22 Ақпан, 2011

Балалар бағдаршаммен достасты

537 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жуырда Жамбыл облыстық қа­зақ драма театрында жазушы Кө­сем­әлі Сәттібайұлының «Елгезек Бағ­даршам, Тоқ-Қуат және басқа­лар» деп ата­ла­тын ертегі-хикая­ты­ның желісі бой­ын­ша бүл­діршін­дер­ге арналған жаңа қойы­лымының премьерасы болып өтті. Шығарма бойындағы көркемдік сахнада әртістер шеберлігімен аста­сып, қойылым тұсаукесері сәтті шық­ты. Бала қиялын нәзік сезіммен шебер жымдастыра білген автордың ойын қоюшы-режиссер Анар Са­ғым­бекова сахнаға шашау шығар­май алып шық­қан болса, қоюшы-суретші Рахат Сапаралиева сахнаны бояуы қанық суреттермен әсем безендірген екен. Рөл­дерді сомдаған әртістердің костюмдері мен сахна декорациясы өзара үй­ле­сіп, балғын көрермендерді баурай түсті. Сонымен, Мәкіш әжейдің немересін жол қиылысында көлік қағып кетіп, ауруханаға түсіп қалған соң, Төлен шал басшыларға қайта-қайта барып жүріп, көшеге Бағдаршам ор­наттырады. Бұрын зауыт жұмысшы­ла­рының қолынан шығып, қорап ішінде жатқан Бағдаршам кең кө­шеге келгенде «есін» бірден жинай алған жоқ болатын. Дегенмен ақ­ылды Тоқ-Қуат келіп, кеңес берген кезден бастап ол айналасын «тани» бастайды. Көшедегі түрлі адамдар мен жан-жануарларды көріп, ненің жақсы, ненің жаман екенін түсінген елгезек Бағдаршам Ма­мақаз және оның Қазмойын, Аққанат, Ақмамық сияқты балапандармен та­ны­сады. Аусар-Алмастың бұзақы­лы­ғы­нан жа­ны түршіге шошыса, тіл та­бысып кеткен жаңа достарының қыл­ық­­та­рына сүйсінеді. Сахнадағы оқиға аусар Алмастың елгезек Бағдар­шам­ның «көзін» таспен атып, сынды­руы­мен шиеленісе түседі. Жеткіншектер қызыға тамаша­лаған қойылымда жас актерлер Ға­зиз Сұ­рап­па­ев (елгезек Бағдаршам), Жас­ұлан Қам­ба­тыров (Тоқ-Қуат), Ша­па­ғат Ер­ға­зиева (Мамақаз), Мақ­пал Құдайбер­ге­нова (Ақ­қанат), Гүл­дерай Әлімқұлова (Ақмамық), Жұл­дыз Ол­жабаева (Қаз­мой­ын), Жандар Қы­рық­­баев (Төлен шал), Ерсін Қа­лы­баева (Мәкіш әже) және Сұлтан Ома­ров (аусар-Алмас) ата-аналар мен бал­ғын көрермендер көңілінен шықты. Қорыта айтқанда, балаларға ар­налған «Бағдаршам» спектаклі сә­би­лерге бағыт-бағдар көрсетумен бірге бүлдіршіндер жанына рухани-мәде­ни тұрғыдан азық та болды. Демек, жа­зушының жақсыдан үйрену керектігін алға тарта отырып, жаманнан жирендіретін ертегі-хикаяты қойылым ретінде де сәтті шықты, демекпіз. Ардақ ҮСЕЙІНОВА.  Жамбыл облысы.