Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Алматы облысы күндерінің аясында «Жерұйық мекен – Жетісу» атты кітап көрмесі ашылды.
Жетісу – қайталанбас тұлғалар: Сүйінбай, Жамбыл, Үмбетәлі, сондай-ақ дарабоз ақын-жазушылар Ілияс Жансүгіров пен Әнуар Әлімжанов, Мұқағали Мақатаев пен Сайын Мұратбеков туған өлке. Халқымыздың ардақты ұлдары Ораз Жандосов пен Мұхамеджан Тынышбаев есімдері де Жетісу өлкесімен байланысты.
Шараның мақсаты – Жетісу мен Астана тұрғындары арасында мәдени байланыс орнату, жастарды жүйелі оқуға баулу, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Жетісу ақын-жазушыларының, композиторларының шығармаларын насихаттау. Сондай-ақ астаналықтарға Алматы облысының мәдени өрлеуі мен өнердегі жетістіктерін таныстыру, заманауи ұлттық мәдениет пен әдебиеттің лайықты орнын көрсету.
Көрмені Алматы облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлиев ашты. Шараға «Қазақ Пен» клубының президенті, жазушы Бигелді Ғабдуллин, «Қазақ Пен» клубының мүшесі, жазушы Смағұл Елубай, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, жазушы Жұмабай Шаштайұлы, сондай-ақ Жетісуда туып-өскен басқа да бірқатар өнер адамдары қатысты.
Көрмеге Алматы облысы әкімінің қолдауымен 2006-2016 жылдар аралығында жарық көрген 319 автордың кітаптары қойылды. Шыққан жылы бойынша хронологиялық ретпен орналастырылған сөрелерден өлкенің ақын-жазушыларының, композиторларының туындыларымен танысуға болады.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан»