Еуразия құрлығында бұрынғы сауда-саттық жүйесі өзгере бастады. Бизнестің, тауар тасымалының жаңа жолдары мен мүмкіндіктері ашылып жатыр. Бұл орайдағы бір бағыт – Парсы шығанағы. Қазақстанның Оман Сұлтандығындағы Төтенше және өкілетті елшісі Ержан Мұқаш отандық тауарларды осы елдің порттары арқылы Үндістан, Пәкістан, тіпті, Африкаға дейін жеткізуге болатынын айтады. Ол үшін отандық кәсіпкерлер біле бермейтін кейбір жеңілдіктер де бар.
– Ержан Серікұлы, Қазақстан мен Оман арасындағы дипломатиялық байланыстар осыдан 24 жыл бұрын орнады. Дегенмен, осы уақытқа дейін екі елдің сауда-саттық көлемі жоғары деңгейге жетті деп айта алмаймыз. Оның басты себебі неде?
– Расында да келесі жылы Қазақстан мен Оманның дипломатиялық байланыстарына ширек ғасыр болады. Негізі, осы Оман мемлекеті араб елдері ішінде алғашқылардың бірі болып бізбен экономикалық қарым-қатынас орнатқан. Оны көбісі біле бермейді. 1990 жылдардың басында бізде «Каспий құбыр желісі консорциумы» деген жоба болды. Сол жобаға қатысушы мемлекеттердің бірі Оман болған (Қазақстан және Ресеймен бірге). Оман Сұлтандығы кейіннен жобадан шығып кетті.
Дегенмен, қазіргі кезде аталған елдің «Оман ойл» атты мемлекеттік компаниясы Қазақстанның екі жерінде мұнай кеніштерін игеріп жатыр. Біреуі – «Жемчужина», екіншісі – «Дунга». Әрбір жоба бойынша Оманның 20 пайыздық үлесі бар.
Осы уақытқа дейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Оманға екі рет ресми сапармен барып келді. Алғаш рет 1997 жылы, одан кейін 2008 жылы. Сол екі сапардан кейін екі жақты қарым-қатынастар жақсы дами бастаған сияқты болды. Дегенмен, күткеніміздей емес. Сөз жоқ, саяси деңгейде қарым-қатынасымыз жақсы. Оман біздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болуымызды алғашқылардың бірі болып қолдаған. Ал енді тауар айналымының мардымсыз болуына белгілі бір себептер бар. Өткен жылы екі елдің сауда-саттығы бір миллион долларға да жетпеген. Бар болғаны – 322,9 мың доллар. Соның 90 пайызы қазақстандық экспорттың үлесінде. Қазақстаннан анда-санда жеке арналармен бидай, құбырлар және тағы басқа металл бұйымдары жеткізіледі. Ал Оманнан бізге келетін тауар жоқ деуге болады. Себебі, Парсы шығанағы елдерінің экономикасы мұнайға тәуелді екені белгілі. Иә, біз де мұнайға тәуелдіміз. Бірақ, бізде ауыл шаруашылығы, тау-кен сияқты басқа да салалар бар. Оманда ауыл шаруашылығына қарағанда, балық шаруашылығы жақсы дамыған. Ол жерде ауыл шаруашылығы және балық ресурстары министрлігі деген мемлекеттік орган да бар. Негізі, бүгінде сол өңірде Оман балық жеткізуші ірі мемлекеттердің біріне айналып, мәселен, көршілес Араб Әмірліктерінің сұранысын 40 пайызға қамтамасыз етіп отыр.
