Аз шығын жұмсап, мол өнім алу маңызды
Президент Петропавл халықаралық әуежай ғимаратын аралап көріп, ұшу-қону жолағы мен жолаушылар терминалын қайта жаңғырту барысымен танысты. Елбасына ұшақты рульмен бағыттау жолағы, перронды, жарық беру мен жолаушылар терминалын қалпына келтіру шаралары, сонымен қатар, әуежайды одан әрі жетілдіру бағыттары туралы баяндалды. Әуежай нормативтік мүмкіндігі бойынша сағатына 200 жолаушы өткізе алады. Аэровокзал ғимаратының жалпы алаңы – 2400 шаршы метр. Қазір өңірде ел ризығын шашпай-төкпей жинап алу науқанының нағыз қызған шағы. Үкіметтің жан-жақты қолдауы арқасында диқан қауымының күзгі дала жұмыстарына тиянақты әзірліктермен келгені бірден аңғарылады. Ауыл шаруашылығы саласына былтырғыға қарағанда 6 миллиард теңге артық бөлініп, 23,5 миллиард теңгені құраған. 638 жаңа техника сатып алынған. Ораққа тартылған 10 мыңға жуық техниканың үштен бірі заманауи үлгіде жабдықталған. Бұрынғы кездері жанармай тапшылығы сезіліп, қиындықтар туындап жататын. Енді ондай қолбайлау жоқ. Қажетті 72 мың тонна дизель отыны мезгілімен жеткізіліп, жалпы сыйымдылығы 6,5 миллион тонна болатын элеваторлар мен астық қоймалары сақадай-сай етілген. Басты мақсат – 4,2 миллион гектар алқапқа жайқала өскен өнімді жауын-шашынға ұрындырмай, қамбалап алу. Қазіргі қарқынға қарағанда, уәде орындалатын сыңайлы. Тек күн ашық болып, сәтін салғай дейсің. Дәнді дақылдардың гектар берекелілігі 17,2 центнерден айналуда. Бұл – моншақтап төгілген маңдай терден гөрі ауа райына көбірек тәуелді теріскей үшін жақсы көрсеткіш. Елбасы аралаған танаптардан Қызылжар ауданы «Шағала-Агро» ЖШС жоғары түсім алуда екен. Серіктестік басшысы Жомарт Омаров өндіріске пайдаланылатын жер телімдерінің 35 мың гектарды құрайтынын, оның 9 мың гектарына дәнді, 13,6 мың гектарына майлы дақылдар егілгенін, астықтың 85 пайызы бастырылғанын жеткізді. Гектар берекелілігі 35 және 17 центнерді құрайды. Науқанға 60 адам тартылған. Үш жылдың ішінде астық өндірісін дамытуға 4,2 миллиард теңге инвестиция құйылған. Мұндай озат шаруашылықтар Қызылжар ауданында көптеп саналады. Аудан аумағында 224 шаруа және фермерлік қожалықтар, 1924 орта және шағын кәсіпкерлік нысандары, 1041 жеке кәсіпкер жұмыс істейді. Танап басында жергілікті жерде құрастырылатын ауыл шаруашылығы техникасы үлгілері таныстырылғаннан кейін, Президентке облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров агроөнеркәсіп кешенінің негізгі көрсеткіштері мен оны дамыту жолында атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады. Ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі 35,9 миллиард теңгеге жетіп, 108 миллиард теңгенің өнімдері өндіріліпті. Нұрсұлтан Назарбаев механизаторлармен және аграрлық компания өкілдерімен әңгімелесу барысында астық өндірісін әртараптандырудың, аз шығын жұмсап, мол өнім алудың бәсекелестік қарымын арттырудың маңызын атап өтті. Тәуелсіздік жылдары мемлекет тарапынан агроөнеркәсіп кешен саласына зор көмек беріліп, негізгі мәселелер шешімін тапты. Ендігі басты мәселе, еңбек өнімділігін және шығарылатын өнім сапасын арттыру болып табылады. Сіздердің шаруашылықтарыңыз облыстың тек қана бидай өндіретін аймақ емес екенін талай дәлелдеп жүр. Қызылжардың құнарлы топырағында майлы дақылдар да жақсы өседі, деді Президент. Ет, сүт өнімдерін қалдықсыз қайта өңдеу ісін ауылдарда жалғастыру керек. Сонда тауар бағасы өседі, сапасы да жақсарады. Жаңа жұмыс орындары да ашылады. Қазір Қазақстанның өнімдері мен тауарларын сыртқы нарыққа шығарудың орасан мүмкіндіктері бар. Елбасына шаруалар жан-жақты қолдауы және ауыл шаруашылығы саласындағы тиімді мемлекеттік саясаты үшін алғыстарын білдірді. Ал Нұрсұлтан Назарбаев жиналғандарға жемісті жұмыс, табыс пен бақ-береке тіледі.Мүмкіндігі мол қорғаныс өнеркәсібі
