25 Тамыз, 2016

Жастар бірлікті жақтайды

425 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
фото Рафхата Халелова (138)-1Жастарға томаға-тұйықтық емес, қашанда бір-бірімен араласу мен құраласу, пікір таластыру және бірінен-бірі үйрену үрдісі тән болса – олардың көтерілер көкжиегі де қашанда биік болмақ. Өзара емен-жар­қын қарым-қатынастары тек бір елдің ауқымымен шектел­мей, мемлекетаралық сипат ала­тын болса, оның мәні тіп­тен айрықша. Республи­камыздың батыстағы боса­ғасы Орал қаласында ұйым­дастырылған «Бірлік-Единство.kz» халықаралық жастар лагері осындай кең тынысты бағдар­ламасымен ерекшеленді. Ақ­жайықтың төрінде Қазақстан, Ресей және Қырғыз елінен келген өрендер бас қосып, өздерін толғандырып жүрген мәселелер жөнінде егжей-тегжейлі әңгі­ме қозғады. Игі мақсаттағы іс-шаралар легі төрт күнге созылып, әртүрлі форматтағы сегіз тақырыптық блок бойынша ой-пікір алмасулар мен дебаттар, шеберлік сабақтары мен семинарлар өткізілді. Байыпты басқосу ке­зінде байқалған бір жағымды жайт – Ресейде тұратын қандас­тарымыздың қазақ тілін үйренуге деген құштарлығы. Олардың мұндай талап-тілектері де ескерусіз қалған жоқ. Тілдерді оқыту жөніндегі инновациялық-әдістемелік орталық мамандары Ресейдің Самара, Саратов және Омбы облыстарынан келген қаракөз қыз-жігіттерімізге «Тілда­рын» әдістемесі бойынша тілді тез үйрену сабақтары ұйымдастырылды. Тағы бір сүйсінерлігі, қазақ тілін тез мең­геру жөніндегі тех­нологиялық тәсілдерге сонымен бірге, орыс ұлтының өкілдері де мүд­делілік танытты. Мәселен, инновациялық дәріс алған Ляй­сан Баракова өз ой-пікірін былайша жеткізді: мен мұнда Са­мара қаласынан келдім. Қазір Ресейде тұрып жатқаныммен, өз болашағымды тарихи отаным – Қазақстанмен байланыстырғым келеді. Биыл Астанаға баруды жоспарлаған едім. Бірақ,  отбасылық жағдайыма байланысты жолым түспей тұр. Қазақ­стан мен үшін жаныма жақын әрі ыстық ел, – деді ол бізге қазақ тілінде. Сондай-ақ, халықаралық лагерьге жиналған жастарға толеранттылық сабақтар да, де­пу­таттық сағаттар да ұйым­дастырылды. Оны  Парламент Мәжілісінің депутаттары Наталья Жұмаділдаева мен Геннадий Шиповских өткізді. Олар тың­даушылар тарапынан қойыл­ған әлеуметтік бағдарламалар, жұ­мыспен қамту, жас кәсіпкерлерге ар­налған жеңілдікпен берілетін несиелер, мемлекеттік тілді үйрену және баспана мәселелері жөніндегі сан алуан сұрақтарға толыққанды жауаптар қайтарды. Осы орайда қазақ тілінде еркін сөйлейтін Г.Г.Шиповских ең жас Парламент мүшесі екенін де айта кеткен жөн. Оның жасы – жиыр­ма алтыда. Көршілес, бауырлас мемлекет жастары бас қосқан жерде оларды толғандырған мәселе­лер­ді өз ауыздарынан есту – бізге өте қажет. Өйткені, бұл ой-пікірлер жастардың құқығы мен мәртебесін қорғайтын заңдар шығаруға септігі мен көмегін тигізеді. Осы ретте Қыр­ғыз Республикасынан келген делегация басшысы Нұргүл Қадырқұловадан да сыр тартудың орайы келіп қалды. «Қазақ халқының пейілі мен құшағының кеңдігі өзінің дархан  даласындай екен. Қазақстанның батыс аймағына тұңғыш рет жолым түсіп отыр. Өзен-көлдері жарқырап, тал-теректері жайқалған әсем өңір екен. Лагерь қызметінің басты ұйытқысы Қазақстан халқы Ассамблеясына алғысым шексіз. Бұл қоғамдық құрылым бірлік пен тұрақтылықты сақтаудың басты кепілі екеніне тағы бір көзім жетіп отыр», деді ол бізбен әң­гімесінде. Бүгінде шекаралас мемлекеттер жастары арасындағы байланыстарды тереңдете түсудің маңызы жоғары. Сондай-ақ, таяу және алыс шет елдегі қазақ диаспорлары жастарына қолдау көрсете білудің де алатын орны бөлек болса керек. Мұндай көмек ең алдымен оларға рухани-мәдени тұрғыдан көрсетілгені жөн. Халықаралық жастар лагерінің алдына қойған басты мәселесінің бірі де осы екеніне де оған қатысу кезінде көз жеткізгендей болдық. Ең бастысы, Оралда өткізілген жастардың халықаралық басқосуы – Қазақстандағы бірегейлік пен біртектілікті және бірлікті қалыптастыруға ықпал жасай білді деп ой түюге болады. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы Суретте: халықаралық жастар лагері сәтінен көрініс Суретті түсірген Рафхат Халелов