Қазір озық технологияның дамыған заманы ғой. Онсыз тіршілігімізді елестетудің өзі қиын. Бұл технологияларсыз адам баласы бұрын қалай өмір сүрді екен? Әлде заманы сұсты болғанда, адамы мықты болған ба? Кейде тіпті, осылай қазіргі инновациялық технологиялармен көне заманнан бері күн көріп келе жатқандай күй кешеміз. Қалай болғанда да, қазір инновациялық технология артқан сайын өмір сүруге қолайлылық күшейіп келеді. Бір ғана ұялы телефонды алып қараңыз. Қаншама пайдасы бар. Кәдімгі көмекші құрал. Қарапайым сағат қызметі, күнтізбесі дегендерін былай қойғанда, талай адам бір-бірінен хабарсыз, адасып жүрер ме еді. Жарар, кез келген жерде суретке түсіп, интернетті ақтармай амалдауға болады дегеннің өзінде. Бірақ, басқаны білмеймін, өзім бұл құрылғысыз кәдімгідей қиналып қалатын болыппын. «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» телефон құрылғысының «құдіреті» күшті. Өмірімізге еніп жатқан әр саладағы инновациялық технологиялардың қызығын көрсетудің құралы қазір осы телефон болып отыр. Бұлай деуіме өткенде өз басымнан кешкен мына жағдай тағы да себеп болды.
Әдеттегідей асығыс едім. Әрине, «тау қопарып, тас жарып жатқан» ешкім жоқ, жәй ғана қаланың қарбалас тірлігі. Қаржымның қалтадағысы түгесілген соң, карточкадағысын алайын деп, жолай банкоматқа соқтым. Асығыстықтан ақшаны ғана алып карточканы қалдырып кетсем керек. Алайда, өзім оны білмеймін. Сан шаруа шырмалған ой басқамен әлек. Сөйткенше болған жоқ, қолымдағы ұялы телефоныма «шиқ» етіп смс-хабарлама түсті. Міне, қызық: «Карта ұмытылды. Банкоматқа кейін қайтыңыз» дейді. Банкоматка жүгіріп барсам, карточкам көрінбейді. «Қап, жұтты-ау» дегенімше болған жоқ, банкомат экранындағы кодыңызды теріңіз дегенді көзім шалды. Тере салып едім, карточкам атып шықты. Әрине, карточка мені күтіп сыртта тұрса біреу-міреу алып кетуі де мүмкін ғой. Алайда, банкоматтың ақылдысын-ай, құпия цифрларды терген соң ғана өзіме берді. Қуанып кеттім. Енді қайтейін, бұрын осы «жұтып қою» дегеннен зәрем қалмайтын. Әрине, ол – уақыттың соры. Оның өзінде банкоматта тастап кеткеніңді бірден есіңе түсіре қойсаң игі. Қалтадағы ақшаны тауысқанша оны іздемеуің де мүмкін. Ал дәл керек кезінде шарқ ұрып, соңында банкоматқа барып, керек болса, кезекке тұрып өтініш жазып, алып кетуіңе тура келетін. Әрі ол банктегілер банкоматтарды аралап, сенің ұмытып кеткен карточкаларыңды жинап алып кеткен соң ғана мүмкін. Ал енді мына әдісті ойлап тапқан технологиядан қалай айналмассың. Инновацияның, жаңа технолгияның адамға қызметі деген осы болар. Әйтеуір өзім Қазкоммерцбанктің бұл жаңалығына қатты қуандым. Мұндай хабарламаны алу үшін телефоныңыздың нөмірі карточка алған банктегі мәліметтеріңіздің қатарында болуы керек екен.
Сөйтіп, карточкам банкоматта қалмай, қалтаға түсті. Адамның қатысуынсыз, тек техниканың арқасында көмек алдым. Керек десеңіз, жанымда бұл қызметі үшін алғыс айтар да ешкім жоқ. Бірақ тек тұрмастың әдетімен әлгі смс келген нөмірге «рахмет» деп қалай жауап жазып жібергенімді де байқамай қалыппын.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»