19 Тамыз, 2016

Дүбірге толы дүние

272 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
дубир-1Сербияның теңгерімді саясаты Өткен сейсенбіде АҚШ-тың вице-президенті Джозеф Байден Сербия Республикасында болып, екі ел арасындағы байланысты жақсарту жөнінде пікір алмасты. Сербия басшылығы өз елінің Ресейге қарсы экономикалық санкция енгізбейтінін тағы да мәлімдеді. Кейде ақпарат құралдары оқи­ғаның өңін айналдырып көрсететіні бар. Байденнің Сербияға сапары жайында Мәскеудің ықпалындағы біраз ақпарат құралдары Байден Сербия президентін Ресейге қарсы санкция енгізуге көндіре ал­мады деп шулады. Ал АҚШ ви­це-президентін Белградқа сол үшін ғана келгендей етіп көр­се­тудің ешқандай жөні жоқ еді. Байден АҚШ пен Сербия ара­сындағы қарым-қатынаста жаңа кезең басталғанын мәлімдеді. Келіспеушілік жайында сөз еткен жоқ. «Әрине, Құрама Штаттар мен Сербия ұстанымдары толық сай келмейді, өткен ғасырдың 90-жылдарынан қалған тыртықтар, жаралар бар, – деді Байден. – АҚШ Сербияның біз бен Ресейдің бірін қалауын күтпейді. Біз бұл елдің еуропалық кірігу жолын құп­таймыз». Бұл жерде Сербияға қы­сым көрсеткендей еш нәрсе жоқ. Бай­ланысымызды нығайтамыз десе, оны құптаған жөн-ақ. Жалпы, Сербияның қарсылас екі дүниенің ортасында тұрып, көрегендік саясат ұстанып келе жатқаны атап айтарлықтай-ақ. Батысқа бет бұрғанда, Ресейден сырт айналса, бұл ел біраз нәрседен ұтылар еді. Керісінше, Мәскеудің дегеніне көніп, Еуропамен байланысын шектесе, тіпті көп нәрседен айырылар еді. Белград екі жақпен де қарым-қатынасын жақсартуды көздейді. Ресми Белград АҚШ вице-президентінің сапарын да, біреулердің ойлағанындай емес, байланыстарын тереңдетуге пайдалануды ойластырды. Президенттің баспасөз қызметі «Біз Ресеймен де байланыстымыз, АҚШ-пен де байланыстымыз, оларда серб қауымдастықтары тұрады», деп мәлімдеді. Мәскеу мен Брюссель арасын тиімді теңгермелік жағ­дайда ұстау жолға қойылған. Белград өзінің Еуропалық одаққа кіргісі келетінін талай рет мәлімдеген және бұл жолда күресіп те келеді. Ел премьер-ми­нистрі Александр Вучич ЕО-ға кіру үшін «барлық талаптарды орындауға күш салатындарын» сонау баста-ақ айтқан. НАТО-мен «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» шараларын бірігіп өткізсе де, бұл әскери одаққа кір­мейтінін мәлімдеді. Бұл да саясат, ашық саясат. Кеше Еуроодақ елдері Украинадағы дағдарысқа байланысты Ресейге санкция жариялағанда, оған да кірмейтінін ашық айтты. Ресеймен туыс елміз, оған бара алмаймыз деді. Бұған ЕО елдері түсіністікпен қарады. Саясаттарын өзгерткен жоқ. АҚШ вице-президенті де түсіністікпен келді. Көп елді құртып жүрген олар­дың басшыларының я дос болуы керек, я қас болуы керек дейтін таяз саясаты. Елдер сондай саясаттан оқшауланады, зардап шегеді. Сол Джо Байден Белградқа келгенде, Воислав Шешель басқаратын Радикалдық партия мүшелері көшелерде митинг өткізіп жатты. Күні кеше ұлтшылдық идеямен елді бүлдірген сол Шешель бүгін билік басында болғанда, АҚШ Сербияның жауына айналар еді. Бұл елдің бағына орай, оның бүгінгі басшылары парасатты саясат ұстанып отыр. Олар жау емес, дос іздейді. Ағылшындардың «ажырасуы» қиынға айналды дубир-2Осы жылғы маусым айында Ұлыбританияда Еуроодақтан шығу жөнінде референдум өтіп, ел халқының көпшілігі соны мақұлдағанда, біраз жұртқа Еуропаның ойраны шығатындай көрінген. Ал Біріккен Корольдіктің еуропалық құрылымынан шығуы қиынға соғып отыр. Сол референдумнан кейін премьер-министр Дэвид Кэмерон отставкаға кетіп, оның орнына Тереза Мэй келген. Жаңа премьер де Еуроодақтан шығуға қарсы еді. Бірақ халықтың көпшілігі соны қалаған соң, оны жүзеге асы­руды ойдағыдай өткізуге уәде берген. Соған орай арнаулы ми­нистрлік те құрылды. Оның басшысы Дэвид Дэвис өз мекемесінің қызметкерлерін де толық жасақтай алмай жатыр. Бұрын келесі жыл­дың басында елдің үкімет басшысы Еуроодақтағы әріптестерін осынау құрылымнан өздерінің шығатынымен хабардар етпек еді. Мұнан соң, екі жыл ішінде, яғни 2019 жылдың басында бөлінісіп тынар еді. Бұлай болмайтыны қазір-ақ айқындалып қалды. Өйткені, британдықтар келесі жылдың басына дейін ажырасудың жай-жапсарын толық айқындай алмайтын көрінеді. Мұны жылдың соңына дейін созбақ. Онда да бітіре алса. Сонда Лондонның Брюссельден ажырасуы тіпті 2020 жылға да шығып кетуі мүмкін. Әңгіме мынада. Еуроодақ туралы шарттың 50-бабы бойынша ЕО-дан шығатын ел өзінің кетпек ниетін Еуропалық Кеңеске хабарлап, ажырасудың барлық тетіктерін белгілеген келісімді Еуро­одақпен келісіп, оны Еуро­парламент бекітуге тиіс. Онда толық кететін мерзімнің күні көр­сетіледі, әйтпесе екі жыл өткен соң ол жүзеге асты деп есептеледі. Әзірге Ұлыбритания мен ЕО арасында ондай келісім қашан болатыны белгісіз. Ажырасуды ұзаққа созып отырған Ұлыбритания жағы. Бұл елдегілер сол құрылымнан шы­ғудың тиімсіздігін жақсы біледі. Кезінде түрлі жағдайдың әсерімен бөліну жөнінде ұшқары шешім қабылданды. Енді одан бас тарта алмайсың. Содан да қалай да шы­ғуды соза түскісі келеді. Жә­не бұған сан түрлі желеу іздейді. Тіпті, келесі жылы мамырда Францияда президент сайлауы, ал қыркүйекте Германияда парламент сайлауы өтетіні де алға тосылады. Сондағысы – кету жөнінде кіммен келіссөз жүргіземіз дей­ді. Әрине, бұл жай сөз – бұл ел­дердің басшылары ЕО-ның бір мүшесінің кетуіне соншалықты бас қатырып жатпас. Бұл, ең алдымен, Лондонның проблемасы. Кезінде Ұлыбританияның Еуро­одақтан шығуына тым үл­кен мән берілді. Бұдан кейін одан шығуға басқалар да кезекке тұратындай көрінген. Ал мамандардың есептеуі бойынша бұл үдерістен қаржылық тұрғыда ең алдымен Лондон көп зиян шегетіні айқындалып отыр. Еуропалық ынтымақтың әлсіреуіне құштарлардың қуа­ныш­тары да ұзаққа созылған жоқ. Дәл қазір ЕО басшылығы Ұлыбританияға қатарымызда қала тұр деп жалына да қоймас. Қайта кетпек екенсіңдер, тезірек кетіңдер деген талап та қойды. Еурокомиссия төрағасы Жан-Клод Юнкер мұны Лондонға референдумның қорытындысы шыққан күні-ақ ескерткен. Әдетте, бірігуден тарау оңай деген пікір қалыптасқан. Бұған дейін жұрт талай тарауды көрген. КСРО тарады, Югославия тарады. Ұстағанға тоқтамай, қашып тарас­ты. Тіпті, соғысып тарасқандар да бар. Ал Еуроодақ сияқты құ­рылымнан шығу неге қиын? Тіпті, кете алмай жатуы қалай? Сірә, қолайлы жерден кетудің жөні жоқтықтан шығар. Мамадияр ЖАҚЫП, журналист.