Тәуелсіз Қазақстанның сурет өнері бұл күнде әлемдік өнердің ажырамас бір бөлшегіне айналып, өзінің көркемдік ерекшеліктерімен кең танылуда. Сонау Ә.Қастеев, Ә.Ысмайылов, Б.Сәрсенбаев, Қ.Телжанов бастаған тың өнердің қайнар бұлағы ұлы дарияға айналып, қаншама жанр, стильдермен толықты. Сол дарияның тау толқыны тәрізді қазақ кескіндеме өнерінде өзінің орнын ойып алған ірі суретшінің бірі – Камиль Муллашев. Ол Алматының Н.В.Гоголь атындағы көркемсурет училищесін бітіріп, кейіннен Мәскеудің В.И.Суриков атындағы көркемсурет институтын оқып, кәсіби суретші ретінде қалыптасты. Сол кездің өзінде республикалық, бүкілодақтық және халықаралық көрмелерге қатысты. КСРО Суретшілер одағының және Суретшілер академиясының дипломдарымен сан мәрте марапатталды. Суретшілер арасында тұңғыш рет Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды.
Мәскеуде оқып жүрген кезінде-ақ «Таң» атты картинаны романтикалық бағытта жазған. Зеңгір аспаннан шарға байланған парашют ұшып келеді, оның астында бұдырсыз кең, қараған, бұта өскен шалқар жазықта құйындата шауып бара жатқан кілең ақ жылқылар. Сонау тым алыс аспан шегінен жалғыз жұлдыз жанады. Картинадан шексіздік, таңданыс, сонымен қатар, үрей де есіп тұрғандай көрінеді. Үрей дейтініміз – таң шапағы жаңа білініп, тіршілік мамыражай тартып тұратын шақта, шетсіз-шексіз кең далада, бұл сәтте өріске енді шығып, байыппен жайылып жүретін жылқылар үрке шауып барады, биіктен әлде бір түсініксіз шар алып ақ парашютпен құлдилап келеді... Сол дәуірде (1976 жылы сызылған) мақтау-марапатқа ие болып, кеңес өмірін, қазақ даласындағы космос дәуірінің басталуын жырлады деген картинаның бүгін қараған көзге басқаша астары ашылғандай көрінеді. Осынау кең байтақ қазақ даласы енді түрлі ядролық жарылыстар мен ракеталарды ұшырудың сынағы болған, құлан жал арғымақ іспетті дала қазағын үркіткен, қорқытқан, айдау мен байлауда ұстаған тоталитарлық жүйенің үстемдігі дегісі келгендей.
Осы туындының шабытымен шыққан «Жер және уақыт. Қазақстан» триптихі. Осы екі еңбекті Мәскеудің мемлекеттік Третьяков галереясынан табуға болады. Соның ішінде триптих сан мәрте баспада басылып, суретшіні табысқа жеткізді. 1984 жылы Париждің атақты Гранд-Пале залында кеңес өнерінің 100 шығармасына арналған көрме ашылған еді. Сол сапта болған триптих Франция суретшілер академиясының күміс медалін жеңіп алды. «Ақ дала үстінде», «Жастық», «Бидай тасқыны» деп аталатын үш бөлімді триптих әуелі стилімен ерекшеленіп тұр. Әуелгі картинадағы құмды үстірт үстіндегі аспанмен тілдескен мұнаралар мен алып шарлар бұл жерде де адамға таңданыс пен қорқыныш немесе шексіз қуаныш сезімін тудырады. Екінші картинада ақ селеу жапқан шалқар далада алып парашютпен жерге түскен ғарышкердің фонында үрке шапқан ақ жылқылар тағы да көзге шалынады. Үшінші картинадағы алып машиналар, тау-төбе етіп үйген астық, бір қарасаңыз, Кеңес үкіметі жеткен жетістікті суреттеп тұрғандай болғанымен, елеңдеп тұрған күрең қасқа құлын адам қолымен бүлінген табиғаттың жоқшысы іспетті сыңай байқатады. Бәлкім, бұл барша қазақ болмысының жетім құлыны шығар...
Бұл күнде Камиль Муллашев – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Татарстанның халық суретшісі, Қазақстан Көркемөнер академиясының академигі, Франция Көркемөнер академиясының лауреаты, Қытайдың Хан-Шан мен Шан-Тао университеттерінің құрметті профессоры. Жүздеген туындысы халыққа етене таныс аса ірі тұлға. Оның салған суреттері АҚШ-та, Мәскеуде, Германияда, Түркияда, Қытайда, тағы да басқа алыс-жақын шетелдерде көрмеге қойылды.
Тәуелсіздіктен кейінгі шығармашылығы тіпті жарқырай түсті. Суретші тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жаңа өріс, тың тақырып табуға ұмтылып, әртүрлі тосын ізденістерге барды. «Кейін тарихи туындылардың азат елдің ұрпағы үшін маңыздылығын түсініп, көшпелі, батыр халықтың өткен күні суреттерінен көрініс тапты. Мысалы, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Ер Абылай», «Ұлы көш» секілді картиналарды салдым» дейді суретшінің өзі.
К.Муллашевтың Қазақ хандығының 550 жылдығына, биылғы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнаған көрмелерінің маңызы аса жоғары. Оған қойылған суреттердің ішінде Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған «Ұлы көш», «Ер Абылай», «Елбасы» атты картиналар циклінің тартымдылығы өзгеше. Үш туындының да айтар ойы асқақ. Картиналар, әсіресе, ел басынан өткен ұлы тарих пен ел иесі – көшбасыларының ұлы тұлғасын сәтті кескіндеген. Картиналар Елбасымыз ұсынған «Мәңгілік Ел» тұжырымдамасын айқындай түсуімен құнды.
«Ұлы көш» картинасында Керей мен Жәнібек хандарды басшы еткен ұлы көш болашаққа жол тартып барады. Қолына найза ұстаған жауынгерден – Ертістен Еділге дейінгі қазақ даласын біртұтас елдікке ұйыстыру, қан кешкен соғыс, алыста қалған асқақ та айбынды һәм қасіретті, қаһарлы тарих бастауы бір елес береді. Болашаққа құс ұшыру – ертеңге деген үміт пен сенім, ұрпаққа жүктеген аманат белгісіндей. Артқы көріністе ежелгі Хиуа, Бұқара қалаларының көрінісі мен жүлгелі көкшіл таулар бөліп жатқан жас Астана бейнесі қатар өрілген. 550 жылдың алдында басталған елдікке, мәңгілік мемлекеттікке деген алғашқы қадам бүгінгі Астананы бетке алған. Арада қарт тарих, бес ғасыр – кәрі таулар жатыр. Кешегі Қазақ хандығы мен бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның тарихи сабақтастығы, ұрпақ жалғастығы, мұраға қалған кең-байтақ жер – бәрі де бір картинада сөйлеп тұр.
«Ер Абылай» картинасы көрген адамды еріксіз баурайды. Абылай портретін көптеген суретшілер салғанын білеміз. Біреу қаһарлы етіп, біреу байыпты, біреу тіпті бет-бейнесін жобалай алғанына да қанағат қылып жүр. Бірақ бұл сурет мүлдем басқа. Әсіресе, көз жанарына жасырынған ой адамды ұзақ қарап тұруға итермелейді. Хан өзінің жорық шатырында отыр. Көлеңке мен жарықты ұштастыра бейнелеген бет-әлпеті орасан зор ерлік пен қатпары терең жан дүниесінен хабар береді. Дәл қазіргі сәтте терең бір ойға берілген тұңғиық көз бір нүктеге қадалып үнсіз отыр. Осы жанар қараушыны Абылай тұтқан мұрат, қазақ басындағы ауыр күн, тынымсыз соғыс, еркіндік жолындағы арпалыс – бәрі-бәріне бастап барады. Тұлғаның барша ішкі күйін көзімен сөйлетеді. Муллашев осы картинасы арқылы Хан Абылай образын өте жоғары өреде бейнелей алған. Бұл суретшінің кәсіби шеберлігімен қатар, қазақ тарихы мен мәдениеті туралы білімінің аса жоғары деңгейде екенін аңғартады.
«Елбасы» суреті – Президенттің бүгінге дейінгі кескінделген бейнесінің ең үздігі. Онда Қазақстанның тұңғыш Президенті – Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың мемлекет құру идеясы, әлемдік бірлік пен тыныштыққа, қазақ мемлекетінің әлемге танылуына қосқан үлесі көркемдік шеберлікпен ашылып, ұшқыр қиялмен жазылған. Асқақ һәм айбынды кейіпте нық қарап, ел сенімін арқалаған Елбасы бейнесінде болашаққа деген зор үміт менмұндалайды. «Елбасы» бейнесі арқылы бүгінгі Қазақстанның енді жасымас, еңкеймес өр рухы, нық сенімі көрініс тапқан. Артқы көріністегі жер шарының бейнесі – Елбасының және Тәуелсіз Қазақстанның әлемдік бірлікке, бейбітшілікке қосқан үлесін, Президенттің әлемдік саясаттағы рөлін танытып тұр.
Камиль Муллашевтың қазақ суретшілерінің өзі ескере бермейтін кейбір нәзік ұлттық танымдарды өз шығармасына сіңіріп отырады. Оның қазақ тұрмысына, түсінігіне өте қанық екенін «Шопан», «Даладағы желде», «Мейірім шуағы», «Халық әндері», «Адам жады» картиналарынан, «Ақын Сара» портретінен байқай аламыз. Соның ішінде елімізге де, алыс-жақын шетелдердің де көбіне таныс, аса сәтті туындыларының бірі – «Мейірім шуағы» картинасы. Бір қарасаңыз баласын емізген ана мейірі ғана секілді, алайда бұл картина құдіретті Жаратушының адамзатқа деген ұлы сүйіспеншілігінің бейнесі болатын.
Камиль аса еңбекқор, ізденгіш суретші. Оның сурет өнеріндегі жаңалығы мен жетістіктерін талдау, әрине, өнертанушылардың еншісінде. Ол өмірде де сондай қайсар адам. Жасына қарамастан, әртүрлі спортпен айналысып, кейде жалғыз өзі машинамен даланы кезіп, натура іздеп кететіні де бар. Сол сапарларында қаншалықты қиыншылықты көріп, қаншама азап шеккені өзіне ғана аян. Бұл – оның өнерге деген, қазақ өнеріне деген аса үлкен сүйіспеншілігі мен жауапкершілігінің көрінісі. Ассамблея жұмысына белсене араласып, ел бірлігінің нығаюына, Елбасымыз нұсқап отырған «Мәңгілік Ел» идеясына мейілінше адал қызмет етіп келе жатқан асыл азамат. Қазақ халқының барша тарихын, Тәуелсіздік жолындағы жарқын күресін аса шебер жырлай білген ақын-суретші. Оның қай туындысында болмасын, Отанға, оның әрбір тау-тасына, тарихына деген сүйіспеншілік, ризашылық есіп тұрады. Оның Тәуелсіз Қазақ еліне деген махаббаты өзінің «Мейірім шуағындай» нәзік те көркем. Оның биылғы Мемлекеттік сыйлық мәртебесін алу үшін бәйгеге түсіп отырған «Ұлы көш», «Ер Абылай», «Елбасы» атты үш картинасы Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған аса бағалы тарту, сондай-ақ Қазақстанның сурет өнерінің көкжиегін барынша кеңейткен, мазмұн, мәнерін мейлінше молайтқан, терең тебіреністен туған, өнер тарихының тұғырын биіктете түскен, аса үздік туындылар. Сондықтан да Мемлекеттік сыйлық мәртебесіне әбден лайықты деп білеміз.
Несіпбек АЙТҰЛЫ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты