Бүгінде еліміздің барлық өңірінде «Нұрлы Жол», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020», «Бизнестің жол картасы» сынды мемлекеттік бағдарламалар аясында көптеген ірі жобалар қолға алынып, қарқынды жұмыс жүргізілуде. Индустриялық аймақтар құрылып, игі істер бастау алды. Елбасы бұл бастамалардың жемісті жүзеге асуын және бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын бақылауды «Нұр Отан» партиясына тапсырғаны белгілі.
Кеше осы мақсатта партия Төрағасының бірінші орынбасары Алматы облысына барды. Сапар аясында Мұхтар Құл-Мұхаммед облыс әкімі Амандық Баталовпен бірге бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралады. Сонымен қатар, жергілікті фермерлермен кездесіп, алдағы егін орағы маусымына дайындықты пысықтады. Одан бөлек, партияның облыстағы активінің қатысуымен жиын өткізді.
М.Құл-Мұхаммед өз сапарын Жетісу өңіріндегі жетекші шаруа қожалықтарының бірі – «Хильниченко и К» коммандиттік серіктестігінің егіс алқабын аралаудан бастады.
Шаруашылық басшысы «Құрмет» орденінің иегері Виктор Хильниченконың сөзіне қарағанда, серіктестік – 567 шаруашылықтың басын қосып отырған ірі қожалық. Иелігіндегі 39 мың га жердің 37 мыңын ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланатын шаруашылықта бүгінде 123 бірлік техника бар. Олардың басым бөлігі неміс техникасы екенін айрықша атап өткен жөн. Қант қызылшасын өсіруге ерекше ден қойған шаруашылық биыл 333 га жерге аталған көкөніс түрін еккен.
Бұл жөнінде В.Хильниченко: «Жетісу – еліміздегі қант қызылшасымен аты шыққан өңірлердің бірегейі. Бұл шаруашылықпен біздің аталарымыз айналысқан. Алайда, ауыл шаруашылығын реформалау үдерісі кезінде аталған саланың дамуы кенжелеп қалғаны баршамызға мәлім. Елбасы осы мәселеге дер кезінде көңіл бөліп, тиісті шара қолданды. Соның арқасында қант қызылшасын өндіру ісі қайта жандана бастады. Былтыр біз 180 га жерге қызылша ексек, биыл ол көрсеткішті екі есеге жуық арттырдық. Осы ретте облыс тарапынан да айтарлықтай қолдау көрсетіліп отырғанын атап өткім келеді. Нақты айтқанда, облыстық бюджеттен техника сатып алу үшін 1 млрд теңге бөлініп, жұмыстың қарқынды жүргізілуіне үлкен ықпалын тигізді. Осындай қолдаудың арқасында біздің шаруашылықтың өнімі жылдан жылға көбейіп келеді. Егер осы жолдан жаңылмасақ, алдағы уақытта Алматы облысы қант қызылшасымен-ақ біраз биікті бағындырады деп үміттенемін», – деді.
Бүгінде ғылым мен техниканың игілігін көріп отырған «Хильниченко и К» қожалығы неміс комбайнының үшінші буынымен жабдықталған екен. Нәтижесінде жұмыстың сапасы мен жылдамдығы артқан. Мұндай комбайндардың басты артықшылығы, «Камаз» жүк көлігін тіркемесімен бірге 4-ақ минутта толтырады. Қызылшаны жинап қана қоймай, оны автоматты түрде тазалап, сұрыптайтын неміс комбайны 300 адамның немесе 9 техника бірлігінің жұмысын бір өзі атқарады екен. Облыс басшысы А.Баталовтың айтуынша, өткен жылы осындай 24 заманауи техника сатып алынған. Сондай-ақ, өнімді өткізу мәселесі де жүйелі шешімін тауып, шаруалардың табыс көзі айтарлықтай тұрақтанған.
