Мемлекет басшысы «Жеке тұлғалардың Кеден одағының кеден шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу тәртібі туралы шартты ратификациялау туралы» Заңға қол қойды. Ағымдағы жылдың 30 қаңтарынан бастап заң күшіне енді. Іс жүзінде бұл құжат бізге не береді, Кеден одағы шегінде және одан тыс сапар шегуді қаншалықты оңайлатып, жеңілдетеді? Бұл туралы келіссөздер барысына және Кеден одағының қаржылық реттеу саласындағы нормативтік-құқықтық базасын құруға қатысушылардың бірі – Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Данияр АҚЫШЕВПЕН әңгімелестік.
«АЛҒАШҚЫ ҚАРЛЫҒАШ» РЕТКЕ КЕЛТІРЕДІ!
– Данияр Талғатұлы, күшіне енген шарт – Кеден одағы құжаттарының қаржылық топтамасының «алғашқы қарлығашы» ма?
– Расында да, бұл халықаралық шарт - Кеден одағына қатысушылардың қаржылық қатынастарын реттейтін алғашқы құжаттардың бірі. Экономикалық саясатқа жауапты мемлекеттік органдардың бірі ретінде Ұлттық Банк Кеден одағы шеңберіндегі қатысушы елдердің қатынастарын реттейтін бірнеше халықаралық шарттарды дайындауға қатысты және қатысып жатыр. Ратификацияланған шарттың Кеден одағы азаматтары үшін маңызы өте үлкен. Сондықтан да болар, ол үш елдің де барлық билік тармақтарында қолдауға ие болды. Шарт қарқынды дайындалды – даярлауға бар болғаны бір жыл кетті, бұл халықаралық құжаттар үшін өте қысқа мерзім, мұқият жасалды, барлық қажетті рәсімдерден жедел және салыстырмалы түрде жеңіл өтті. Құжатқа қатысты айтарлықтай ескертулер болған жоқ, себебі ол қолма-қол ақша қаражатын өткізу мәселелерінде Қазақстан азаматтарының өмірін жеңілдетеді.
Кеден одағы заңнамалық топтамасындағы басқа келісімдер туралы айтар болсақ, Ұлттық банк қаржы нарығының жұмыс істеуімен және ақша-кредит саясатын іске асырумен байланысты басқа да шарттарды дайындауға қатысты.
– Олар қандай құжаттар және Одақ шеңберіндегі сыртқы экономикалық қызметтің қандай мәселелерін қозғайды?
– 2010 жылғы 9 желтоқсанда Мәскеуде Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттер басшыларының Валюталық саясаттың келісілген қағидаттары туралы келісімге қол қойғанын еске сала кетейін. Қазір құжат ратификациялануға дайындық үстінде. Ұлттық Банк келіссөз жүргізушілердің бірі болды, осы келісімді әзірлеуге қатысты. Ресей мен Беларусь тарапынан келіссөздер барысына құзыреттеріне осы мәселелер кіретін қаржы министрліктерінің және орталық банктерінің өкілдері қатысты.
Келісім валюталық саясатты қалыптастырудың және жүргізудің тәсілдерін біртіндеп кезең-кезеңімен жақындастыруды қамтамасыз ететін қағидаттарды айқындайды. Құжат бағамдық саясатты үйлестіру, өзара есеп айырысуда ұлттық валюталарды пайдалануды кеңейту үшін жағдай жасау жөніндегі іс-шараларды көздейді. Сонымен қатар валюталық реттеу және валюталық бақылау саласындағы заңнамаларды үйлестіруді, ақпарат алмасуды қоса алғанда, валюталық бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын көздейді.
Бұл мәселелер жаңа емес. Олар мемлекеттеріміздің орталық банктері арасында үнемі талқыланды. Өзара іс-қимылымыздың тарихы тереңде жатыр, сондықтан да бұл мәселелер қалай болғанда да үнемі талқыланып келді. Бірақ бұл құжаттар алғашқы рет ең жоғары мемлекеттік деңгейде қабылданды. Валюталық саясаттың келісілген қағидаттары туралы келісім бойынша 2011 жылғы қыркүйекке дейін үкіметтер мен орталық (ұлттық) банктер арасындағы тиісті халықаралық шарттар мен келісімдерге қол қою көзделеді.
