14 Қыркүйек, 2016

Диқанның әңгімесі

515 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
  Дәулет Қайырбеков көп жыл ішкі істер саласында қызмет етті, соңғы оншақты жылдан бері ол диқан. Бұл кәсіппен Қырғызстанның Ош облысынан келген Немат есімді өзбекпен танысқан соң айналыса бас­тады. Немат Алматы облысы, Талғар ауданында жалға жер алып көкөніс өсіретін. Дәулет те оған көршілес аймақтан жер жалдады. Қазір ол 30 гектар жерге көкөніс егеді. «Бұл кәсіпті жақсы көрдім, оның қыр-сырын қазір Нематтан кем білмеймін, бірақ еңбегім әлі ақталмады, Қазақстанда диқандық етіп мол пайдаға кенелу өте қиын», дейді ол.   Ош өзбектері – Алматыда Жылда шамамен шілденің соңына қарай Алматыға кіретін үлкен жолдардың бойында қауын-қарбыз, көкөніс сататын үлкенді-кішілі уақытша базарлар пайда болады. Қаланың шығыс жағындағы Гүлдала ауылында «Сұлтан» базарының жанынан осындай сауда орны жаңа салына бастапты. Бір-біріне жапсарлай салған, жан-жағы, төбесіне арзан материал тартылған, көлемі шамамен 3х3 метрлік жаппалар. Олардың алдында ескі ағаш материалдардан жасалған сауда сөрелері. Сөрелерде көрпелер жиналып тұр. Базар әлі ашылмаған.   14202988_621808757987638_559557406_o Шеткі жаппада бір шал, жас жігіт және кішкентай бала отыр, маңайда басқа ешкім көрінбейді. Шал ескі тақтайлардан орындық жасауда, жас жігіт ақ түсті қаптарды пышақпен айырып жатыр. Бала топырақтың үстінде қызыл ойыншық машинамен ойнап отыр. Рұқсат сұрап жандарына отырған соң базардың қашан ашылатынын сұрадым. Қалың, ұзын сақалды кісі шал дейтін шал да емес, әрі кетсе елулер шамасындағы кісі екен. Сақалды бірақ, мұрты қырылғаны еріксіз назарымды аударды. Аты Рапықжан, қап тіліп отырған жігіт күйеу баласы Үміт, 3-4 жасар Мұхамед – жиені. Қырғызстаннан келген өзбектер болып шықты (Құлжа трассасы бойындағы жабайы базарларда қараша айына дейін көкөніс саудасымен айналысатын адамдардың Ош өзбектері екенін былтыр осы уақытта білгем). Тігісінен айырған қаптар жаппаның ашық жеріне керіліп, кереге қызметін атқармақ. Осы жолдың бойымен елу шақырымдай жердегі Маловодное жақта жер жалдап, диқандық ететін жерлестері бар. Мына кісілер көкөністі солардан алып, осында әкеліп сатқалы отыр. «Сұлтан» базарының алдындағы саудагерлер де бұрынырақ келіп орналасып алған қандастары. Көбі мына базардан да орын алып қойды. «Қызанақтың келісін қазір 70 теңгеден алып, 100 теңгеден сатамыз» дейді Үміт. Ош облысындағы бұлар тұратын Өзген қаласының ер-азаматы қазір түгелдей дерлік Ресей мен Қазақстанда жүр. Негізгі тірліктері – көкөніс саудасы. «Сіздерде ештеңе екпей бос тастасаң, жерді өкімет алып қояды екен. Сондықтан бізге рахмет айтуларыңыз керек», дейді Рапықжан.   14152074_621808687987645_1031104813_o   Ресми мәліметтер бойынша, Қырғызстанда экономикалық белсенді тұрғындар ішіндегі жұмыссыздық – 2,2% немесе 201 мың адам. Өзген – Қырғызстандағы ең көне қалалардың бірі. Тұрғындар саны 52 000, оның 90%-дан астамы – этникалық өзбектер. Ел астанасы Бішкекпен арадағы автокөлік жолының ұзындығы 700 км.   Қазақ бақша салуды біле ме? Көрші жаппадан шыққан бір жас келіншек көрпе көтеріп қайта кірді. Жанында бір кішкентай сәби еріп жүр. Оның күйеуі мен отбасы «Сұлтан» базардың алдында сауда жасап отыр. Отбасыларымен көшіп келген бұл сау­дагер өзбектердің алдағы 3-4 айда тұратын үйі осы жаппалар болмақ. «Гүлдала» ауылынан әрі қарай шыққанда бір-екі шақырым жерде көкөніс ләпкесі тұр. Бұл жерде Гүлмира есімді орта жастағы келіншек сауда жасайды. Жолдың жоғары жағындағы 30 гектар жерді күйеуі Дәулет және колледжде оқитын ұлы үшеуі бірнеше жылдан бері жалға алып отыр. Гүлмира қызанақтарды сұрыптау үстінде. Бір жәшікке босаңқыраған қызанақтар салынып, 50 теңге деп баға қойылған. Ұлы клиенттерге жүк машинасынан қарбыз таңдап беруде. «Биыл курстас­тарымен жоспарлаған сапары бар еді. Бізге көмектесем деп қалып қойды. Түнде бұрыш суарды. Су дегеніңіз қазір мұздай суық, түн де суық. Қол-аяғынан өтіп кетті ғой, жаным ашығаннан жылағым келді», дейді шешесі. Қазір сауданың жаңа қыза бастаған кезі, алушылар жиі тоқтайды. Көлік келіп тоқтаған сайын қою шаң көтеріледі. Дәулет пен Гүлмира картоп, қыза­нақ, бұрыш, қияр, кей жылдары қарбыз егеді. Жерді жал­дау ақысы гектарына 50 мың теңге­ден басталады. Құнарына, суға жа­қындығына қарай баға да жоғары болады. Өнім жинауға адамдарды күніне 3000 теңге төлеп жалдайды. Ертең дүй­сенбі базарлар істемейтіндіктен бүгін өнім жиналмайды. Дəулет егіс басынан жаңа келген. Бір қарбызды әкеліп жарып, ортаға қойып қонақжайлық көрсетті. Оншақты жыл бұрын маңайдағы ауылдарды аралап көкөніс сатуды бастапты. Немат есімді қырғыз өзбегімен осылай танысады. Сосын өзі егіп көрмекке бел буады. Көшеттерді әлгі Нематтан алады. «Таңғы бесте онымен егіс басына бірге барып, түнде үйіне қайтқанға дейін жанынан шықпадым. Алғашында берген көшетін ектім, кейін «өзің отырғызып жатқан көшеттеріңнен бер» деп тұрып алдым. Сол көшеттер жақсы өнім берді. Өстіп жүріп диқандықтың құпиясын үйрендім», дейді ол. Ішкі істер саласында қызмет еткен ол қазіргі кәсібін әлі де мін көреді. Қанша өтінсем де суретке түсуге көндіре алмадым. «Былтыр қасымызға біреулер келіп орналасты. Трассамен кішкене жүрсең көресің, – деді Дәулет шығыс жақты нұсқап. – "Өз бақшамыздың өнімі" деп айғайлатып жарнама іліп қойды. Қайдағы өз бақшасы, бізден апарып сатады және бізден қымбат сатады. Бірақ елдің көбі бізден емес солардан алады. Өйткені, қазақ бақша егуді білмейді деген ой жұрттың миына сіңіп қалған». Дəулет биыл жазда жауын-шашын­ның тым көптігі егістікке әжептәуір зиян тигізгенін айтады. Шаруаны көз­бен көру үшін егін алқабына бардық.   Егіс басында Рөлі оң жақта орналасқан ескі Тойота көлігі егіс ортасындағы топырақ жолдың шаңын бұрқыратып келеді. Дәулет биыл жерінің негізгі бөлігіне картоп, қызанақ, пияз және бұрыш екті. Соның ішінде жақсы көктеп тұрғаны бұрыш қана. Картобының сабақтары қурап жатыр. «Екі рет дәрілеп колорадо қоңызын құртып отыратынбыз. Биыл шашқан дәрімізді артынша жауған жауын шайып кете берді. Міне, енді топырағы шығып жатыр. Жылда гектарынан орташа 16 тонна картоп алушы едім. Биыл төрт тоннадан аспады. Оның өзі ұсақ», дейді Дәулет.   14203609_621808521320995_1257084002_o Жылда екі рет шабылатын арамшөп биыл 6 мәрте оталған. Қызанақтың жайы да мәз емес. Толассыз жаңбырдан көбі шіріді. Бірнеше күннен бері күн ашық болып тұрғанның арқасында қайтадан түйін салып, бас көтерген қызанақтың ендігі жауы – кәдімгі қара қарға. Жемесе де бір-бір шоқып кете береді. Қарға шоқыған қызанақ ішіне ауа кіреді де бірден сола бастайды. Одан әрі қарай жүріп пияз алқабына бардық. Пияздар жартылай жердің бетіне шығып жатыр, сабақтары түгелге жуық сарғайған. Диқанның айтуынша, бұған кінәлі қышқыл жаңбыр. Егіс алқабында жап-жасыл боп жайқалып көз сүйсінтетін бұрыш алқабы деуге болады. Дәулеттің еккені «голландтық» деп аталатын тұқым екен. «Әр түбі 26 бас бұрыш беретін сұрып деп еді, 7-8-ден артық салмай тұр. Себебі, жауын көп, жауын көп болған соң түн салқын. Соның кесірінен бұрыш қызармай жатыр. Бұрыштың бәрі жап-жасыл болса, бағасы нашар болады. Дəулет осы уақытқа дейін диқанға керек техниканың бәрін сайлап болыпты. Бірақ мана айтқанымыздай, оның көкөніс егетін өз жері жоқ. Игеріл­мей жатқан жерлерді мемлекет өзіне қай­тарып, нағыз шаруа адамына беруге ұмтылып отырғанын біледі. Сондай жер­лерден 20 гектардай алуды арман­дай­ды. Бірақ ол үшін кәдімгідей жүгі­ру керек, қағаз жинап, мемлекеттік меке­ме­лердің табалдырығын тоздыру керек. Дәу­лет мұндайдан азар да безер болады.   8a «Бұрын егістік жерлерге тартылған тасарықтар болған. Кейін оның бәрі жоғалды. Жаңа жол салады, бірақ оның астына су өтетін арық қалдырмайды. Соның кесі­рінен қаншама жерге су бармай, қаншама алқап игерусіз жатыр. Оның бәріне су жетіп тұрса, жалдаған жерге төлейтін ақы да азаяр еді. Тыңайған жерден таңдап жүріп егін салатын едік. Осы Талғар ауданында тасарықтарды жөндеуге бәлен миллион теңге бөлінді деп естиміз. Бірақ ол тасарықты көрген ешкім жоқ», дейді Дәулет Мыңжасарұлы. Диқан мен баласы екеуінің әлдебір жерден әлдебір техника әкелу керектігі туралы әңгімесінен жұмыстарына кедергі жасап отырғанымды түсіне бастадым. «Енді бір айдан кейін біздің мына сөрелер толып тұрады. Сол кезде келсең болар еді», деді Дәулет қоштасарда суретке түсіріп жатқаныма қарап. Дәулеттің диқандықты кәсіп етуіне Не­мат себепкер болды. Алматы маңын­да жермен айналысатын және олардың өнімін үш-төрт ай жатып сататын, бүгін Қазақстанға әбден үйренген Ош өзбектерін айтам да. Олар да Нематты сағалап келе-келе осылай көбейді ме екен. Құлжа жолының бойында салынып жатқан жабайы базарларға қарап келе жатып осындай ой келді. Ержан ӘБДІРАМАН, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