22 Ақпан, 2011

Апта айшықтары

391 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналды

Биылғы  Жолдауда  үстіміздегі жылдың басты оқиғасы ел Тәуелсіз­дігінің 20 жылдығын лайықты қарсы алу екені атап өтілгені белгілі. Об­лыс­та бұл бағыттағы шаралар қазірдің өзінде басталып та кетті. Облыс орталығындағы Нұрпейіс Байғанин атындағы облыстық балалар кітап­ханасы ұйымдас­тырған «Тәуелсіз ел — бақытты ел!» атты кітап көрмесі тура  тәуелсіздіктің 20 жылдығының тарихи  жылнамасы іспетті болды. Көрмеге қатысушыларға шағын концерттік бағдарлама ұсы­ныл­ды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе.

Жастар автокеруені жолға шықты

Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы жастар орталығының директоры Д. Қайыпов, Жамбыл облысы білімгерлері мен жастар одағы бірлестігінің төрағасы А. Әжібаев және «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері шалғайдағы Сарысу және Талас аудандарын бағытқа алды. Олардың басын қосқан ақпараттық-мәдени автокеруеннің мақсаты –  «Жол­дау: жастардан –жастарға!» деп аталатын акцияны ойдағыдай жүзеге асыру. Бұған дейін Жамбыл және Жуалы аудандарындағы ауыл жастарымен кездесіп, биылғы Жолдаудың маңызын екі жақты үн­қатысу арқылы түсін­дірумен айналысқан автокеруен мүшелері  мұндай тиімді үгіт-насихат жұ­мыстарын енді алыс аудандар­да­ғ­ы замандастары арасында жалғастырмақшы. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.

Куәлік немересіне тапсырылды

Алаш арыстарының бірі Халел Досмұхамедовтің Қазақ елінің келешегі үшін атқарған еңбегі ұрпақтар жадында жаңғырып тұрады. Әсіресе, Атырауда ғалымның есімі берілген университет алдында ескерткіші ашылған. Бір көше ғалым есімімен аталады. Еліміздің әр өңірінде осындай есте қалдыру шаралары бар. Былтыр Х. Досмұхамедовке облыстың құрметті азаматы атағы берілген. Өткен аптада осыған орай ғалым атымен аталатын университетте арнайы куәлікті ғалымның немересі Марат Досмұхамедовке тапсыру рәсімі өтті. «Қазір Қызылорда қаласында тұрғаныммен, еліміздің әр өңі­рінде Халел атамның аты асқақтағанын біліп жүремін. Бұл мен үшін, артындағы ұрпағы үшін үлкен мәртебе», деген ол Атырау университетінің мұражайына Х.Досмұхамедовтің Санкт-Петербургте, Оралда түс­кен суреттерінің  түпнұсқаларын тапсырды. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.

Съезд делегаттары анықталды

Өткен аптада облыс әйелдерінің басын қосқан конференция болып өтті. Онда  ақпанның ортасынан 1 наурызға дейін өтетін «Тілектер тізімі» республикалық акциясының шеңберінде жүргізілетін жұмыс жоспарлары талқыланды. Адам құқығы жөніндегі халықаралық бюроның  Қостанай облыстық филиалымен бірлесіп «Әйелдер көшбасшылығы», «Әйелдер озбырлыққа қарсы»  тақырыптарында семинарлар өтеді. Сонымен қатар жетім балаларға көмек акциясы да ұйымдастырылады. Осы конференцияда 5 наурызда өтетін республикалық әйелдер съезі­не облыстан қатысатын делегация құрамы жасақталды. Олар­дың арасында қоғамдағы белсенді әйелдермен қатар, 20 бала тауып, тәрбиелеп отырған Қамаш Сейітжанова, атақты механизатор, Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаева және жастар бар. Өмір ЕСҚАЛИ, Қостанай.

Салық төлеушілерге жақсы жағдай

Егемен ел атанып, тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бергі жерде мемле­кетіміздің іргесі нығая түсіп келеді. Шаңырағымыз шайқалмай, түтініміз түзу шығу үшін салық саласының уығы берік болуы керектігі айтпаса да түсінікті. Соған орай ана бір жылдары қаңырап бос қалған бұрынғы кәсіпшілер одағының ғимараты қалалық салық комитетіне берілген еді. Жуырда аталған комитет бұған қосымша жаңа ғимаратпен толықты. Солайша салық төлеушілерге қызмет деңгейі бұрынғыдан да жақсара түсті. Жаңа ғимараттың ашылу салтанатына облыс, қала басшылары Бердібек Сапарбаев пен Айбек Кәрімов қатысты. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей.

Наурыздың ортасына дейін жалғасуда

Облыстық «Орал Өңірі» газеті мұз астындағы балықтарды тұншығудан құтқару акциясына бастамашы болды. Оған қатысушылар Шаған өзенінде 523 ойық, 10 суат жасады. Шара кезінде мұздың қалыңдығы 50-55 сантиметрге жеткені анықталды. Сонымен бірге, қыс кезінде балықты тұншығудан қорғау шараларымен облыста «Есбосынов» жеке кәсіпорны айналысып келеді. Олар бұл істі наурыздың ортасына дейін жалғастырмақ. Өзен-көлдердің бетін мұз құрсап, қалың қар жабуы, сөз жоқ, балықтардың тұншығуына, тіпті, қырылуына әкеліп соқтырады. Бұл жәйт су құрамындағы оттегінің азайып кетуінен орын алады. Аталмыш акцияның аса қажеттілігі де осында, – дейді Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің доценті Мәрлен Шүкіров. Темір ҚҰСАЙЫН, Орал.