Сенімді дерек көздеріне сүйенсек, ТМД елдерімен салыстырғанда елімізде бұған дейін сәбилердің шетінеу көріністері алдыңғы орындардың бірінде болып келіпті. Әйтсе де соңғы кезде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы бұл жоғары көрсеткіштің 18,4-тен 9,2 промилге, яғни 50 пайызға дейін төмендегеніне бір есептен шүкіршілік етуге болатын да секілді.
Республикадағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми-зерттеу орталығы мамандарының облыста жүргізген мониторингтік зерттеулері біраз жайтқа қанықтырып отыр. Аталған орталықтың директоры, медицина ғылымдарының докторы Риза Боранбаеваның мәлімдеуінше, сәбилер мен балалар өлімін және осы орайда қайғылы жағдайлармен аяқталатын көріністерді ауыздықтау мәселесі – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Осы міндетті іске асыру үшін олар еліміздің барлық аймақтарына барып, консультативтік-әдістемелік көмектер беруді дәстүрге айналдыра бастапты. Сонымен бірге, бірқатар нақты ұйымдастыру мәселелері жөнінде де шеберлік сағаттарын өткізу ұйғарылған.
Тексеруге құрылмаған, тек бір жақты мониторингтік талдаулар жүргізуді алға қойған орталық мамандарының іссапары республикадағы бала өлімі жиі кездесетін өңірлерден басталыпты. Мониторингтік зерттеулер жүргізу барысында олар балаларды емдеу мекемелерінің кадрлармен қаншалықты деңгейде қамтылғанына да назар аударып отырады екен. Сондай-ақ, медициналық карталарға жасалған жан-жақты әрі терең талдаулар да бірқатар «әттеген-айлардың» бетін ашыпты.
Сонымен бірге, өңірлердегі сәбилер мен балалардың шетінеу көріністерін төмендетуге медициналық қондырғылар мен құрал-жабдықтардың тигізетін пайдасы мен көмегі де мол екені талассыз. Орталық мамандарының осындай өзекті де қажетті мәселелер жөнінде ой-пікір қорытуы және әдістемелік көмектер көрсетіп жүргендері тек қолдауға әрі құптауға лайықты іс болмақ. Бала өлімі көрсеткіші Батыс Қазақстан облысында кандай деңгейде? Біз бұған аталған орталық мамандары жүргізген мониторингтік зерттеулердің нәтижелері негізінде жауап қайтарғанды жөн көрдік.
Бұл орайда бірден айтарымыз, Батыс Қазақстан облысында сәбидің ағзасында туабітті және кейін пайда болған әртүрлі аурулар мен дерттердің салдарынан болатын балалар өлімінің деңгейі республикалық орташа көрсеткіштен біршама төмен екендігі. Тіпті Риза Зұқарнайқызының айтуы бойынша облыста аталған көрсеткіш республика аймақтары арасындағы ең төменгі орындардың бірін құрайды екен. Бұл көрсеткіш өңір педиатрларының біліктілігі мен кәсіби шеберліктерінің жоғары екенін де көрсете алады. Ең бастысы, облыста дәрігерлер қызметі оң жолға қойылған.
Алайда сәбилер мен балалар арасында кездейсоқ, күтпеген қайғылы оқиғалар азаймай отыр. Тіпті осы опындырарлық мәселені тұтастай бір өңірдің проблемалық ерекшелігі десе де болады.
Әрине, бұл мәселені реттеудің жолдары жеткілікті. Әрі бұған толық мүмкіндіктер бар. Сайып келгенде, мұны тек облыстағы денсаулық сақшыларының қолында тұрған іс деуге болмайды. Бұл үшін ортақ мақсатты көздейтін ведомствоаралық буындар құрылса, мұндай нақты іс-қадамдар оны болдырмауға септігін тигізбек. Бір сөзбен айтқанда, бұл қалың жұртшылық пен жергілікті атқарушы органдардың, денсаулық сақтау, білім беру мен ішкі істер басқармалары қызметін бір арнаға жұмылдыру деген сөз.
Өңірде өзгесін айтпағанда, тек биылғы жылдың басынан бері ондаған бүлдіршін кездейсоқ оқиғалардың салдарынан мерт болыпты. Оның дені бір жасқа дейінгі бөбектер екен. Сөз жоқ, олар мұндай қайғылы жағдайлар орын алмағанда қол аяқтары балғадай қоғамның толыққанды мүшесі болып қалыптасар еді-ау.
Орын алған өкініші мол көріністердің басты себебі –жол-көлік оқиғаларының әсерінен болған ауыр жарақаттар мен ата-аналардың ұқыпсыздығы болып отыр. Омырауындағы ана сүтін еміп жүрген сәбилердің арасында көмір қышқылының шамадан тыс көп шоғырланып, оттегінің жетіспеуінен болатын, ана сүтіне қақалып-шашалудан, тұншығудан, құсықты жөтелден орын алатын қайғылы оқиғалар облыста жиі кездесуде. Жас аналар өз перзенттерін омырау сүтімен қоректендіру кезінде оны дұрыс ұстамауынан кездесетін қайғылы жайттарға не дерсіз? Міне, төбемізден тағы бір жаз ауып келеді. Соңғы айлардағы шектен тыс ыстықтық балалардың өзен-көлдерге түсіп, шомылуын жиілетті. Биылғы маусымда балалардың суға батып кету оқиғалары да күрт көбейген. Оның үстіне суға батып, өмірмен қоштасқан балалардың саны былтырғы деңгейден артық.
Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми-зерттеу орталығының деректеріне сүйенсек, білікті кадрлардың тапшылығы байқалады. Алайда, бұл шешімін таппайтын мәселе емес. Өзгесін айтпағанда тіпті мұны реттеуге аталмыш республикалық орталықтың өзі де көмегін тигізе алатынына осы материалды газетке әзірлеу барысында көз жеткіздік.
Өйткені, олар балаларды емдеумен қоса осы салаға қажетті кадрлар әзірлеу ісімен де шұғылданады екен. Бұл арада мамандық деңгейін көтеру ісіне басымдықтар беріліпті. Соған сәйкес орталық республика өңірлерінен педиатрия мамандарын әртүрлі мерзімдегі білімін жетілдіру курстарына шақыру тәртібін енгізген. Бұл жөнінде орталық жетекшілерінің арнайы жұмыс жоспары жасақталған. Біз бүгінгі материалымызда тұтастай республика және жекелеген өңір мысалында балалар өліміне әрі оларды шетінеуіне жол бермейтін бірқатар жайттарды тілге тиек еттік. Осында айтылған мәселелер қалың жұртшылық пен тиісті ұйымдардың назарына ілініп жатса, ойға алған мақсатымыздың орындалғаны.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы