Қыста тыста желең жүріп, қармен денесін ысқылап, суық суға жуынатын адамдарды кейде теледидардан көріп, мұның құпиясы неде екен деп таңданатынымыз рас. Жүре берсең, көре береді екенсің. Енді жақында мен қыстың аязынан қаймықпайтын бір ақсақалды өз көзіммен көргенімді айтайын...
Осы жылғы қаңтар айы күндерінің бірінде қаламыздың Мәуміт батыр көшесімен келе жатқанмын. Күннің аязы қатты, білетінім, сол күні қаладағы мектептердің төменгі сынып оқушыларына сабақ болмай жатты. Көшеде кірпігіне мұз қатып, бүрсеңдеп бара жатқан адамдар арасынан шұлықсыз кәлөш киген, жұқа шалбар мен мәйкіден басқа ештемесі жоқ қарт кісінің біреумен әңгімелесіп тұрғанын көзім шалып қалды. Сірә, қасындағы кісіге күннің аязы батқан сыңайлы, ол тұлыбының жағасын түріп алған, аяғындағы етікшесін жиі-жиі бір-біріне ұрады. Жақындай келе қысты «менсінбей» тұрған ақсақалды бірден тани кеттім. Ол – ауданымызға белгілі еңбек ардагері Болат Халиков екен.
Үлкен кісінің бұлай тұрғанына таңданып, онымен сәлемдесуді де ұмытып, жанынан өтіп кетіппін. Артыма жалтақ-жалтақ қарап қоямын, екеуінің әңгімесі әзірге бітер емес. Мені аязды күні жалаңаш тұрған ақсақалдың жағдайы қызықтырып барады. Осы күннен бастап маған ол кісінің сықырлаған аязда көшеде желең тұруының құпиясын білсем деген қызығушылық туды. Әу баста қарт кісі ғой, үлкейгендіктің белгісі болар деп, ойлағаным да рас. Кейіннен сұрастыра келе, оның ұзақ жылдардан бері қыста қар басып, далада суық суға шомылатынын естідім. Болат атайдың үйіне жақын орналасқан жүргізушілерді оқытып куәлік беретін «Авто-Алтын» ЖШС директоры Амангелді Қалыбаевтың әңгімесінен кейін толығымен сенуге тура келді. — Менің осы қызметке келгеніме алты жылдай уақыт болды. Ақсақалдың қыста қармен үстін ысқылап, суық суға шомылатынын жылда көріп жүрмін. Кейбір көршілері оның осы қылықтарын ерсі көреді, қартайған ғой деп, әжуалайды. Шындығына келгенде бұл – нағыз денсаулықты шыңдау. Оның денсаулығы көтермесе, денесі суыққа үйреніспесе, мұндай қақаған аязда ондай іске бармас еді, – дейді Аманкелді.
Осындай әңгімелерден кейін мен атайдың үйіне барып, өзімен тілдессем деген ойға келдім. Бұл жоспарым жуырда жүзеге асты. Сол күні де ауа райы осал болмады, сырттағы термометр -29 градус салқындықты көрсетіп тұр еді.
– Балам, қыстың көзі қырауда жалаңаш жүруді біреулерге еліктегеннен немесе еріккеннен жасап жүрген жоқпын, – деп бастады ол әңгімесін. – Мен – қыста өзім қалаған кезде қармен денемді ысқылап, желең сыртта жүруге әбден дағдыланған адаммын, осыдан өзім ләззәт аламын. Жалпы, табиғаттың ыстық-суығын жақсы көремін. Жазда ыссыдан қашып жұрт көлеңкеге тығылып жатқанда маған керісінше, күннің көзінде көп жүріп, күйдірінген ұнайды. Мұны жұмбақ қылатын еш құпиясы жоқ. Осыған етім үйренген, бұл – менің ұзақ жылдардан бергі сүйікті ісім. Ал анау-мынау ауруға әзірге бас иген жоқпын.
Ақсақалымыз осылайша әңгімесін жалғастыра отырып: «Балам, сен жақсы келдің, арқам суық суды қалап тұр», – деп шешіне бастады.
– Ата, не істемек ойың бар? – дедім мен таңдана.
– Көшенің арғы бетіндегі су колонкасына барып, жуынып қайтқым келіп отыр. Сен еріп жүр, – деді ол маған.
Екеуміз темір шелекті даңғырлатып үйінен 300 метрдей жерде орналасқан бұранға да келдік. Күннің ызғырық аязы мықты, «туф» десең түкірігің қатады. Үйден жалаңаш шыққан атай шойын шүмектен суды алып, жуына бастады, үстіне шелектеп су құйып, рахаттанып жатыр. Менің осы жерде оның суыққа әбден бойы үйренгендігіне көзім жетті.
Иә, қаһарлы қыста қарттық жаста далада суға түсіп, қар басуды екінің бірі істей алмайды. Нағыз саламатты өмір салтын ұстанудың бірден-бір кепілі де осы болар. Болат Халиков ақсақал қазір 75 жаста. Бес уақыт намазын оқиды, 2007 жылы Меккеге барып, мұсылмандықтың бір парызын өтеп қайтты. Үйіндегі Зәйнаб әжей екеуі өмірге жеті бала әкелген, бес немере сүйіп отыр. Балаларының барлығына жоғары білім алуларына мүмкіндік жасаған үлгілі ата-әже.
Мұхтар МЫРЗАЛИН, журналист.
Ақтөбе облысы, Шалқар қаласы.