18 Қазан, 2016

Париж келісімі: Қазақстан қадамы

882 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
zhylkybay«Суға кеткен тал қармайды» демекші, тіршілік төрешісі – адамзаттың тойымсыз тәбетін тежеп, табиғат тепе-теңдігін қалпына келтіруге жасалатын соңғы мүмкіндік – БҰҰ-ның Ауа райының өзгеруі жөніндегі конвенциясының аясында өткен СОР21 конференциясында қабылданған Париж келісімі. Тарихта тұңғыш рет бұл халықаралық келісімге бірден 175 мемлекет қол қойды. Жаһандық жылыну қатерінің қаншалықты ушығып тұрғанын осыдан-ақ аңғаруға болады. Адамзат баласы мен Табиғат ананың айқасы шегіне жетті. Техногендік төңкеріс табиғатты тұншықтырып тұр. Жұмыр Жер тынысы тарылған табиғаттың жиі-жиі ауыр апаттарға ұласқан күрсінісін көтере алмай, қайысып барады. Жаһандық жылыну үрдісінің ықтимал қатерлері, мәңгілік мұздақтардың еруі, ауа райының адам сенбестей өзгеруі, теңіз суларын ондаған метрге көтеретін дауылдар мен миллиондарды баспанасыз қалдырып жатқан топан сулар және апаттар туралы аз айтылып та, аз жазылып та жатқан жоқ. Сондықтан жазылған жайларды қайталамай, бұл жаһандық қатерді қалайша тежеуге болады, ақыл-ойдың иесі саналатын адамзатқа «өз болашағының тамырына балта шаппау керектігін» қалайша түсіндіру керектігі туралы аздап тілге тиек етейік. Адамзаттың алдыңғы қатарлы ақыл-ойы бұл ретте қол қусырып отырған жоқ. Мұрнының астындағыдан әріні көре қоймайтын кертартпаларға «жаһандық жылыну қатерінің» еріккеннің ертегісі емес екендігін дәлелдеп, әлем қауымдастығының жауапкершілігін жоғарылатқан бірнеше жаһандық жиындар өткізді. Алғаш рет 1972 жылы қоршаған ортаның проблемаларын көтерген Стокгольм конференциясы өтті. 1992 жылы Рио-де-Жанейрода өткен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі Жер саммитіне 182 мемлекет қатысып, «21 жоспары» қабылданды. Осы жоспар аясында қоршаған ортаға адам қызметінің әсерін азайтуға байланысты 2500 іс-шара белгіленді. Ал 1997 жылы БҰҰ-ның Киотодағы халықаралық саммитінде «Атмосфераға таралатын зиянды газдарды шектеу туралы хаттама» қабылданды. Енді, міне, жаһандық температураның орташа өсімін 2 градустан асырмауды көздейтін Париж келісімі өмірге келді. Париж конференциясы қарсаңында Франция президентінің арнайы өкілі Николя Юло бүкіл әлем мемлекеттерін аралап шықты. Оның айтуынша, адамзат барынша тез қимылдап, әлемнің барлық мемлекеттері бірігіп әрекет жасаса, жаһандық жылыну қатерінен Жер планетасын құтқарып қалуға болады. Ал  жаһандық жылыну қатерінің алдын алудың бірден-бір тиімді жолы – жаңғырмалы қуат көздері және жасыл технология. Нақ осы тұрғыда адамзат болашағын «жаһандық жылыну қатерінен» арашалауда Қазақстан тағы да өзінің тарихи миссиясын алғашқылардың бірі ретінде адал атқарғалы тұр. Тағы да дейтініміз, осыдан тура ширек ғасыр бұрын Президентіміз Н.Назарбаевтың Жарлығымен тарихта тұңғыш рет қуаты жағынан әлемдегі 4-ші ядролық сынақ алаңы жабылып, адамзат ядролық қару сынаудан құтылған еді. Енді, міне, Қазақстан адамзат алдында тұрған жаһандық жылыну қатеріне тікелей үнқату мақсатында «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің бас тақырыбын «Болашақтың энергия­сы» деген идеямен әйгіледі. «Болашақтың энергиясы» тақырыбының маңыздылығы неде? Бұл – болашақта адамзат игілігіне айналатын балама қуат көздерін ашу үшін жаңа технологияларды өмірге әкелу. Бұл – жаңа балама қуат көздерін игеруге халықаралық қоғамдастық назарын аудару. Бұл – ауаны ластайтын парниктік газдардың таралу көлемін қысқарту. Кейбіреулердің «осы ЭКСПО-ның Қазақстанға керегі қанша?» деген ұшқары пікірді әлі де көлденең тартып жүретіні жасырын емес. «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі Қазақстан ғана емес, бүкіл өркениетті адамзатқа орасан тиімділік әкелгелі тұр. Өздеріңіз ойлап қараңызшы, жаһандық жылыну қатерінің алдын алудың адамзат ойлап тапқан бірден-бір тиімді жолы – жаңғырмалы энергия болатын болса, елордада өтетін көрмеде үш ай бойы әлемнің алдыңғы қатарлы ақыл-ойы «Болашақтың энергиясы» туралы озық технологиялар мен же­тіс­тіктерін паш ететін болады. Жел, су, күн, атом және термоядролық қуат көздері алынатын энер­гияларды былай қойғанда, адамның ойына кел­мейтін қуат көздері арқылы зиянсыз энергия өндірудің кейбір технологиялары ЭКСПО-2017 көрмесінің алаңдарында көрініс таппақ. БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «ЭКСПО-2017 көрмесінің инфрақұрылымдары негізінде Астанада БҰҰ туы астында Жасыл технологиялар мен инвестициялық жобаларды дамытудың халықаралық орталығын ашуды ұсынамын», деп атап көрсетті. Ендеше, адамзаттың жаһандық жылыну қатеріне қарсы қолданатын басты шарасы – болашақтың энергиясы мен жасыл технологияны бағдарға алған Париж келісімі де қазақстандық игі бастамадан бастау алмақ. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ «Егемен Қазақстан»