Биыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей сынақ полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойған күніне 25 жыл толып отыр. Осыған орай Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықта «Семей сынақ полигоны, радиациялық мұра және даму перспективасы» атты VII халықаралық конференция өтті.
Жиынға әлемнің 16 елінен жетекші ғалымдар мен мамандар қатысты, оның ішінде Ресей, АҚШ, Жапония, Қытай, Беларусь елдерінің атом саласының өкілдері бар. Ғалымдар конференция жұмысының үш күнінде ядролық сынақтар мен апаттар орнын қоса алғанда, түрлі радиациялық-қауіпті нысандардың радиоэкологиялық жай-күйінің мәселелерін, өнеркәсіптегі және медицинадағы радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты ғылыми проблемаларды қарастырды. Конференцияның ашылу салтанатында Курчатов қаласының әкімі Нұрбол Нұрғалиев Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметовтің конференцияға қатысушыларға үндеуін оқып берді.
– Семей полигоны 40 жыл бойы елге қауіп-қатер әкеліп, жарылыстар ұзақ уақыт бойы жасалды, – деді ҰЯО бас директоры Эрлан Батырбеков өз баяндамасында. – Ең бірінші қолға алынып, әлі күнге дейін маңызын жоймай келе жатқан жобаның бірі – Елбасының тапсырмасымен ядролық атом қаруын таратпау және мүлде қолданбау, осыған орай орталық ғалымдары жұмыс істеуді жалғастыра беретін болады. Мемлекет басшысының 1992 жылғы 15 мамырдағы Жарлығымен полигонды жапқаннан кейін бірден Семей сынақ полигоны кешені мен Қазақстан аумағында орналасқан тиісті ғылыми ұйымдар мен нысандар базасында Ұлттық ядролық орталық құрылды. Полигонда орталықты құрумен атом энергетикасы, радиоэкология саласындағы аса күрделі жаңа міндеттер шешіле бастады.
Елбасымыздың тарихи Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылып, оның орнына Ұлттық ядролық орталық ашылғаннан кейін, мұнда бейбіт атом дамып, шетелдік әріптестермен қарым-қатынастар дами бастады. Қазақстан-Жапон ынтымақтастығының атом энергетикасы саласындағы бірлескен бағдарламалар бойынша атомдық-энергетикалық реактор қондырғыларының қауіпсіздігіне орай жоғары температурада газбен салқындатылатын реакторлар технологияларын дамытумен қатар, басқа да күрделі эксперименттік зерттеулер орындалды. Ынтымақтастық нәтижесінде атом энергетикасының қауіпсіздігі саласындағы ғылыми зерттеулер базасы жетілдіріліп, жаңа эксперименттік қондырғылар мен құрылғылар әзірленді, күрделі ізденістер жүргізу тәжірибесі бар білікті ғылыми және техникалық кадрлар артты. Атом саласы мен ғылымдағы кадрлық әлеуетті сақтау және дамыту мәселелеріне айрықша көңіл бөлініп отыр. Әртүрлі бағдарламалар аясында тағылымдамалар мен курстар ұйымдастырылып, семинарлар өткізілуде. Кадрлық әлеуетті даярлау да дұрыс жолға қойылған.
Конференцияда түрлі елдерден келген ғалымдар «Радиоактивті ластанған аумақтарды оңалту және жерлерді шаруашылық айналымына беру», «Ядролық сынақтар жүргізілген жерлердегі қазіргі радиоэкологиялық ахуал, оның даму қарқыны мен болжамы», «Түрлі экожүйелердегі радионуклидтердің жылыстау ерекшелігі», «Экологиялық зерттеулердегі радиоаналитикалық әдістер» тақырыбында баяндамалар жасады. Сондай-ақ, конференцияда, «Бұрынғы Семей сынақ полигонын қауіпсіз күйге келтіру бойынша ғылыми-техникалық және инженерлік жұмыстар кешенін жүргізу» атты 3 томдық монографиялық кітаптың тұсауы кесілді.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА
СЕМЕЙ