15 Ақпан, 2011

Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов: Жыр – жанымның жалауы, көңілімнің қалауы

897 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Жоғарғы лауазымды тұлғалармен көбіне ел тіршілігі жөнінде сұхбат алып жатамыз. Көп жағдайларда әр деңгейдегі биліктің тұтқасын ұстап отырған азаматтардың ішкі жан дүниесі, рухани бітім-болмысы, адами қасиеттері туралы қалың оқырманның хабары бола бермейді. Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің ақынжанды азамат екенін білетінбіз. Бірақ бұл жөнінде жазуға ол кісі ыңғай таныта бермейтін. Әйтсе де бұл жолы өзінен рұқсат сұрай отырып, облыс әкімімен болған сыр-сұхбатты оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдік. – Бақтықожа аға, сіздің өлең­де­рі­ңіз қандай жағдайда туады? Кәсіби ақын бол­мағаннан кейін арнайы өлең жаз­байтын шығарсыз деп ой­лаймын? – Әрине. Көп сөз шеше алмайтын, жаныңа жәй таптырмайтын жағдайда бір шу­мақ өлең барлық сұраққа жауап тауып жатады. Әңгімемді мысалдармен тұздық­тап отырайын. Отбасылы бо­лып, бас­па­наға қол жетіп, біріміздің қуа­ны­шы­мыз­ды біріміз рия­сыз тойлайтын жас кезімізде әзіл әңгімеге ренжіп, бір ла­уазымды жұмыстағы жолдасым дастар­қаннан тұ­рып кетті. Көп жылдар өткен соң сол жігітпен кездесіп қалып, бірталай уақыттан бері көкейде жүрген мы­надай екі шумақ өлеңімді оқыдым: Дастарқаннан тұрып кеткенің, Алдағы асты тепкенің. Ауыртпалығы ақ дәмнің, Мойныңа түсті тек сенің. Жылжыған жылдар көрсетті, Жеңгенін ниет мансапты. Жүрермін талай, жігітім, Есіңе салып сол сәтті. Өлеңді естіген жолдасым абдырап, не ай­тарын білмей, мұңайып отырған соң, аяқ­ас­тынан мынадай тағы бір шу­мақ туа кетті. Көре алмай көптен, қинадың-ау деп сөкпегін. Жолдасым ғой деп, көңілдің кірін төккенім, Білемін енді, жаңадан жолдас таба алман, Есіңде болсын, келмейді сені жек көргім. – Достарыңызға разы болғанда шы­ғарған жыр жолдарыңыз да бар шығар... Бәріміздің басымызды қосып, ор­та­мыз­дың сәні болып жүретін Мұрат деген әлеу­метшіл досыма қатты разы болып: Кінәмшіл, сыншыл болмадық елдің ұлдары, Өкпесіз өтті өмірдің талай жылдары. Амандық тілеп, жарасып әзіл-назымыз, Бар болғайсыңдар Мұраттың Әди, Алдары, – деген өлең арнадым. Достарыма арнап жазған мынадай та­ғы бір өлең есіме түсіп отыр. Көпшілікті аңсайды екен қайсы адам, Мен достардың арасынан жай табам. Айрылысарда құлазытып көңілім, Асығамын кездесуге қайтадан. Кейде табиғат пен уақыттың кейбір сәт­тері түрлі ойларға жетелеп жатады. Бір­де ауылға бардым. Күн бата, есік ал­дын­дағы орындықта отырмын. Ай жа­рық. Аспанды жұлдыз жаулаған. Тым-тырыс. Ерекше әсер берер сәт. Ойыма мы­надай шумақ оралды. Күн кешкіріп, түн оралып, қайтадан, Дүние тыныш, мен де, міне, жай табам. Тек аналар бітпей ісі жүр әлі, Бірі ас үйде, бірі бесік шайқаған. Өлеңдерімнің талайы – экспромт. Кей-кейде өз-өзінен суырылып шыға келетін шумақтар да болады. Бірде қазақтың атақ­­ты композиторы Илья Жақановтың ал­дында інілікке салып, ағамның әнін орындадым. Ағамыздың «Жайлаукөл