12 Тамыз, 2016

Қаржы көктен түспейді

420 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
01-62немесе Солтүстік Қазақстан облысында  жаңа инвестициялық саясат қалай жүзеге асырылуда? Өмір көрсетіп отырғанындай, ел экономикасының ырғақты дамуы көп­теген жайларға байланысты десек, солар­дың ішінде сырттан инвестиция тарту­дың маңызы аса зор екенін дәлелдеп жату­дың қажеті жоқ. Ал инвестициялық жоба­лардың негізінен өңірлерде жүзеге асы­ры­латыны белгілі. Демек, эко­но­­ми­калық ынтымақтастықты дамыту­да ал­дымен өңірлер белсенділік таны­туға тиіс. Солтүстік Қазақстан облы­сы­­ның да осы талап деңгейінен көріне ал­­май Елбасының сынына ұшыраған кез­дері болған. Мәселен, осыдан төрт жыл бұрын, нақты айтсақ, 2012 жыл­дың 28 қарашасында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен өңірлерді дамыту жөніндегі репуб­лика­лық кеңесте Мемлекет басшысы елімізде жаңа салалар белсенді қалыптасып жат­қан аймақтар бар екенін айта келіп, кей облыстар басшыларының индустрия­лық-инновациялық серпіліс жасауда нақты қамқорлық және ерік-жігер таны­та алмай отырғанына, бюджетке сеніп алғанына, қаржыны бөлумен және құры­лыс жүргізумен ғана айналысқысы келе­тініне қынжылыс білдірген. Сөйтіп, Ақ­мола, Қостанай және Солтүстік Қазақ­стан облыстарының үш жыл ішінде бар бол­ғаны 60 пайыз трансферт өсімімен 550 мың доллар шетел инвестициясын тартқанын айтқан болатын. Сол кезде Елбасы сынының өте орынды екенін жұрт­тың бәрі мойындаған. Өйткені, Солтүстік Қазақстан облысын алсақ, индустриялық әлеуеті зор, минералды шикі­зат пен баға­лы қазбаларға бай өңірі­міз шетелдік серік­­тес­термен қарым-қатынас жасауға гео­гра­фия­лық орна­ласуы жағынан да өте қолайлы. Қазір Солтүстік Қазақстан облысында мүлде басқаша жағдай қалыптасып отыр. Өткен жылы облыс экономикасына 154,5 млрд. теңге инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш бойынша өңіріміз респуб­ликада бірінші орынға шықса, үсті­міздегі жылдың алғашқы алты айын­да негізгі капиталға салынған инвес­тиция көлемі 58,1 млрд. теңгені құрады. 2014 жылмен салыстырғанда оның өсімі 128,3 пайыз болғаны да бұл орайда тындырылған жұмыстардың ауқымы зор екенін аңғартады. Инвестицияның көктен түспейтіні, шетел­дік компаниялардың, жал­пы, қалталы азаматтардың жиған-тергенін оңды-солды, құр бекер­ге шашпайтыны анық. Олай болса, сол­түс­тікқазақстан­дықтар­дың осын­дай қысқа мерзім ішінде Мемлекет басшысының Қазақстанды инвестиция кедергісіз құйылатын аймаққа айналдырып, озық технологиялар мен алдыңғы қатарлы дамыған салалардың орталығы ету жөніндегі тапсырмасын орындау бағытында ұлан-ғайыр істердің басын қайырып тастағанының астарында не сыр жатыр? Солтүстікқазақстандықтар мұның бәрін облыс тізгінін 2014 жылы қолына алған өңірдің қазіргі басшысы Ерік Сұлтановтың белсенді де нысаналы қызметімен байланыстырады. Айтса айтқандай, Ерік Хамзаұлы өзі қызметке кіріс­кен алғашқы күннен осы мәселеге ерекше ден қойып, күрмеуі қиын істі қай­тарымы мол тиімді шаралар арқылы шешуге ұмтылыс танытуда. Солардың бірі ретінде облыс басшысының баста­ма­сымен 2014 жылы тұңғыш рет ұйым­дас­тырылған «Қызылжаринвест-2014» атты халықаралық форумды атауға болады. Экспорттық әлеуетке ие басым салалар үшін қолайлы мүмкіндіктер туды­ру мақсатында өткізілген форумға 20-ға жуық алыс-жақын мемлекеттен және елі­міз­дің барлық өңірлерінен 800-ге тарта кәсіп­кер қатысып, 80 мил­лиард теңгенің келі­­сім­шарттарына қол қо­йыл­ды. Бұл соң­ғы екі жылда өңір экономикасына сырт­­­тан қаржы тартуға бағытталған жұ­мыс­тың жаңаша серпін алғанының бір ғана көрінісі. Сырттан қаржы тартуға Индуст­рия­­лан­­дыру картасының да кең жол аш­­қа­нын айтуымыз керек. Оны аталмыш карта­ның бірінші бесжылдығында облыс­та 27,5 миллиард теңгенің 29 жобасы жүзеге асырылғанынан да айқын аңға­ру­ға болады. Нәтижесінде осы кезең­де 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орын­дары ашы­лып, негізгі капиталға салын­ған қар­жы көлемі екі есе ұлғайды. Қазір­гі қар­қын екінші бесжылдықта бұл көр­сет­кіштердің анағұрлым жоға­ры болатынына көз жеткізіп отыр. Олай дейтініміз, екінші бесжылдықта Индус­трия­ландыру картасына жалпы құны 100 миллиард теңге тұратын 70 жоба ұсы­нылып, олардың жартысынан астамы, нақты айтқанда, 41 жоба қол­дау тапты. Бұл Солтүстік Қазақстан об­­лы­­сын­да мем­лекеттік бағдарламаның екін­­­ші бес­жыл­дығы аясында 2,2 мың не­ме­се бірін­ші бесжылдыққа қарағанда екі есе көп жаңа жұмыс орны ашылады деген сөз. Ал осы тың жобалар қалай жүзеге асы­рылуда дегенге келсек, үстіміздегі жылы 7 жоба іске қосылып, жаңа кәсіп­орындар 3,4 млрд. теңгенің өнімін шы­ғарып үлгерді. Айталық, Елбасының қаты­суы­мен өткен телекөпір барысында іске қосылған бірегей кәсіпорын− «Радуга» фабрикасы құрғақ таңғы ас­тың 25 түрін шығарады. Бұрын бұл өнім, не­гізінен, Ресейден им­порт­т­алса, қазір об­лыс өзін толық қамта­масыз етіп отыр. Ал­дағы уақытта өнімнің бір бөлігі экспорт­қа шығарылмақ. «Казтехмаш» машина жасау зауыты­ның ашылуы да облыс үшін айтулы оқиға болды. Кәсіпорын 59 жемазық техникасын, 46 «SAMPO ASIA» маркалы комбайн шығарды. Ол комбайндардың 22-сі өткен жылғы орақ науқанына қа­тыс­ты. Бүгінгі күні зауыт жергілікті өнді­ру­шілерді тарта отырып, өндіріс көлемін одан әрі ұлғайту жолдарын іздестіруде. Жақында осындай тағы бір үлкен жаңалықтың куәсі болдық. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылдың бірінші жартыжылдығында индустриялық-инновациялық даму мем­лекеттік бағдарламасының орындалу бары­с­ын талқылауға арналған кеңес шең­берінде өткізілген жалпыұлттық теле­көпір кезінде «Петропавл трактор зауыт­ы» жауапкершілігі шектеулі серік­тес­тігі шығаратын «К-704-4р Батыр» отан­дық тракторының тұсауын кесті. Санкт-Петербург машина жасау зауыты­мен бірлескен жобаға 1,2 миллиард тең­ге инвестиция құйылып, құрал-жаб­дық­­тар Қытай мен Ресей елдерінен әкелін­ді. IMG_4652-1 IMG_9477Өнеркәсіп орындарының шетелдік әріптестерімен жасаған ірі келісімдері ту­ралы әңгіме қозғалғанда, «ПЗТМ» за­уы­­ты ауызға бұрын ілігеді. Бұл кә­сіпорын­ға жапониялық компания 509 млн. тең­ге қаржы салды. Ал «ЗИКСТО» зауы­ты «Қазақстан темір жолы» АҚ-пен әріп­тес­тік келісім жасау арқылы өндіріс көле­мін 4 есеге жуық арттыруға қол жеткізді. Осы айтылғандардан-ақ Солтүстік Қазақстан облысы өнеркәсібінің инвес­тиция үшін тартымды салаға айналып отырғанын аңғаруға болады. Соның нәтижесінде өткен жылы өңір өнеркәсібі өсім қарқыны бойынша оң серпінге ие болды. Тұңғыш рет облыста жүк вагон­дары, құрғақ пенобетон қоспа­сы, диа­метрі үлкен пластик құбырлар шыға­рылды, қойытылған сүт өнімдері өнді­рісі, ұңғымалы мұнай насостары жаң­ғыр­тыл­ды, желдің күшімен электр қуа­тын өндіретін қондырғылар іске қосыл­ды, алтын өндіру қолға алынды. Түрік ин­вес­торларының қатысуымен диірмен­дер кешені жаңартылып, қуаты арттырылды. Жалпы, Индустрияландыру картасы аясында облыста 2016 жылы 4,4 млрд. теңгенің тағы 12 жобасын жүзеге асыру көзделіп отыр. Мысалы, «Грибной мир» ЖШС қозықұйрық өсіру және қайта өңдеу зауытын, «РИМ Каз Агро» ЖШС тез дайындалатын кеспе, ботқа, сорпа, картоп езбесін өндіретін цех, «Торговый дом Богатырский продукт Север» ЖШС дәнді дақылдарды тереңдете қайта өңдейтін диірмен салмақ. Бұл жобалардың жүзеге асырылуы 500-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жоғарыда біз тілге тиек еткен халық­ара­лық форумда ауыл шаруа­шы­­лы­ғы саласына ғана қатыс­ты қол қойылған шарттар­дың жал­пы құны 49 миллиард теңге­ден асып түсті. Облыс әкімі Е.Сұлтанов журна­лис­терге берген сұхбатында тартыл­ған барлық инвестицияның 30 пайы­зы агроөнеркәсіптік кешенге бағытта­ла­ты­нын атап көрсетті. Олай бола­тын жөні де бар. Өйткені, солтүстікқазақ­стан­дық­тар­дың 57 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Оларды жыл бойы жұмыспен қамтамасыз ететін мал шаруашылығы саласы десек, 2015 жылы ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту жоба­сы шеңберінде 12,8 мың орындық бор­да­қылау алаңы, 11 мың басқа арнал­ған мал тұқымын асылдандыру орын­дары құрылды. Елбасының ауылшаруашылық өнім­дерін тереңдете өңдеуге байланысты берген тапсырмасын орындау мақсатын­да облыста 2016-2020 жылдарға арнал­ған жеке карта жасалғанын да айта кету ләзім. Бүгінгі күннің өзінде осы бағдарламаның шеңберінде құны 140 млрд. теңге болатын 60-тан астам жоба қолға алынып отыр. Оның негізгі бөлігі сүт, ет өнімдерін өң­деуге және макарон бұ­йым­дарын шығару­ға бағытталған. Осы арада салада қолға алынған ұт­қыр жобаларды тарқатып айтудың реті келіп-ақ тұр. Аса тартымды жобалардың қатарын­да Шал ақын ауданының орталық қоны­сында «Транс-агроинвест» ЖШС- нің қа­тысуымен салынып жатқан қант зауы­ты­ның құрылысын да атауға болады. Кәсіп­орынды іске қосу облыстың қантқа сұра­нысын жартылай өтейді деп күтілуде. Сонымен қатар, 2016-2017 жылдары өсімдік майын өн­ді­ре­тін 4 кәсіпорынды, оның екеуін Петро­павл қаласында пайдалануға беру жоспарланған. Ресейлік «ЭФКО» компания тобы Тайынша ауданында қуат­тылығы жылына 330 мың тонна (құны 23 млрд.теңге) майлы дақыл­дарды қайта өңдейтін зауыт салуды қолға алса, «МЭЗ-СКО» ЖШС Петропавл қала­сында жылдық қуаттылығы 500 мың тонна (құны 29 млрд. теңге) өсімдік майын өндіретін кәсіп­орын құрылысын бастады. Мамандар «Жаннұр Астана» КТ-нің қатысуымен Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда бой көтеретін зауыттың да болашағы зор деп санайды. Қуаттылығы 250 мың тонналық бұл кәсіпорын астықты терең өңдеп, ұн, крахмал, глютен және құрама жемазық өндіреді. – Біз облыстың 2016-2020 жыл­дар­ға арналған картасында ауыл шаруашылығы саласы бойынша қолға алынған жобаларды жүзеге асырудың тартымдылығын қам­та­масыз ету тетіктерін де ойлас­тырдық. Ол үшін жобаға қаты­су­шыларға 7 па­йыз­­дан 