Коллекторлар не істей алады?
Олар үш сатымен жұмыс істейді:
- soft collection: алдымен қарыз алушыға телефон арқылы хабарласады, СМС хабарлама немесе поштаға хат жібереді. Несиені төлемеу себебін анықтап, мәселені шешу жолдарын ұсынады.
- hard collection. Егер қарыз алушы телефонын көтермесе, коллекторлық агенттік қызметкері оның үйіне, жұмыс орнына барады.
- legal collection. Жоғарыдағы екі амал көмектеспесе, сотқа өтініш жазады, шағым түсіреді. Өз еркімен борышкердің мүлкі бар-жоғын анықтай бастайды.
Заң жобасын жасау барысында біздің мамандар АҚШ пен Ұлыбритания тәжірибесіне сүйеніпті. Ол елдерде бұл қызмет қалай реттеледі?
Ұлыбритания тәжірибесі
Guardian газетінің мәліметіне сенсек, 2016 жылы әрбір екінші ағылшын отбасы ипотеканы есептемегенде 10 мың фунт, яғни 14 мың доллар берешек екен. Бұл елде қарыз көлемі жыл сайын 10 пайызға өсіп жатыр. Яғни, коллекторлары жұмыссыз жатқан жоқ. Негізі, мемлекет қарызды өтей алмаған жағдайда бөліп төлеу немесе басқа да жеңілдік алуды ұсынады екен. Себебі іс коллекторларға өтсе, қарыз мөлшері артатын көрінеді.
Байқасаңыз, бұл елдің коллекторлары да күн сайын телефон шалады, жұмыс орнына барады. Жылжымайтын мүлік немесе басқа да бұйымдарды қарыздың төлемі ретінде ала алмайды. Ірі банктермен жұмыс істегісі келетін агенттіктерге лицензия алу міндет емес. Сhannel 5 Ұлыбритания телеарнасында «Can’t pay? We’ll take it away», яғни, «Төлей алмасаң, тартып аламыз» деген арнайы бағдарлама бар. Онда қарызын өтемегендерге қандай шаралар қолданылып жатқандығы көрсетіледі. Яғни, коллекторлар тек банктермен ғана емес, жеке тұлғалармен де жұмыс істей алады.
Еуропаның басқа елдерінде қалай?
Еуропа елдерінде коллекторлық агенттіктер лицензия алған соң ғана жұмыс істей алады. Өздерінің қызметтері туралы мемлекеттік орындарға есеп береді. Еуропа шенеуніктері мұндай қызмет арқылы салық пен тендер қарыздарын, басқа да айыппұлдарды қайтара алады. Ал Германияда коллекторлық агенттіктердің Ассоциациясы бар. Жаңадан құрылғандары осы жерден тіркеуден өтуге міндетті.
АҚШ-та ше?
АҚШ-та коллекторлардың қызметі қаржы кеңесшісіне көбірек ұқсайды. Олардың саны 7 мыңға жетеді. Коллекторлық қызметті реттейтін 19 тараудан тұратын заң 1977 жылы қабылданған. Бұл заңдағы ерекше атап өтуге болатын баптары:
- заң бойынша коллекторлар қоқан-лоқы көрсетіп, үздіксіз телефон шала алмайды. Психологиялық қысым көрсетуге тыйым салынған;
- жұмыс орнына хабарласу қарыз алушының беделіне нұқсан келтірсе, борышкердің бір ғана өтініші бойынша қызметіне қоңырау шалуды тоқтатады;
- коллекторлық агенттікке төлем барлық қарыз мөлшерінің 20 пайызынан аспайды. (Біздің заңда да осындай шектеу болса жақсы болар еді)
Ресейдегі коллекторлық қызмет
Қарызды қайтартатын қызмет туралы заң Ресейде биыл ғана қабылданды. Осы уақытқа дейін олардық жұмысы 2014 жылы қабылданған «Тұтынушылық несие туралы» заңмен реттелетін еді. Ресейде енді заң бойынша коллекторлар:
- сотпен қорқыта алмайды;
- психологиялық қысым көрсетіп, мүлкіне зақым келтіруіне болмайды;
- телефон шалу аптасына екі реттен көп болмау керек. Әрі тек күндізгі уақытта ғана хабарласа алады.
- коллектор қарыз алушымен аптасына бір рет қана кездесе алады.
- қарыз алушы коллектормен қарым-қатынас орнатудан бас тарта алады. Банк мұндай жағдайда борышкерді сотқа береді;
- бизнесті дамытуға алынған несиелермен коллекторлар жұмыс істей алмайды.
Қазір біздің нарықта 205 коллекторлық ұйым бар. Олардың 59-ы 17 банкпен өзара қарым-қатынас орнатыпты. Коллекторлық қызмет заңмен реттелмегенімен бізде бұрын да болған. Әлі де жұмысын жалғастыра береді.
Гүлнұр Қуанышбекқызы