Қазақ журналистикасында өзіндік бет-бейнесі бар Нұртөре Жүсіптің таяуда ғана «Мың құмырсқа және біз» атты публицистикалық мақалалардан тұратын жақсы кітабы жарық көрді. Президент сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, ойы ұшқыр, қаламы қарымды азаматтың кітабына алғысөзді сенатор, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин жазған екен. Шағын ғана тілек сөзде көрнекті ақын, Тәуелсіздіктің тағылымдарын, ұлттың азаттық жолындағы қарызы мен парызын тереңінен тербеген автордың атаулы дүниелерін жан-жақты талдай келіп, «Журналист Нұртөре Жүсіптің өз және өзге де тұстастарынан ерекшеленіп тұратын бір қасиеті – кез келген мәселені көркем ой, кестелі тілмен жеткізе білуімен қатар, көтерілген мәселенің шешімін көрсететін нақты ұсыныстар айта білетіндігі дер едім», дейді. Шынында, әріптесіміздің осы жинақтағы қай мақаласын алсаң да қабырғалы ой айтып, еліміздің еңселі істерін мақтан етіп, кей тұстағы әттеген-айларымызды да ашып көрсетеді.
«Қазақтың күні» деп аталатын бөлімде азат еліміздің тірлік тынысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел саясатының негізінде атқарылған істер нақты дәлел-дәйектермен беріліп отырады. Мысалы, елдің бірлігі туралы ой қозғайтын «Бөлінген – біреуге жем болады» деген публицистикалық мақаласында әр қазақтың пенделікке салынбай, кеңдікте қызмет ету қажеттігін атап, «Бөлінген – біреуге жем болады. Бөлінбеген – басқа елмен тең болады», деп түйін жасайды. Ал әр жыл сайын Астанада Елбасы жүлдесі үшін өтіп келе жатқан «Қазақстан барысы» туралы толғамында ұлтымыздың айтулы ұландары А.Нұғымаров, Б.Ыстыбаев, өзге де жүректі де білекті ұлдарымыздың абыройлы ісін келісті тіл, көркем оймен айта келіп, соңында «Жеңілгенді жер көтереді, жеңгенді ел көтереді» дейді. Кітаптағы ұлт зиялысы Өзбекәлі Жәнібековтің өз қолымен тіккен сәукелесін іздеуі де ізгілікті іс. Ол туралы кезінде белгілі журналист Қали Сәрсенбай жазған екен. Осы құнды жәдігерді тауып, кейінгіге үлгі көрсетсек деген ниеті құптарлық.
Екінші бөлім «Замандас» деп аталады. Отанымыздың өркендеуіне, рухани жағынан кемелденуіне өз үлестерін қосқан кешегі айтулы Ақаң – Ақселеу Сейдімбек, көрнекті жазушы Дүкенбай Досжан, абзал азамат Мұса Паттеев жайлы жазбалардан алар үлгі молынан. Әсіресе, Ақаң айтқан асыл сөздегі иірімді ойлар, ілкім байламдар кімді де болса бейжай қалдырмайды. Сол секілді бүгінгі белгілі ғалым С.Қозыбаев, Отанымыздың қарыштап дамуына өз үлестерін қосып келе жатқан С.Үмбетов, Ә.Жақсыбеков, өзге де қайраткерлер туралы сараптамалары, Қазақстанның халық әртісі Д.Жолжақсыновтың шығармашылығына арналған талдауы, әріптесі Қ.Сәрсенбайға, қаламгер замандастары Т.Шапайға, Ж.Шаштайұлына бағыттаған мақалалары әдемі оқылады.
Жалпы, кітаптың соңғы байлам сөзінде автор іргелі елге іріткі түсірмеу, ішкі бірлікке берік болу, осы арқылы қазақтың беделін көтеруге болатынын айтып: «Ей, уақыт! Ей, заман! Көзіңді ашып қазаққа қара: ескен желдей, көшкен сеңдей, қиындықты еңсеріп, қайратты жиып, белсеніп, біз келеміз!» деп ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атағалы отырған ұлттың бүгінгі тыныс-тіршілігі алда да жалғасын тауып, ұрпақтар сабақтастығы ұлықтала беретінін алға тартады.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»