50 пайыз­ға дейін инвестициялық суб­си­­диялар түрінде мемлекеттік қол­дау көр­сететілетінін айтсақ та жеткілікті. Бұл қол­дау отандық ұқсату кәсіпорындары мен Еура­зиялық экономикалық одақ ел­дері кәсіпорындарының мүм­кіндіктерін теңес­тіреді, – дей­ді облыс әкімінің бірінші орын­­басары Айдарбек Сапаров. Солтүстік Қазақстан облысында балық шаруашылығын дамытудың, нақты айтқанда, балық өсірумен, оның өнімдерін өн­дірумен және ұқсатумен айна­лысудың мүмкіндіктері де зор. Бұл бағытқа Финляндияның «GeneralFinland» компаниясы қызығушылық танытып отыр. Осы сияқты, ас тұзын, қант, жүн және тері өнд­і­рісі кәсіпорындар құру өңір үшін мү­л­дем жаңа бағыт болып табылады. Облыста инвесторларды ауыл шаруашылығына тартудың бұ­лар­дан басқа да тартымды жоба­лары аз емес. Түгін тартсаң, ма­йы шығатын Қызылжар топы­ра­ғы құнарлы. Диқандардың көп жылдық тәжірибесі агротех­но­ло­гиялық шаралардың барлық ке­ше­нін толық қолданған жағ­дайда дәнді дақылдардың әр гек­тарынан 30-35, ал майлы дақыл­дардан 15-20 центнерден өнім алуға бола­тынына көз жеткізіп отыр. Облыста шетелдік инвес­торларды әлеуеті зор минералды-шикізат кешенін игеруге тарту мақсатында айтарлықтай жұмыс­тар атқарылуда. Зерттеулер көр­се­тіп отырғанындай, өңірде сирек кездесетін жерасты қазбалары­ның, түсті металдардың бай қоры бар. Мысалы, Қазақстанда өнді­рі­­­летін шикізат өнімдерінің ішін­де қалайының – 65, цирконий­дің 37 пайызы біздің өңірде шоғыр­ланған. Бүгінге дейін пайдалы қазба­лардың 286 орны зерттелді. Инвесторлардың таңдауына 227 қазба орны, оның ішінде алтын, қа­лайы, темір, көмір өндіру­ге бо­ла­тын жерлер де бар, ұсынылған. Солтүстік Қазақстан облысы қалайының игерілмеген қоры жа­ғы­нан әлемдегі ірі кен орны болып табылады. Қазір аталмыш кен орынында «Сырымбет» акцио­нер­лік қоғамы мен «Самұрық Қазына Инвест» акционерлік қоғамы жұмыс істеуде. Олар таяуда ғана жұмысты жалғастыру мақсатында 19,5 млн. доллардың меморандумына қол қойды. Солтүстікқазақстандықтар ин­вес­торлардың туристік бизнесті дамытуға қосар үлесінің де сүбелі болатынына сенімді. 2015 жылы саланы дамытуға 876 млн. теңге қаржы бағытталды. «Имантау інжуі», «Арлан», «Ардагер» сияқ­ты бірнеше демалыс аймақтары ашылды. Әсіресе, «Солнечный ВИП» демалыс аймағын бөле-жара атағанымыз жөн. Мұнда облыс­та тұңғыш рет марал фер­ма­сы ұйымдастырылып, пан­ты­­мен емдеу енгізілді. Сол сияқ­­­ты, өткен жылы Тұңғыш Пре­зи­­­дент күні қарсаңында қала ма­ңын­­да құны 180 млн. теңгелік «GreenPark» деп аталатын дема­лыс ор­ны іске қосылды. Қазір об­лыс ор­­талығында төрт қонақүй салынуда. Облыстың бұл орайда да мүм­кін­діктері өте зор екенін айта кет­кеніміз жөн. Үстіміздегі жылдың мамыр айында өткен туризм апта­лығы аясында тұңғыш рет ұйым­дастырылған «Солтүстік Қазақ­стан облысының туристік әлеуеті» көрмесі осыған анық көз жеткізді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тек әртараптандырылған экономиканың ғана  жаһандық дағдарыс салдарына тиімді қарсы тұра алатынын, кез келген ел үшін экономикалық өсімнің қарқы­нын қамтамасыз етуде сырттан инвес­тициялар тартудың маңызы зор екенін, макроөңірлер үшін жеке бағдарламалар жасау негізінде шағын және орта бизнесті дамыту қажеттігін атап көрсеткен