23 Тамыз, 2016

Ризамыз, Рио!

379 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
рио-2016-2Бразилиядағы байрақты бәсекеден спортшыларымыз олжалы оралды Бітті. 2016 жылдың, қуа­ныш пен шаттық, реніш пен өкініш қол ұстасып қатар жүр­ген теңдессіз 16 күні, Жер атты планетадағы спорттың ең үл­кен тойы мәресіне жетті. «Мара­канада» жабылу салтанаты өтті. Олимпиада туы түсіріліп, Токио губернаторына табысталды. Салтанатты думандарға оң иығын беріп тұратын Бразилия дәстүрінен айныған жоқ. Спорт пен достықтың мерекесі өте қызғылықты өріс алды. Осы аламанға төрт жыл бойы барлық шаруасын бір жаққа ысырып қойып, дайындалған бір-бір елдің саңлақтары қайыр қош айтысып, күміс қанат ұшақтардың текпішектеріне аяғын салды... 22.08.2016 Ivan Dychko-1 22.08.2016 Dariga Shakimova-3Олимпиадаға 207 мемлекеттің спортшылары және босқындардан құралған құрама қатысты. Осы 207 елдің 88-і ғана Олимпиялық ойындарға деп арнайы соғылған жүлделерді теріп алды. Бас бәйге 46 алтын, 37 күміс, 38 қола медаль алған АҚШ атлеттерінің қанжығасында кетті. Екінші орын 27 алтын жүлдені иеленген, 67 медалі бар Ұлыбританияның еншісіне бұйырды. Халқының саны миллиардтан мол асқан Үндістан екі қола медаліне шүкіршілік етті. Жалқы «қолаға» да жете алмаған жүзден астам мемлекеттің спорт басшылары жан-жағына жалтақтай қарап бара жатқандары тағы ақиқат. Ал Қазақстан бұл спорт тойынан айдарынан жел есіп қайтты. Аузымен құс тістеген 207 мемлекеттің ішінде 22-ші орынға тұрақтады. 17 млн халқы бар Қазақстан 170 млн адамын көз қуаныш етіп отырған мемлекеттер бағындыра алмаған шыңға шықты. Еліміздің көк байрағы желкілдеп барып, желбіреп қайтты. Бас-аяғы жұп-жұмыр 17 медаль – 3 алтын, 5 күміс және 9 қола жүлде қоржынға түсті. Мұның өзі біз үшін жаңа жетістік. Мұның алдындағы Бейжің мен Лондондағы медаль санын төртеуге асырып жібердік. Үлкен спорт – үлкен саясат. Мұнда дүние жүзіндегі барлық мемлекеттердің қадір-қасиеттерінен бастап, әлемдегі орны жатыр. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алға жаһандағы бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарына кіру жөнінде мақсат қойса, оны спортшыларымыз орындап та қойды. Біз бұл жетістікке Елбасымыздың сындарлы саясаты, халқымыздың ұйымшылдығы, ең бастысы, батыр ұл-қыздарымыздың ерлікпен астасқан ерік-жігері арқасында жеттік. Ұлттық Олимпиада комитеті, Мәдениет және спорт министрлігі, жекелеген спорт түрлері федерациялары және саңлақтарымызды осынау сынға дайындаған жаттықтырушыларымыз бұған ұшан-теңіз еңбек сіңірді. Қазақстан жанкүйерлері Бразилияға арнайы барып спортшыларымызға өте үлкен қолдау көрсетті. Қай жарысқа барсаң да жиырма шақты қазақтың дауысы алып стадионды тербеп тұрады. «Ең мықты жанкүйерлер – қазақтар» деген мақтауды да естідік. Соңғы күні Олимпиада медальдарының қап түбінде қалғандары көнге қойылды. Әркім өзіне тиесілерін теріп әкетті. Енді бас-аяқты жинайтын кез келді. Осы аламанда басынан соңына дейін болған біздің де шағын сараптама жасайтын кезегіміз жетті. Әуелі ауыр атлетика жайлы. Даусыз «алтын» алады деген саңлақтарымыз жайсыз жағдайға ұрынғаннан кейін атлет­теріміздің мұнда босқа жатқаны жайлы жел сөз елден шықпай тұрып-ақ гу еткен. Алайда, солардың бәрін бәсімен басқан Алексей Нидің шәкірттері Риода тамаша табысқа жетті. Нижат Рахимов «алтыннан» олжа салса, зілтемірші қазақ қызы алғаш рет  Олимптің жүлделі орнына табан тіреді. Сол сияқты Карина Горичеваның, Фархат Харки мен Александр Зайчиковтың қола медальдары Қазақстанның Олимпиададағы табыстарын еселеуге көп септесті. Осылайша жеті атлеттің даралануы еліміздің әлемде орны ерек екендігінің дәлелі болса керек. Қазақстанның бокс құрамасы еліміз тәуелсіздік алғаннан бері бір Олимпиялық ойындардан алтын жүлдесіз қайтып көрген жоқ. Бұл жолы да сол үрдіс бұзылған жоқ. Алтын айдарлы ұлымыз, құраманың капитаны Данияр Елеусінов 10 алтынның бірін Отанына сыйлады. Ресей боксшысын ұрып жығуға шақ қалғанда, реферидің араласуымен мүмкіндігінен айырылған Василий Левит ұлымыздың ұрланған жеңісі әлем жанкүйерлерін әлі алаңдатуда. ҰОК-тің Левитке алтын медальдың қаржысын беруге шешім қабылдағаны азаматтық іс болды. Ал сол жекпе-жекке қазылық жасаған төрешілер ұзақ мерзімге шаршы алаңнан аластатылды. АИВА қабылданған шешімді бұза алмай, күмәнді айқас нәтижесі өзгеріссіз қалды. Әділбек Ниязымбетов туралы да осыны айтуға болар. Рефери кубалық Хулио Сезар ла Круздың қолын көтергенде, жанкүйер деген әділ жұрт наразылық білдірді. Марапаттау кезінде де қайталанды. Бұл жайында Әділбектің өзімен сөйлескенімізде, Круз екеуінің бір-бірін бағып бокстасатынын, кейде ұрыс мәнерін өзгертіп алатындарын айтты. Ол жағдайға тез бейімделіп, шегіне жүріп те, қарсы айқасқа түсіп те қажетті ұпайларын жинап алады. Иван Дычко туралы айтарымызды айттық. Талантты боксшы, бірақ осы Олимпиадаға бір қайнауы ішінде келгендей әсер қалдырды. «Қолаға» қанағаттанатынын Джой Джойспен айқастың екінші раундында аңғартып қойды. Сол Джойс финалда француз Тони Йокадан ұпай санымен ұтылды. Дариға Шәкімова қазақ қыздары ішінде Олимпиададан жүлде алған боксшы ретінде спорт тарихына тіркелді. Оның жартылай финалдағы қарсыласы Кларесса Шилдс өзі бокстан кетпей, бұл салмақта ешкімге алтынның шетін ұстатпайтынын финалда байқатты. Жас талантымыз Дмитрий Баландин суға жүзуден тарихымыздың жаңа бір парағына алтын әріптермен қолтаңба қалдырды. Су спорты да жеңіл атлетика сияқты медальдарды ең көп тарататын орын. Мәселен, бір Майкл Фелпстің өзі АҚШ-қа Олимпиаданың 23 «алтынын» сыйлады. Ямайкалық желден жүйрік Усейн Болт әр Олимпиададан екі-үш алтын медаль алмай, еліне қайтпайды. Балуандарымызға келсек, Олимпиаданың алғашқы күні медальдар салынған қоржынның жібін шешіп берген дзюдошыларымыз Отгонцэцэг Галбадрах пен Елдос Сметов туралы таңнан кешке дейін айта беруге болады. Екеуі де тамаша күресті. Екеуі де алтын медаль алуға күштері жететіндіктеріне көз жеткізіп қайтты. Бірақ дзюдо, грек-рим және еркін күрестегі сенген ер балуандарымыз жерге қаратты демесек те, соған қарайлас қүресті. Максим Раковқа жеребе жолдас болмады. Алмат Кебісбаев әлемнің 6 дүркін чемпионы, Олимпиялық ойындардың чемпионы ирандық Хамит Сорианды жарыстан алып тастап тұрып, өзі қола медальға өтер жерде сүрінді. Досжан Қартықов туралы да осылай айтуға болады. Еркін күресте Ғалымжан Өсербаев финалға өтер жерде жеңіліп, қолаға таласарда түрік балуанына қарсы қайрат көрсете алмады. Нұрислам Санаевқа медаль алуға сәл сәттілік жетпей қалды. Оның есесіне, еркін күрестегі қыздарымыз ерледі. Гүзел Манюрова – күміс, Эльмира Сыздықова мен Екатерина Ларионова қоржынға қола медальдар салды. Эльмираның еркін күрес тарихында ең алғаш жүлде алған қазақ қызы екендігін де сөз ыңғайында айта кетейік. Ал біз барға қанағатшыл халықпыз. Расында қол жеткен жетістіктеріміз жаман емес. Әу баста жобалаған медальдардан жос­парды асыра орындадық. Лондонда 1 ғана күміс алсақ, бұл жолы ол 5-еу болды. Заты күміс демесеңіз, осында алтынға лайық, сәл сынық сүйем жетпей қалғандары көп. Күні ертең сол күмістер алтынға айналсын деп тілейік. «Егемен Қазақстанның»  арнаулы тілшісі Бақтияр ТАЙЖАН Рио-де-Жанейродан хабарлайды Суреттерді түсірген Данияр МАЙЛЫБАЕВ