Санаулы күндерден кейін сабақ басталады, ал енді осыған байланысты туындайтын мектеп мәселелері Алматыда өткен дәстүрлі қалалық орта білім беру қызметкерлерінің «Білімді ел – Мәңгілік ел» тақырыбындағы тамыз педагогикалық кеңесінде жан-жақты талқыланды.
Сонымен, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өткен жиында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, сондай-ақ, қалалық мәслихаттың депутаттары, БҒМ қызметкерлері, ардагер педагогтар, жалпы білім беру мекемелерінің басшылары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері сөз алды.
Қалалық Білім басқармасының басшысы Рахат Шимашеваның мәлімдеуінше, қазір Алматыда 244 орта білім беру мектебі жұмыс істейді. Оларда 210 мыңнан астам оқушы бар. Соңғы жылдары мектептерде оқушылардың саны күрт өсуде. Тек өткен жылдың өзінде өсім – 10 мың адамнан асты.
– Бұл жерде қазақтілді мектептердегі шәкірттер санының артып жатқандығын атап өткен жөн. Егер, 2015 жылы мемлекеттік тілде білім алатын оқушылардың саны – 90 мыңды құраса, 2016 жылы олардың саны – 96 мыңға жетті. Биыл қазақ тілінде білім беретін жаңа физика-математика мектебі пайдалануға беріледі. Онда жаңартылған білім беру бағдарламасы, сондай-ақ, халықаралық инновациялық технологиялар енгізілетін болады, – деді Рахат Шимашева.
Жиын барысында биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша, республикамызда 19 түлек ең жоғары көрсеткіш – 125 балдан жинаса, оның алтауы – алматылықтар, яғни №12, №159, №162, №175 және №178-ші мектептердің түлектері екені айтылды.
– Бір айта кетерлік жайт, олардың барлығы қазақ тілінде білім беретін мектептерде оқыған! Қаламызда биылғы мектеп түлектерінің 44 пайызы тестілеуде – 100 балдан жоғары жинады. Бұл республикалық көрсеткіштен 25 пайызға жоғары! 254 түлек «Алтын белгіге» ие болды, – деді Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы.
Сол сияқты бес күндік оқу аптасына ауысу барысында сенбі күні де мектеп оқушылары үшін қосымша білім алу күніне айналуы тиістігі сөз болды.
Қарап отырсақ, ата-ана үшін де, мұғалімдер үшін де балалардың сабақтан тыс кездегі уақыттарын өздеріне пайдалы ету қай кезде де өзекті. Тамыз кеңесінде үйірмелер мен спорт секциялары бойынша да жұмыстарды күшейту қажеттігі қаралды.
Оған қоса, бүгінгі таңда білім сапасын арттыру мақсатында инклюзивті білім беруге барынша көңіл бөлуге қатысты шаралар легі айтылды.
Алқалы жиында сөз алған Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев әңгімені балабақшалардан бастады. Соңғы жылдары бүлдіршіндерді балабақшалармен қамту көрсеткіші үздіксіз жақсарып келе жатқанын атап өткен жөн. Қазір елімізде 450 мың балабақша бар. Жекеменшік балабақшалар саны 10200-дей болады. Бүгінде 400 мыңдай бүлдіршінді балабақшаға жіберу үшін мемлекеттік тапсырыс жасалынған.
Министрдің айтуынша, қазіргі кездегі өзекті мәселенің бірі – мектептерде мемлекеттік тілді дамытуда жаңа оқу әдістемелерін енгізу болып отыр.
Орыс тілінде білім беретін мектептерде қазақ тілі пәні оқытылатынына қарамастан, оқушылар мемлекеттік тілді қолданбайды. Сондықтан мемлекеттік тілді меңгерудің жаңа әдістемелерін енгізу қажет. Бұл іске біз отандық ғалымдар мен әдіскерлерді шақырып отырмыз. Яғни, қазір жаңа әдістемелердің жобасы дайын, – деді ол ойын түйіндеп.
Педагогикалық кеңес мұғалімдердің жалақысы, кадрларды даярлау сапасы, бірегей оқулықтар базасы сияқты проблемаларды аттап өтпейтіні аян.
Жиында министр, сондай-ақ, білім беру мекемелерінің басшылары мен ата-аналар комитетін мектеп формасына қатысты елді дүрліктірмеуге шақырды.
– Мектеп директорлары мен ата-аналар комитетіне үлкен өтініш, мектеп формасын сатып алуға қатысты дүрбелең туғызбаңыздар. Мектеп формалары оқу жылының алғашқы тоқсанына дейін сатып алынсын. Оқу жылы жақындағанда барып, қимылдай бастайтынымыз түсінікті ғой. Мектеп формасына қатысты анау айтқандай талаптар жоқ. Тек сіздерден өтінерім, осының барлығы уақытымен жасалсын, – деді білім саласының бірінші басшысы.
Осыдан кейін министр мемлекет тарапынан еңбектері еленген мұғалімдерді марапаттады.
Салтанатты сәттен кейін сөз кезегі қала әкімі Бауыржан Байбекке тиді. Қала әкімі соңғы бес жыл бойы Алматы ҰБТ нәтижесі бойынша көшбасшылықты бермей тұрса, ол да білікті мұғалімдердің еңбегінің нәтижесі екендігін айта келе, ұстаздардың жаңа ақпараттық технологияларды бір кісідей меңгеруіне қатысты жәйттерді жан-жақты баяндады.
Кеңес барысында өткен оқу жылының қорытындысы шығарылып, білім беру мекемелерінің алдағы 2016-2017 оқу жылына даярлығы, білім сапасын арттыру мәселелері талқыланды.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ
Суретті түсірген
Самат ҚҰСАЙЫНОВ