Абайтанудағы кейбір кемшіліктердің төркіні туралы
Ұлы ақын мұрасын мектеп пен жоғары оқу орындарында оқытып, танытуда алдымыздан үш түрлі кедергінің шыға келетінін көріп, біліп жүрміз.
Бірінші кедергі, Абай өмір кешкен заманда отаршылдық дәуірде ел билеу жүйесіндегі саяси-әлеуметтік айла-амалдың шын болмысын танып-біле бермегендіктен Абайдың саяси-әлеуметтік лирикасының пайда болу себебін, саяси-әлеуметтік мотивін терең білуге бара алмай жүрміз.
Екінші кедергі, ойшыл ақын шығармаларында пайдаланылған пәлсапалық, теологиялық шығыстық терминдік мәні бар сөздерді қолдану жолдары мен мән-мағынасын ашып, түсіндіріп беру міндеті алға қойылып отыр. Бұл шығыстық термин сөздер Абай замандастарының өзіне ауыр соғып, қиындық тудырған. Ал бүгінгі оқырман материалистік, атеистік таным негізінде қалыптасқан. Сондықтан олардың мән-мағынасынан хабарсыз. Осыдан келіп бұл ұғымдарды меңгеріп, танып-білу жолында қиындыққа ұшыраудамыз.
Үшінші кедергі, әсіресе, Абай дүниетанымын танып-білу жағына кейінгі жастар кемшін болып, танымда адасып отырғаны өткір мәселеге айналуда.
І
Ел билеу ісі қазақтар үшін айтарлықтай мәнге ие екенін Шоқан Уәлиханов «...әкімшілік мәселесінің біздің қазақтар үшін орасан зор мәні бар, оған үстірт қарай алмаймыз», деп айрықша атап өткен Отаршыл патша үкіметі тарапынан жүргізілетін қазақтар арасында ел билеу жүйесіндегі әкімшілік өзгерістердің отаршылдық мүдде тұрғысынан жүзеге асырылатыны ақын-жыраулар поэзиясында өз көрінісін тапты. Отаршыл патша үкіметі
«ұзын арқау, кең тұсау» деп аталатын ел билеудің сұлтан правительдік, аға сұлтандық жаңа жүйелері арқылы билік құрғанда, қазақ елін жуасытып, өз қалауынша жатқызып-өргізудің саяси-әлеуметтік тірегін қазақтардың өз ішінен іздестіре бастады. Елдің сатымсақ атқамінер әкімсымақтары осы отаршылдық мүддені жүзеге асырудың басты тетігіне айналып жүре берді.
Абайдың әдеби-рухани мұрасын танып-білуде, оқытуда мектеп пен жоғары оқу орындарында, әсіресе үш түрлі тосқынды кедергі қол байлау болып келеді. Оларды бас-басына атап өтер болсақ:
Біріншіден, қазақтың табиғи түрде қалыптасқан дәстүрлі ел билеу жүйесін отаршылдық саясат сетінетіп, Абай өмір кешкен кездегі жұртымыздың мінез-құлқын, қазақы болмысын бұзуды мақсат етіп қойды.
Мәселе Абай өмір сүрген бодандық замандағы саяси құпия көмбелердің астарлы сырын білмейінше, отаршылдық дәуірде өмірге келген ақын-жыраулар поэзиясының өзекті сыры сараланып, тарихи мән-мағынасы ашылмайды. Оларды жете зерделеп, астарлы саяси-әлеуметтік болмысын ақындар туындысы арқылы, олардағы отаршылдыққа қарсы ортақ сарынның пайда болу сырын жан-жақты ашу арқылы ғана оқырманның көкірек көзіне жеткізе алмақпыз. Сондықтан да осы ақындар болмысының табиғатын тереңдей танып, сырын ашуға осы аталып өткен үш түрлі кедергінің болмысын біліп меңгермейінше, жастарға ғылыми негізде танылған сапалы ой болмысын ашып беруіміз екіталай болмақ.
Абайдың:
Қайғы шығар ілімнен,
Ыза шығар білімнен.
Қайғымен ыза қысқан соң,
Зар шығады тілімнен,
деген шерлі ой толғанысының мән-мағынасын ұғыну үшін ойшыл ақын өмір сүрген отаршылдық заманда қолданысқа түскен Ресей империясының қазақ даласына біртіндеп ендірген ел билеу жүйесінің ішкі сырын, яғни саяси болмысын білу керек. Онсыз шындықтың астары ашылмайды.
Батыс генерал-губернаторы М.Спиранский: «Қазақ жерінде сексеуіл деген ағаш өседі. Соны бір-біріне ұрып жарады. Сол сияқты қазақтар үш жүзге, руға бөлінеді. Біз соларды бір-біріне ұрып жаруымыз керек», деп патшаға ой тастауында Ресей империясы ұстанған отаршылдық мақсаттағы
басты саясатының негізі жатыр. Олар сексеуілдің өзіне өзін ұрып, быт-шыт ету әдісін түрік халықтарына, әсіресе қазақ пен ноғайды жер бетінен жойып жіберіп, жерін иемдену мақсатында қолданылатын империялық басты саясатына айналдырды. Мұны қазақ елін билеу жайындағы ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы
«ұзын арқау, кең тұсау» (1822-1867, яғни 45 жыл) және 1867 жылы енгізілген
«жабайыларды жабайылардың қолымен тұншықтыруға» айналған ел билеудің болыстық жүйесінен көреміз.
Ел билеу жүйесінің алғашқы түрі Кіші жүзде сұлтан правитель, Орта жүзде аға сұлтан түрінде енді. Бұл кезең ХІХ ғасырдың бірінші жартысында өтіп жатты. Сұлтан правительдер бойынша тек төреден шыққан сенімділері ғана билік тізгінін ұстады. Орта жүзде де аға сұлтандық билікте әуелі төрелер отырды. Кенесары көтерілісінен кейін төрелер саяси сенімнен шығуы себепті аға сұлтандық билікке қарапайым халықтан қойыла бастады. Мысалы, Құнанбайдың билікке келуінде осындай сыр жатыр. ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы бұл билік түрін әдебиетте
«ұзын арқау, кең тұсау» деп атап жүрміз. Бұл билік түрі қазақтардың бойын, ой-танымын, мінез-құлқын біртіндеп отаршылдық билікке бейімдеуді мақсат етті. ХІХ ғасырдың екінші жартысында, яғни қазақ даласы тұтастай жауланып, Ресей мен Қытай арасындағы шекара мәселесіне келісіп алған соң, Ресей империясы Қазақ елін шоқындыру саясатын миссионер ғалымдар арқылы әуелі құпия түрінде, кейін уақыт өтуіне байланысты ашық түрде мемлекет бөлген мол қаржыға сүйене отырып, қызу насихаттай бастады.
Ресей патшалығы түрік халықтарын (қырық жеті түрік халқын), әсіресе қазақ пен ноғайдың ең осал тұсы – рулық жүйесін сексеуіл сияқты бір-біріне соғып қирату әдісін шешуші саясат ретінде ұстанды. Осылайша, 1867 жылы «Жаңа низам» заңын енгізе отырып, ел билеудің болыстық сайлау жүйесін жүзеге асырды.