кеш­тері», «Еділ мен Жайық» сияқты көп­шілікке танымал біраз әндерін дом­бырамен айттым. Сонда жұбайым: «Илья ағаның әндерін өзі сияқты әуезді айта алмаған соң, ол кісінің алдында ән айтуға ұялмайсың ба?» – деп айтып қал­ды. Сол кезде мынадай шумақ туды. Ақындарға өлең оқып, әншілерге ән айттым. Ұнатпаған кескіндерін, көре жүре талайдың. Десе деймін, әнші, ақын емеспін, Ақынжанды азаматпын, ән айтуды қалаймын. – Сіздің жан-жағыңызға дос-жолдас жинайтын қасиетіңізді жұрт­тың бәрі бі­леді. Сондай жолдастарға арнаған та­ғы қандай өлеңдеріңіз бар? – Қызмет барысында жолдас­та­рым­мен көптен бері кездесе алмай, біріне телефон соқтым. Қарбалас шаруамен жұмысбасты болып, бір-бірімізден хабар алуды қой­дық қой, батысқа ат басын бұрмайсыңдар ма деп базына айттым. Бірер күннен кейін жол­дастарым Оралға жиналды. Ара­сында атақты мұнай­шы­лар Ұзақбай Қа­рабалин мен Балтабек Қуандықов, белгілі геолог Серікбек Дәу­кеев бар. Барлығы да сұраулы көз­бен қарайды, не себеппен басымызды қосты екен деп. Содан бас­қосудың себебін сұрай бастады. Сосын себебін айттым. Шақырғам жоқ берейін деп, Жоқ болмаса, алайын деп. Жаны жақын ағайын деп, Сағынған соң көрейін деп. Аз-кем бірге жүрейін деп, Әзіл ай­тып, күлейін деп. Қысқа өмірім азайды-ау деп, Кей түндерде үрейім көп. Осыны естігеннен кейін-ақ достарым жайылып сала берді. Отырысымыз да жайнап кетті. – Білуімізше, сіздің туған күніңіз ха­лықаралық Білім күні – 1 қыр­кү­йек. Жең­геміздің де туған күні күздің ал­ғашқы жұл­дызы. Бір мектепте, бір класта оқыған екенсіздер. Ақын да, ақын­жанды адам да махаббат та­қы­ры­бын айналып өтпеген. Жеңгеміз Ырыс­қа өлең жаз­бадым деп айта ал­майтын шығарсыз... – Айтқаның рас. Жұбайыммен бірге өстік, бірге оқыдық, бір ауылда тұрдық. Талай өлең жазғам. Бірақ көпшілігі әр дәп­тер­де, әр парақта қалды. Әлі­ге дейін естен кетпейтін мынадай екі-үш шумақ бар. Сен мені білесің бе, жоқ білмейсің, Кейде текке ренжіп, өкпелейсің. Бірақ кейде байқамай, теріс бассам, Көрмейтіндей кінәлап, сөкпегейсің. Менің жаным өзіңдей нәзік, таза, Абайсызда жазықсыз жаралама. Одан да есіңе түсір келген шақты, Мектебіңе жаңадан қара бала. Сол күнімді бір сырды сезген, ұмытпан, Бір-біріміз қарасақ, көзбен ұққан. Болашақтың ба­қытын сенен көріп, Қарай берген ұрланып өзге жұрттан. Аққуындай айдынның жүзген жалғыз, Бойжеттің көз алдымда өсіп әр күз. Жүрсем де бір класта сені еншілеп, Сен көріндің қол жетпес тәкап­пар қыз... Осы өлеңнің соң­ғы шумағы бы­­лай жал­ға­сады: Бір күні кетсе болып жаным пида, Жалғызымсың, жарымсың бұл пә­ни­да. О дүниеде жүрермін сені күтіп, Кластасым, ғашығым – Тұрғарина. – Әкеден жастай қалып, өмірдің қиын­шылықтарын көргеніңіз бар. Бір құр­сақтан өрбіген он бауырыңыздың үл­кені ретінде біраз жауапкершілік сіздің мой­ныңызға түс­кенін білеміз. Сол қиын­шылықтардың шет жағасын естіп те жүрміз. Атаңыз Ізмұхамбет Уфадағы атақ­­ты Ғалия медресесінде оқыған, са­уатты кісі болғаны жөніндегі деректерге де қанықпыз. Әкеңіздің қазасын көтере алмай, ізінен атаңыз да кетіпті. Өмірдің мұндай сынақтары өлеңге арқау болмай қалмаған шығар... – Өмірде орнымды табуда маңызды рөл ойнаған жас кездегі тағдыр-тарихым тө­мендегі мына шумақтарда. Жыладық та, жығылдық та, біз бірақ Құламадық терең құзға құлдырап. Ердік, сендік, ерінбедік, ұмтылдық, Болашаққа сағым болған бұлдырап. Ауыр өмір бізге ерте басталып, Әке кетті қара жерді жастанып. Он баланың кішілері жас сәби, Ата тұрды сақалына жас тамып. Тұрды ойланып, нұрлы жүзін тү­нерте, Бүлдіршіндей қалай алар күнелте? «Cоғыстан да аман келген, қарғам-ай, Шамшырағың неге сөнді тым ерте». Басын сүйеп талай жанды жұбатып, Ала алмады жастан көзін құрғатып. Сөнді ақсақал көтере алмай қайғыны, Кете барды тағы бізді шулатып. Әрең жүрді сол күндері Ана да, Сүйреп бақты бізді ағайын, аға да. Кей кездері жоқшылыққа шыдамай, Ойланушы ем оңаша қап далада. Жылдар өтіп, біз аяққа нық тұрдық, Жақсылықты талай жанға жұқтырдық. Ұмтылыстың, адал еңбек, сенімнің, Күштілігін айналаға ұқтырдық. – Ауыр болса да әдемі жазылған өлең екен... – Жазған өлеңдерімді кәсіби ақын­дарға көрсетіп, мынаны түзеп бер, газетке берейік, кітап шығарайық деген емеспін. Мектеп жасында кейбір газетке шық­қаны болмаса, саналы ғұмырымды өлең жазам деп бәлсінгенім жоқ. Жаз­ғандарымды доста­рым­ның алдында сөз арасында оқимын, бірақ жалпақ жұртқа көрсеткенім жоқ. Бұған дейін публицист, жа­зушы, біраз жылдар сыйлас араласқан досым Мереке Құл­кенов бірнеше өлеңімді әңгіме ара­сын­да жазып алып, 50 жасқа толғанымда дас­тарқан басында оқыды. – Мектеп жасы деп қалдыңыз. Оқушы Бақтықожаның өлеңдері газетке жарияланды ма? – Үйде сегіз қыз, екі ұлмыз. Інім ки­ноға барғалы жатсам, мені алып кет деп қоймады. Оны алып кетейін десем, киноға кішкентай балаларды кіргізбейді. Алып кетпейін десем, көңілін қимаймын. Киноға үл­кейген соң апарамын деп түсіндіріп едім, ақылымды алып, үйде қалды. Сонда аяқ астынан «Ініме» деген өлең жаздым. Алғашқы өлеңім осы. 6- сыныпта оқып жүргенімде «Қазақ­стан пионері» газетінде жарияланды. Өссең де өзімменен бой таласып, Көрмедің ақыл берсем, тайталасып. Сол үшін жақсы көріп, әркез сені, Қарсы алам, құшағымды айқара ашып. Мектепте жазғандарым да әр дәп­тер­дің қойнында қалды. Кейде көңіл қала­ғанда газет-журналдарға жіберіп тұр­дым. Өлең­дерім бірнеше республикалық және облыс­тық баспасөзге шықты. Кейбір ақындар барлық өлеңдерін жат­қа оқиды. Елге белгілі «Аппақ гүл­дер» әні­нің сөзін жазған, көп жылдары оңтүстікте мұнай базасының бастығы болған марқұм Қуаныш Төлеметов бар­лық өлеңін жатқа білетін. Спортқа да бейім еді. Волейбол ойнайтын. Бильярдта да шаң жуытпайтын талантты адам еді. Адаммен сөйлескенде де бауырмалдығы алыстан есіп тұратын. – Адамдардың бойындағы қандай қасиетті жек көресіз? – Адам бойындағы жақсы және жаман қасиеттерді Абай атамыздан артық ешкім айта алмайды. Дегенмен, әр адам өмірден ақ пен қараны ажырататын, жақ­сы мен жаманның парқын айыратын тәжірибе жинайды. Мен жаман көретін қасиеттердің бірі – сараңдық. Мырза жанның көңілі кең, жолы