Сонымен қатар, кәсіпкер В.Хильниченко бүгінде елімізде шаруаларға өз кәсібін дөңгелетіп әкету үшін барлық жағдай жасалғанына тоқталды. «Берілетін әртүрлі субсидиялар, техникаларды лизингке алу, арзандатылған жанармай және тағы басқа да жеңілдіктер біз сияқты диқандардың ынта-жігерін оятады. Осының бәрін мүмкіндігінше тиімді пайдалана білген адамның жұмысы да жүреді, табысы да мол болады. Ал жерді алып қойып, оны құр ұстап отыру, керісінше, құрдымға апарады. Бұрын мыңдаған гектар жері бар адам бай болып саналатын. Ал бүгінде қанша жерің болса да оны тиімді пайдалаңбасаң, баймын деп айта алмайсың. Сондықтан ерінбей еңбек ету керек», – деді серіктестік басшысы.
Өз кезегінде Мұхтар Абрарұлы да Алматы облысы бұрыннан қант қызылшасы, жүгері, соя сияқты өнімдерді өндіру жөнінен республикада көш басында болғанын айтып: «Кеңес заманында бұл өңірде қант қызылшасын өндейтін бес үлкен зауыт болды. Атап айтқанда, Көксу, Ақсу, Боралдай, Қарабұлақ және Алакөлдегі зауыттар. Кейін бұл сала айтарлықтай тұралап қалды. Сондықтан Елбасымыз Алматы облысына келген әр сапарында осы өңірде қант қызылшасын өндіру көлемін арттыру жөнінде бірнеше рет тапсырма берді. Нәтижесінде Жетісу жеріндегі 6 ауданда қант қызылшасы өсіріле бастады. Өткен жылы 120 мың тонна қызылша өңделіп, одан 10 мың тоннадан астам таза қант алынған. Ал биылдың өзінде бұл көрсеткіш екі есеге дейін ұлғайып, 240 мың тоннаға жетеді деп күтілуде. Қантқа деген сұраныстың қандай екенін, жыл өткен сайын оның бағасының өсіп жатқанын ескерсек, бұл кәсіптің келешегі зор деуге толық негіз бар. Сондықтан Алматы облысында қант қызылшасын өсіру, оны өңдеу өңірге де пайдалы, онымен айналысатын фермерлерге де тиімді. Сондай-ақ, облыстың ауыл шаруашылығы мен экономикасының қарқынды дамуына да өте көп септігін тигізеді. Одан бөлек, бұл өңірде жүгері, соя өндірісі де тұрақты дамып келеді. Алматы апортының да болашағы жарқын. Бір сөзбен айтқанда, Елбасының тапсырмасы жай орындалып қана қоймай, ауыл халқының тұрмысы мен өңірдің дамуына өз пайдасын тигізуде», – деді.
Сонымен қатар, партия Төрағасының бірінші орынбасары Елбасына қант қызылшасы жат емес екеніне де назар аударып: «Президентіміздің бұл салаға ерекше мән беруінің тағы бір себебі ретінде өзінің де осы іспен шұғылданғанын айтуға болады. Яғни, Мемлекет басшысы бала күнінде қант қызылшасын жинап, ата-анасына көмектескен. Бұл туралы «Балалық шағымның аспаны» атты фильмде көрсетіледі», – деді.
Өңірдегі қант қызылшасын өндіру ісінің қаншалықты алға жылжығанын мына көрсеткіштерден де анық аңғаруға болады. Мәселен, 2014 жылы облыста 30 мың тонна қант қызылшасы жиналған. Өткен жылы өнім көлемі 120 мың тоннаға жетсе, биыл 240 мың тонна болмақ. Қазіргідей экономикалық дағдарыс кезінде 4-5 пайыздық өсімнің өзі жоғары көрсеткіш болып саналатынын ескерсек, аз ғана уақыттың ішінде бірнеше есе артық өнім алу – ғажап жетістік екені сөзсіз.
