01 Қазан, 2016

Қарттықтан қашып құтылмайсың...

535 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
galym-foto-1Жылда дәл осы уақытта, күздің қоңыр күнінде мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың ұжымдары қарттарға қамқорлық көрсетудің қарбаласымен абыр-сабыр болып жүретіні бар. Дұрыс дейік. Бірақ, неге сол алашапқын айналасы бір-екі күннің ішінде тәмам болады? Іс-шараны ырду-дырду өткізіп болғаннан кейін келесі жылғы Қарттар күніне дейін тым-тырыс қалыпқа түсеміз. Ардагерлерден хабар-ошар алмаймыз, бір сәт «Жағдайыңыз қалай?» деп хал-ахуал сұрауға да мұршамыз болмайды. Күнделікті күйбең тіршілікпен шаршап-шалдығып жүріп, олармен хабарласуға да уақыт жетпейді. Өйткені, қарттардан да басқа мәселе көп. Солай-ақ болсын. Әйтсе де, «Қарттарымыздың қас-қабағына қарап, жылы сөзімізді айтып, сый-сияпатымызды жасауды тек бір-ақ күннің аясында шектеп қойғанымыз қалай?» деген ой келеді кейде. Оларға көп ештеңенің керегі жоқ екенін білеміз. Жылы сөз, жылы қабақ болса жетіп жатыр. Амандық-саулығын сұрап хабарласқанның өзіне мерейлері өсіп, көңілдері көтеріліп, арқа-жарқа болып қалады. «Бір жасап қалдым ғой» дейді. Алғысын жаудырады. Батасын береді. Бұдан артық не керек? Күндердің күнінде осы қарттық бәріміздің де басымызға келетінін жадымыздан шығармайық, қарттарымызды қадірлеп, оларға көңіл бөліп, қас-қабағына қарай білейік деген ой ғой біздікі. Бір күнмен шектеліп қалмай, арқа тұтар ардагерлерге деген жылы қабақ, жылы сөз жыл он екі ай жалғасса дұрыс болар еді. Осындай игілікті істерді көріп-біліп отырған қазіргі жас ұрпақ ертең соны жалғастырар еді-ау. Тәрбие дегеніміз осы. Тәрбие дегеннен шығады, Дүйсенбай Қошқар­беков ақсақалды Семей өңірін­де білмейтіндер кемде-кем. Қазір сексеннің сеңгіріне шыққан ардагер ағаның өмірден көргені де, түйгені де көп. Кеңшардың дирек­торы, ауыл шаруашылығы басқармасының бас­шысы, аудан әкімі болды. Ол кісінің кіндік қаны тамған туған жері – Қайнар, бұрынғы Абыралы ауданының орталығы. Полигонның ошағы. Қиын-қыстау уақытта осы ауданның шашауын шығармай, жұрттың жағдайын жасап, үлкенге де, кішіге де қамқоршы болғандық­тан шығар, күні бүгінге дейін қайнарлықтар Дүйсенбай Қошқарбековтің еліне сіңірген еңбегін жыр қылып айтады. Ол кісі қазір Семей қаласында тұрады. Қарап жатқан жоқ, кейінгі толқынға үлгі-өнеге болсын деген ниетпен кітап жазды. Зейнетақысын жинап жүріп, оны баспадан шығарды. Әлдекімдер шығарып жатқандай, бастан-аяқ өзін өзі мақтау кітап емес бұл, тәрбиелік-тағылымдық мәні зор еңбек. Дүйсенбай ақсақалмен әңгімелесудің өзі бір ғанибет. Бірде ол кісі үлкендерді сыйлау қазақтың қалыптасқан дәстүрі екенін айтып қалды. «Қалай, сонда сыйлау да дәстүрге жата ма?» деймін ғой. – Иә. Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Бірақ, үлкенді сыйлау, қадірлеу дәстүрін жалғастыруымыз керек. Дәл қазіргі уақытта бұл қажет. Себебі, бүгінгі қоғамда үлкенді сыйламау, қадірлемеу етек алып барады ғой. Қаттырақ айтсам айып етпессің, бұл – қасірет. Осыған қабырғамыз қайысады. Мәселен, біз көрген тәрбиеге жүгінсек, үлкен сөйлеп тұрғанда, оның сөзін бөлмеу керек. Осыған мән-маңыз беріп жатқан жастар бар ма қазір? Олардың үлкендермен жағаласып, салғыласатынын көріп жүрміз. «Үлкеннің алдын кеспе» дейтін әке-шешеміз. Ал қазір үлкеннің алдын кеспек түгілі, қағып-соғып өте шығатындар бар. Тәрбиесіздік бұл. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпын, бірақ осындай келеңсіздіктерге кездескенде, «Біз қайда бара жатырмыз? Қанымызға сіңген ұлттық тәлім-тәрбие қайда қалды?» деп ойланасың, – деген еді Дүйсенбай аға. Үлкенді сыйлау дегеннен шығады, филология ғылымдарының докторы, академик, алаштанушы Дихан Қамзабекұлының текті, көргенді отбасында тәрбие алғанын байқау әсте қиын емес. Қазақ әдебиеті мен ғылымының нарқасқалары бар ғой самайын ақ қырау шалған. Жасы келгендіктен бірінің аяғы ауырады, бірінің белі ауырады, сол ардақты ағаларды қолтығынан демеп, көлігіне мінгізіп, жақын-жұрағаты қайтыс болған жандардың отбасына, ас-жабдығына апарып жүретінін қалам ұстаған қазақтың көбі бір емес, бірнеше мәрте көрген шығар.Үлкенді сыйлау өнегесі осындай-ақ болар. Аға толқын мен кейінгі толқын арасында осындай шынайы сыйластық болса, оны көрген, көкейіне түйген кейінгі ұрпақтың да мұндай істі әрі қарай жалғастыратыны кәдік. Осыған назар аударғанымыз абзал. Үлкенді сыйлағаннан ешкім қор болмайды. Өйткені, қарттық кім-кімнің де басына келетін жайт, одан ешкім қашып құтылмайды. Ғалым ОМАРХАН, «Егемен Қазақстан»