Адамға Құдайдың құдіретімен даритын таланттың шексіз молдығына сендіретін мысалды өмірден кезіктірген сайын ой шіркіннің кейде тылсымнан тыныс іздейтін әдеті. Неге осы Американың, Ресейдің театр және кино жұлдыздарының осалы жоқ, құрығанда олар не спортшы, не тағы сондай бір өнер түрін меңгерген мықты да, ал біздің кинематографияда осындай тұлғалар жоқтың қасы деген сұрақ туады.
Әлемге аттары әйгілі Брюс Ли, Чак Норрис, Арнольд Шварценеггер, Микки Рурк, Синтия Ротрок, Жан-Клод ван Дамм, Эрик Кантона, Джейсон Стэтхэм, Дуэйн Джонсон, Джина Карано, Дольф Лундгрен, Джет Ли, Стивен Сигал, Джеки Чан... қай-қайсысын алып қарасаңыз да, тек бір ғана биікті еңсерумен шектеліп, арман-мұраты бір ғана жетістіктің қазығына шегеленген жандар емес. Бұлардың кинематографиядағы сәтті ойындары, актерлік шеберліктері негізінен екінші қырлары, спорттағы табыстары арқылы келген. Сондықтан актер үшін әмбебап болу үлкен олжа қағидасы шетелдік кино жұлдыздарының өмірлік кредосы болып саналады. Фильмдегі күрделі трюктерді сырттан, басқа біреулердің көмегіне жүгінбей, өздері орындайтын болғандықтан, танымал режиссерлер, ең алдымен соларға қолқа салатыны тағы мәлім. Сол үшін де ол Голливуд, сол үшін де мұнда таңдаулылардың таңдаулылары ғана ойнайды деген түсінік қалыптасқан.
Оларға Ресейдің өнер жұлдыздары да еселерін жіберіп қойып жатқан жоқ. Өнер мен спортты егіз тұтқан Евгений Сидихин, Николай Валуев, Анна Семенович, Владимир Турчинский, Олег Тактаров, Владимир Вдовиченков, Михаил Пореченков, Дмитрий Нагиев... есімдері бұл жағынан шетелдік әріптестерінен қалыса қоймайды. Бір мысал, белгілі өнер жұлдыздарының қатысуымен өтіп жататын ондағы ән мен биге, боксқа, мұз үстінде мәнерлеп сырғанауға арналған дәстүрлі шоу-бағдарламалар олардың екінші қырларын жұртқа кеңінен насихаттауда. Тағы бір айта кетерлігі, телеарналарда саясатты, мәдениетті, әдебиетті талдап-талқылағанда, Құдай-ау, сол салалардың кәсіби мамандарының өзі жаңылысып, жанында жіп есе алмай қалып жататынын қайтерсіз. Бөтеннің жылтыраған алтындарына қызыққанымызбен, олар бәрібір өзіміздікі болмайды, әрине.
Мұны жалпы қарапайым оқырманға ой қосу үшін айтып отырмыз. Отандық кинематографияның жұлдыздарына айналуға лайық біздің өз таланттарымыз жоқ па, не? Өзімізден Вайсмюллерлер, Уильямсондар, Эстелла Уоррендер, Алексей Ванин мен Николай Валуевтер табылмай ма? Олай болса, кезінде «Мосфильм» киностудиясы «Вонг ханымның құпиясы», («ХХ ғасыр пираттары») фильмдеріне түсуге Олимпиаданың күміс жүлдегері, боксшы Серік Қонақбаевты қалай шақырды? Мойындағандықтан емес пе? Неліктен онда әлемдік тәжірибедегі оң нәтижесі көл-көсір сондай игі дәстүрлер бізде қалыптаспай жатыр? Отандық кино өнері дамып, өркениетті елдердің бәсекесіне ілесе алуы үшін олардың озық үлгілерінен үйренбей тағы болмайтынына өмірдің өзі айқын көз жеткізіп отырған жоқ па? Сондай жағдайда ғана тарихи фильмдер мен сериалдардағы батырларымыз бен бағландарымыздың бейнесін сомдау үшін Голливудке, Ресейге алақан жайып, мұқтаж болмаймыз. Сыртқы түр-тұрпаты, болмысы, кесек бітімі батырдың, ер жүрек тұлғаның рөлін сомдауға лайықты дейтін әртіс табу қазір қиын-ау деп қалатының содан. Бірақ үміт жоқ емес. Осыдан соң, «мына әртістің мынадай жұрт білмейтін екінші қыры бар, дзюдошы, каратэші, боксшы, қара белбеу иегері, шығыс жекпе-жегін меңгерген...» деген сияқты өзгелер үшін қалыпты саналатын сандаған қырлар, спорттық табыстар біздің актерлерге де тән қасиеттерге айналғай дейсің.
Расын айту керек, кино өнері жастарды патриоттық рухта тәрбиелейтін рухани құрал деп баға беріп жатамыз. Ал олай дейді екенбіз, енді соған лайық кейіпкерлер керек емес пе? Оларды сомдайтын актерлердің иығы қушиып, жанарының оты сөніп, шыбықтай майысып тұрса, одан не қайран?! Сол үшін қазақ актерлерінің де сыртқы түр-тұрпаты мен ішкі болмысы біте қабысып, ұлттық бейнелер иығы тоқпақтай, жауырыны қақпақтай қалыптарда қабылданса, қанеки деп, еріксіз қиялға еріп кетеміз-ау баяғы. Осыдан кейін мәдениет пен өнер жолын жеңіл деп, оңай жол деп кім айта алады?..
Сахнада қазақтың бір баласы жарқ ете қалса, оның айналасындағы пікірлер екіге қақ жарылатын жаман бір дертке шалдығыппыз. Сынай сөксек, әлгі байғұсты енді бас көтертпестей «ә» дегеннен-ақ тобықтан шалып, тоңқалаң астыратын тағылығымыз тағы бар. Ал енді мақтап-марапаттағанда, қол-аяғын жерге тигізбей көкке самғатып ала жөнелетін көл-көсір кеңдігімізді айтсаңшы, шіркін! Содан осы шоу-бизнес жағынан бізге қарағанда көш ілгері елдердегі шығармашылық иелерінің жетістіктеріне қиғаштай көз тігесіз. Оларда сахна жұлдыздарына қалай баға беріліп жатыр деген қызығушылықпен салыстырмаққа әуелі ақпарат көздеріне жүгінсеңіз, алуан түрлі мағлұмат шырмауықша миыңды матап, жаулап алады... Ал біз төл өнердің төскейінен ғана шұғылалы шуақтар төгілуін аңсаймыз.
Қарашаш
ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»