25 Тамыз, 2016

Жаһанды арбаған жапондар

312 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
1447316206_ekspo-7077Экспо шежіресі: Осака, 1970 жыл ЭКСПО-70 Азия құрлығында өткен алғашқы Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі болды. Экономикасы және технологиясы қарышты дамыған Жапония көрмені өткізуге тыңғылықты дайындықпен келді. Соның нәтижесінде бұрынғы көрмелерге қарағанда Осакада өткен ЭКСПО-ға әлем мемлекеттері кеңінен қатысты. ЭКСПО қалашығындағы 107 павильонда әлемнің 77 мемлекеті мен халықаралық ұйымдарының жәдігерлері орын алды. 70-ші жылдары Жапонияның экономикалық даму қарқыны еселеніп, елде урбанизация нау­қаны кең қанат жая бастады. Осы кезеңде өткізілген ЭКСПО көр­месі елдің орталық аудандарын­да құрылыс және сәулет өнерінің қар­қынды дамуына ықпал етті. Бүкіләлемдік жетістіктер көрме­сіне дайындық барысында жапон­дық құрылысшылар Осака қала­сын урбанизация проблема­ларын шешу мақсатындағы сы­нақ ор­талығына айналдырды. Қала аумағынан Бүкіләлемдік жетіс­тіктер көрмесінің қалашығы үшін 330 гектар жер бөлінді. Көрме қа­ла­­шығының құрылысымен қа­тар, Осака қаласының инфрақұ­р­ы­лымын қайта жаңғырту мақ­сат­­ында ауқымды жұмыстар атқа­рыл­ды. Атап айтқанда, қаланың көлік қатынастарының желісі түбегейлі қайта құрылды. Үлкен әуежай салынды. Осака және Токио қаласы арасында үлкен жылдамдықпен жүретін пойыздарға арналған теміржол желісі тартылды. Соны­мен бірге, қаланы және көрме қа­лашығын бір-бірімен байланыстыратын ұзындығы 70 шақырымды құрайтын теміржол желісі тартылды. Көрме қалашығын айналдыра ұзындығы 4,3 шақырымға созылған, 7 стансасы бар аспалы теміржол желісі салынды. Қа­ла көшелерінде сағатына 10 мың адамды таситын жылжыма­лы тротуарлар эстакадасы орна­тылды. Осака қаласының инфра­құ­рылымын қайта құру және архи­тектуралық бейнесін жаңғырту бас­қа қалалардағы құрылыс ин­дус­триясының қарқын алуына үлгі болды. Осака қаласындағы Бүкіл­әлемдік жетістіктер көрмесі «Адам­­­зат үшін үйлесімділік және прог­ресс» деген жалпы тақы­рып­пен өтті. Әрбір қатысушы ЭКСПО-70 көрмесінің осы жалпы тақы­рыбын ашу үшін көрмеге қойы­латын жәдігерлерін жан-жақ­ты жетілдірумен болды. Көрме қалашығының архитектуралық көркі келген қонақтардың көңі­лінен шықты. Бүкіл көрме экс­позициясының бас архитекторы Кэндзо Танга 60-шы жылдары кең қанат жайған жапониялық метаболизм мектебінің жетек­ші өкілдерінің бірі болды. Мета­болизм мектебінің қалып­тасуы Жапонияда соңғы жылдары ке­ңінен дами бастаған сәулет өне­рінің үздік үлгілерімен қатар ескі үлгідегі архитектуралық нысандар ерекше үйлесім тапты. Көрме қалашығының құрылы­сын салу бұдан кейінгі жапондық архитектураға өзінің ерекше ізін қалдырды. Көрме қалашығындағы павильондар нысанын тұрғызу барысында батыл архитектуралық шешімдер іс жүзіне асырылды. Осындай тың шешімімен ерекшеленген «Сумитома» павильоны болды. Мамандар оны «ғарыштық» архитектура үлгісі деп бағалады. Сонымен бірге, сәулет өнеріне тән ерекшелігі жағынан «Тосиба Иси» павильоны көрме қалашығындағы нысандар арасында бөлекшеленіп тұрды. ЭКСПО-70 көрмесіне қатыс­қан қонақтар мен туристерді «Ми­цубиси» фирмасының павильоны барынша таңдандырды. «Жапония табиғаты және жапондар арманы» ұранымен жарақтанған бұл павильон көрмеге келушілерді өзіне магнитше тартты. Теңіз ас­тындағы қала сипатындағы бұл па­вильон жәдігерлері көрушілерді ұмытылмас әсерге бөледі. Архитектуралық шешімі жа­ғынан АҚШ павильоны да сәулет өнерінің тосын шешімдерімен ерекшеленді. Ұлыбритания па­вильондарындағы экспонаттар елдің өнеркәсіп, құрылыс және ғы­лым саласындағы жетістіктерін паш етті. Чехословакия мемле­ке­тінің павильоны таза шыныдан тұрғызылды. Әртүрлі бейне­лер­мен әрлендірілген чех шынысы құрылыс нысанының архи­тектуралық көркіне сән берді. Күн нұрына шағылысқан шыныдағы осы өрнектер бағалы асыл тастардай жарқырады. ЭКСПО-70 көрмесі павильондары ішінде КСРО павильонына тең келетін құрылыс нысаны болған жоқ. Бас архитектор М.Посохин және бас конструктор А.Кондратьев жобалаған бұл құрылыс нысаны жиналмалы тұғырдан құралып, сол кезеңдегі сәулет өнерінің небір озық ше­шімдерін паш етті. ЭКСПО-70 көрмесіне куә болған көрермендер мен мамандардың пікірінше, Кеңестер Одағының көрмесін тамашалауға ынтыққандар қатары күннен-күнге толас таппаған екен. Қыркүйек айында, ЭКСПО-70 көрмесі жабылар қарсаңында Кеңестер Одағының павильондарын тамашалауға 20 миллионыншы көрермен келген екен. Бүкіл ЭКСПО көрмесі тари­хында мұндай жетістік ешқа­шан болып көрмеген екен. ЭКСПО-70 көрмесіндегі КСРО-ның та­бысы бұдан кейінгі жылдарда да сирек қайталанатын көрі­ніске айналды. Бүкіләлемдік жетістіктер көр­месінің тарихында Жапонияда өткен ЭКСПО-70 көрмесі мә­ні мен мазмұны жағынан ең үздіктерінің бірі болды. Сонымен бірге, бұл ЭКСПО шежіресінде табысты өткен жаһандық шара ретінде тіркелді. ЭКСПО-70 көр­месі мемлекет бюджетіне 146 миллион таза табыс түсірді. Көр­ме қорытындысында оған келушілер мен қонақтар саны 64 218 770 адамды құрады. ЭКСПО-70 көрмесінің жалауы түсірілгеннен кейін оны ұйым­дастырушылар Осака сарайының алдындағы үлкен алаңға көрмеге қатысушылардың болашақ ұр­паққа арнаған үндеуін арнайы капсулаға салып, салтанатты жағ­­­дайда жасырды. Капсуланың ішіне: «Осыдан тура 5000 жыл өт­­кеннен кейін, яғни 6970 жылы ашу­ды өтінеміз» деген жолдауды да қоса жасырды. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»