Ресей империясы отарлаудағы басты мақсатын жүзеге асырудың шешуші кілті ретінде қазақтардың ел билеу жүйесіне «сексеуіл» айласын ендіруді жөн көреді. Ел билеудің «ұзын арқау, кең тұсау» түрін енді тереңдетіп,
«жабайыларды жабайылардың қолымен тұншықтыру» айласына, яғни болыстық ел билеу жүйесіне көшіре бастайды. Бұл саясатты қолдануда қателеспес үшін олар алдын ала ел ішіне ғылыми экспедициялар жіберіп, зерттеулер жүргізу арқылы ой елегінен өткізіп алады. Саяси полигон ретінде қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы Майлыкент болысы деп аталатын аумақты таңдап алған. Мұны жүзеге асырудың басында Сырдария облысының генерал-губернаторы Гродеков болды. Ол бастан-аяқ тікелей бақылап, араласып отырды. Генерал-губернатор ел билеудің жетілдірілген болыстық тәсілін енгізуде қазақтарды сексеуіл секілді бір-біріне ұрып сындыруды, руларды бір-біріне айдап салуды мақсат еткені белгілі болды. Бұл үшін ол қирату үшін болыстық биліктегі ауылдық біртұтас рудан құралмай, әртүрлі атадан тараған болғанына назар аударды. Болыстық билікте екі мыңға таяу түтін болды. Олар әртүрлі рудан тұратын он екі ауылдан құралды. Олардан
төрт ауылнай,
төрт би сайланды. Болысты шар салып сайлайтын қырық шамалы
елу басы болды. Оларға партияқорлықтың, бақталастықтың отын лаулата қыздыратын екі жүзге жуық
он басы қосылды. Мұны Шортанбай ақын шебер суреттеген:
Елу басы, он басы,
Ол шайтанның жолдасы.
Жақыннан басқа қасы жоқ
Ендігінің мырзасы,
Осылайша бір болыстың адамдары өзара тартысып, жан беріп, жан алысып, аш иттердің қу сүйекке таласқанындай күйге түседі. Болыстық билікті алуға, он екі ауылға төрт би мен төрт ауылнай сайлануға таласқан жұрт.
Болыстық басқару түрі ел ішіне іріткі салудың күткен нәтижесінен асып түскеніне көзі жеткен отаршылдар енді елді алатайдай бүлдіретін осы болыстық билік түрін бүкіл қазақ даласына жаюға кірісті. Бұл жүйе бес болыс тобықты еліне де жетті. Билік үшін талас елдің қазақы бауырмал қалпын арызқойлыққа, жала жапқыштыққа айналдырып, іштен ыдырататын партиягершілікті әкелді. Міне, ойшыл ақын Абайдың бар саналы өмірі осы болыстық билік заманында өтті. Өзі де он сегіз жыл болыс, би, төбе би болып сайланып, болыстықтың ел билеу жүйесінің құпия сырына жастай қанығып өсуі себепті:
Қадірлі басым,
Қайратты жасым,
Айқаймен өтті, амал жоқ
деп күйініп, қасірет шекті... Бұл өмірдің шындығынан туындаған рухани қасірет еді. Бұл құбылыстың астарлы сырын сезіне білді де өзінің өзекті мәселеден туындаған сыншыл ой-танымын қара сөздерінде, саяси-әлеуметтік лирикаларында көрсете отырып, қоғамдық ойдың сарабына ұсынды. Өйткені болыстық ел билеу жүйесі отарланған бодан елдің ғасырлар бойы қалыптасып келген береке-бірлігін билікке таластыру арқылы бұза бастады. Қазақ арасында өмірде болмаған арыз, өтірік арыз, домалақ арыз, пара беру арқылы бір-біріне жала жабу тәрізді ел ішіне іріткі салар әдеттер, тіпті, сүттей ұйып отырған отбасы, яғни бір ата-анадан туған ағайын арасына дейін бұзып, партияға бөліну секілді жағымсыз мінездер шөпке түскен өрттей қаулап кетті. Абайдың патша ағзамның өзіне жазған телеграммасында: «Қазақ даласында болыс сайлауды қойсаңыздар, губернатор сайлаусыз-ақ болысты өз указдарын шығарып назначить етсе. Себебі болыс сайлаймыз деп халық арасынан әдейі дау-дамай туғызып, іріткі салынып жатыр», деп халыққа жат саясаттан, яғни «жабайыларды жабайылардың қолымен тұншықтыру» саясатын әдейі жасап отырғанын меңзей айтатыны бар. (Марғұлан үй архивінен) («Өмірін әнмен әрлеген. Алматы, «Толғанай» баспасы, 2016»). Болыстық биліктің қаскөй саяси астарын сезінген сол кездегі «Сарыарқа» газеті «Қазақ заманы қалып, орысқа қараған соң, бір тағылымды ел, білімді жұртқа еріп, ілгері баспақ түгіл, бұрынғыдан жаман кейін кеттік... Енді біздің көксерлік ісіміз – тастаған сүйекке таласқан мойнақша орыстың знагіне таласып, ата-бабамыздың елдік, жұрттық сақтап келген бірлік-берекесін жыртып алғанымыз» деп жазуында сырттан енген саясаттың зиянын сезе бастағаны анық байқалып тұр.
