14 Қыркүйек, 2016

Өзін өзі басқарудың оңтайлы жолы қандай?

371 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
mazhilis2Кеше Мәжілісте өзін өзі басқаруды дамытуға арналған заң жобасы таныстырылды. Заң жобасы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталады.  Отырысты ашқан Мәжілістің Экономи­ка­лық реформа және өңірлік даму коми­теті­нің төрағасы Нұртай Сабильянов Прези­дент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы­на сәйкес заң жобасын талқылауға қоғамдық сарап­шылар, парламенттік емес партия­лар мен үкіметтік емес ұйымдар және БАҚ өкілдері келіп отырғанын айтты. Со­ның ішінде талқылауға Бас про­кура­тура­­­ның, Ұлттық банктің,  Парла­мент­ке ен­­­бе­ген «Жалпыұлттық социал-демо­кра­тия­­л­ық партиясы» (ЖСДП) мен «Бірлік»,  «Ауыл» пар­тия­ларының, Азамат­тық альянс, Қазақ­стан­дағы парламен­таризм­ді жетілдіру қоры­ның және т.б. қоғам­дық ұйымдардың өкілдері қа­тыс­ты. Же­р­гі­лікті жерлерден Қарағанды, Пав­­ло­дар, Ақмола  облыстық, Абай, Бұқар жы­рау, Нұра, Осакаров, Ақкөл, Шортанды аудан­­­дық мәслихаттарының  депутаттары келді. Таныстырылымды жүргізген Экономи­кал­ық реформа және өңірлік даму коми­теті­нің төрағасы Нұртай Сабильянов: «Заң жобасымен 4 кодекске (Бюджеттік, Аза­мат­тық, Салық, Әкімшілік) және 4 заңға (Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы, Жарнама туралы, Мемлекеттік мүлік туралы, Кәсiподақтар туралы) өз­геріс­тер мен толықтырулар енгізілетінін айт­ты. Заң жобасына сәйкес жергілікті өзін өзі басқару органдары жергілікті маңызы бар мәселелерді тұрғындардың өздері шешуі үшін қаржылық және материалдық ресурстармен қамтамасыз ететін болады», – деді. Бұл өмір сүру деңгейін көтеруге және тұрғылықты жерде халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді екен. Сондай-ақ, ауылдарда, кенттерде, шағын қалаларда абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, жергілікті жолдарды салу мен жөндеу, сумен қамтамасыз етуді ұйымдастыру, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, жақын жердегі мектепке дейін оқушыларды тегін жеткізу және басқа да мәселелерді жергілікті жер өзі шеше алатын көрінеді. Талқылауға қатысқан Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев негізгі заңнамалық жаңалықтарды баяндап, сұрақтарға жауап берді. Заң жобасында жергілікті өзін өзі басқарудың дербес бюджеті мен ЖӨБ коммуналдық меншігін енгізу, ЖӨБ органдарының бюджеттік процесті және ЖӨБ коммуналдық меншігін басқарудағы өкілеттіктерін кеңейту кезіндегі туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеу көзделеді. ЖӨБ бюджетінің салық түсімдерінен және салықтық емес түсімдерден (айыппұлдар, коммуналдық меншік кіріс­тері мен басқалары), коммуналдық меншікті сатудан түскен кірістерден, аудандық бюджеттің трансферттерінен тұратын кіріс көздерінен жинақталады. Ұлттық комиссияның ұсынымдарына сәйкес ЖӨБ бюджетін жергілікті қоғам­дастық жиналысында талқылағаннан кейін аудандық мәслихат бекітетін болады, ал оны атқару ауыл әкімі аппаратына жүктелетін болады, деді министр. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»