«Хильниченко и К» қожалығы егіншілікпен қатар, мал шаруашылығын да қатар дамытып отырғанын айта кетейік. Серіктестік директорының орынбасары Виктор Романенконың сөзіне қарағанда, қазіргі таңда шаруашылықта 2300 ірі қара мал, 500 жылқы және 10 мың қой-ешкі бар.
Жалпы, ауыл шаруашылығы Алматы облысы үшін негізгі табыс көзі болып табылатыны белгілі. Соған орай қазіргі таңда өңірде ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу ісіне ерекше көңіл бөлінуде. Оның жарқын дәлелі ретінде 80 жылдан астам тарихы бар «Көксу қант зауытын» айтуға болады. Бүгінде ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқан кәсіпорынға М.Құл-Мұхаммед арнайы барды. Зауыт басшысы Алтынбек Абатовтың айтуынша, алдағы уақытта зауыт жалпы құны 420 млн теңгені құрайтын қондырғылармен жабдықталмақ. Соған орай өнім көлемін де арттыру көзделіп отыр.
Кәсіпорын электр цехының басшысы Аймұханбет Сыдықовтың сөзіне сүйенсек, былтыр мемлекет тарапынан берілген көмектің және инвестор тартудың арқасында зауыт күрделі жөндеуден өтіп, бірінші өнімін берген. Бүгінде 420 адамды жұмыспен қамтып отырған өндіріс орны облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қомақты үлесін қосып келеді.
Сонымен қатар, өңірде «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың да маңызы зор. Бұл бағдарлама аясында биыл Жетісу жеріне 36 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Қаражаттың басым бөлігі көлік дәлізін қалыптастыруға жұмсалмақ. Қазірдің өзінде «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша «Алматы – Өскемен» бағытындағы автомобиль жолын қайта қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аталған жолдың 141 шақырымы облыс аумағынан өтеді. Алайда, нысанның құрылысы ауа райына байланысты жұмыс кестесінен бірнеше айға қалып келе жатыр.
Осы мәселеге назар аударған М.Құл-Мұхаммед бұл іске жауапты «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамы Алматы облыстық филиалының жетекшісі Батыр Дадамұрзаевқа ескерту жасады. «Елбасының барлық бастамасы партияның қатаң бақылауында болады. Сондықтан бұл нысан да біздің қадағалауымызда. Егер жұмыс осылай жалғасатын болса, яғни жол белгіленген мерзімде пайдалануға берілмесе, тиісті орындарға хабарланатынын ескертемін», – деген Мұхтар Абрарұлы партияның Алматы облыстық филиалының басшысы Ғалиасқар Сарыбаевқа мемлекеттік бағдарламалар бойынша жүзеге асырылып жатқан жобаларды бақылауда ұстауды тапсырды.
Бұдан басқа партия Төрағасының бірінші орынбасары «Нұрлы Жол» бағдарламасының әлем бойынша баламасы жоқ екенін тілге тиек ете келіп: «Жаһандық дағдарыс жағдайында осыншалық қомақты қаржы бөлу – ел көлемінде өте ауқымды жобаларды іске асыруға мүмкіндік туғызады. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру экономиканың барлық саласында мультипликативтік нәтиже береді. Осы шағын ғана қашықтықтағы жолды жөндеудің өзінде 2100 адам еңбек етіп жүр. Енді ұзындығы мың шақырымға созылып жатқан «Алматы – Өскемен» бағытындағы күре жолды салуға қанша еңбек күші тартылатынын есептей беріңіздер. Ал мұндай жол салу жұмыстары Қазақстан бойынша жүргізілуде. Бұл жерде мен қашықтығы 2 мың шақырым болатын Батыс Қытай – Батыс Қазақстан трансұлттық автомагистралін есепке алып отырған жоқпын. Бүкіл Орталық Азиядағы ірі жоба болып саналатын бұл құрылыс биыл аяқталады деп жоспарлануда. Мемлекет осындай ауқымды істерге қомақты қаржы бөліп отырғанда бақылау міндетті түрде болуы қажет», – деді.