ашық, Айналасы тұрар ылғи толасып. Сараңдардың, сөзім артық болмасын, Секілді үйі бөлек тұрған молашық. – Өмірлік ұстанымыңыз... – Бүгін бар дәулет ертең жоқ, Орынсыз асып-таспағын. Бақ қонса басқа кездейсоқ, Қалмай да білер қас қағым. – Ән айтатын өнеріңіз анаңыздан жұғыпты. Ал ақындық пен ақын­жан­дылық қасиетіңіз қайдан келді? Кімге қарап бой түзедіңіз? – Әкем әдебиетші болды. Әкемнің інісі журналист еді. Мектепте журналист болам деп жүрдім. Оның үстіне, атам Ізмұхамбет Кеңес өкіметінің қаһарына ұшырап, біраз жыл жер аударылып жүр­ген кісі. Елді, ағайын-туманы сағын­ғанда жазған талай өлеңі үйде әліге дейін сақтаулы тұр. Жас­тайымыздан қазақ әдебиетін сүйіп оқы­дым. Ақындардың өле­ңін жаттап өстік. Өлең­дерім облыс­тық газетке атыраулық ақын Аманқос Ершуев, Төлеген Беріш­баев­тармен бірге шығып жүрді. Олардың жазғандарын қызыға оқып, мен де газетке жазып жіберем. Ол кезде Аманқос студент, Төлеген екеуміз көрші ауыл­дар­дағы мектептерде оқыдық. Бір-бірімізді танымасақ та, соларға еліктеп өлең жазатынмын. – Бі­­раз өлеңін жатқа білетін өзі­ңіздің сүйікті ақы­ныңыз Төлеген Айбергеновпен Баш­құртстанда кездесіпсіз. Қалай болып еді? – 1966 жыл. Мұстай Кәрім бастаған башқұрт жазушылары Қазақстан қалам­гер­лерін қарсы алды. Арасында Төлеген Айбергенов бар. Ол кезде мен Уфа мұ­най жә­не газ институтының студентімін. Кезде­су­лер­дің бі­рінде сахнаға шығып, өзім­нің өле­ңімді оқыдым. Кездесу аяқ­талған соң Төлеген Айбергенов мені шақырып алды. Жөн сұрасты, мен «ақын бол­май­тынымды білемін, бі­рақ өлең жаз­ғанды жаным сүйеді» дедім. «Тех­никалық оқу орнында оқып жүрмін деп, өлең жазуды тас­тама. Өлең жазған адам­ның жа­ны нәзік болады, жаны нәзік адам­ның ары таза болады», – деп өсиет етіп еді. – Геологтың жұмысы ауыр. Ыс­тығы бар, суығы бар. Маманды­ғы­ңыз­ға қа­тысты жаздыңыз ба? – Жазған жоқпын. Айна­ламдағы адамдар туралы, өмір жөнінде тол­ғандым. Мектеп ке­зінде біраз жаздым. Университетте ақындардың өлеңдерін оқып жүрдім, көп жазған жоқ­пын. Бертін келе де біраз уақыт жазбадым. Тиіп-қашып, ара-тұра шимақ­талған шумақ­тар­ды есептемегенде. 90-жылдардың екінші жар­тысында Өс­кеменге ба­рып, Алтайдың аялы әсем табиғатының ая­сында демалып, шығар­машылық ша­бытым ашылғандай болды. Белгілі жа­зушы Оралхан Бөкейдің мұра­жайына бар­дым. Апасы мұражайдың ди­ректоры екен. Үлкен әсермен қайттым. – Домбыра мен гитарада ойнай­тыныңызды білеміз. Баян да тартады деп естіп едік... – Мен домбырашылардың елінде өстім ғой, басқа-басқа, домбыра тарта алмау, домбыраны түсінбеу маған ұят емес пе? Мектепте баян да тарттым. Ауыл­дың жалғыз баяншысы едім. Ауылда өтетін той атаулының барлығына қа­тысып, өнер көрсететінмін. Мектеп бітірген соң, қо­лым баяннан шығып кетті. Ал домбыра мен гитарада бүгінгі күні де бір кісідей ойнай аламын. – Анаңыз елге белгілі күйші екенін білеміз. Музыкаға деген қабілетіңіз анамыздан дарыса керек... – Анам Әсімә қазір де елде, Аты­рауда тұрады. Жасы 85-тен асты. Күйші Дина Нұрпейісованың бірнеше күйін үн­таспаға түсірген. Мысалы әйгілі «Әсем­қоңыр» ме­нің анамның орын­далуымен жазылды. Сол кісінің ық­палы болса керек, бір құрсақтан та­раған барлығымыз да му­зыкаға жа­қынбыз, барлығы да ән салады, түрлі аспаптарда ойнайды. – Ақындықты кәсіп етпесеңіз де, тәп-тәуір өлеңдеріңізге қарап, ақын емес деп ешкім айта алмас. Бірақ өзі­ңізді ақын емес, ақынжандымын деп есептейсіз. Неге? – Қазақтың ұлы ақыны Фариза Оң­ғарсынованың туысқан інісімін. «Кез кел­ген ақымақ әуре болып, қайдағыны шат­пақтап, жұрттың басын қатырады» деп Фариза апамның өлеңді шала жа­за­тындарға ұрсатыны бар. Фариза апам сияқ­ты кісілердің алдында қалай ақын­мын дейсің, ақын емес екенім айдан анық. Өзімді ақын емес, бәл­кім ақын­жан­ды болармын деп ойлайтыным да сон­дықтан. Мен үшін жыр – жанымның жа­лауы, көңілімнің қалауы. Қуансам да, қиналсам да ақын­дардың кітап­тарынан жүрегіме ке­ректің бәрін де табамын. – Біраз ақын-жазушылармен ара­ласасыз. Оның арасында өзімен бірге қазақ поэзиясының бір керегесін алып кеткен Қадыр Мырза Әлі аға­мыздың намазында «Шағын тұл­ға­сына алып талант сыйғыза білген адам еді» деп сөз сөйледіңіз. Марқұм ақын ағамыз ту­ралы не айтса да жа­расады, десе де, осы бір сөйлемге сый­ғызған мінез­де­меңіз өте сәтті шық­­қан сияқты... – Қадыр ағамен талай кездесіп жүр­дім, жанымыз жақын еді. Ол маған өз өлең­дерін оқиды, мен ол кісінің өлең­дерін жатқа оқып, өз өлең­­деріммен жал­­ғас­тырамын... Қазақ әдебиетінің ұлы да текті тұлғасын соңғы сапарға шы­­ғарып салу рәсімінде өлеңдерін кіш­кен­та­йымнан жата-жастана оқитын Тұ­ман­бай ағамның жал­ғызсырап, құр­дасының қа­­засы жа­ны­на қатты батып тұрғанын бай­қап, поэзия алыбына кө­ңіл айттым. Сондай-ақ қазақ әде­бие­тінің бүгінгі көрнекті өкіл­дері Әб­ді­жәміл Нұрпейі­сов, Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, Дулат Исабеков аға­ларым­ның шығарма­ларының орны бөлек. Менің шатпақтарымды талай оқы­ған Зейнолла Қабдолов ағамыз еді. «Ай­налайын, Бақтықожа, мына            дүниелеріңді ма­ған бер­ші, жария­ла­тайын» деп талай айтты. «Аға, мен ақын емеспін ғой, бар болғаны ақын­дар­дың   оқушы­сы­мын» деп қаш­қақ­та­сам да, бір реті келгенде жинақтап берермін деп жүргенмін, сұм ажал Зе­кеңді де сексеніне жеткізбей алып кетті. Ақын-жа­зушылар қайтыс болса, неге екенін қай­дам, маған ерте қайтқан сияқ­­­ты кө­рінеді де тұрады. Жаны жа­қын, сыйласқан ағаларымыздың ара­мыз­дан ажырауы жаныма қатты батады. – Өмірде және өнерде кімді ұстаз санайсыз? – Тағдыр жазып, алыс және жақын шетелдерде Елбасы өткізген кездесулер мен келіссөздерде болдым. Сол сәт­терде Ел­басының қазақ әдебиетін ғана емес, әлемдік әдеби классиканы да жете білетініне және сәтті қолданатынына куә бол­дым. Ал өмір мен саясат жо­лында ұстаз санап, үлгі тұтарым – Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев. – Бақтықожа Салахатдинұлы, шын көңілден ашылып айтқан әң­гімеңіз үшін сізге көп рахмет! Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН. ____________________________ Суретте: көңілдің кейбір кездері.