Қазақ қауымында орын алған отаршылдық пиғылдың бар болмысын танып-біліп отырған ойшыл Абай ақынның «Зар шығады тілімнен» деген қайғыналасын шындықтың келмеске кеткенін тап басып ресми үкіметке ашынып айтып отыр.
Абайды налытқан басқару түрін ХІХ ғасырдың екінші жартысында зар заман ақындары да әшкерелеп, жаңа жүйенің қазақтың ата-бабадан бермен қарай сақталып келген ел билеудегі береке-бірлігін, рулы елді іркіттей ірітіп, ел тұтастығын қиратуға бағытталған бүлдіргі саясат екенін бәрі де сезінді. Ол себепті де болыстық басқару жүйесімен енген келеңсіздік атаулы зар заман ақындары поэзиясында өткір сынға алынып, мінеліп жатты. Бұл сол заманның ақын атаулысының өлең-жырларының ортақ тақырыбына, ортақ сарынына айналған бірегей құбылыс болды. Яғни ойшыл ақын Абайдың бұл құбылыстарды ой елегінен өткізіп-талдауынан туындап жатқан «зар шығады тілімнен» дейтін қайғы-наласының себеп-салдарын осылай ұғына алмақпыз.
Абай дерттенген бұл халық қасіреті әуелгі кезде құпияланып жүргізілді, келе-келе ашық әрекетке ұласып кеткен империялық саясатқа айналды. Сөйтіп, ол қазақтың рухани әлеміне сына қаға бастады. Отарлаудың кілті түземдік мектептер деп білген (қазіргі аралас мектеп) миссионер ғалымдар араб жазуын орыс қарпіне алмастыруды үлкен мақсат ретінде ұсынды. Мұны Ыбырай Алтынсарин де, Абай да білді. Отарлаушылар қазақ елін экономикалық жағынан меңгерумен бірге саяси идеологиялық тұрғыдан да шырмап алуға қызу кірісті. Бұл идеяларын жүзеге асыруда олар көп нәрсеге қол жеткізді. Империяның осындай оспадар қимыл-әрекеті Қазақстан тарихы мен әдебиетінде соңғы жылдарға дейін өркениетті құбылыс ретінде культрагерлік әдіспен санамызға сіңіріліп келді. 1982 жылы қазақ елінің Ресейге қосылуының 250 жылдығы кең көлемде ресми аталып та өтті. Қазақстанның Ресейге отарлануы кертартпа құбылыс деген таным қудалауға алынды. Тіпті, олардың ой пікірін оқырмандар назарынан тыс қалдырып келді. Мысалы, М.Шоқай Ресей империясының өзінің туған жерін жаулап, халқын бодан еткен қанды қол әрекетін әшкерелей жазатын «Жеңілмес ұлтшылдық» деген мақаласында Ресей отаршылдығына «...дүние жүзінде Түркістаннан басқа да елдер бар. Ол жерлерде үстем ұлттың озбырлығынан жәбір шеккендер аз емес. Алайда, дәл орыстың отаршылдық саясатындай сұмдықтарды тарих әлі көрген жоқ» деп ашына жазды. Осындай пікірді 1905 жылы Санкт-Петербург студенті М.Тынышпаев та айтқан еді. Осындай сарындағы өткір пікірді «Айқап» журналы мен «Сарыарқа» газеті де жариялап жатты. Осы сарындас пікірді отызыншы жылдары профессор Қ.Жұбанов «Ресейге қарағаннан кейін қайта әлсіреп, қазақ елінің бірлігі ыдырап, қоғам организмдері ұсақтап, осыған сәйкес қазақтың бұрынғы тума мәдениетінің негіздері сөгіліп, ұсақтанып, жарықшақтанып, бытырауға айналғанын көреміз» деп жазды.
Міне, Ресейдің қазақ даласын отарлаудағы қолданған астарлы сырын, яғни оның ел билеу жүйесіндегі «сексеуіл амалын» «жабайыларды жабайылардың қолымен тұншықтырудың» саяси әлеуметтік тамырын терең танып білмей, Абайдың саяси әлеуметтік лирикаларының мән-мағынасын терең түсіне алмай келеміз. Жалған танымның тұтқынына шырмалып қалдық. Бұл кедергі бүгінгі жаңа дүниетаным тұрғысынан жазылатын мектеп пен жоғары оқу орындарына арналған оқулықтарда мейлінше ашық баяндалуы керек екенін түсінетін уақыт жетті.
ІІ
Ойшыл ақын мұрасын танып-білу жолындағы
екінші кедергінің – Абай туындыларында жиі кездесетін терминдік мәндегі сөздерде жатыр. Бұл әсіресе, Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінде жиі ұшырасатын ислам әлеміндегі термин сөздерде кездеседі. Бұл термин сөздер ақын замандастарына танымал болса да, материалистік, атеистік дүниетаным негізінде қалыптасқан кеңестік дәуірдегі оқырмандар үшін шын мәнінде кедергіге айналған сыры беймағлұм ұғымдар еді. Өйткені, Абай шығармаларын оқыған кезде мағынасы беймағлұм шығыстық термин сөздер оқырман атаулыны қиындыққа ұшыратты. Өйткені, бұл термин сөздер ислам тарихынан бейхабар оқырманға түсініксіз. Бұл терминдік сөздің мән-мағынасын ашып, меңгеріп кету жағы тұйыққа тіреле берді. Мысалы, мен өзім Абайтанушы ғалым болсам да отыз сегізінші қара сөздегі «жәуанмәртлік» сөзінің мән-мағынасын түсініп кете алмай іздене бастадым. «Жәуанмәртілік» терминін ғылыми айналымға түсіруге ұмтылдым. Бір білсе, өзбек ғалымдары білер деп солармен пікірлестім. Өзбек әдебиетінің ақсақалы, академик Ізет Сұлтановпен пікірлесу үстінде «жәуанмәртлік» туралы білгенімді ақтардым. Сонда Ізет ағай: «Әй, бауырым, сен менен кеңес сұрап келіп, қайта жәуанмәртлікпен мені байытып тастадың ғой», деп әзілдеп күлгені бар.
«Жәуанмәртлік» туралы іздене жүріп, Абайдың әдеби шығармаларында ұшырасатын шығыстық термин сөздердің мән-мағынасын ашып, оқырмандар назарына ұсыну үшін «Абай лұғаты» деген кітапты жазып, баспаға ұсыну мақсатын алға қойдым. Ол үшін Қазақ КСР Ғылым академиясының филология сериясымен шығатын журналында алғашқы мақала, сөздіктерім жариялана бастады. Ұзақ жылдар бойы іздене жүріп, Абайдағы термин сөздердің мән-мағынасын қысқаша баяндайтын «Абай лұғаты» деген кітапты алдымен «Өнер» баспасы, кейінірек «Ұлағат», «Мектеп» баспалары жарыса жариялағаны бар. Жақында Қытай қазақтары сұрап алып еді, олар төте жазумен басылымға даярлап жатыр. Бұл басылымдар оқырмандар үшін Абай мұрасына кіру, термин сөздерді ұғыну, мәнісіне түсіну – қиынның қиыны екеніне іздену үстінде көзім жете түсті. «Абай лұғатын» жазу арқылы Абайды тану жолындағы екінші кедергі алынды. Мұнда Абайдың термин сөздері толық қамтылған жоқ, оны тағы да іздену арқылы толықтырып қайта жариялау міндеті алдымда тұр.
