14 Қыркүйек, 2016

Жетісу өнерінің жауһарлары

453 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
bal_2050 bal_2089Өткен сенбіде елордаға «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» акциясы аясында Алматы облысының делегация­сы келген еді. Бұл күндері облыстық тауар өндірушілердің ауылшаруашылық жәрмеңкесі, кітап пен сәндік-қолданбалы өнер көрмелері, өңір әртістерінің қатысуымен мерекелік концерттер мен түрлі спектакльдер қойылды. Сонымен қоса Алматы облысының өкілдері мәдени бағдарламаларын ұсынып, қала тұрғындары мен қонақтарының көңілін бір серпілтіп тастады. Соның бірі Конгресс-холл сарайында шығармашылық ұжымның қатысуымен өткен «Жетісу – жұмақ мекенім» атты гала-концерті. Аталған концерттік бағдарлама шеңберінде «Арнау», «Ән шашу», «Көкшолақ», «Жан аға», «Көзіңнің мөлдірін-ай», «Дүлдүлім», «Сәулем-ай», «Жетісу», «Талды арулары», «Елге тілек», «Халық достығы» (қазақ, орыс, корей, татар, ұйғыр, чешен, украин, өзбек ұлттарының) билері мен итальян әндерінен «попурри», «Біржан-Сара» операсынан үзінділер тамашаланды. Дана халқымыз «Ән – көңілдің ажары», «Ән өмір ұзартады» деп те жатады. Бұл жолы тыңдарман қауым әрбір әнді қосыла шырқап, Жетісу өңірінің жауһар жырларына деген сары көбелек сағыныштарын ерекше толқыныспен сезінгендей еді. Оны нұр төгілген жүздерінен, шабыттанған көңілдерінен аңғаруға болатын. Осындайда хакім Абайдың: «Құлақтан кіріп, бойды алар, Әсем ән мен тәтті күй», деген өлең жолдары еріксіз еске түседі. Қысқасы, бұл игі шара қала тұрғындарын мәре-сәре қуанышқа бөлеп, ерекше демалыс сыйлады.  «Егемен-ақпарат» Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»