Бұл – қаржы нарықтарының реттеушілері үшін аса маңызды құжат. Бағамдық саясаттың және оны елдер арасында үйлестірудің барлық мәселелері пысықталатын болады. Кеден одағы бойынша әріптес елдер біздің де негізгі сауда әріптестеріміз болғандықтан, бұл мемлекеттердің бағамдық саясаты да біз үшін маңызды болып табылады. Келісім ратификацияланғаннан кейін біз сыртқы сауда және инвестициялық операциялар саласында оң әсерді, БЭК қатысушы мемлекеттердің аумағында қазақстандық тауарлардың, қызмет көрсетулердің және капиталдың еркін қозғалысының жақсаруын, ұлттық валюталық нарықтар өтімділігінің одан әрі артуын күтеміз.
Құжат қатысушы мемлекеттер резиденттерінің арасында сыртқы экономикалық қызметтін жүргізу талаптарын жеңілдетеді. Аталған құжаттардан басқа Ұлттық банк Кеден одағының тағы да бірнеше халықаралық құжаттарын дайындауға қатысты. Атап айтқанда, Кеден одағы елдері жүргізуі тиіс Келісілген макроэкономикалық саясат туралы келісім. Түрлі экономикалық саясат жүргізілетін елдерде не егер әріптес елдер түрлі даму кезеңдерінде болса, экономикалық ықпалдастыққа қол жеткізу мүмкін еместігі түсінікті. Сондықтан да Кеден одағына кірген елдер инфляция, мемлекеттік борыш және ІЖӨ-нің көлемі бойынша негізгі өлшемдерді орындауға талпынатын болып уағдаласты. Біз сонымен қатар, орталық банктер есеп айырысу жүйесіндегі қандай да бір тәсілдерге қарамастан қажет болған жағдайда өз бағамдық саясатын жүргізеді деп айқындадық. Бұл дұрыс деп ойлаймын, себебі көбіне болжамдар үшін қолданылатын индикативті цифрлар бір бөлек те, орталық банктің нарықтағы күнделікті жұмысы – бір бөлек.
Сондай-ақ ҚҰБ «БЭК қатысушы мемлекеттердегі қызметтер саудасы және инвестициялар туралы» келісім бойынша келіссөздерге қатысты. Бұл келісімді әрбір тарап үшін қолайлы жағдайларда дайындау өте қиын процесс болды. Әрбір ел өз мүддесін барынша ескеруге тырысты. Біздің елдерімізде қаржы секторын реттеудің кейбір қағидаттары мен тәсілдері, қолданылып жүрген заңнамаларымыз және қалыптасқан практика әр түрлі. Бірақ саяси еркіміздің болуы маңызды болып, ортақ тәсіл анықталды, ол үйлестірудің халықаралық стандарттар негізінде және қандай да бір мәселе бойынша алға кеткен елдің қағидаттарымен жүзеге асырылатынын білдіреді.
Біз Қазақстанның мүддесін барынша қорғадық, келісімдерге еліміздің мүдделері тұрғысынан қарадық, енді қаржылық өзара іс-қимыл жөніндегі бұл келісімдерден еліміздің экономикасы мен халқы үшін пайда әкелетін үлкен ықпалдастықты күтеміз.
ШЕКСІЗ АҚША – КЕДЕН ОДАҒЫ ШЕКАРАСЫНДА…
– Ратификацияланған Шартқа жүгінейік. Ол Кеден одағының бүкіл аумағында күшіне енгізілді ме?
– Мынадай белгілі бір заңды тәртіп бар: егер шарт халықаралық шарт болса, егер оның нормалары ұлттық заңнамада қолданылып жүрген нормалардан қаталырақ болса немесе жаңа ұстанымдар енгізілсе, онда ол ратификацияланбай тұрып елдің аумағында қолданылмайды. Түсіндіріп өтейін: біздің қолданылып жүрген заңнамада ақша құралдарының ұғымы болған жоқ. Яғни, халықаралық шартты ратификациялау үшін негіз болды. Естеріңізге салайын, «Жеке тұлғалардың Кеден одағының кеден шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу тәртібі туралы шартқа» Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің басшылары 2010 жылғы 5 шілдеде Астанада қол қойды. Ол оның 10-бабына сәйкес қол қойылған күнінен бастап уақытша қолданылады және ратификациялануға жатады. Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясы үшін Шарт ұлттық заңнамамен салыстырғанда, жеке тұлғалардың қолма-қол ақша қаражатын және ақша құралдарын өткізудің неғұрлым еркін тәртібін белгілейді, сондықтан оның нормалары осы елдердің аумағында оған қол қойылған күнінен бастап қолданылады.
Атап өткенімдей, Қазақстан үшін Шарттың нормаларын қолдану ақша құралдарын – жол чектерін және ұсынушыға арналған басқа да айналымдағы ақша құжаттарын декларациялау талаптары мәселелеріндегі тәртіпті қатаңдатуды білдіреді. Сондықтан ҚР Конституциясына сәйкес оның нормаларын Шартты елдің Парламенті ратификациялағаннан кейін ғана қолдануға болады. Осы Шартты ратификациялау туралы № 389 Заңға республиканың Президенті 2011 жылғы 17 қаңтарда қол қойды және «Казахстанская правда» және «Егемен Қазақстан» республикалық газеттерінде жарияланды. «Нормативтік құқықтық актілер туралы» ҚР Заңына сәйкес ол мемлекеттік және орыс тілдерінде ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік 10 күн ішінде күшіне енді. Осылайша, халықаралық Шарттың жеке тұлғалардың Кеден одағының кеден шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және ақша құралдарын өткізу тәртібін белгілейтін нормалары қазіргі уақытта Кеден одағының бүкіл аумағында қолданылады.
– Қазіргі халықаралық Шарт бұрын қолданылған ережелерді қалай өзгертеді және Кеден одағына қатысушы елдердің азаматтарына қандай басымдықтар береді?
– Мынадай қарапайым сұрақ туындайды: осы Шарт не үшін керек? Жауабы да қарапайым: азаматтар мен тауарлардың Кеден одағы шегінде кедергісіз – кедендік рәсімдерсіз өтуі, сондай-ақ азаматтардың қолма-қол ақшаны осылайша кедергісіз алып өтуін талап етеді. Құжат ақшаның Кеден одағы шеңберіндегі қозғалысының жолындағы барлық кедергіні жояды. Яғни, енді Кеден одағының ішінде қолма-қол ақша қаражатын және ақша құралдарын әкелу және әкету шектеусіз жүзеге асырылады және кедендік декларацияны ресімдеуді талап етпейді. Яғни, егер қажеттілік болса, онда Одақ шегінде кез келген соманы өткізуге болады. Мысалы, Алматыдан Қостанайға немесе Астанадан Таразға бара жатқан кезде әкеле жатқан ақша декларацияланбайды және мәлімделмейді. Сонымен қатар, Кеден одағының үшінші елдермен шектесетін бүкіл сыртқы шекарасында жеке тұлғалардың жеке мақсатта пайдаланылатын тауарларды, оның ішінде қолма-қол ақша мен ақша құралдарын өткізудің бірыңғай тәртібі қолданылады.
Халықаралық Шарттың нормаларын қабылдаумен қатар жеке тұлғалар кеденде декларацияламай-ақ үшінші елдерден әкелетін немесе үшінші елдерге әкететін қолма-қол ақша қаражатына арналған шек ұлғайтылады. Бұрын Кеден одағы елдерінің әрқайсысынан қолма-қол шетел валютасын декларациялау үшін шек баламасы 3 мың АҚШ долларын құраған болатын. Сондай-ақ қолма-қол ұлттық валютаға арналған шектер белгіленді. Сонымен қатар, ұлттық заңнамада қолма-қол ақша мен ақша құралдарын әкелу және әкету үшін растайтын құжаттарды ұсыну бойынша әртүрлі шектер мен қосымша талаптар белгіленді.
Халықаралық Шарттың нормаларында әкелу және сол сияқты әкету үшін «жасыл дәлізге» арналған бірыңғай шек белгіленді: жеке тұлға кедендік декларацияны ресімдеместен Кеден одағының шекарасы арқылы ақша қаражатын – 10 мың АҚШ долларына дейін қолма-қол ақша мен жол чектерін өткізуге құқылы.
Шартта белгіленген тәртіпте сондай-ақ өткізілетін қолма-қол ақша мен ақша құралдарының сомасына және санына қойылатын шектеулер көзделмеген. 10 мың АҚШ долларынан асатын сомаға қолма-қол ақша мен ақша құралдарын өткізу кезінде, сондай-ақ басқа ақша құралдарын өткізу кезінде арнайы формуляр – Қолма-қол ақша қаражатының және (немесе) ақша құралдарының декларациясы бар жолаушылардың кедендік декларациясын толтыру ғана талап етіледі. Яғни, егер сома 10 мың АҚШ долларынан көп болса, декларациялау міндеттілігі басталады, егер аз болса, декларациялаудың қажеті жоқ. Әрине, бұл әр адамның қалауына қарай.
Сондай-ақ, бұрынғы заңнама бойынша, шектен көп соманы әкету кезінде олардың шығу заңдылығын растайтын құжаттарды ұсыну қажет болды. Енді бұл талап алып тасталды. Яғни, қолма-қол ақша мен ақша құралдарын декларациялау кезінде қандай да болсын растау құжаттарын ұсыну талап етілмейді. Қаржы мониторингінің мақсаттары үшін қажетті мәліметтерді жеке тұлға декларация нысанын толтыру кезінде көрсетеді.
Нысан Кеден одағы Комиссиясының 2010 жылғы 18 маусымдағы № 287 шешімімен бекітілді және осы ұйымның www.tsouz.ru ресми сайтынан көруге болады.
Жолаушылардың кедендік декларациясының «Қолма-қол ақша қаражатының және (немесе) ақша құралдарының декларациясы» деп аталатын қосымша формулярында қаржы мониторингінің мақсаттары үшін қажетті мәліметтерді көрсету көзделген. Оның ішінде шығу тегі және әкетілетін қаражатты пайдаланудың болжанған мақсаты туралы мәліметтер.
…АЛЫС ЕЛДЕР ҮШІН ЫРЫҚТАНДЫРА ОТЫРЫП
– Шартпен баламасы 10 мың АҚШ долларына тең декларацияланбайтын шекті сома белгіленген. Бірақ әр елдің өзінің бағамдық саясаты бар, қайткенде есептен жаңылмауға болады. Олай болмағанда тіпті 5-10 доллардың өзі бағамдық айырманың есебінен проблема тудыруы мүмкін …
– Егер сіздің өткізетін сомаңыз баламаға жуық екенін және жолаушының кедендік декларациясын беру күнгі бағам бойынша белгіленген шектен асып кету тәуекелі бар екендігін білсеңіз, онда алдын ала жолаушының кедендік декларациясының толтырылған формулярын дайындап алып, оны қажет болған жағдайда кеден органына берген жөн. Бұлай етпеген жағдайда үшінші елдерге декларацияланбаған соманы өткізгені үшін жауапкершілік басталады. Жолаушының кедендік декларациясының нысанын Кеден одағы комиссиясының ресми сайтынан алуға болады. Жолаушының кедендік декларациясын толтыру тәртібі туралы толық ақпаратты кеден органдарынан алуға болады.
Құжатта – Шарттың 5-бабында бағамдық мәселелер былай түсіндіріледі. Жеке тұлға Кеден одағының кеден шекарасы арқылы қолма-қол ақшаны және жол чектерін өткізген жағдайда долларға қайта есептеу қолма-қол ақша қаражаты мен жол чектерін шекарасы арқылы өткізген елдің заңнамасында жолаушының кедендік декларациясын беру күнгі белгіленген бағам бойынша жүзеге асырылады.
Қазақстанда АҚШ долларына қайта есептеу бағамы «Валюталарды айырбастаудың нарықтық бағамын анықтау және қолдану тәртібін белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2009 жылғы 28 қаңтардағы № 36 бұйрығына және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2009 жылғы 26 қаңтардағы № 4 қаулысына сәйкес айқындалады. Теңгенің долларға қатысты нарықтық бағамы осы валюталардың Қазақстанның қор биржасында алдыңғы күнгі таңертеңгі сессияда қалыптасқан орташа алынған биржалық бағамы ретінде айқындалады. Теңгенің басқа валюталарға қатысты бағамы Алматы уақытымен сағат 15.00-дегі қалыптасқан жағдай бойынша кросс-бағамдар арқылы есептеледі. Кедендік және салық мақсаттарымен ҚР ҰБ күн сайын Валюталардың ресми бағамдарының арнайы тізбесін қалыптастырады. Оны декларация берілген жердегі кеден органында не Ұлттық Банктің ресми сайтында: www.nationalbank.kz көруге болады.
Беларусь Республикасында да және Ресей Федерациясында да осындай ережелер бар. Валютаны қайта есептеуге арналған бағамды не кеден органдарында (олардың ресми сайттарында) не орталық банктердің ресми сайттарында білуге болады.
– Ақша құралдарының қатарында бағалы қағаздар және жол чектері де аталады. Егер жол чектерімен олардың номиналы және оларды алып өту ережесі қалай болғанда да түсінікті болса, онда басқа бағалы қағаздар құны қалай анықталады, оларды басқа елдерде қолма-қол ақшаға айналдыру мүмкіндігі қандай?
– Біздің заңнамада осы мәселелер шын мәнінде реттелмеген. Енді халықаралық Шартқа сәйкес, айналымдағы ақша құралдарын декларациялауға талаптар енгізілген. Оларға, жол чектерімен қатар вексельдер, банк чектері жатқызылған, сондай-ақ құжаттандырылған нысанда ұсынушыға арналған бағалы қағаздар IX ФАТФ арнайы ұсынымдарының талаптарына сәйкес келеді.
Бағалы қағаздардың құнын айқындау барлық уақытта бірдей мүмкін болмайтынын негізге ала отырып, декларация берген кезде Шартта жол чектерін қоспағанда, ұсынушыға арналған ақша құралдарын өткізуді міндетті декларациялаудың сомасына қарамастан жүзеге асырылуы көзделген. Номиналды көрсету қиын болған кезде жолаушының кедендік декларациясында өткізілетін ақша құралдарының саны көрсетіледі.
Ұсынушыға арналған ақша құралдарын басқа елдердің қолма-қол ақшасына айналдыру мүмкіндігін бағалауды алатын болсақ, бұл қаржылық барлау бөлімшесінің қызмет аясына кіреді.
– Төлем карточкаларының – Шарттан тысқары екеніне көңіл аудардым.
– Шартта карта жайында айтылмайды, себебі валютаны нақты өткізу жүргізілмейді. Төлем картасы – бұл банк шотына кіру құралдарының бірі ғана. Төлем картасын өткізу фактісінің өзі ақшаны әкелу немесе әкету болып табылмайды, сондықтан Шартта төлем карталарын әкелу/әкету жағдайлары қамтылмайды. Қаржы мониторингін жүргізу мақсатында төлем карталарын пайдалана отырып жасалатын транзакцияларға банк шоттарынан қолма-қол ақша алу үшін белгіленген талаптар қолданылады.
– Кеден одағынан тысқары валюталарды өткізу мәселесі қандай заңнамалық нормалармен реттеледі?
– Валюталарды Кеден одағының шекарасы арқылы өткізу, оның ішінде оны тысқары әкету талқыланып отырған халықаралық Шарттың нормаларымен реттеледі. Бірнеше мемлекеттің шекарасы арқылы транзиттік өткізу кезінде Шарттың нормалары Кеден одағының үшінші елдермен сыртқы шекарасын әрбір нақты өткен кезде қолданылады. Бұл ретте, жеке тұлғалардың қолма-қол ақшаны және бағалы қағаздарды Кеден одағының ішінде өткізуі шектеусіз және кедендік декларациялаусыз жүзеге асырылатынына назар аудару қажеттігін қайталап айтамын.
