«Адамзат баласын ядролық қауіптен құтқаруға шешуші үлес қосатын жаһандық деңгейдегі антиядролық қозғалыс құру – біздің парызымыз», – деді Н.Назарбаев «Ядролық сынақтарға тыйым салудан – ядросыз әлемге» атты халықаралық конференцияда сөйлеген сөзінде. Жиырмасыншы жүзжылдық аяқталып, адам баласы «Атом ғасыры» және «Экология кезеңі» аталып жүрген ХХІ ғасырға аяқ басты.
Жер ғаламшары өзінің берік дамуында алғашқы қадамдарын сәтті жасады. Ал біздің мақсатымыз – табиғат байлықтарын сақтау және оның мүмкіндіктерін қазіргі және болашақ ұрпаққа аманат ету. Жалпы, адамзат баласы иондық радиацияның салдары туралы ХХ ғасырдың қырқыншы жылдары Хиросима және Нагасаки қалаларына тасталған ядролық бомба жарылысынан кейін біле бастады. Біраз уақыт өткен соң Чернобыль апаты орын алды, одан кейін Семей полигоны да құпия болмай қалды.
Қазіргі уақытта ядролық трагедияның жаралары жазылып келеді, сынақтарға қатаң түрде тыйым салынған. Алайда, 1945 жылы тамызда жапондық Хиросима және Нагасаки қалаларында болған жағдай жан түршіктірді. Ондаған мың бейбіт тұрғын бір сағат ішінде күлге айналды, бірнеше ұрпақ сәуле ауруымен қиналды, қалада ірі шұңқырлар пайда болды.
Екі миллионға жуық адамды қайғы-қасіретке бөктірген Семей полигонының жабылғанына жақында 25 жыл болады. Сөйтіп, жарты ғасырға жуық жарылыстардан зардап шеккен Қазақстан жерінде ядролық қаруды сынақтан өткізуге соңғы нүкте қойылды. Полигон зардабын тартып, ядролық қарудан пайда болған қайғы-қасіреттен көз ашпай келген халқымыз бұл бастаманы зор ризашылық сезіммен қабыл алды. Семей полигонындағы жарылыстар халқымыз үшін орны толмас ауыртпалықтар әкелді. Жабылып, үні өшсе де талай адамды шырмауына батырып, талай ұрпақты құрбандығына айналдырған жарылыс дүмпуі әлі алыстап кете қойған жоқ. Қырық жылдан аса уақыт Семей халқының санасын улап, жанын жаралаған бұл қасіреттің зардабы күні бүгінге дейін сезілуде.
Бүгінде әлем ғалымдары Семей полигонының жарылыс қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2,5 мың есеге асып түседі деген тұжырым жасауда. Ауада және жер астында 500 шамасында ядролық жарылыс жасалғаны ақиқат. Жарылыс зардабының құрбаны болған халықтың жарым көңілі әлі де күпті. Жарымжан бала, өрімдей жастардың өлімі қабырғаны қайыстырып-ақ тұр.
Тәуелсіз мемлекет болғалы бері полигон аймақтарында тұратын және сол өңірде туып-өскен, сол уақыттарда тұрып, өмірлік мұқтаждықпен еліміздің басқа өңіріне қоныс тепкен халыққа көмекті күшейтсек жөн болар еді.
Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 18 желтоқсандағы заңы әлі күнге дейін толық шешімін таппай отыр және де ол заң полигонының зардаптарын, себеп-салдарын, тауқыметін толық шешуге қауқарсыз. Бұл Чернобыль және Жапонияның заңдарының деңгейіндей жетілмеген. Осының өзі-ақ Семей ядролық полигонынан зардап шеккендердің әлеуметтік мәселесі қайта қарауды қажетсінетінін байқатады.
Семей полигонының 2 миллионға жуық халықты, 304 мың шаршы километр ауданды қамтуы мыңдаған отандастарымыздың өміріне зардабын тигізді, туған жерімізді табиғи апатқа ұшыратты. Семей полигоны аймағындағы жарылыстардың 160-ы атмосферада жасалды. Сондықтан бұл аймақ ғаламдық ауқымдағы экологиялық апат аймағына жатады, оның кейбір бөліктері әлі де сағатына 3-5 микрорентген сәулесін көрсетеді.
Жапондық ғалымдардың Семей елінің төзімділігіне, халқының жанының сірілігіне амалсыз бас шайқауға мәжбүр болғаны әлі есте. Әуелде Семей полигоны аймағын мекендеген халықтың әулеметтік жағдайына аса мән берілмеді. Полигон аймақтарын тазартуға жөнді қаржы бөлінбеді. Ал жалпы ғалымдар аймақтың радиациялық қауіптілігі 24000 жылға созылады деген тұжырым жасауда. Соңғы кезде Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы Ядролық физика институтының директоры болған Қайрат Қадыржанов, полигон аймақтарын архипелагқа айналдырып, халық шаруашылығының қажетіне жаратуға болатынын жиі айтып жүр.
Өз басым полигон аймақтарын халықтын мүддесіне пайдалануға қарсымын, мұны қолдамаймын да. Себебі біз халыққа жарылыс зардаптарын, жарылыстың заңдылықтарын, жарылысты зерттеу нәтижелерін әлі де ашық көрсете алмай жүрміз. Ал Президентіміз Н.Ә.Назарбаевқа ризамыз, ол өзінің саяси ерік-жігерімен әлемдік тәжірибеде тұңғыш рет полигонды жауып, біздің республикамызды ядролық державалар құрамынан ерікті түрде шығарды.
Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте сөйлеген сөзінде: «Жаңа ғасыр оқиғаларының талпынысы қауіпсіздіктің ескі механизмдеріне жаңа көзқараспен қарауға мәжбүрлеуде. Соның ішінде ядролық елдерді басқарушы саясаткерлер тобы жаппай қырып-жою қаруын алдын ала жоспарланған жағдайға алып келе алды ма? Ядролық технологияларды тиімді бақылау, сонымен қатар, егемен елдердің бейбіт мақсаттағы атом өндірісін дамытуға қалай кепілдік беруге болады? Ядролық салада алдамшы емес, шынайы теңдікті қалай орнатуға болады? Ядролық қаруды таратпау мәселесінде дипломатияның шешім қабылдау деңгейі қандай?
Менің ойымша, осы және басқа мәселелер Вашингтондағы келесі Ядролық қауіпсіздік саммитінде ашық және маңызды талқыланатынына сенімдіміз. Ядролық державалар клубының бақылаусыз нығаю қауіптілігі – ХХІ ғасырдағы ең күрделі мәселелердің бірі. Егер халықаралық қауымдастық саяси еркіндікті тыймаса, ядролық қаруды иеленуші елдердің қатары көбейіп, бұл қайтарымсыз салдарларға алып келуі мүмкін», – деді.
Астана қаласында тұрып жатқан, полигонның зардабын тартқан азаматтардың мәселесін шешу үшін 2007 жылы «Семей-ЯП» қоғамдық қоры құрылған еді. Қордың нақтылы алынған тізімі бойынша Астана қаласында 5 мыңға жуық адам, ал жорамал бойынша 200 мыңға жуық Семей полигонынан зардап шеккендер тұрып жатыр. Үкімет тарапынан олар соғыс мүгедектерінің госпиталіне тіркелген, бірақ бұл емдеу орталығының мүмкіндіктері әзірге шектеулі болып тұр.
Болатбек ӘБДІКӘРІМ,
«Семей-ЯП» қоғамдық қорының төрағасы
АСТАНА