23 Қыркүйек, 2016

Күрмеуі қиын көші-қон

368 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
ortalyk-aziyadagy-aralas-koshi-konҰлтаралық татулыққа ұқыптылықпен қарайтын елдер бейбітшілік бесігінде күн кешері даусыз. Себебі, қазір заманның аяқ алысын, жүрек қағысын, барар бағытын анықтап айту қиынға соғып тұр. Дөңгеленген дүние дөрекілікке толы сәтте мейірім мекенін іздеушілер көп. Біреуі достықты ойлап, біреуі қастықты ойлап келеді. Біреулер ақшаны, біреулер басқаны мақсат тұтып, шекараның шетінен ағылып жатқан адамдар саны толастар емес. Туған топырағын тәрк еткен талайлардың тағдыры өзгелердің өлкесінде өтіп жатқаны белгілі. Олардың тұрмыс-тіршілігіндегі туындаған мәселелерді талқылау үшін 2011 жылы Қазақстанның бастамасымен және Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның қатысуымен Алматы процесі деп аталатын үнқатысу алаңы құрылған болатын. Пайымды да пайдалы пікірлер мен ұтымды ұсыныстарды ұштастыратын жиынның үшінші кездесуі өз мәресіне жеткен еді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында «Орталық Азиядағы аралас көші-қон ағымдарының мәселесін шешу: халықтың мобильділігі, босқындар мен осал мигранттардың құқықтары және аймақтық ынтымақтастық» тақырыбында кездесу болып өтті. Келелі жиын Алматы процесінің төрағасы саналатын Қазақстан Республикасы тарапынан және Елбасы кітапханасының атсалысуымен ұйымдастырылды. Оған Қазақстан және Орталық Азия елдерінің орталық мемлекеттік мекемелері өкілдері мен жетекші сарапшылары, халықаралық ұйымдар мен шетелдік елшіліктердің өкілдері, талдау құрылымдары мен ведомстволардың қызметкерлері, көші-қон мәселесін зерттеушілер қатысты. Екі күнге жоспарланған басқосудың басты мақсаты – тәжірибе алмасу, дамушы үрдістерді талдау, кемшіліктерді анықтау және ұсыныстар жасау арқылы Орталық Азия мен жалпы аймақтағы аралас көші-қонға байланысты күрделі проблемалардың күрмеуін шешу. Кездесудің алғашқы күнін Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Тимур Шаймергенов ашып, мәселенің маңыздылығына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бұл Алматы процесі жоғары лауазымды тұлғалардың үшінші кездесуі саналады. Жиында «Мигранттардың осалдығы және Орталық Азиядағы ықпалдастықтың қажеттігі: реэмиграцияның негізгі себептері мен әлеуметтік-экономикалық салдары» атты бағалаудың нәтижелері алғаш рет көпшілікке таныстырылды. Оның барысында адамдардың мобильділігі, мигранттар мен босқындар арасындағы осал санаттардың құқықтары және аймақтық ынтымақтастық мәселелері тілге тиек етілді. Жиынға қатысушылар көші-қон проблемаларын, халықаралық озық тәжірибелерді, мигранттар мен босқындардың құқықтарын жүзеге асыруға септесетін мүмкіндіктер мәселелерін кеңінен талқылады. Ашық пікірталас түрінде өткен жиын барысында Оңтүстік-Шығыс Еуропа, Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдерінің аймақтық директоры Аргентина Cзабадош, Орталық Азиядағы Халықаралық көші-қон ұйымының үйлестірушісі – Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Өзбекстан миссиясының басшысы Деян Кесерович, Орталық Азия бойынша үйлестірушінің орынбасары Татьяна Хаджиэммануэль өз пікірлерін білдірді. Көші-қон мәселесі кез келген мемлекет үшін маңызды. Ол ұлтаралық қатынасқа тікелей әсер ететін болғандықтан оған бей-жай қарауға болмайды. Жиынға қатысушы мамандардың ой-пікірлері өте өзекті. Аталған Алматы процесі маңызды мәселелерді талқылайтын таптырмас алаң екеніне көзімді жеткізіп отырмын. Біз Қазақстанмен де, басқа да мүше мемлекеттермен де алдағы уақытта тығыз байланыста болатынымызға сенімдімін, деді БҰҰ Орталық Азия бойынша босқындарды қорғау жөніндегі Жоғарғы Комиссары басқармасының аймақтық өкілі және аймақтық үйлестірушісі Ясуко Ода. Сондай-ақ, көші-қон және жұмыспен қамту саласына байланысты заңдарға енген өзгерістер де алқалы жиынға арқау болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес 2015 жылы 24 қарашада көші-қон және жұмыспен қамту саласына байланысты бірқатар заңдарға өзгеріс енгізілді. Соның ішінде шетелден жұмыс күшін тартуға байланысты талапқа бірқатар өзгерістер бар. Заң өткен жылы қабылданғанымен, заңды күшіне 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап енеді. Заңның ерекшелігін атап өтсек, біріншіден, өзі жұмысқа орналасуға келген шетелдік азаматтар үшін бұрыннан бекітілген норма бар. Яғни, үкімет бекіткен 30 мамандық және квота бойынша арнайы рұқсат арқылы келетін. Ал жаңа талап бойынша шетелдік қызметкерлерді елімізге жұмысқа тартатын болсақ, олар білімді маман болуы шарт, – деді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Аслан Қаржаубаев. Сонымен қатар, ол қабылданған заңның бірқатар өзгерістеріне тоқталды. «Жаңа құжатта заңды тұлғалардың рұқсаты арқылы шетелдік азаматтарды жұмысқа шақыру қалды. Бұрын біз оларға талап қоятынбыз. Ал қазіргі күні ол талаптарды алып тастадық. Оның орнына әрбір елге кірген шетелдік азамат үшін қаржы төлеуді енгізіп отырмыз. Бұл барлығына бірдей болмайды. Әр салаға байланысты. Мысалы, ол білікті маман болса, оған аздау жалақы төленеді. Ал жай жұмысшыны тартатын болса, оның бағасы жоғары болады. Осындай өзгерістер енгізілді», деді маман. Сондай-ақ, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары шетелдік мамандар өз құжаттарын қалай рәсімдей алатындығын да тілге тиек етті. Жалпы, дамыған мемлекеттердің басым бөлігі жақсы мамандарды тартуға тырысады. Сол елдердің тәжірибесін зерттей келе, біз де осындай шешімге келдік. Мысалы, квотадан және рұқсаттан тыс нақты бір жұмыс беруші шетелдік маманды елімізге жұмысқа тарта алады. Ол үшін бізге, яғни орталық аппаратқа келіп, өз құжаттарын тапсырады. Содан соң бізден өз мамандықтарына сәйкес әрі білікті маманға жататындығы жөнінде анықтама алады. Берілетін анықтама – балдық жүйеде. Ол құжат бойынша шетелдік азамат 3 ай Қазақстанда заңды түрде жүре алады. Осы уақыт аралығында ол жұмыс берушіні іздей алады. Егер таба алмаса, елімізден шығарылады. Ал жұмыс табатын болса, әрі қарай 3 жыл өз міндетін атқаруға құқығы бар, деп түйіндеді сөзін А.Қаржаубаев. Кездесу қорытындысы бойынша Алматы процесі бойынша алдағы қадамдар мен қолға алынатын жұмыс бағыттары белгіленді. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»