27 Тамыз, 2016

Түпкі мақсат – түркілер тарихын тану

493 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
IMG_2094Халықаралық Түркі акаде­мия­­сының (TWESCO) ұйымдас­ты­руы­мен жолға шыққан «Тәңір­тау­дан Өтүкенге дейін: Ұлы дала көшпенділерінің тарихи-мә­д­е­ни қазыналары» атты II ха­лық­аралық экспедициясының жұ­мысы Моңғолия жеріндегі Баян-Агт сұмынында жалғасын тап­ты. Ежелгі замандардан бері атауы ешбір өзгермеген Ханүй мен Күнүй деп аталатын қос өзеннің құйылысында орналасқан «Шивэт ұлан» тарихи-ғұрыптық кеше­нінің ресми ашылу салтанатына экспе­ди­ция мүшелері мен аймақ­тағы жергілікті жердің билік өкіл­дері және тұрғындары қатысты. Осы экспедиция аясында өткен «Ұлы дала көшпелілері: тарихи-мәде­ни үндестіктер» атты дала се­ми­­нарын­да түркітілдес мемле­кет­тер­дің өкіл­дері мен түрлі халық­ара­­лық ұйым­дардың, сонымен қатар Моң­ғол еліндегі тиісті құры­лым­дар­дың маман­дары, белгілі ғалым­дар қаты­сып, пайымды пікірлерімен бөлісті. Таң қылаң бере Ханүй турис­тік базасынан шығып, күн ар­қан бойы көтерілгенде «Шивэт ұлан» кешеніне жеткен экспе­ди­ция мүшелерін жергілікті жұрт­шы­лық өздеріне тән дәстүр-жорал­­­ғы­ларымен қарсы алған бо­ла­­т­ын. Теңіз деңгейінен 1340 метр биік­­тікте жатқан көне түр­кі­лер за­манына жататын таң­ба­лы тас­­­тары бар кешендегі қаз­ба жұ­мыс­­тарының ресми та­ныс­тырылуына ғалымдардан бөлек, Бұлғын аймағындағы үл­кен­ді-кішілі шаруа қожалық ие­лері көп жиналған екен. Соңғы екі жыл бойы Түркі академиясының мұрын­дық болуымен зерттеу жұмыс­тары жүргізіліп жатқан кешен­де жаңалық аз емес. Онда бүгінге дейін Моңғолия мен Қазақ­станның археолог мамандары қазба жұмыстарын жүргізген. Экс­пе­диция сапарының аясында Халық­аралық Түркі академиясы мен Моңғолия Тарих археология институтының бірлескен тобы ағымдағы жылдың 15 маусымы мен 15 тамызы аралығында атқар­ған жұ­мыстары нәтижесінің ал­ғаш­­қы кезеңін көпшілікке таныс­тыр­ды. Археологиялық зерттеудің бас­ты мақсаты – көне түрік дәуі­рі­­нің қайталанбас бірегей әрі дара «Шивэт ұлан» ғұрыптық ке­шені­нің ғимараты мен жалпы жобасын анықтау. Сонымен қатар археологиялық жұмыстардың нәти­жесінде табылған дерек­тер­ге сүйене отырып, кешен құра­мын­дағы таңбатас, адам және жан­уар­дың тас мүсіндеріне ғылы­ми талдау мен жаңғыртулар жасау. Аспан астында ашық музей құру жолдары да қарастырылып отыр. Археологтардың көз жеткізген дерегінше, «Шивэт ұлан» ғұрыптық кешенінің жалпы құрылымы 120/45 метрлік аумақта базальт (жанар тас) таспен қаланған ұзына бойына созылып жатқан тік төртбұрыш пішінді 11 кішігірім мұна­ралы қамал қабырғалардан тұрады. Ішінде бітік тас пен оның тастан қаланған тұғыры, қамалдың қақпасы, қақпаның оң және сол жақ кіреберіс тұсы, орталық алаң, сонымен қатар сегіз қанатты бас қорған бар. Сонымен қатар арт­қы тұстағы қамал олардың ара­ларын байланыстырған тас қабыр­ғалармен жалғасқан. Көне түрік дәуірінде империяның қаған, йабғұ, шад, бұйрық, тархан, тегін сын­ды билік иелері мен өзге де жоғары лауазымды тұлғаларына арнайы ғұрыптық кешендер орна­тып, аруағына тағзым етіп, мем­лекет­тік деңгейде дәстүр, жорал­ғылар ат­қа­рып келгені бізге тарих­тан белгілі. «Шивэт ұлан» ғұрып­тық кешенін сондай орынға санап отыр. Ол елдің тұтастығын, бірлі­гін нығай­туға қызмет еткен. Бұл сөзі­мізді ғұрыптық кешен аумағында жатқан ені бір, биіктігі екі жарым метр ша­ма­сындағы тақта тастың бетіне бе­дер­ленген 50-ге жуық тайпалық таң­ба­лардың көрінісі нақтылай түседі. Кешен аумағын көзбен көріп, құнды жәдігерлерді жақыннан танып қайту үшін Түркиядан арнайы сапарлап келген Түркия Ғылым академиясының прези­денті Ахмет Аджар «Шивэт ұлан­ның» түркі әлемі тарихында алар ор­ны мен маңыздылығы жоға­ры екендігін айтады. Ал тарих ғы­лым­дарының докторы, Түркиядағы Эгей университетінің түрколог ғалымы Хатиже Ширын болса, «Шивэт ұлан» таңбаларын мұқият зерттеп-тануды жаңаша үлгіде жүргізу керек деген пікірде. Айта кету керек, ауқымды жоба­ға «Егемен Қазақстан» газеті де қа­тысу­да. Сонымен қатар «Қазақ­­стан» ұлттық телеарнасы ақпара­т­тық қолдау көрсетіп отыр. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан» – Моңғолиядан