Партия Төрағасының бірінші орынбасары Талдықорған индустриялық аймағына да атбасын тіреп, ондағы жұмыс барысын өз көзімен көріп қайтты. Аумағы 590 гектардан асатын аймақтың инфрақұрылымына қазірдің өзінде 4 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған. Сондай-ақ, 11 кәсіпорын өз жұмысын бастағанын да атап өткен жөн. Жуырда құрылыс жұмыстары жүріп жатқан тағы 6 өндіріс орны іске қосылмақ.
Қаланың дамуына тың серпін берген аймақтың жұмысы жөнінде М.Құл-Мұхаммед: «Нұрлы Жол» бағдарламасына 2015 жылы 700 млрд теңгеден астам қаржы бөлінсе, биыл бұл көрсеткіш 770 млрд теңгеге жетті. Ал келер жылға республикалық бюджеттен 2 млрд АҚШ доллары көлемінде қор сақталып отыр. Бөлінген қаржының біраз бөлігі Алматы облысы аумағында игерілуде. Соның жарқын бір мысалы ретінде Қытаймен шекаралас аймақта салынып жатқан Орталық Азиядағы ең ірі әрі бірегей «Қорғас – Шығыс қақпасы» құрғақ портын айтуға болады. Қазірдің өзінде оның құрылыс жұмысына 70 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған. Порт автокөлік және теміржолдар арқылы елімізді үш мұхитпен байланыстырады. Парсы шығанағы арқылы Үнді мұхитына, Батыс Қытай –Батыс Еуропа халықаралық күре жолы арқылы – Атлант мұхитына және Гуанчжоу арқылы Тынық мұхитына шығамыз. Мұның бәрі – өңірлерде индустриялық аймақтарды құрудың нәтижесі. Біз келіп тұрған Талдықорған аймағы соның бір жемісі. Бұл жерде салынып жатқан зауыттар неміс технологиясы бойынша майлы дақылдарды қайта өңдеумен айналысады. Уақыт өте келе өндіріс саны 70-ке жуықтайды. Индустрияландырудың мемлекеттік бағдарламасы дегеніміз осы. Ал «Нұр Отан» партиясы Елбасы тапсырған осынау міндеттердің орындалуын ұдайы бақылауда ұстайды», – деді.
Бұдан басқа Қаратал өзенінің жағалауы, «Жастар» саябағы сынды шаһардың халық көп жиналатын қоғамдық орындарын аралаған партия Төрағасының бірінші орынбасары қаладағы оң өзгерістерге жоғары баға берді.
Сапар соңында Мұхтар Құл-Мұхаммед жергілікті партия активімен кездесті. Онда «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Нұрлы Жол» бағдарламасы, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары және «Қазақстан-2021. Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасындағы басым бағыттарды жүзеге асыру мәселелері сөз болды. Сонымен қатар, партиялық жобалар, партиялық кадрлық резерв, қоғамдық қабылдау және қоғамдық-саяси ахуалға тұрақты мониторинг жасау тетіктері де назардан тыс қалмады. Олардың әрқайсысына нақты мысалдар келтіріліп, партияның облыстық филиалының жұмысы бағаланды.
Сөз соңында өңірдегі игі істердің қарқынды жүргізіліп жатқанына көңілі толатынын жеткізген М.Құл-Мұхаммед халқымыз үшін орны бөлек Жетісу өңірінің тұрғындарын Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтады. Сондай-ақ, қашан да елдің дамуында өлшеусіз үлестері бар талдықорғандықтарды осы бағыттан таймай, Елбасының игі бастамаларын жүзеге асыруда «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарып әрекет етуге шақырды.
Еламан ҚОҢЫР,
журналист
Алматы облысы