол шекарадан жасырын түрде 12 шілде күні өтіпті. Өзімен бірге оның отбасы мүшелері де болған. Қазіргі кезде генерал үшінші елге кетудің мүмкіндігін қарастырып жатыр. Өз елін тастап кетуге ел басшысы Ким Чен Ынның режімі себеп болса керек. Қысқа қайырып айтқанда:
  • Республикашылар партиясына ауқымды көлемде де­меу­шілік көрсетіп келе жатқан ағайынды Кохтар АҚШ президенттігіне кандидат Дональд Трампқа қолдау көрсетуден бас тартты.
  • Рио-де Жанейрода олимпиадалық қалашықтағы үй-жайдың бірінде белгісіз біреулер Австралия құрама командасын тонап кетті. Ұрылар спортшылардың екі ноутбугі мен футболка­ларын қолды еткен.
  • АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында балмұздақ мұражайы ашылды. Ондағы ерекшелік – қойылған барлық экспонаттардың дәмін татып, қолмен ұстап көруге де болады.
  • Жапонияның бұрынғы қорғаныс министрі Юрико Койке Токио қаласының губернаторы болып сайланды. Енді Жапония астанасын қала тарихында тұңғыш рет әйел адам басқармақ.
шарайна-3Үкімет басшысына сенімсіздік білдірді Тунис парламенті көпшілік дауыс­пен елдің премьер-министрі Хабиб Эссидке сенімсіздік білдірді. Бұған ең бас­ты себепкердің бірі – елдегі ауыр экономикалық жағдай. Өткен жылдың қаңтарынан бері үкіметті басқарып келе жатқан 67 жастағы премьер-министрдің отставкаға кетуін парламенттің 118 депутаты қолдап дауыс берген. Үш депутат қарсы болған, 27 депутат қалыс қалыпты. Маусым айында ел президенті Беджи Каид Эс-Себси премьерді отставкаға кетуге шақырған еді. Бірақ, ол қызметтен өз еркімен кетуден бас тартқан-ды. Көпшілік премьерді 2011 жылғы төңкерістен кейін тұралаған экономикадағы қиындықтарды жеңуге қабілетсіз болды деп санайды. Соның нақты дәлелі ретінде жұмыссыздықтың кең етек алғанын алға тартады. Оның үстіне бұл елде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де алаңдатарлық деңгейге жетіп отыр. Қаруын тастап, берілуге мәжбүр болды Ереванда полиция полкін басып алған қарулы топтың мүшелері қаруын тастап, құқық қорғау органдарына берілді. Екі аптаға созылған текетірес барысында екі полиция қызметкері қаза тапты. Армения ұлттық қауіпсіздік қызметінің жасаған ресми мәлімдемесіне қарағанда, елдің құқық қорғау органдары үйлесімді іс-қимыл көрсетудің нәтижесінде қарулы топтың мүшелері берілуге мәжбүр болды. Көпшілікті үрейлендірген 20 терроршы қамауға алынған. Ұлттық қауіпсіздік қызметінің өкілі Варужан Аветисяннің хабардар етуінше, мергендер оппозициялық радикалды «Құрылтай парламенті» қозғалысымен байланыстағы топ мүшелеріне қарсы оқ атуды тоқ­татпаған соң, терроршылар берілуге мәжбүр болған. Өздерін «Сасна црер» қозғалысының мүшелеріміз деп таныстырған қарулы топтың талабы – қамауға алынған оппозициялық саясаткер Жирайр Сефилянды түрмеден босату еді. шарайна-4Исламды зұлымдықпен шатастырмауға шақырды Рим Папасы Франциск дінге сенушілерді ислам мен зұлымдықты шатастырмауға шақырды. Бұл жөнінде «Рейтер» ақпарат агенттігі хабарлады. «Мұсылмандық зұлымдық туралы айту ұнамайды. Себебі, әр күні газет беттерін ашқанда Италияда біреу өзінің сүйіктісін, біреу енесін өлтірді деген ақпаратты оқып отырамын. Мұны істеген католиктер. Егер мұсылмандық зұлымдық туралы айтатын болсақ, онда католиктік зұлымдық жөнінде де айтқан жөн», – деді понтифик. Сонымен қатар, ол терроризмнің пайда болуына ақшаны аса қатты дәріптеу және әлемдік экономиканың орталығы ретінде адамды емес, ақшаны ұлықтау терроршылдықты тудыруға себеп болғанын да атап өткен. Интернет материалдары негізінде әзірленді