Негізі, мемлекеттік компанияларды бір-біріне тарту оңай емес. Өйткені, олар ірі жобаларды іздейді. Дегенмен, сауда-саттық аз болса да, мысал үшін, 2005-2015 жылдар аралығында Оман Қазақстанға 253,2 млн. доллар тікелей инвестиция құйды. Осының бәрі Ұлттық банктің ресми деректерінде көрсетілген. Бұл бағытта біз жеке кәсіпкерлердің бір-бірімен іскерлік байланыстарды орнату жұмысына басымдық беріп келеміз. Атап айтқанда, Оманға біздің қойларымызды, ет өнімдерін экспорттауға мүмкіндік бар. Мәселен, Оман мұсылман елі болғаннан кейін Ораза кезінде, Құрбан айтта тірі қой алғысы келеді. Бұған басты кедергі – логистика, яғни көліктік тасымал мәселесі. Оман үшін бидай болсын, ет болсын, сонау Австралия мен Бразилиядан алып келген тиімді. Алыс болса да, кеме жолымен арзанға түседі. Ал Қазақстан географиялық жағынан жақын тұрса да, тасымал шығыны қымбат. Арамызды Иран ғана бөліп тұр. Соған қарамастан, қазіргі кезде біз кәсіпкерлік қарым-қатынастың кейбір жолдарын қарастырып отырмыз. Мәселен, бір ұшаққа екі мың бас қой салып, Оманға жеткізуге болады. Ал ет жеткізетін болсақ, шариғат заңдарының сақталғаны туралы арнайы куәліктерді көрсету керек. Біз өз кезегімізде Оманнан балық өнімдерін алуға мүдделіміз. Себебі, Ресей мен Батыс елдері арасындағы санкциялық соғыстан кейін бізге келетін норвегиялық ақсеркенің жолы жабылды. Қазір омандықтар өздерінің балықтарын, тіпті болмаса, сол Норвегиядан әкелінетін ақсеркені реэкспорт ретінде Қазақстанға жеткізуге мүдделі болып отыр. Бұл бізге арзанға түсетін түрі бар.
– Оны да ұшақпен жеткізе ме?
– Жоқ, ол мұздатылған балық болғаннан кейін оны жермен де апаруға болады. Омандықтар өз өнімін Иранның Бандар-Аббас портына дейін жеткізуге даяр. Әрі қарай рефрижераторлы кез келген көлікпен он күнде Қазақстанға әкеліп сатуға болады. Міне, осы іспетті жоспарлар бар. Қазір қазақстандық және омандық жеке компаниялармен келісімшарт рәсімдеу бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Осылайша, бірте-бірте екіжақты сауда-саттықты тиісті деңгейге көтереміз деп ойлаймын.
Бір жақсы жері, Оманның сыртқы саясаты бізге келіңкірейді. Ол Сауд Арабиясымен де, Иранмен де, Батыспен де, Шығыспен де достық қарым-қатынаста. Иранды транзиттік ел ретінде пайдаланып, Қазақстан мен Оманның тауар айналымын арттыруға болады.
Сосын Ашхабад келісімі деген құжат бар. Оған сәйкес, Өзбекстан, Түрікменстан, Иран және Оман арасында мультимодальды дәліз құрылуда, яғни Орталық Азиядан шыққан тауар қара жолмен бола ма, темір жолмен бе, Иранның порттарына дейін келеді, әрі қарай Оманға теңіз жолымен жеткізіледі. Аталған дәлізде көліктік жеңілдіктер қарастырылған. Сол құжат күшіне енді. Қазақстан да оған қосылды деген хабар алғанбыз. Бүгінде біз үшін осы бағытта тауар айналымын арттыру тиімді болып тұр. Білуімше, Ресейдің өзі санкциялық соғыстан кейін Каспий теңізі арқылы Парсы шығанағы елдеріне шығуға мүдделі болып отыр.
– Демек, алдағы уақытта отандық тауарларды Қазақстан – Түрікменстан – Иран темір жолы арқылы Бандер-Аббас портына апарып, одан әрі қарай Оман және тағы басқа Парсы шығанағы елдеріне жеткізу бағыты аса тиімді жолға айналады деуге бола ма?
– Әрине, ол жағынан ирандықтардың үлкен тәжірибесі бар. Сол порт арқылы басқа да өңір елдеріне шығуға жол ашылады. Мысалы, Араб Әмірліктері Парсы шығанағының ең түкпірінде орналасқан. Сондықтан, теңіз арқылы кіретін кемелер алдымен Оман мен Иранды бөліп тұрған Ормуз бұғазы арқылы өтеді. Бірақ Араб Әмірліктерінің бір артықшылығы, олар мұнайға ғана сеніп қоймай, осыдан 20 жылдай бұрын сауда
-саттықты, туризмді, қаржы орталығы мен авиациялық хабты дамытып, алға кетіп қалды. Оман болса, соның барлығын енді ғана қолға алып жатыр. Сондықтан олар өздері де мойындайды, Араб Әмірліктеріне қарағанда, географиялық орналасуы аса тиімді. Бірақ қажетті инфрақұрылым мен тәжірибе енді ғана қалыптасу үстінде. Олардың порттары тікелей Үнді мұхитына шығып отыр. Бүгінде тауарлар алдымен Оманға келеді. Соған қарамастан, бір парадокс бар. Олар әлі күнге дейін сауда-саттығын Араб Әмірліктері арқылы жасайды. Өйткені, ол жерде бәрі қалыптасқан. Биржасы бар, қаржы орталығы бар және тағысын-тағылар. Ал Оманның өз жерінде бәрін дамытып, жолға қойса, көрші тұрған Иранға, тіпті, Араб Әмірліктерінің өзіне кәдімгідей бесекелес болады.
Бүгінде Оманда бірнеше порт бар. Олар – Сохар, Масқат, Салала. Бұған қоса жаңадан арнайы экономикалық аймақ ретінде Дуқм порты үдемелі түрде дамытылып жатыр. Сол жерде шетелдік инвесторлар үшін барлық жеңілдіктер қарастырылған. Қазақстандық кәсіпкерлер оны біле бермеуі мүмкін. Аталған порттар арқылы шығатын бірінші бағыт – Парсы шығанағы елдері, ал екінші бағыт – Африка, арғы жағында Сомали дейсіз бе, Эфиопия дейсіз бе, Оңтүстік Африка да тиіп тұр. Сондай-ақ, Үндістан мен Пәкістанға шығуға болады.
Негізі, бүгінде мұнай бағасының құлдырауы Оман экономикасына да кері әсерін тигізіп отыр. Оған қоса, Сауд Арабиясы мен Кувейтпен салыстырғанда, Оман жерінде мұнай қорлары түгесілуге жақын. Сондықтан, бұлар экономиканың құрылымын өзгертіп, шетелдік инвестиция тарту үшін шетелдік кәсіпкерлерге барлық жағдай жасап жатыр. Мысалы, бұрын олардың барлық заңдарында шетелдік фирма ашу үшін жергілікті фирманы серіктес ретінде алу талабы болған. Сосын шетелдік инвестицияға шектеу қоятын. Қазір оның бәрін алып тастады. Бүгінде Оманда туризм де белсенді түрде дамытылуда. Себебі, ол жерде тау да, тас та, құм да, теңіз де, оазис те, бәрі бар. Оман – қамалдар елі. 400-ге жуық қамал бар. «Мың бір түнді» оқыған боларсыз. Сондағы Синдбад атты теңізшінің отаны – осы Оман.
Оманның ішкі саясаты жабықтау, бірақ экономикасы ашық, ағылшын-саксондық жүйеге негізделген. Банк саласы да өте жақсы. Олар Қазақстанмен іскерлік қарым-қатынас жүргізуге дайын. Біздің міндетіміз – осы іскерлік байланыстарды күшейту. Қазір соған бар күш-жігерімізді салып жатырмыз.
– Балық пен қойды, сондай-ақ, металл бұйымдарын айттыңыз. Қазақстанның астығын да көптеп тасымалдауға болатын шығар?
– Мен ойлап отырмын, бірнеше мемлекетте Қазақстанның астық терминалдары бар ғой. Сондай қойманы Оманда да құруға болады. Мысалы, осы елге 1 миллион тонна бидай жіберсек, соның 200-300 мың тоннасын Оманда қалдырса, қалғанын жақын мемлекеттерге сатуға болады. Ол – бір.
Екіншіден, Қазақстан Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына төрағалық еткенде Елбасы азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін көтерген болатын. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан басқа елдерде сияқты Оман жерінде де хаб құрып, сол арқылы аймақтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады деп ойлаймын. Өзіңіз білесіз, жақында ғана Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымы құрылып, оның хатшылығы Астанада ашылып отыр.
–
Жалпы, араб елдерінің бұрынғы кеңестер құрамында болған Қазақстанға деген көзқарасы қандай?
– 1990-шы жылдарға дейін Парсы шығанағы мемлекеттерінің көпшілігі кезінде Кеңестер Одағымен дипломатиялық қарым-қатынаста болмаған. Негізі, 1930-шы жылдары қазақтың алғашқы дипломаты, елші Нәзір Төреқұлов КСРО-ның Сауд Арабиясындағы тұңғыш тұрақты өкілі қызметін атқарғаны белгілі. Алайда, кейін «халық жауы» деген айыппен ату жазасына кесілді. Соған араб елдері наразы болды ма, екіжақты дипломатиялық қарым-қатынас үзілді. Кейіннен олар АҚШ-қа жақын болып кетті. Ал Парсы шығанағы елдері мен КСРО арасындағы қарым-қатынас дамымай қалғаннан кейін, олар Қазақстан туралы көп білген жоқ. Біздің байланыстарымыз, көбінесе, солтүстік Африка елдерімен, Мысырмен, Сириямен, Йеменмен жақсы дамыды. Өйткені, олар социалистік бағыттағы мемлекеттер болды. Студенттері бізде оқыды. Біздің мамандарымыз сол елдерде көп қызмет етті. Сол себепті, олар бізді көбірек білетін.
Ал қазір араб елдері бізді білмейді деп айту қиын. Сосын көп нәрсе мемлекеттің белсенділігіне, сыртқы саясатына байланысты ғой. Қазақстан ЭКСПО-ны өткізгелі отыр. Оның алдында Еуропадағы ынтымақтастық және қауіпсіздік ұйымының саммитін өткіздік. Ислам конференциясы ұйымын басқардық. Келесі жылы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі боламыз. Араб елдері соның бәрін көріп отыр. Оған қоса, Елбасының халықаралық аренадағы белсенді жұмысы, ұтымды ұсыныстары мен батыл бастамалары тағы бар. Оның халықаралық ұйымдардың мінберінен сөйлеген сөздері жан-жаққа жетіп жатады. Біз, елшілер, өз кезегімізде жергілікті жердегі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Қазақстанның бастамаларын жеткізуге тарысамыз. Осының арқасында өзге елдер қазақ халқының кім екенін біледі.
– Араб елдері ішінде лаңкестік сияқты халықаралық қауіптің бар екені белгілі. Ол Қазақстанға да кері әсерін тигізіп отыр. Араб елдерінің өзі осы қауіп-қатермен қалай күресіп жүр?
– Оман жайында айтатын болсақ, бұл мемлекеттің діни көзқарасы мүлдем бөлек. Оны көбі біле бермейді. Мысалы, біз білетін Ислам дүниесі негізінен екіге бөлінеді. Ол – сүнниттер мен шииттер. Ал, омандықтар сүннит те емес, шиит те емес, олар – ибадиттер. Тарихқа сәйкес, ибадиттер Исламның ерте дәуірінде бөлініп кеткен. Бұл – мүлдем бөлек ағым. Басты айырмашылығы – бәріне либералды түрде қарайды. Бірақ жергілікті заңға сәйкес, Ораза кезінде шетелдіктерге жұрттың көзінше тамақ ішіп, темекі шегуге тыйым салынған. Сосын киім-киіске де талап қойылады. Ибадиттер толеранттылық ұстанымын сақтайтындықтан, сан алуан әскери акцияларға да қатыспайды.
Мәселен, Йеменге қарсы әскери коалиция құрылғанда Оман бұл бастаманы саяси тұрғыда қолдайтынын білдірді, бірақ қарулы шараларға қатыспайтынын мәлімдеді. Сирия бойынша да тура сондай ұстанымда болды. Содан болар, мен Оман азаматтарының «Ислам мемлекеті», «әл-Қаида» және басқа да террористік ұйымдардың құрамында соғысқаны, я болмаса, қандай да бір террорлық актіге қатысқаны туралы дерек кездестірмедім.
– Сөз соңында елге қандай тілек айтар едіңіз?
– Ең алдымен, барша халқымызды Тәуелсіздіктің 25 жылдық белесімен құттықтаймын. Еліміздің еңсесі биік, ертеңі жарқын болсын! Ол үшін бәріміз ынтымақ-бірлік танытып, аянбай қызмет етуге тиіспіз. Қазір заман тыныш емес. Әлемді түрлі оқиғалар дүрліктіріп жатыр. Аумалы-төкпелі заманда келер ұрпақты ойлау, оларға іргесі берік, келешегі кемел мемлекет қалдыру – біздің міндетіміз. Бейбітшілік, татулық пен бірлік – халықтың ең үлкен бақыты. Қазақ ұлтының туабітті толеранттылығының және Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында берекеміз кіріп, тыныштықта өмір сүріп жатырмыз. Біз осы игілігімізді көздің қарашығындай қорғауға тиіспіз. Сол арқылы Тәуелсіздікті баянды етеміз.
Әңгімелескен
Арман АСҚАР,
журналист, арнайы «Егемен Қазақстан» үшін