27 Тамыз, 2016

«...Ядро жұмыртқалаған заман»

841 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
полигон-манифест888Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін өткен кезеңге басқаша көзбен, сергек санамен қарайтын болдық. Ал кешегі түсінігіміз өзгеше болатын-ды. «АҚШ-ты артқа тастап, басып озып, коммунизмге кәдімгідей қол артқанбыз». Мәскеуден шыққан ұран-дүбірі бар болғыр, кең-байтақ қазақ даласында да кәдімгідей жаңғырып жататын. Мақтануға келгенде алдымызға жан сала қоймайтын халықпыз ғой, «төбеміз көкке екі елі тимей тұрғанын» айтып, кәдімгідей шаттанатын едік-ау... Тың игерудің астарына терең бойламай, Қазақстанның шаруа­шылықтары мерзімінен бұрын 1 млрд 340 мың пұт астық тапсыр­ды деп алақайлап, бөркі­мізді аспанға атып, Мәс­кеуге рапорт берген 1956 жыл да тарихқа енді. Бөспелікке беріліп кет­кеніміз соншалық, қазақ дала­сындағы қойдың санын 50 миллионға жет­кізбей тоқтамаймыз деп жанталастық емес пе. Жеткізіп үлгермедік, үл­гер­сек тағы бір мақта­нуға себеп болар еді. Коммунизмге тезірек жету үшін Қазақстанның өнеркәсібі қарыштап даму керек деп, КСРО-ның түкпір-түкпірінен алуан ұлттың өкілдерін шақырып, асар жасадық. Республикада көмір және темір кенін өндіру, болат балқыту, қара металдар прокаттаудың үлес салмағы өсті деп, Мәскеуге жеделхат жолдадық. Өн­діріс ошақтарын көп болып тұрғыздық, онда кеңес адамының қолтаңбасы бар деп тағы да аласұрдық. «Ұрпағымызды интернационалистік рухта тәрбиелеуіміз керек» деп бұл жолда да ешкімді алдымызға салған жоқпыз. Түрлі ұлтпен құда-жегжат болып, «құда – мың жылдық» деп кәдімгідей қауқылдастық... Адамның көзін шел басқаны сияқты бос мақтан, бөспелік белең алған жерде адам айналасындағыны нақты бағалаудан қалады екен. Сөйтсек, коммунизм түгілі, социализміңіздің өзі «кемелденіп» үлгермеген болып шықты ғой. Оны енді-енді бағамдап жатырмыз-дағы... Сөйтсек, біз «қой үстіне бозторғай жұмыртқа­ла­ған заманда» шалқып өмір сүріп, орыспен құда-құдандалы болып тойлап, «төбеміз көкке екі елі жетпей жүргенде», жеріміздің бір шетінде Семей даласында кәдімгідей аласапыран сынақ жүргізіліпті... Семей ядролық полигонында жалпы саны 456 ядролық және термоядролық жарылыс болып, олардың 116-сы жер бетінде немесе әуе кеңістігінде жасалған. Оның қасіретін мына бір деректен-ақ пайымдай беріңіз. Полигондағы әуеде және жер бетінде сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп! 1949 жылғы алғашқы жер бетіндегі жарылыс­тан бастап Семей және Павлодар облыстарындағы радиациялық сәулелену ықпалына ұшыраған тұрғындардың арасында сырқат санының ұдайы өскені байқалады. Бұлар – өкпе мен сүт бездерінің рагы, лимфогемобластоз және басқа да қатерлі ісік патологиялары. Жалпы алғанда рак ісігі сынақтар басталғалы бері үш есе артқан көрінеді. Адам түгіл осынау жарылыстар салдарынан Дегелең тауы да қиыршық тас үйіндісіне айналды. Таудың өзін үгіндіге айналдырған ядролық жары­лыс­тың адам ағзасына қалай әсер ететінін пайым­дай беріңіз. Әйтеуір, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізуінің арқасында қырық жылға созылған тажал тоқтатылып, 1991 жылы 29 тамызда Елбасы Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Қазақстан Президентінің Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммит шеңберінде жариялаған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің орны бөлек. Нұрсұлтан Әбішұлының «Семей ядролық полигонын жабу туралы күрделі шешім қабылдаған мемлекет қайраткері ретінде, мен әлемдік лидерлер мен бүкіл халықаралық қоғам­дастыққа ақыл-парасатқа жүгініңдер деп табанды өтінішпен қайырылып отырмын. Адамзатты ажал сепкен соғыс қатерінен әрқашан арылту үшін қолымыздан келген­нің бәрін жасауымыз керек. Біз үшін қазір және таяу болашақта бұдан көкейкесті міндет жоқ» деп айтуға толыққанды құқы­ғы бар. Өйткені, қазақ халқы көрген қырық жылдық сойқан басқаларға сабақ болуы тиіс. Өйткені, «қазіргі кездегі бірде-бір соғыста жеңімпаз болмайды және бола да алмайды, онда бәрі де жеңіледі». Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» Суретті салған Айдарбек ҒАЗИЗҰЛЫ , «Егемен Қазақстан»