ІІІ
Үшінші кедергі Абайдың саяси-әлеуметтік, философиялық дүниетанымын танып, меңгеру қажеттілігі. Ол сол ескі қалпында орнынан қозғалмай тұр. Өйткені, Абайдың этикалық, эстетикалық, педагогикалық т.б. көзқарастары туралы жазылған зерттеулер, диссертациялар біржақты, сыңаржақ саясаттанған кеңестік идеологияның тұрғысынан жазылып, шырмауынан шыға алмаған. Мысалы, Абайдың этикалық, эстетикалық көзқарасына Абай мұрасының нәр алған рухани көздерінен, әсіресе, оның шығысынан тыс алып қаралуы себепті, зерттеулер сыңаржақтыққа ұрынды. Мысалы, Абайдың этика танымына арналған диссертация – Абайдың толық адам ілімінен тыс алынып қаралуынан да өз мақсатына жетпей қалуы, әсіресе, КОКП ОК космополитизм туралы қаулысы алға қойған талаптың ырқынан шыға алмауы да сол тұстың саяси-әлеуметтік жағдайына байланысты құбылыс екені белгілі.
Абай ойшылдық жайынан өзіне-өзі баға берген өлеңінде:
Өкінішті көп өмір кеткен өтіп,
Өткіздік бір нәрсеге болмай жетік.
Ойшылдың мен де санды бірімін деп,
Талап, ойсыз, мақтанды қалдың күтіп. (1886)
Үлгісіз жұрт үйретіп қалды кейін,
Көп надандар өзіне тартар
бейім. (1957, І том, 56-бет)
деп, өзіне қырық бір жасында ойшылдардың бірімін деген баға береді. Ойшылдардың бірі болсам да, өнердің бір саласына «Өткіздік бір нәрсені болмай жетік» деп өзіне-өзі сын айтатыны бар. Шынында, Абай ақындық өнерге қырық жасынан кейін ғана құлай беріліп, ойшылдықтың қолжетпес биігіне самғай көтерілді.
Абай өзінің өмірінің соңғы тұсында ой қорытындысы ретінде 1902 жылғы «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген атақты пәлсапалық лирикасын жазды.
Онда адамзат дүниетанымындағы шешуші мәселе – жаратушы ие мен оның сөзі Құранды және Пайғамбардың жолындамыз деген ұстанымын ашық жазды.
Шындық негізінде осылай болса да әрі оны Абай өз танымының іргетасы ретінде мәлімдеп отырса, қазақ философтары Абайдың осы дүниетанымдық әлемін Кеңестің тоталитарлық идеологиясына бейімдеп, Абай материалист, атеист деп танытып, қалың оқырманды осы затшылдық танымға ұйытты. Бұған нақты мысал, 1954 жылы профессор Қ.Бейсенбиевтің докторлық диссертациясы ретінде «Мировозрение Абая» деген монографиясы жарияланды. Абай материалист, атеист деген қорытынды ретінде берілген ой-таным сол тұстағы қоғамдық санада бірден-бір ғылыми ұстаным ретінде, бірден-бір дұрыс дүниетаным деп бағаланып, оқырман санасына сіңіріліп жатты. Жастар дүниетанымы материалистік, атеистік негізде қалыптасып, Абайды танып-білуде де осы затшылдық бағытта өрбіп жатты.