болатын. Бұл орайда да тындырылған істер аз емес. Атап айтсақ, «Биз­­нес­тің жол картасы-2020» бағ­дар­ламасы шеңберінде 30 мил­лиард теңгенің 500-ден астам жобасы іске қосылды. Қайда бол­масын, өнімдердің жаңа түр­лерінің мо­лай­ғаны, бәсекеге қабілет­ті­лік­тің артқаны байқалады. Байы­тылған кварц құмы, құрғақ көбік-бетон қоспасы, астық және кон­тейнерлер тасымалдайтын жүк вагондары, үлкен диаметрлі плас­тик құбырлар, мұнайға арнал­ған ұңғымалы сорғылар өңір өндірісінің инвесторлар үшін сенімді серіктес бола алатынын дәлелдеп отыр. Бүгінде облыс өз өнімдерін 32 елге шығарады. Бұдан тыс­қары 76 мемлекетпен тығыз сыртқы экономикалық байла­ныс орнатылған. Кеден одағы ел­дері­мен арадағы тауар айналымы 367,3 миллион долларды құрай­ды. Экспорт құрамында мал және өсімдіктер өнімдері, дайын азық-түлік тауарлары, метал­дар және олардан жасалатын ас­пап­тар, машина жабдықтары, көлік құралдары бар. Сырттан мине­ралды, химиялық өнімдер, құрал-жабдықтар, өнеркәсіп бұйымдары әкелінеді Жоғарыда айтқанымыздай, Солтүстік Қазақстан облысы­ның экономикасына қаржы өзі­нен-өзі құйылып жатқан жоқ. Ол осы мәселені ұдайы на­зар­да ұстап, әлемдік дағда­рыс ке­зеңінде шетелден қар­жы тар­туға, халықаралық қар­жы құ­ры­лымдарымен табыс­ты келісімдер жасауға басым­дық беріп отырған облыс басшылығының түрлі тың бастамаларға ұйытқы болуының, инвесторлар үшін оңтайлы орта қалыптастыра білуінің нәтижесін­де мүмкін болып отыр. Айталық, үстіміздегі жылдың 5 ақпанында өңір басшысы Астанада Қазақстан Республикасында тіркелген 33 дипломатиялық миссия жетекші­лерімен кездесті. Оның барысын­да дипломаттар өңіріміздің инвес­ти­циялық әлеуеті, Солтүстік Қазақ­стан облысының аумағында басталған ірі инвестициялық жоба­­лар жайынды толық ақпарат алды. Кейін солардың біразы об­лысқа атбасын бұрып, мұндағы жағдаймен егжей-тегжейлі таныс­қаннан кейін өз елдерінің ортақ жобаларды жүзеге асыруға ниет­ті екендерін білдірді. Бұдан басқа, өткен жылы об­лысқа 30-ға жуық түрлі мақсат­тағы, атап айт­қанда, Ресей­ден, Украинадан, Қытай Халық Рес­пуб­ликасынан, Біріккен Араб Эмиратынан, Ираннан, Сауд Арабиясынан, Ита­лия­дан, Испания­дан, Финлян­диядан, Даниядан, Шве­ция­­дан. Франциядан, Белорус­сиядан, Корея­дан, Австралиядан, тағы бас­­қа елдерден делегациялар келді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, бүгінде Солтүстік Қазақстан облысы инвестиция мәселесінде табысты өңірлердің біріне айналып отыр. Мұнда әлі де сырттан қаржы тарту мүмкіндіктері мол, қолға алынған ірі жобалардан бөлек, әлеуеттері инвестицияға сұранып тұрған өзге де секторлар аз емес. Облыс инвесторлар кеңесінің отырысында атап көрсетілгеніндей, алдағы кезеңде шикізаттық емес секторға тікелей инвестициялар тартуға айрықша көңіл бөлінбек. Облыс басшылығы осы мақсатта ірі трансұлттық компаниялар, шетелдердегі шағын және орта бизнес өкілдерімен келіссөздер жүргізуде. Бұл орайда да солтүстік­қазақ­стандықтар ойлас­тырып отыр­ған тартымды жоба­лар аз емес. Демек, сырттан құйыла­тын қаржы ағы­нын қамта­масыз ету арқылы ел эко­но­микасын әртараптандыруға бағыт­талған жұмыстар алдағы уа­қыт­та да жалғасын таба бермек. Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ, журналист Солтүстік Қазақстан облысы