Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ
Адамзат өркениетке ұмтылған сайын мол игіліктер мен табыстарға кенелді. Сонымен бірге, адам баласына, табиғатқа төнетін қауіп-қатерлердің де молая түскенін байқап отырмыз. Атап айтқанда, ядролық қаруды ойлап тапқан кезден бері дүние жүзінде жиналған олардың қоры бүгінгі таңда 20 мыңнан асып отыр! Ал енді кейбір ғалымдардың пікірінше, тіршілікті жою үшін осы ядролық қарудың 50-100 данасы ғана жеткілікті екен. Ядролық қарудың планетамызға, оның экологиясына қаншама зардап әкелетінін әлем жұртшылығы анық білетін жағдайға жеттік. Бірінші рет АҚШ 1945 жылы атом қаруымен 6 және 9 тамыз күндері Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларын бомбалау барысында 200 мыңнан астам адам бірден көз жұмған болса, соның салдары әлі күнге дейін жалғасып келеді. Ал Семей сынақ полигоны Кеңес Одағы тұсында жабық тақырып болды. Полигонның аумағы 16 мың шаршы шақырымнан астам жерді алып жатты. Ол көлемі жөнінен дүние жүзі бойынша екінші полигон болып саналады. 40 жыл ішінде онда 500-ге жуық ядролық сынақтар жасалды. Бұл төрткүл дүниеде болған жалпы сынақтардың 25 пайызы еді. Әрі қуаты жөнінен олар Хиросима мен Нагасакиде болған жарылыстардан 40 мың есе асып түсті. Аталған сынақтардың 90-ы ауада жүзеге асырылды. Ал 1986 жылғы Чернобыль атом стансасының төртінші блогындағы жарылыс сол өңірге таяу орналасқан Украина, Ресей, Беларусь халықтарына тікелей әсер етті. Оның радиоактивті қалдықтары жауын-шашын арқылы Еуропаның көптеген мемлекетіне таралды. Семей полигонындағы жарылыстардың да осы өңір тұрғындарының сорына айналды. Соның салдарынан көптеген балалар дүниеге кеміс болып келді. Аймақ тұрғындарының біразы түрлі қатерлі ауруларға ұшырап, өмірден ерте озды. Осы орайда, атом қаруының қайғы-қасіретін әлемде бастан кешкен екі халық болса, соның бірі, ал бір халық болса, соның өзі қазақ халқы десек, артық айтқандық болмас еді. Осыларды ескерген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев 1991 жылы 29 тамыз күні Семей сынақ полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Егер Қазақстан ядролық арсеналды өзінде сақтап қалса, не болар еді? Онда мұның өзі өте көп қаражатты қажет ететін. Ондай қатерлі қаруды ұстап тұру, қауіпсіздігін қамтамасыз ету тоқырау тұсындағы мемлекеттік бюджетке өлшеусіз ауыртпалық түсіретін. Кеңес Одағы тұсында ел байлығының 20%-ға жуығы жанталаса қарулануға жұмсалғанын тарихи деректер растап отыр. Ядролық қаруы бар әлемнің алпауыт мемлекеттері қазір де жыл сайын миллиардтаған доллар қаражатты осы мақсатқа жұмсап келеді. Міне, мұның қаншалықты қымбатқа түсетінін осы деректерден-ақ аңғаруға болады. Жалпы, қарулануға дүние жүзінде бір жылда орта есеппен 1,7 трлн доллар көлеміндегі қаржы жұмсалады екен. Бұл ішкі жалпы өнімнің 2,3-2,5 пайызын құрайды. КСРО тарағаннан кейін экономикалық байланыстардың тамыры үзіліп, бұрын бір-бірін қамтамасыз етіп келген өндіріс орындарының көбі жұмыстарын тоқтатқанын білеміз. «Елді қалай сақтап қаламыз, халықты азық-түлікпен, күнделікті қажетті тауарлармен қалай қамтамасыз етеміз?» деген сұрақ туындап жатқан кезде, онсыз да мардымсыз қаржының біразын полигонды ұстап тұруға бөлетін болсақ, мұның тәуелсіздігіміздің туын тіктеп, еліміздің еңсесін көтеруге зардабын тигізетіні сөзсіз еді. Ядролық қарудан бас тартуымыз тәуелсіз еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымынан бастап, барлық басты халықаралық ұйымдар мен мемлекеттердің бізді танып, қолдау көрсетуіне оң ықпалын тигізді. Сондай-ақ, Қазақстан бейбітшілік пен өзара тиімді экономикалық ықпалдастық мақсатында құрылған жаңа халықаралық ұйымдардың өмірге келуіне бастамашылық танытты. Келіссөздер жүргізіліп, еліміздің әлемнің дамыған мемлекеттерінің қатарына қосылу жолындағы мақсатына жол ашылды. Осындай сындарлы саясаттың нәтижесінде әлемнің алып компаниялары экономикамызға өз қаражаттарын әкеліп салды. Бүгінгі таңда Қазақстан ел экономикасына инвестиция тарту жөнінен әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекеттердің бірінен саналады. Атап айтқанда, тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға 210 млрд доллардан астам инвестиция келді. Соның арқасында бұрын тұралап жатқан көптеген өндіріс орындарының жұмысы жанданып, олар жаңа, заманауи технологиялармен қамтамасыз етілді. Мұнай өндіру ілгеріледі, газ құбырын тарту, химия өнеркәсібі, автомобиль және теміржол желілерін салу ісі дамыды. Қалаларымыз бен аудандарымыз өркендеді. Енді, міне, 1990 жылдардан бері еліміз бірнеше жаһандық дағдарысты бастан кешсе де жоғары қарқынмен ілгерілей отырып, осы 20-25 жылдың ішінде индустриялық-инновациялық даму бағытына бет алды. Қазақстанның әлі тәуелсіздікке қол жеткізбей тұрып, ядролық қарудан бас тартып, осындай батыл шешімге баруы – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың көрегендігі мен қайраткерлік қарымының арқасы екені сөзсіз. Сондықтан да ол тарихи шешім ретінде бағаланып отыр. Ширек ғасыр ішінде Елбасының бейбітшілікті қорғау, ядролық қаруға қарсы күрес бағытындағы жасаған еңбегі орасан зор. Оны бүгінде бүкіл әлем біліп, мойындап, қолдап отыр. Президент бастамасымен елімізде жыл сайын түрлі халықаралық деңгейдегі форумдар мен ауқымды іс-шаралар өткізіліп келеді. Біздің елімізге, соның ішінде Семей полигонына БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның баруы кездейсоқтық емес. Ол Мемлекет басшысының бастамасымен атқарылған ауқымды істерді өз көзімен көрді. Бұл әлемдік баспасөз бетінде дүние жүзінің назарын аударған оқиға ретінде атап өтілді. Биылғы наурыз айында, Семей полигоны жабылуының 25 жылдығы қарсаңында Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесі жарияланды. Бұл БҰҰ басты құжаттарының бірі ретінде тіркелді және дүние жүзінің мемлекеттеріне таратып берілді. Шетелдердің танымал саясаткерлері, ғалымдары мен сарапшылары осы манифеспен танысып, өз пікірлерін білдірді. Маңызды құжат олардың тарапынан қолдауға ие болды. Әлемде бейбітшілікті сақтау жолындағы қайраткерлік қызметі үшін берілетін әйгілі Нобель сыйлығы бар екені белгілі. Біздің Елбасымызды осы сыйлыққа ұсыну туралы әр жылдары сөз болып, көтеріліп келеді. Өз басым бұл сыйлықтың Қазақстан Президентіне берілуі әбден орынды шешім болар еді деп ойлаймын. Ядролық қарудан бас тарту, сынақ аймағын жабу сынды батыл шешімге бару – бұған дейін тарихта ешбір мемлекетте болмаған. Жер шарының жойылып кету қаупі төніп тұрғанын әлемдегі алпауыт елдердің басшылары, саясаткерлер, әскерилер жүрегімен сезініп, біздің Елбасымыздың бастамасын қолдауы тиіс деген пікірдемін. Ядролық қаруды ешқашан қолдануға болмайды. Ғалымдардың пікірінше, оны қолданған жағдайда, ядролық қыс орын алады. Қарапайым тілмен айтқанда, онда дүние жүзі Арктика сияқты мұзды әрі радиациялы әлемге айналады. Тіршілік тоқтайды. Жер бетіндегі 7 миллиардтан астам халық осыны түбегейлі түсінгені жөн. Осыған орай, Нұрсұлтан Назарбаев ендігі соғыста жеңімпаз болмайтынын және онда бәрі де жеңілетінін мәлімдей келіп: «Жаңа соғыста жаппай қырып-жоятын қарулар – ядролық, химиялық, биологиялық және ғылым жетістігі негізінде ойлап табылатын басқа да кез келген қару түрлерін қолданудан қашып құтылу мүмкін болмайды. Бұл бүкіл адамзаттың қырылуына алып келеді. Және осыған кімнің жауап беретінін анықтаудың өзі де кеш болады және жауап беретін адам да табылмайды. Осы ықтимал қауіп-қатерді қазіргі ұлттық лидерлер мен саясаткерлер және олардың кейінгі буын өкілдерінің барлығы аксиома ретінде түсінуге тиіс», деп өте орынды атап көрсеткені белгілі. Ядромен қарулануға жұмсалатын қаражатты бүгінгі таңда атомды бейбіт мақсатта дамытуға пайдалану керек. Жапониядағы Фукусима реакторындағыдай жарылысқа алып келмейтін, қауіпсіздігі мықты, жан-жақты жетілдірілген, қандай да бір табиғи және тосын апаттарға төтеп бере алатын, төзімділік, мықтылық коэффициенті аса жоғары стансалар салуды адамзат өзіне міндет етіп қоюы тиіс. Қай елдің де мол қаражаты осындай ізгі мақсатқа жұмсалса, адамзаттың әлеуметтік жағдайы, денсаулығы, өмір сүру деңгейі анағұрлым жақсара түсер еді. Үстіміздегі жылы Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануына Елбасымыздың 25 жылдан бері осы орайда атқарып жатқан істері, сондай-ақ наурызда жария етілген «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі өзінің оң ықпалын тигізді деп айтуға болады. Өйткені, мүшелікке талапкер мемлекеттер өте көп еді. Бірақ біздің елімізді мемлекеттердің көпшілігі қолдап, аталған орынға айрықша басым дауыспен сайландық. Бұған Елбасының дүниежүзілік қоғамдастық алдындағы зор беделінің де игі әсері болғаны белгілі. Енді еліміздің аталған Кеңесте екі жыл ішінде ауқымды істер атқаруға ұмтылатынына сеніміміз мол. Осы мерзімде біздің еліміз әлемдегі қауіпсіздікті сақтау, сондай-ақ ядролық қаруды сынау және оны қолдану бағытындағы әрекеттерге тоқтау салу мәселелеріне баса көңіл бөліп, бастамашылық танытатыны сөзсіз. Ең бастысы, біздің еліміздің, сондай-ақ бүкіл прогресшіл адамзат өкілдерінің күнделікті белсенді іс-әрекетінің арқасында ядролық қарудың қасірет әкелетінін әлем түсіне бастады. Онымен күрес бағытында атқарылып жатқан істердің оң нәтиже бере бастағаны, қауіпсіз әлем құруға қарай оң қадам жасалып жатқаны байқалады. Ядролық сынақтар өткізуді азайту бағытында оң өзгерістер бар. Қорыта айтқанда, бейбітшілікке жететін байлық жоқ! Ешкім де өзі өмір сүріп отырған ортасының ойран болғанын қаламайды. Адамзат баласының жалғыз ғана мекені бар, ол – Жер-Ана! Ендеше, оның тыныштығы үшін күрес – әрбір азаматтың парызы. Бейбітсүйгіш еліміздің орталығы Астанада 29 тамызда өткізілгелі отырған тағы бір тарихи халықаралық іс-шараның да әлемдік қауіпсіздік, ядролық қаруға қарсы күрес мәселесіне оң ықпалы болары анық. Ерсұлтан БЕКТҰРҒАНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі«AMANAT»-та «Ұлы дала» әдеби байқауы қорытындыланды
Руханият • Кеше
Деректер журналистикасы бойынша оқу курсының таныстырылымы өтті
Аймақтар • Кеше
«Egemen» де, домбыра да сыйлады
Руханият • Кеше
Қасым-Жомарт Тоқаев «Жетісу» волейбол клубының жай-күйімен танысты
Президент • Кеше