18 Ақпан, 2011

Сайлау комиссиясында болды

372 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
16 ақпанда Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің уақытша сенімді өкілі Джон Ордвеймен оның өтініші бойынша кездесті. Кездесуде Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Джон Ордвейді алдағы болатын Қазақстан Республикасы президентінің кезектен тыс сайлауына дайындық барысымен таныстырды, деп хабарлады ОСК-нің баспасөз қызметі. Республика Президентінің кезектен тыс сайлауы екі ай мерзім ішінде өткізілетін болғандықтан, кандидаттар үшін де, сайлауды ұйымдастырушылар үшін де негізгі сайлауалды шараларды өт­кізу уақыты біршама қысқарса да жеткілікті болып табылады. Дегенмен, үміткерлердің өздерінің сайлауалды шараларын ұйым­дас­тыруға уақытының көбірек бо­луын көздей отырып, біз ОСК мен аумақтық сайлау комис­сия­лары үшін кейбір рәсімдерді өт­кізу мерзімін қысқарту қажет деп шештік. Соңғы жылдары өткі­зіл­ген сайлауларда сайлау­шылардың электронды бюллетеньдермен дау­ыс беру ди­на­микасын ескере отырып, алдағы сайлауда «Сайлау» ААЖ қол­данылмайды деген тоқтамға келдік, деді Қуандық Тұрған­құлов. Джон Ордвей Қазақстан Рес­публикасының қолданыстағы сай­лау заңнамасы кез келген сай­лауды халықаралық стандарт­тар­ға сәйкес өткізуге мүмкіндік беретініне сенімділігін білдірді және ҚР ОСК арқылы барлық сай­лауды ұйым­дас­тырушыларға табыс тіледі. Мен Қазақстанда бұдан бұрын өткен үш сайлау науқанының куәсі бол­дым. Біз биылғы науқан барысын да бай­қап отыратын боламыз, деп атап өтті Джон Ордвей. Кездесу соңында тараптар ҚР ОСК мен АҚШ елшілігінің ара­сында қалыптасқан ынтымақ­тас­тық пен өзара түсіністік дәс­түр­лерін одан әрі жалғастыруға келісті.