БАС ТӨРЕШІ – ЗАҢ
– Жеке тұлғалар Кеден одағының комиссиясына немесе Кеден одағы сотына кеден қызметінің іс-әрекетімен келіспеген жағдайда шағым жасай ала ма немесе бұл құқық тек тараптарға – шартқа қатысушы мемлекеттерге қолданыла ма?
– Шартта кеден органдарының заңсыз іс-қимылдарына шағым жасаудың ерекше тәртібі көрсетілмеген. Жеке тұлғалар тараптардың ұлттық заңнамасында көзделген тәртіпте өз құқықтарын қорғай алады. Сондай-ақ Кеден одағы шеңберінде Кеден одағының бірыңғай Кедендік кодексі қабылданды және кедендік рәсімдер бірегейлендірілді. Одаққа қатысушы мемлекеттердің кеден органдарының жұмыс тәртібі бойынша ақпаратты тұрғылықты жері бойынша кеден органдарына өтініш білдіру арқылы не Кеден одағы Комиссиясының ресми сайтынан алуға болады.
– Ұлттық Банк валюталық режимді ырықтандыру ұстанымын қолдайды. Бұл құжат жүргізіліп отырған саясатқа сай келе ме, оның маңызды ережелерін түзету қажет болды ма?
– Құжат біздің валюталық режимді бұдан әрі ырықтандыру саясатымызды жалғастырды. Оның айқын мысалы ретінде декларация шегінің 3-тен 10 мың долларға дейін ұлғаюын атап өтуге болады. Бұл норманы Шартқа қатысушы тараптар белсенді талқылады, бірақ барлығы да халықаралық практикада қолданылып жүрген нормаларды қолдану қажет деп тапты. Бұл біз ұсынған ырықтандыру өлшемдеріне толық көлемде сәйкес келеді. Біз ұсақ операциялардың мониторингінен бас тартқанымызды, мәмілелерді паспорттау шегін көтергенімізді естеріңізге сала кетейін. Ірі экономикалық маңызды операциялардың мониторингін жүргізу қажет деп санаймыз, өйткені ұсақ операциялардың барлық жалпы көлемінің өзі ел үшін үлкен тәуекел тудырмайды.
Енді Шарт қабылданып, ратификацияланған соң және оның нормалары ұлттық заңнамадан жоғары болғаннан кейін (атап айтқанда «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» ҚР Заңының 18-бабы), біз қазірдің өзінде заң жобалау жұмыстарының 2011 жылға арналған жоспарына тиісті өзгерістер енгізуді қостық. Яғни, біз ұлттық заңнамамызды халықаралық Шартқа сәйкес келтіреміз.
БАСТЫ ӘСЕР – ӘЛЕУМЕТТІК
– Ұлттық Банк халықаралық Шарт күшіне енгенде қандай экономикалық әсерді күтеді?
– Бұл жерде негізгі әсер экономикалық әсер емес, көбіне әлеуметтік деп ойлаймын. Сол сияқты бұл құжат үш елдің азаматтарына «таза адамгершілік тұрғысынан» түсінікті және олар мұны толық көлемде бағалайды деп ойлаймын. Енді Кеден одағының елдері бойынша сапарда жүрген кезде ешкім қалтасында қанша ақша бар екендігі туралы есеп бермейді.
Қазақстан азаматтары үшін қабылданған Шарт «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» ҚР Заңының 18-бабында көзделген қолданыстағы тәртіппен салыстырғанда бірқатар басымдық береді. Егер түйіндеме жасайтын болсам: бұл біріншіден, Кеден одағынан тыс шыққан кезде валютаны міндетті түрде декларациялау шегі баламасы 10 мың АҚШ долларына дейінгі сомаға ұлғайтылды. Екіншіден, Кеден одағына мүше мемлекеттер арасында қолма-қол ақша қаражатын, жол чектері мен бағалы қағаздарды өткізу шектеусіз жүзеге асырылады. Үшіншіден, баламасы 10 мың АҚШ долларынан асатын сомаға қолма-қол шетел валютасын әкеткен кезде оның шығу тегінің заңдылығын растайтын құжаттарды ұсыну талап етілмейді.
Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің қолма-қол ақша қаражатын және айналымдағы ақша құжаттарын нақты тасымалдауға қаржы мониторингінің тиімді жүйесін қалыптастыруы халықаралық Шартты қабылдаудың тағы бір мақсаты болып табылады.
Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің бұл мәселелерді өз елдерінің азаматтарының мүддесі үшін шешуге деген әзірлігін тағы да атап өтемін. Осы және басқа да құжаттарды қабылдауға байланысты мәселелерді анағұрлым жедел шешу үшін жұмыс топтары келіссөздердің маңызды бөлігін бейне-конференциялар режимінде жүргізгендігін атап өткім келеді. Бұл формат осындай немесе өзге ұстанымдарды қараудың тиімділігі мен жеделдігін арттырды. Ал, тұтастай алғанда, мұндай шарттар елдердің экономикалық ықпалдасуын арттырып қана қоймай, сондай-ақ адамдардың арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуға ықпал ететініне деген сенімім мол.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Алевтина ДОНСКИХ.
Жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасында қолма-қол валюта мен ақша құралдарын өткізу тәртібі
|
Қолма-қол
ұлттық валюта |
Қолма-қол шетел валютасы |
Жол чектері |
Өзге де ақша
құралдары
(вексельдер
және т.б..) |
Құжаттанды-
рылған нысан-
дағы бағалы
қағаздар |
Халықаралық Шарт ратификацияланғанға дейінгі қолданылған тәртіп* |
1. ҚР-на әкелу |
Егер әкелу сомасы
баламасы 3 мың $
болатын сомадан
асатын болса, міндетті
жазбаша декларациялау |
Егер әкелу сомасы
баламасы 3 мың
$ болатын сомадан
асатын болса, міндетті
жазбаша декларациялау |
Реттелмейді |
Реттелмейді |
Реттелмейді |
2. ҚР-нан әкету |
Егер әкету сомасы
баламасы 3 мың
$ болатын сомадан
асатын болса,
міндетті жазбаша
декларациялау |
Егер әкету сомасы баламасы 3 мың
$ болатын сомадан асатын болса, міндетті жазбаша декларациялау |
Реттелмейді |
Реттелмейді |
Реттелмейді |
Баламасы 10 мың $ асатын соманы әкету
үшін әкелу кедендік декларациясы не
ЖТС және мүлік бойынша салық декларациясын ұсыну талап етіледі |
Халықаралық Шарт ратификацияланғаннан кейін қолданылатын тәртіп* |
1. ҚР-на БР-нан
және РФ-нан әкелу және ҚР-нан БР-на және РФ-на әкету |
Шектеусіз және декларациялаусыз еркін өткізу |
2. ҚР-на үшінші елдерден әкелу және ҚР-нан үшінші елдерге әкету** |
Егер қолма-қол ақша қаражатын (қымбат металдардан жасалған
монеталардан басқа) және жол чектерін әкелу/әкету сомасы баламасы
10 мың $ болатын сомадан асатын болса, міндетті жазбаша декларациялау |
Құжаттандырылған нысандағы ұсынушыға арналған вексельдерді, банк чектерін және бағалы қағаздарды әкелуді/әкетуді міндетті жазбаша декларациялау |
Ескерту:
* Жеке тұлғалардың Кеден одағының кеден шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу тәртібі туралы шарт
** ҚР-нан транзитпен БР және РФ арқылы үшінші елдердің аумағына әкеткен жағдайда және БР-на және РФ-на транзитпен ҚР арқылы үшінші елдердің аумағынан әкелген жағдайда декларациялау КО-ның кеден шекарасы нақты қиылысатын елде жүзеге асырылады