Абай мұрасын, оның аса күрделі пәлсапалық дүниетанымын танып-білудегі қол артқан жетістігіміз осы болғандықтан, бұл мәселені Абай мұрасын танып-білудегі үшінші кедергі деген пікірді ұсынып отырмыз. Бұл аса күрделі мәселе, яғни ойшыл хакім Абайдың пәлсапалық дүниетанымы Кеңестік билік тұсында материалистік, атеистік таным негізінде барлық ақпарат құралдары арқылы кең тұрғыдан толассыз насихатталып оқырман атаулының ой-танымына біртіндеп сіңіп жатты.
Ал бүгінде квантты физиктер өздері негізін салған материалистік, атеистік дүниетанымды терістеп, әлемді материя билемейді, Ұлы Сана билейді деген жаңа дүниетанымға табан тіреді. Квантты физиктердің көшбасшысы неміс ғалымы Макс Планк «Ғаламды Жоғары Сана билейді. Күллі әлем Оның көзге ілікпес қуаты мен өзара байланыста» деген ой байламына келді. Күллі материя атомдардан, ал атомдар энергетикалық өрістен тұратынына көз жеткізді. Күллі материалдық әлем қозғалыс үстіндегі энергетикалық тылсым өрісінен тұратынын, ол энергетикалық өріс бізге, біз оған әсер етіп табиғи байланыста болатыны анықталды.
Ендігі мақсат кедергіден арылудың жолы — әлемді Ұлы Сана билейді деген ұлы, түбірлі өзгеріс жолына түсіп, Абай дүниетанымын осы идеялық бағытымызға айналдыруда жатыр. Осыдан туындайтын екінші бір күрделі міндет қалың оқырман қауымды ескі затшылдық таным негізінен арылту жолында ұзақ уақыт насихаттың көрігін баса түсуге, талассыз ғылыми насихатқа жол беру міндетіне тірелеміз. Өйткені, затшылдық, құдайсыздық ескі танымынан арылу, біріншіден, әлемді Ұлы Сана билейді деген жаңа танымды санаға сіңіру, орнықтыру аса қиын іске айналып отыр. Ескі дүниетанымнан арылу, жаңа дүниетанымды санаға ендіру жолы, әсіресе, еуропалықтар мен ресейліктер үшін ұзаққа созылмақ. Себебі, ХVІ ғасырдан бүгінге дейін бес ғасыр мерзім ішінде олардың ой-санасы, дүниетанымы материалистік, атеистік дүниетаным негізінде қалыптасып, тас болып қатып қалған. Мұндай сананың өзгеруі – қиынның қиынына айналары анық. Ресейге бодан болған қырық жеті түрік халықтарының жиырма жетісі отарлау саясатына ұрынып, жұтылып кетсе, қалған жиырмасы жетпіс төрт жылдай Кеңестік билік ұстанған материалистік, атеистік саясаттың қысымына түссе де, ұлттық дәстүрі мен дінінен, ата-баба салтынан мүлдем қол үзіп кеткен жоқ. Сол себепті, бүкіл түрік халықтары түгелдей әлемді Ұлы Сана билейді деген жаңа дүниетанымына еуропалықтардан бұрынырақ түсе алады. Өйткені, отарлау қасіретіне қатты ұрынған қазақ халқы, бүгінде оның жас ұрпақтары ислам жолына тұтас бет бұрғанын ешкім де терістей алмаса керек.
Осы себептерді еске ала отырып, қазақ әдебиетінің аса қуатты саласы саналатын Абайтану бойынша жүргізілетін ғылыми зерттеулер онда өріс алған ескі дүниетанымды терістеп, Абайтанудың жаңа дүниетанымы негізінде түбірлі өзгеріске түспей тұра алмайды демекпіз. Сонда ғана Абай дүниетанымындағы ескі кедергі алынып, мәселе түйіні түбірлі жаңа таным тұрғысынан шешілуге бет алмақ.
Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты