04 Қазан, 2016

Ел қауіпсіздігі және этностық көш

369 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
balgabaevҚазіргі кезде жер бетіндегі бүкіл адамзат қауымы жаңа ғасырға қадам басты. Бұл жаңа ғасыр бізге қандай жаңалықтар мен өзгерістер әкеледі? Осы тұрғыдан келгенде, ең алдымен бүгінгі таңда жер бетіндегі халық саны күн сайын барынша тез қарқынмен өсіп бара жатқанын атап өткен жөн. Яғни, көптеген мемлекеттің халқы өз жеріне сыймай, өзге елдерге заңды-заңсыз неше түрлі жолдармен ағыла көшуде. Бұл жағдай, басқаларды былай қойғанда, ең мықты деген Еуропа мемлекеттерінің өзінде неше түрлі қиындық туғызуда. Ал болашақта мұндай жағдай Қазақстанда да орын алуы әбден мүмкін. Өйткені, Қазақстанның жері ұшан-теңіз кең, ал халқы аз, бар болғаны 18 миллионға таяу ғана. Бірқатар елде мұндай халық бір қалаға немесе бір-екі облысқа ғана орналасады. Ал сонда Қазақстанның өзге өңірлеріне кім ие болады? Шекараны сым темірмен қоршап, ешкімді кіргізбей отыратын баяғы заман келмеске кеткен; керісінше, біз қазір Қазақстанның барлық өңірінен неше түрлі жол салып, есікті барынша ашып қойдық. Бұл – әрине, бүгінгі заман талабы. Дегенмен, мұндай жағдай күндердің күні неге апарып соғады, оны тап басып айту қиын. Өкінішке қарай, бізде осы мәселенің мән-жайын жан-жақты талдап, ой жүгірту жетіспейді. Тіпті, халық санының өсуі неге тым баяу деген мәселе де көбіне назардан тыс қалады. Мысалы, өзімізбен көрші Өзбекстан халқы 1991 жылы 21 миллионға жуық болса, қазір 32 миллионға жеткен. Яғни, олардың халқы 25 жылда 11 миллион адамға өскен. Ал осы кезеңде Қазақстан халқы 17 миллионнан 18 миллионға иек артты. Яғни, жиырма бес жылда 1 миллионға ғана көбейген. Демек, оралмандар құраған этностық көші-қон болмағанда, Қазақстан халқының саны онша өспеуі мүмкін еді. Бұған қазіргі кездегі солтүстіктегі төрт облыстың демографиялық жағдайы айқын дәлел. Ресми деректер бойынша, бүгінгі таңда Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарын қосып есептегенде, өңір тұрғындарының саны жылына орта есеппен 20 мың адамға азаюда. Бұл жөнінде сөз болса, көші-қонға жауапты мекемелер мәселені ішкі көшпен реттейміз деген уәж айтады. Ал зерттеп байқасақ, бұл төрт облысқа ішкі көшпен қоныс аударатындардың биылға жалпы саны 463 отбасы екен. Бұл – әрі кеткенде 2 мың ғана адам. Ал сонда кетіп жатқан 20 мың адамның 18 мыңының орнын қалай толтырамыз? Бұл мәселе әзірше белгісіз. Ал бұған жауап іздегенде, ең алдымен, сырттағы ағайындардың атажұртқа келуін мүмкін болғанша көбейту керек екендігі анық байқалады. Бұл ретте мақтануға тұратын жақсы жетістіктеріміз де бар. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап әлемнің әр түкпіріндегі қандастарымызбен байланыс орнатып, олардың атажұртқа оралуына кең жол аштық. Бұл мәселеге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айрықша көңіл бөлді. Соның нәтижесінде атамекенге 1 млн.-ға жуық қандасымыз оралып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына айтарлықтай үлес қосуда. Әйтсе де, соңғы кезде этностық көші-қонда біраз қиындықтар туындап, оралмандар барынша азайды. Мұның себебі, ең алдымен, шетелдік қазақтардың Қазақстанға келіп тұрақты тұруы мен азаматтық алуына байланысты соңғы уақытта қолданысқа енгізілген түрлі кедергілер мен қиындықтарға байланысты. Кейде шетелден келгендердің бәріне күдікпен қарайтын көзқарастың бар екендігін жасыруға болмайды. Әрине, бүгінгі таңда барлық елде ірілі-ұсақты қылмыстардан бастап, аса қатыгез террорлық әрекеттердің көпшілігін сырттан келген мигранттар жасайды деген әңгіменің бар екені рас. Бірақ мұндай күдіктің этностық мигранттарға ешқандай қатысы болмауға тиіс. Мысалы, жоғарыда айтылған 1 млн-ға жуық этностық қазақтардың арасында Қазақстанға келгеннен кейін ауыр қылмыс түгілі, жеңіл-желпі тәртіп бұзушылық жасағандардың өзі өте аз. Атап айтсақ, біздегі кісі өлтіру, банк тонау, туған баласын далаға лақтырып кету, ақша жеп шетелге қашу, қызметін пайдаланып ірі көлемде пара алу, діннің теріс жолына түсіп террорист болу сияқты ауыр қылмыс жасайтындардың арасында оралмандар жоқ. Және бір мәселені айта кеткен жөн. Кез келген ел өз шекарасындағы халықтың барынша тығыз орналасуына айрықша көңіл бөледі. Мысалы, Қытай соңғы уақытта Қазақстанмен шекаралас аймақтарындағы тұрғындарының санын ішкі өлкелерден көшіріп әкелу арқылы барынша көбейтті. Ал бұл кезеңде біздің осы шекаралас аудандардағы халықтың саны көбеймек түгілі, әлдеқайда азайды. Неге бұлай? Бұл мәселеге де тиісті орындар әрқашан айрықша назар аударуы қажет. Біздің ойымызша, бұл өңірлердегі тұрғындар санын болашақта этностық көштің есебінен көбейтуге әбден болады. Бір сөзбен айтқанда, этностық көші-қонның ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей қатысы бар маңызды мәселе екендігін дұрыс түсініп, оны мүмкін болғанша барынша көбейтуді нақты қолға алатын уақыт жетті. Сұлтанәлі  БАЛҒАБАЕВ, Дүниежүзі қазақтары  қауымдастығы Төрағасы­ның орынбасары, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері