Елбасы Жолдауынан кейін агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің алдында көптеген тапсырмалар мен міндеттер тұрғаны белгілі. Облыс ауыл шаруашылығы жұмыстарының өткен жылғы қорытындылары мен биылғы жылға арналған міндеттерін ой елегінен өткізгенде де осындай тұжырымға келеміз.
Өткен жылы өңір агроөнеркәсіп кешенінде 7,7 млрд. теңге игерілді. Атап айтсақ, «КазАгро» ұлттық компаниясы арқылы 2,5 млрд., Оңтүстік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 476,1 млн. және басқа көздерден 1,7 млрд. теңге тартылған. Республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлінген қаржы мен тікелей трансферттерді, субсидияларды қоса есептегенде ауыл шаруашылығы саласына барлығы 2 млрд. 819 млн. 246 мың теңге жоспарланса, оның нақты игерілгені 2 млрд. 643 млн. 476,1 мың теңге болыпты. Ал мемлекет тарапынан жасалып отырған мұндай қаржылай қолдауға қыруар жұмыстар атқаруға болады.
Әңгімені агроөнеркәсіпшілер қол жеткізген жақсы нәтижелерден бастасақ, облыста ауыл шаруашылығының жалпы өнімі жылдан-жылға ұлғайып келеді. Мысалы, ол 2008 жылы – 63,2 млрд., 2009 жылы 68,4 млрд. теңгені құраған. Өткен жыл да жаман болған жоқ. Ал алда Елбасы Жолдауына байланысты бұрынғыдан да ауқымды міндеттер тұр. Мысалы, облыс агроөнеркәсіп кешені қызметкерлері 2014-2015 жылдары ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 79,0-84,0 млрд. теңгеге жеткізуді межелеуде.
Облыс агроөнеркәсіпшілерінің «азық-түлік себеті» тізіміндегі 20-ға жуық әлеуметтік мәні зор тамақ өнімдерінің ішінен 12 түр бойынша өңірді жеткілікті қамтамасыз ете алатын жағдайда екен. Бұл, әрине, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тапсырмасын орындауда жаман нәтиже емес. Бірақ «Өңірді әлеуметтік мәні зор тамақ өнімдерімен неге толық қамтамасыз етпеске?» деген де сауалдың қойылуы мүмкін ғой. Мысалы, облыс тұрғындарына қажетті І сортты ұнның 60-70 пайызы және нан, тоқаш, кондитер тағамдарын өндіруге қажетті жоғары сортты сапалы ұндар солтүстік облыстардан тасымалданады. Бұл талай жылдан бері сөз болып келе жатқан мәселе. Осы себепті Қазақстанның астық одағы, «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» акционерлік қоғамы және облыс әкімдігі арасында қол қойылған меморандумға сәйкес 4 астық өңдеу кәсіпорындарымен келісім-шарт жасалған. Олар облыстағы нан зауыттарын келесі жылдың қазан айына дейін 1 килосы 46 теңге тұратын бірінші сортты ұнмен тұрақты қамтамасыз етпек. Әлеуметтік маңызы бар негізгі азық түрлеріне баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен 114 млн. теңге бөлінген. Негізгі астық түрлерін сатып алу, сақтау және интервенция жасау тетіктері анықталған. Алғашқы интервенция өткен жылдың желтоқсан айында бағаны тұрақты ұстап тұруға мүмкіндік берген.
