18 Қазан, 2016

Тосын дақыл, тәуекелшіл диқан

349 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
talgat-shalimovҚара жұмыстың қазанында қайнап өскен адамның қай шаруадан да тартынбайтыны белгілі. Жастайынан қол еңбегін серік еткен Талғат Шәлимов қандай шаруаны да дөңгелетіп әкететініне сенімді болатын. Себебі, көршілес Ресейдің Орынбор облысында туып-өскен ол бастапқыда еңбек жолын автомобиль жүргізушіліктен бастады. Кейін осы Қобда ауданының Қызылжар ауылына қоныс аударып, шопан болды. Өзінің еңбекқорлығының арқасында көштен қалып көрген емес. Кешегі кеңшарлар мен ұжымшарлар ыдырап, ауылдың күйі тая бастағанда Тұзтөбеге барып қайта рөлге отырды. 2009 жылы кезінде өзі еңбек еткен Қызылжар ауылдық округіне келіп, осы «Құттығай» шаруа қожалығын құрды. Шыны керек, шаруасы да жүрді. Малшылар тұратын тұрғын үй, қора салып алды. Қазір 300 қой, 30 ірі қара бағып отыр. Жылқы да бар. Алайда, жер шұқып, диқандықпен айналысамын, соның ішінде өңірге тосындау дақыл тап осы ас бұршақ пен үрмебұршақ өсіремін деген ой үш ұйықтаса түсіне кірген емес. Қашанда шаруаның ұтырын келтірсем деп жүретін Талғат тың істің қыр-сырын білуге құмар. Сондай құмарлық осы кәсіпті де байқап көруге тәуекел еткізді. Өзбекстандық танысы Тимур Усманов кездесулерде ас бұршақ, үрмебұршақ өсіргенін естігенде санасында байқап көрсе қайтеді деген ой қылаң берген-ді. Қашанда алған бетінен қайтпайтын Талғат досы Тимур Усманов бұл дақылдың өте кірпияз екенін айтқанда да қайтпады. Сөйтіп, екеуі келісіп, тәуекелге бел буды. Бір қызығы, бұл дақылдарды елімізде ешкім өсірмейді екен. Қара есепке салып көрсе, пайдасы шаш-етектен сияқты, сұраныс та бар, өткізу бағасы да жаман емес. Сөйтіп, Қызылжар ауылдық округі аумағынан жер алып, ерте көктемде 7 гектар жерге ас бұршағын, үрмебұршақты, жүгеріні және маш деген дақылды егіп тастады. Бұл дақылдарды суаруға шағын насос қойды. – Шыны керек, бұл дақылдар жерсініп, бітік шығады деген ой болған жоқ. Неге байқап көрмеске деген тәуекел еді біздікі. Біздің өңірге тосындау дақылдардың шығымы үміттендіреді. Ас бұршағының әр гектарынан 2,5-3 тонна, үрмебұршақтан да соншама өнім аламыз ба деп отырмыз. Маш гектарына 2 тонна береді деп күтілуде. Жүгері де бітік шықты. Біз бұл дақылдардан алынған өнімді биылша өткізбейміз, тұқымға қалдырамыз. Келесі жылы егіс алқабын 40-50 гектарға дейін кеңейтсек деген ойымыз бар. Жалпы, өткізетін жер де бар. Облыс орталығындағы «Анвар», «Дина» супермаркеттеріне шамалы болса да қапшықтап өткізіп көргіміз келеді. Ондағы ойымыз өнімге деген сұранысты байқау. Келесі жылдан бастап көтерме саудамен өткізуге бел буып отырмыз. Биыл бұл дақылдарды қолмен жинаймыз, шағын қондырғылармен өңдейміз. Сабағын мал азығына пайдаланамыз, – дейді шаруа қожалығының басшысы. Біздің өңір үшін тың істі қолға алып, бұрын-соңды мұнда өсірілмеген дақылдарды жерсіндіріп отырған шаруаның бастамасы билік тарапынан да қолдау тауып отыр. Аудан әкімдігі қойма бөлген. Болашақта «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие алып, электр желісін жүргізу де қарастырылуда екен. Сонда суармалы алқапқа үлкен дизельді насос қою мүмкіндігі туады. Талғат Шәлимов өзі де ізденіп, бұл дақылдарды культивациялайтын, жинайтын техникалар мен өңдейтін қондырғыны лизингке алуға талпынуда. Қазір мұнда бес жұмысшы еңбек етеді. – Осы ойларым жүзеге асса, ас бұршағы мен үрем­бұршақтың алқабын 300 гектарға дейін кеңейтуге бел буып отырмын. Әрине, бұл алдағы күндердің еншісіндегі шаруа. Дегенмен, оған осы бастан негіз қалаудамыз. Алматының бір фирмасы өнімдерімзді түп көтере алуға пейіл танытып отыр, – деп түйіндеді түпкі ойын ол. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы