
«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген мақал бар. Мемлекеттің қақпағы жабулы болса да, кейбір көзі жылтыраған жемқорларға ұят ұя салмай тұр. Ащы да болса айтайық, бүгінде қолының сұғанағы барлар көп. Қазына қаржысын қалтасына басып, халықтың ақшасын ашкөздене опырып жеушілермен күрес үдеген сайын, олардың да араны ашылып бара жатқандай. Талай жемқор темір торға тоғытылғанмен, сыбайласқан қылмыстың құйрығын балта шаппай жатыр. Тап бір «борсықты ұрған сайын семіредінің» кері.
Жылдың басталғаны кеше. Бірақ осы аз ғана уақыттың ішінде Қызылорда облысы бойынша 7 сыбайлас жемқорлық қылмысы анықталған. Оның төртеуі парақорлық фактісімен қолға түсіп отыр. Ал бірі қызмет жағдайын пайдаланып, сеніп тапсырылған мүлікті иелігіне алмақшы болған. Қалған екі жағдай қызметтік өкілеттігін теріс пиғылда пайдаланған. Қысқасы, жыл басталмай жатып жемқорлармен күрес қызу басталып кетті. Таяуда Қызылорда облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің өкілдері былтырғы жылдың қорытындысын шығарды.
Өткен жылы облыс бойынша 436 қылмыс анықталыпты. Соның салдарынан мемлекет пен жеке азаматтарға 5,7 миллиард теңге залал келген. Департаменттің нақты іс-шараларының арқасында аталған соманың 3,9 миллиард теңгесі жемқорлардың тісінің арасынан суырылып алынған. Қазына мен жеке адамдарға қайтарылған. Енді сөзімізді нақты фактілермен жалғайық.
Осы мемлекеттің шеңберінде бизнеспен шұғылданып, кәсібі арқылы нәсібін тапқаннан кейін әрбір азамат салық төлеуге міндетті. Дегенмен «Энергетик және ДАС» ЖШС-ның құрылтайшысы А.Умриш салық төлемей қарық болуды ойласа керек. Ол 2009 жылы қазынаға 27,4 миллион салық төлемеген. Мұнша соманы мемлекетке бергенше, өз қалтасына басқанды ыңғайлы деп тапқан ол, қитұрқы әрекетке барған. Не істеген деңіз? Тәп-тәуір табыс тауып тұрған кәсіпорынды төлем қабілетсіздігіне әкеліп, қасақана банкроттыққа соқтырған. Солайша, салық төлеуден жалтармақ болған. Бірақ оның бұл қылмысы әшкереленіп, ісі сотқа өтті. Қызылорда қалалық соты бар шығынды оның мойнына іліп, айыппұл төлеуге соттады.
Облыстық қаржы полициясы мұнай-газ саласын да жіті назарда ұстайды. 2010 жылы мұнай және мұнай өнімдерімен заңсыз айналысқан 49 қылмыс ашылып, 220 миллион теңгенің өнімі тәркіленген. Мысалы, Қызылорда қалалық сотының үкімімен «Идеал ТАБ» ЖШС-ның директоры Ж.Тұрманова, «Қорқыт баба» ЖШС-ның құрылтайшысы Ш.Исмаил 3 жылға, «Үшқоңыр Қызылорда» ЖШС-ның директоры Б.Қойшыбаев 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айрылды. Аталған азаматтар қандай қылмысқа барған? Олар қылмыстық жолмен табылған 14 цистерна, яғни 834,8 тонна шикі мұнайды заңсыз сатумен және сатып алумен айналысқан. Қысқасы, алдын-ала сөз байласу арқылы сыбайлас қылмыс жасаған. Сот үкімімен 55 миллион теңгенің шикі мұнайы мемлекет пайдасына өндірілген. Ал «Мұнай Сервис ЛТД» ЖШС-ның директоры М.Сағындықов 2007-2008 жылдар аралығында 98 миллион теңгені құрайтын мұнай өнімдерінің қаржылық операцияларын заңсыз жүргізген. Оның да қылмысы ашылып, сот шешімімен 4 жылға абақтыға жабылды.
Мемлекет қаржысын құлқынынан өткізіп жіберіп, қармаққа ілінгендер де бар тізімде. Жалпы, бұл іс бойынша 120 қылмыстық іс анықталған екен. Соның салдарынан 301,6 миллион теңге қолды болған. Қызылорда облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бұрынғы бастығы Е.Сұлангереев өзінің орынбасары В.Мұхамедияровпен бірлесіп «бармақ басты, көз қыстымен» айналысқан. Олар өздерінің өкілеттігін теріс пайдаланған. 2008 жылы облыстық медицина орталығы мен өкпе ауруына қарсы күрес диспансерінің жылу қазандықтарын ілеспелі газға ауыстыру жұмыстары жүрген. Сол кезде аталған азаматтар белгіленген қаржыны өз мақсаттарына пайдаланып, мол ақша тамақтарынан өтіп кеткен. Нәтижесінде мемлекеттің бөлген 89 миллион теңгесі талан-таражға түскен.
Парақорлықпен тұрақты түрде айналысып отырған адамдар да бар екен. Олар мемлекеттен айлық алғанымен қоймай, қарапайым азаматтардан да тұрақты түрде пара алып отырған. Қызылорда облыстық қаржы полициясы парақорлықты кәсіп еткен бірталай азаматтарды құрықтаған. Олар: Қызылорда облыстық орман және аңшылық инспекциясы бастығының орынбасары Д.Аринов, Сырдария ауданы Інкәрдария ауылдық округінің әкімі М.Райбеков, осы ауданның Шаған ауылдық округінің әкімі Ж.Жансейітов, Қызылорда аумақтық инспекциясының бас маманы, мемлекеттік-ветеринарлық инспектор Г. Жұмалиев, Қызылорда қалалық салық басқармасының жетекші маманы Е.Тілеубердиев, Қызылорда облыстық соттар әкімшілігінің сот орындаушысы Т.Аманқұловтар. Аталған азаматтардың барлығы қылмыс үстінде ұсталып, әртүрлі мерзімдерге бас бостандықтарынан айрылған.
Ал Қармақшы аудандық әділет басқармасының бас маманы Б.Баймаханов аудан тұрғыны кәсіпкерлікпен айналысу үшін ашқан «Айлуна» ЖШС-ны тездетіп тіркеу ақысына 30 мың теңге бопсалаған. Әділет басқармасының бас маманы пара алу үстінде қолға түсіп, 1 жылға шартты түрде сотталды. Сондай-ақ, Арал ауданының Қосжар ауылдық округінің әкіміне қатысты да қылмыстық іс қозғалды. Ол мемлекеттік сатып алу бойынша ауылдық округте көгалдандыру мен абаттандыру және автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстары толық аяқталмағанына қарамастан, жұмысты қабылдап алған. «Сасқан үйрек артымен сүңгиді» демеуші ме еді, әкім өзіне қатысты қылмыстық іс қозғамауды өтініп, қаржы полициясының өкіліне 100 мың теңге пара берген. Сөйтіп, оның қылмысына қылмыс жамалып жатыр.
Қаржы полициясы облыс шеңберінде жасалатын сыбайлас жемқорлықтың мониторингін жасапты. Олар: мемлекеттік сатып алу, бөтен мүлікті иеленіп және ысырап ету, заңсыз жолмен табылған қаржы мен басқа да мүліктерді заңдастыру, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу, қасақана және жалған банкроттық, жалған кәсіпкерлікпен айналысу, салық төлеуден жалтару сияқты фактілер.
Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті басшысының орынбасары Теңізбай Шынтаев былтырдың өзінде облыстық деңгейдегі 7 тұлғаның үстінен қылмыстық іс қозғалғанын айтады. «Елбасы сыбайлас жемқорлықпен күресті тоқтаусыз жүргізуді талап етіп отыр. Сондықтан облыс шеңберіндегі қылмыстың ешқайсысы қаржы полициясының назарынан тыс қалмайды»,– дейді ол. Жұмыс осылай қарқынды жүретін болса, қоғамның да парақор мен жемқордан тазаратын күні туар...
Ержан БАЙТІЛЕС.
Қызылорда облысы.