Ал облыс агроөнеркәсіпшілері өсірген мол астық ше? Халық қажетін өтемесе оған қыруар күш пен қаржы жұмсап керегі не? Мысалы, өткен жылы облыс бойынша 230,2 мың гектар алқаптан масақты дәнді дақыл жиналды. Әр гектардың орташа түсімділігі 15,8 центнерден айналды. Барлық алынған өнім 364,6 мың тоннаны құрапты. Масақты дәнді дақылдардан облыстық орташа көрсеткіштен жоғары өнім алған Қордай (21,0 ц/га), Жуалы (17,0 ц/га) аудандары ғана. Шаруашылықтар арасында егін өсірудің барлық агротехникалық шараларын дұрыс пайдалану нәтижесінде анағұрлым жоғары нәтижеге жеткендер де аз емес. Мәселен, Меркі ауданының «Сыпатай батыр» шаруашылығы 250 га суармалы жерге егілген ақ егістің әр гектарынан 65 центнерден дән бастырып, облыс бойынша ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Т.Рысқұлов атындағы ауданның «Шәушен», «Қайқы», «Шалқар» шаруа қожалықтары ақ егістің әр гектарынан – 30-32 центнерден, Қордай ауданының «Нұрал», «Благовещенка», «Қақпатас-Қордай» шаруашылықтары 27-29 центнерден өнім алған. Бірақ «Жерден өскен жерде қалмайды» деген диқан ата сөзіне адал облыс агроөнеркәсіпшілері өз өнімдерін сапалы ұн шығаруға мүмкіндігі бар кәсіпорындардың сұраныстарына және шаруашылықтар мен тұрғындардың ішкі қажеттіліктеріне керекті көлемде ғана өндіруге бағыт алуда. Сонымен бірге, алдағы уақытта ауыспалы егіс талабына сәйкес жоғары рентабельді, рыноктағы сұранысы жоғары майлы дақылдар, қант қызылшасы, бұршақ тұқымдас өнімдер, жеміс-көкөніс және мал азығы дақылдарына басымдық беруге бағыт ұстай бастапты. Мысалы, облыста жыл сайын өндірілетін астықтың орта есеппен 200 мың тоннадан астамы шаруашылықтардың өз қажеті мен қайта өңдеу кәсіпорындарының сұраныстарына жұмсалады.
Масақты дәнді дақыл дегенде диқандардың жерді игерудегі жайбарақаттығы да ойға оралады. Өткен жылы облыс бойынша барлық егістік жер көлемі 762,3 мың гектарды құраса, оның 145,1 мың гектарын – парлар, 497,2 мың гектарын әр түрлі ауыл шаруашылығы дақылдары құрапты. Бұл егіншілік саласы бойынша құнарлы жерлердің игерусіз қалу мәселесін туындатып отыр. Ал бұл мәселе дер кезінде шешімін табудың орнына жылдан-жылға жалғасып келеді. Мысалы, бұрнағы жылы облыс бойынша 128,2 мың га. немесе облыстағы барлық егістік жерлердің 16,9 пайызы игерілмеген болса, өткен жылы 120,0 мың га жер немесе барлық егістік жердің 15,7 пайызы игерусіз қалған. Игерусіз қалған жерлер, әсіресе, Шу, Жамбыл, Жуалы, Талас аудандарында көп. Бұл мәселе облыс әкімдігінде арнайы қаралып, тиісті тапсырмалар берілгеніне қарамастан орын алып отыр.
Майлы дақылдарға деген базар сұранысы әрқашанда жоғары. Әрі оның бағасы да тұрақты. Осыған байланысты облыста майлы дақылдарды өсіру көлемін арттыруға ұмтылу байқалады. Бұл үшін облыстағы өсімдік майын шығаратын кәсіпорындарды қажетті шикізатпен қамтамасыз етуді толық жүзеге асыра отырып, тұрғындардың өсімдік майына деген ішкі қажеттілігін 50 пайызға дейін қанағаттандыру межеленуде. Өткен жылы облыс бойынша майлы дақылдар 68,4 мың гектардан жиналып, олардан 5,3 ц/га орташа түсіммен барлығы 38 мың тонна өнім алынған. Майлы дақыл өсіруде әзірге Жуалы ауданының «Агро-Ордахан» ауылдық тұтынушылар кооперативі 863 га мақсары алқабының әр гектарынан 12 центнерден өнім жинап, ерекшеленіп отыр екен.
Ал көкөніс өнімдері облыс тұрғындарының сұранысын толық қамтамасыз етеді және еліміздің басқа өңірлеріне сатуға да жеткілікті өндірілуде. Өткен жылы облыс бойынша 18,2 мың гектардан көкөніс өнімдері жиналып, жалпы түсімі 383,6 мың тоннаны құраған. Қордай ауданының «Алмаз» шаруа қожалығы пияз алқаптарының әр гектарынан 700-800 центнерден өнім жинаса, Жуалы ауданының «Зылиха», «Боранды», «Орақ-Балға» шаруа қожалықтары картоп алқаптарының әр гектарынан 300-400 центнерден өнім алыпты. Байзақ ауданының «Байназаров», «Ветеран» шаруа қожалықтары да көл-көсір көкөніс жинауымен ерекшеленді.
Облыста жеміс-жүзім өнімдерінің тапшылығын болдырмау мақсатында да біраз жұмыстар атқарылуда. Соңғы үш жылда 2 мың 301,8 га алқапқа жеміс ағаштары, 45,3 га алқапқа жүзімдіктер отырғызылған. Өткен жылы 150 га алқапқа тамшылатып суару технологиясын енгізе отырып, жеміс ағаштарының жас көшеттері отырғызылыпты. Облыс бағбандарының жеміс бақтарын сапалы көшеттермен қамтамасыз ету мақсатында 4 оригинатор-шаруашылықтар жұмыс істеуде екен. Ол шаруашылықтардың екеуіне көшеттер өсіріп, дайындау үшін жаңа, голландиялық интенсивті технологиялар енгізіліпті. Бұл технология осы көшеттердің егілгеннен кейінгі екінші жылы өнім бере бастауына мүмкіндік туғызады. Қазір осы бағытта Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен Украинаның «АИК» компаниясы жұмыс атқаруда.
Облыс агроөнеркәсіпшілері тәуекел еткен тағы бір шаруа өңірде қант қызылшасы шаруашылығы мен қант өндіруді дамытудың 2008-2012 жылдарға арналған бағдарламасына белсене атсалысуы болып отыр. Былтыр облыс бойынша 3,7 мың га қант қызылшасы алқабының орташа түсімі 170 центнерді құраған. Сөйтіп барлығы 62,07 мың тонна өнім жиналған. Әсіресе, Байзақ ауданындағы «Достық» шаруа қожалығы қант қызылшасы алқабының түсімі 450 центнерге жетіп, қызылшашылардың бұрынғы даңқын қайта көтеруге болатынын дәлелдепті. Сондай-ақ, Меркі ауданының «Жылыбұлақ», «Нұр-П», Қордай ауданының «Сарыбұлақ» шаруашылықтары да қант қызылшасының әр гектарынан 300-350 центнерден өнім алған.
Дегенмен, тәтті түбір өсірушілердің жұмысына қолбайлау болып отырған мәселе де жоқ емес. Әсіресе, қант қызылшасы шаруашылығын дамыту үшін арнайы техникалардың жетіспеушілігі қиын түйінге айналған. Мысалы, бүгінде облыс бойынша болжанған 7 мың гектар алқапқа қант қызылшасын егу үшін 32 дәнсепкіш, 32 пәлек жинағыш, 25 қызылша жинайтын комбайн және 71 тиегіш жетіспейді екен. Бірақ қол қусырып отыруға болмайды. Биылға межеленген алқапты егіп, өсіріп, жинап алу жұмыстарын жүргізуде арнайы техникалардың жетіспеушілігін болдырмау үшін, көптеген іс-шараларды шұғыл қолға алу қажет. Бұл орайда аудан әкімдері мен шаруашылықтар жаңа техникалар алу мәселесін шешуді өз мүмкіндіктеріне қарай оңтайлы ұйымдастырғандары абзал. Мысалы, Жамбыл ауданындағы «Үміт» шаруашылығының бір өзінде 20-дан аса техника бар екен. Байзақ ауданындағы «Достық-99» шаруа қожалығы да жаңа техника алу мәселесін жылма-жыл өз күштерімен шешіп келеді. Ендеше шаруамды өрге сүйреймін дегендерге қиындықтан шығар жол бар.
Елбасы биылғы Жолдауында «Өз өмірлерін ауылмен байланыстырғандар үшін Үкімет жергілікті билік органдарымен бірлесіп, селолық кәсіпкерлікті дамыту жөнінен шаралар кешенін әзірлеуге тиіс» деді. Ал ауылдағы кәсіпкерлікке ең біріншіден мал бағу, егін мен түрлі дақылдар, көкөніс, жеміс-жидек өсіру және олардың өнімдерін қайта өңдеу жатады. Сондықтан, Елбасы алға қойған тапсырмалар мен міндеттерді абыроймен орындап шығу үшін облыс
агроөнеркәсіпшілері жаңа биіктерді бағындырады деп күтейік.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,Жамбыл облысы.