1993
* 13 ақпанда «Қазақстан Республикасының шекара әскерлері туралы» Заңы баспасөзде жарияланды.
* 14 ақпанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Египет Араб Республикасына алғашқы ресми сапары кезінде ел президенті Хосни Мүбәракпен келіссөз жүргізді. Келіссөз аяқталғаннан кейін президенттер Қазақстан Республикасы мен Египет Араб Республикасы арасындағы өзара қарым-қатынас негіздері туралы шартқа қол қойды.
Бұл сапар жөнінде «Егемен Қазақстан» газетінің 18 ақпандағы нөміріне «Африка ашса құшағын, Қазақстан қарап қалмайды. Ол да ынтымақтастық қолын созады» тақырыбымен мақала шықты.
* 18 ақпанда Президент Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Уильям X. Кортниді оның өтініші бойынша қабылдады. Дипломат Мемлекет басшысына АҚШ президенті Билл Клинтонның жеке хатын табыс етті. Кездесу кезінде ядролық қарусыздану мәселесіне мән берілді.
*25 ақпанда Президент Жарлығымен Т.О.Әубәкіров Қазақстан Республикасы Министрлер кабинеті жанындағы Ұлттық аэроғарыш агенттігінің бас директоры болып тағайындалды.
* 26 ақпанда Мәскеуде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей басшысы Борис Ельцин бастаған Ресей және Қазақстан мемлекеттік делегацияларының келіссөзі аяқталды. Президенттер әскери-өндірістік кешеннің күш-қуатын пайдалануды үйлестірудің мақсаттылығы және оны конверсиялау туралы, «Байқоңыр» ғарыш айлағын және басқа полигондарды екі ел халық шаруашылығының мүддесіне пайдалану туралы ортақ пікірге келді. Осы күні «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» Заңы өз күшіне енді.
* 3 наурызда Мемлекет қарамағынан алу және жекешелендіру жөніндегі 1993-1995 жылдарға арналған ұлттық бағдарлама талқыланды. Облыс әкімдерінің және министрліктер мен ведомстволар басшыларының қатысуымен өткен кеңесте Президент Н.Ә.Назарбаев құжаттың маңыздылығы жағынан жақында қабылданған Конституциядан кейінгі екінші бедерлі белес болатынын қадап айтты.
* 5 наурызда Президент Н.Ә.Назарбаев «Мемлекеттік кәсіпорындарды акционерлік қоғамдар етіп қайта құру жөніндегі ұйымдастыру шаралары туралы» Жарлыққа қол қойды.
* 20 наурызда Президент Н.Ә.Назарбаев республика халқына Наурыз мейрамына орай құттықтау жолдады. «Көктем шуағымен бірге жететін Наурыз мейрамы біздің бәріміздің жүректерімізге жылылық құйсын, бір-бірімізге деген достық көңілімізді арайландырып, ізгіліктің сәулесін төксін», деп тілек білдірді Елбасы.
* 25 наурызда Республика қауіпсіздік кеңесінің мәжілісі өткізілді. Кеңесті ашқан Президент Н.Ә.Назарбаев бұдан былай бұл кеңес конституциялық орган болып табылатындығын айтты.
* 1 сәуірде Жоғарғы Кеңестің сессиясында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заң жобасы талқыланды. Пікір алмасу барысында «Халық қаһарманы» атағы, «Отан», «Даңқ», «Парасат», «Құрмет» ордендері, «Ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдары қабылданды. Жобадағы «Ардақты ана» құрметті атағы және «Ана мерейі» күміс алқасы жөнінде талас өрбіп, депутат Шерхан Мұртаза: «Аналардың бәрі ардақты, егер ол баласын тастап кетпесе, бұзық жолға түспесе. Орысшалағанда «Почетная мать» болып шығады. Дүние жүзінде мұндай атақ қәне. Ерсі естіледі», дей келіп, «Алтын алқа», «Күміс алқа» деген атауларды ұсынды. Қазіргі қолданылып жүрген заң бойынша осы құрметті атақтар беріліп келеді.
* 6 сәуірде Алматыдағы Достық үйінде Президент Н.Ә.Назарбаев пен «Шеврон» корпорациясының басқарма төрағасы және өкімші директоры Кеннет Т. Дерр 40 жыл мерзімге есептелген «Теңіз-Шеврон»/«ТенГизшевройл»/ бірлескен кәсіпорнын құру туралы келісімшартқа қол қойды.
* 8 сәуірде «Егемен Қазақстан» газетінде экономиканы тұрақтандыру және нарыққа көшу кезеңіне арналған «Дағдарысқа қарсы шұғыл шаралар және әлеуметтік-экономикалық реформаларды тереңдету бағдарламасы» жарияланды. Жоғарғы Кеңестің тоғызыншы сессиясында қаралған бұл бағдарламаны Президент Н.Ә.Назарбаев бекітті.
* 9 сәуірде Түркия Президенті Тұрғыт Өзал Қазақстанға ресми сапармен келді. Түркия делегациясы Қазақстанға халықаралық экономикалық көмек берілуіне бағытталған өз күш-жігері туралы хабардар етті.
* 10 сәуірде Түркия Президенті Тұрғыт Өзал мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысында болып, Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тағзым етті. Осында Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ресми ашылу салтанаты өткізілді. Рәсімде екі елдің басшылары сөз сөйледі.
* 12 сәуірде Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Борис Ельцинмен, Әзербайжан Президенті Әбілфаз Елшібеймен және Армения президенті Левон Тер-Петросянмен Таудағы Карабақ төңірегінде қалыптасқан жағдай жөнінде телефон арқылы сөйлесті.
* 15 сәуірде Президент Н.Назарбаев Қазақстан Республикасының Венгрия Республикасындағы, Бельгия Корольдігіндегі, Египет Араб Республикасындағы елшіліктерін ашу туралы жарлықтарға қол қойды.
* 18 сәуірде Алматыда Бүкілдүниежүзілік экономикалық форумның көшпелі сессиясы жұмысын бастады. Оған әлемнің 30-ға жуық елінен іскер топтардың беделді өкілдері келді. Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев форумда сөз сөйледі.
* 21 сәуірде кенеттен қайтыс болған Түрік Республикасының президенті Тұрғыт Өзалмен қоштасу рәсіміне қатысу үшін Ыстанбұлға келген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Премьер-министрі Сүлеймен Демирелмен, Германия Президенті Рихард фон Вайцзеккермен, АҚШ вице-президенті Альберт Гормен, Әзербайжан Президенті Әбілфаз Елшібеймен, Армения Президенті Левон Тер-Петросянмен, Грузия парламентінің Төрағасы Эдуард Шеверднадземен, Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Әли Әкбар Велаятимен, АҚШ-тың бұрынғы Мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкермен, басқа да лауазымды адамдармен қысқаша кездесулер өткізді.
* 26 сәуірде Австрия Республикасының Федералдық канцлері Франц Враницкий ресми сапармен Алматыға келді. Бұл Австрия басшысының Қазақстанға екінші сапары болатын. Қазақстан Президенті кездесу барысында елдер арасындағы ынтымақтастықтың болашағына қатысты екі жақтың пікірлерінің сәйкестігі арта түскендігін атап көрсетті.