Президент келесі кезекте әскери өнеркәсіп көрмесінде болып, жергілікті кәсіпорындар шығаратын әскери техникалар үлгілерімен танысты. Көрмені аралап шыққан Н.Назарбаев отандық қорғаныс өнеркәсібінің өндірістік мүмкіндігі мен инновациялық әлеуетіне оң баға берді. «С. Киров атындағы зауыт», «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ, «ЗИКСТО» АҚ әскери-өндіріс зауыттарының инженерлерімен, конструкторларымен әңгімелесті. Әскери техника құрастырумен қатар, электрлік белгі беру жабдықтарын, азаматтық және арнайы мақсаттағы радиостансаларды, мұнай-газ секторы мен энергетика кешені үшін өнеркәсіп құрылғыларын, вагондар мен көлік саласына арнап басқа да өнім түрлерін шығару осы зауыттардың негізгі қызметі саналады. Бұдан кейін Елбасы Спорт сарайына барып, солтүстікқазақстандық спортшылармен кездесті. Мұз аренасында «Құлагер» хоккей клубының президенті Болат Қарабалин Мемлекет басшысына команданың жейдесін тарту етті. Былтыр пайдалануға берілген әмбебап ғимарат 14853 шаршы метр аумақты алып жатыр. Оның жобасы бойынша негізгі үш блок – жеңіл атлетикалық манеж, 1 мың жанкүйер тамашалай алатын жабық мұз айдыны, велошабандоздар мектебі орналасқан. Соған сәйкес шайбалы хоккей, коньки, шорттрек, шағын футбол, волейбол, күш жекпе-жегі, таэквондо, дзюдо, бокс сияқты спорт түрлерімен әркім еркін айналыса алады. Велошабандоздарға лайықталған екі трек алаңы, тренажер бөлмесі, көркем гимнастика, акробатика залдары жұмыс істеп, күніне 1200 адамды қабылдай алады. Оларға 73 жаттықтырушы қызмет көрсетеді. Ересектермен қатар, балалардың да шынығуына жан-жақты мүмкіндіктер тудырылған. Бертінге дейін ұмыт қалған хоккей дәстүрі қайта жанданып, былтыр құрылған «Құлагер» командасы Қазақстан чемпионатында қола жүлдені иеленді. Солтүстікқазақстандық спортшылар 16 әлемдік, 15 азиялық, 48 халықаралық, 154 елішілік додаларға қатысып, жалпы жиынтығы 530 медаль жеңіп алған. Бүгінгі күні тұрғындардың 28 пайызы саламатты өмір салтын серік еткен. Осында Мемлекет басшысының қатысуымен облыс жұртшылығы өкілдерінің алқалы жиыны өтті. Аймақ басшысы Ерік Сұлтанов жергілікті жердегі зауыттар құрастыратын техникалардың бәсекелестік артықшылықтары мен машина жасау кәсіпорнының болашағы жайлы әңгімеледі. 5 институттық реформаның «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жүзеге асыру шеңберінде экономикалық өсім сақталып, тұрғындардың әл-ауқаты жақсара түскен. Өңдеу өнеркәсібінің 19,7 пайызына ие машина жасау кәсіпорындары 15 733 миллион теңгенің өнімдерін өндірген.Өнім сапасы – әрқашан басты көрсеткіш
Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 93 миллиард теңге болған. «Өңірлерді 2020 жылға дейін дамыту» бағдарламасы шеңберінде сумен жабдықтау нысандарын жаңғыртуға 2,5 миллиард теңге бөлінген. 7964 жаңа жұмыс орындары ашылып, 15 961 адам жұмысқа орналасқан. 2622 адам қоғамдық жұмыстарға тартылған. Экономикалық белсенді тұрғындардың 0,5 пайызын жұмыссыздар құрайды. 4 жылға арналып жасалған 62 инновациялық жобаларға қарастырылған қаржы – 191 миллиард теңге. Басқосуда аграрлық өңірдің қол жеткен жетістіктеріне тоқталған Елбасы ішкі резервтерді барынша пайдалануға, заманауи үлгідегі озық технологияларды өндіріске енгізу арқылы еңбек өнімділігін арттыруға, өнім сапасы әрқашан басты көрсеткіш болып қала беретініне назар аударды. Атқарылған жұмыстар аз емес. Менің тапсырмам бойынша қолға алынған «Серпін-2050» бағдарламасы шеңберінде оңтүстік өңірлерден 1 мыңға жуық жастардың осында білім қуып келгендері, 118 отбасының қоныстануы құптарлық. Ол жақтарда жер де, жұмыс та тапшы. Теріскейдің шұрайлы табиғаты, құнарлы топырағы мал да, астық та өсіруге өте қолайлы. Биыл 700 шақырым жолды қалпына келтірген екенсіздер. Жол – экономиканың, тіршіліктің күретамыры. Жолсыз бүгінгі өмірді елестету қиын, деді Президент. Елбасы одан әрі алда тұрған міндеттерді таратып айтты. Астық өндірісін әртараптандыру ісін жалғастыру, қалдықсыз өндірілетін өнімдерді экспортқа бағыттау, өндірістік кооперация ұйымдарын жандандыру, суармалы жерлердің құнарлылығын жоймау, кредиттеудің, субсидиялаудың қайтарымдылығын қамтамасыз ету, шағын және орта бизнеске серпін беру, Индустрияландыру, «Нұрлы жол» жол карталары аясында күрделі жобаларды жүзеге асыру, шекаралас аймақтар арасындағы сауда-саттық жүйелерін ырғақты дамыту – мұның бәрі келелі мәселелер саналады. Тәуелсіздігіміздің алда келе жатқан 25 жылдық мерейтойын лайықты қарсы алу – бәріміз үшін мерей, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сөзінің қорытындысында Мемлекет басшысы облыс тұрғындарына істерінде сәттілік тіледі. Солтүстік Қазақстан облысы Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды